Ербол ОСПАНОВ, Тұңғыш Президенттің бірінші шеф-пилоты: ЕЛБАСЫ ҰШАҚТЫҢ ШТУРВАЛЫНА ОТЫРҒАН ЕМЕС

Бала арманның көбі зеңгір көкпен, аспанмен ұласып жататыны белгілі ғой. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың да бала күнінде ұшқыш болуды армандағаны көпшілікке аян. «Бір қызығы – сол кезде менде бір құпия арман болды. Мұнар басқан көгілдір көп таулардың тым болмаса ең берісінің шыңына бір шықсам шіркін деп көксейтінмін. Бұл асқақ арманның қай кезде кеудемде пайда болғаны есімде жоқ. Бесте ме екем, әлде жеті жастамын ба… Бірақ көз арбаған әлгі шыңға он төрт жасымда табан тірегенім жадымда. Қазір өмірімнің үштен біріне жуығы бітпейтін ресми сапарларда, дәлірек айтсам, республика ішінде немесе әлемнің түрлі елдеріне ұшу сапарларымен өтіп жатқан шақта, нағыз самғау сезімін алғаш ұшаққа отырған кезде емес, әлгі көгілдір таудың шыңында тұрып төменге – маған бейне алып география картасы сияқты көрінген жазық далаға қараған сәтте сезінгенімді түсінемін. Мидай жазық дала солтүстікке қарай, көз жетпес көкжиекке дейін жазылып жатты, ал мен тұрған биіктің етегі шапшыма тік болатын. Бейне зәулім үйдің алып терезесінен қарап тұрғандай бойымды өзгеше толқыныс пен шаттық сезімі билегені бар» дейді Елбасы бір естелігінде. Ресми сапарларда Елбасын зеңгір көкпен тасыған ұшқышты іздеп, сұхбаттасқымыз келгенде де биіктіктің сырын, қиындығы мен әсерін сұрауға тырыстық…

– Ербол Абылайұлы, ұшқыш болу – бала арман ба? Әдетте, баланың бәрі ұшқыш болуды армандайды, алайда ол арман бәрінде бірдей орындала бермейді ғой…

– Өскеменде туып-өстім. Қаламыздағы Маяковский атындағы №20 мектепте оқыдым. Әкем металлург еді. Біздің мектепте, негізінен, металлургтердің балалары оқыдық. Педагогтарымыздың да, әдетте, әйел адамдар ғой, көпшілігі металлургтердің жарлары еді. Сондықтан ол мектептің ұстаздары мен оқушылары үлкен отбасы іспетті болдық. Демек, мектепте талап қатаң. Сабақты өте жақсы оқытты.

Иә, барлық сыныптас ұлдар ұшқыш болуды армандадық. Өскеменде біздің №20 мектептің негізінде құрылған «Жас авиаторлар мектебі» болатын. Соғыс ардагерлері, аэропортта жұмыс істейтін комсомолдар, металлургтер сабақ беретін. 9-10 сыныпта оқып жүргенде, сенбі-жексенбінің кешінде сол мектепке баратынбыз. Арманнан шындыққа дейінгі уақыт аралығында осы мектептегі қызықты, арманшыл, әсершіл сәттер, училищедегі қиын, сын сағаттар бар. Өзіңіз айтқандай, арман баршамызды тербеген еді. Соңыра қатарымыз сирей бастады. Ақыр түбінде авиаторлар мектебін сыныптасым Виктор екеуіміз ғана тәмамдап, ұшқыштар училищесіне бет алдық. Мен Саратов түбіндегі Краснокутск ұшқыштар училищесіне оқуға түстім. Виктор әскери ұшқыштар училищесіне түсіп, бірінші курстан соң оқуды тастап кетті. Ары қарай 1985 жылы Ленинград қаласындағы Азаматтық авиация академиясын бітіріп, инженер-ұшақ мамандығын алдым. Міне, менің орындалған арман жолым осылай басталған…

– Ұшқыш болу қиын ба? Мәселен, денсаулығыңды ұдайы тексеріп тұруың керек, ұдайы салауатты өмір салтын ұстану керек дегендей…

– Иә, әр алты ай сайын медицина­лық комиссиядан өтесің. Қан құ­рамындағы холестеринді, қанттың мөл­шерін тексертесің, қанның жалпы сынамасын тапсырасың… Велосипед тебесің. Денеңе бірнеше датчикті жапсырып, әртүрлі қиындықта педальді айналдырып, тексеріп отырады. Бірақ ұшқыш болу үшін денсаулықты тексерту соншалықты ауыр емес деп ойлаймын.

Медицинадан өзге де қиындықтар бар. Мәселен, менің сыныптасым Виктор неге оқуын аяқтамай кетті деп ойлайсыз. Себебі тәртіп қатаң. Мектепті жаңа бітірген желөкпе бозбала училищеге барғанда шашын тықырлап алдыртып, әскери сапқа тұрып, солдаттың жарғысын жатқа біліп, казарманың қатаң тәртібіне көндігуі керек. Училищеде әскерден келгендер де болды, оларға тәртіп үйреншікті жағдай еді. Мектепті жаңа бітіргендерге бұл тәртіптің қиындау соққаны рас. Көбі әскери оқудың қиындығын айтады. Виктор да, мен де мектепте жақсы оқығанбыз. Біздерге оқу қиын соқты дей алмаймын. Алайда, тәртіптің күрделі көрінгені рас. Кезекпен казарманы тазалайсың, ыдыс жуасың, нарядқа шығасың. Нарядта болғандықтан сабаққа қатыспады ғой деп ешкім басыңнан сипамайды. Түн қатып отырып қатыспаған сабақты үлгеріп оқуың керек. Тәртіпті сақтаған курсанттың өзі айына екі рет нарядқа түседі. Ал тәртіп бұзсаң, айына бөрт-бес рет наряд жазылып, сабақтан сонша қалдың деген сөз. Оның бәріне үлгеріп оқу, әрине, тіптен қиындай түседі. Үлгерімің төмендесе оқудан бірден шығасың. Гимнастеркаңның жағасы әппақ, кір шалмай тұруы керек. Оны күніге жуып, тазалап, үтіктеп, тігіп үйрену де бір өнер. Дұрыс тікпесең немесе кірленіп қалса, старшина жұлып алып, қайта тіктіреді немесе наряд беруі мүмкін. Үш айлық жас әскери қызметкердің курсынан өткізе сала, он жеті жасар жасөспірімнің қолына қару беріп, қарауылға қояды. Қарауылдың да өз тәртібі, жарғысы бар. Түнімен көз ілмей тұрудан бөлек, күзет алмасуға келген адам жарғыны бұзды ма, әуелі ескертіп, сосын көздеп атуың керек деп үйретеді. 17 жасар баланың қару ұстауы, көзі тірі адамды көздеп атуым керек деп ойлауының өзі ауыр ғой…

Осындай қиындықтарды еңсеріп барып, түрлі күрделі жаттығулардан, дайындықтан өткен соң ғана ұшақты тізгіндейсің. Ал оның ләззатын тілмен айтып жеткізе алмаспын.

– 1992-2009 жылдар аралығында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың шеф-пилоты болған екен­сіз. Елбасы қандай жолаушы болды? Қандай да бір қиын жағдайларға кезік­тіңіздер ме?

– Президентті шетелдерге алып ұшатын ұшқышты таңдауда бірінші санатты маман болуы, ұшудың үздік техникасын меңгеруі керек деген секілді талаптар бар. Тәмамдаған оқуым да, жасым да (ол кезде 37-де едім) сай келген болуы керек, Президент мінген ұшақты тізгіндейтін болдым.

Ең алғаш 1992 жылы 30 сәуірде Ту-154 ұшағымен Шымкент пен «Байқоңыр» космодромына апардым. Ол кезде ұшақта Президентпен қатар Түркияның сол кездегі Премьер-министрі Сүлеймен Демирел де бар еді. Ал алғашқы шетелдік сапарымызда 1992 жылы мамыр айында, Хельсинкиге саммитке бардық. Елбасымен 17 жыл бірге ұштық. Әдепкіде бірінші санатты Ту-154-пен ұштық. Одан кейін посткеңестік елдерде бірінші болып Боинг-747 ұшағымен сапарларға шықтық. Осы ұшақпен АҚШ-қа бірінші ресми сапарға шықтық.

Енді Елбасы қандай жолаушы еді деген сауалыңызға жауап беріп көрейін. Ол өте тәртіпті жолаушы. Әдетте, ұшақта жұмыс істейді. Ұшаққа отырғанда бас жолаушыға ұшу және қону кезіндегі ең қауіпсіз жерді айтып, қауіпсіздік белдігін тағуын сұраймын. Ол бәрін түсінеді. Ешқашан  тәртіп бұзған емес. Өз тарапымнан кездейсоқ жағдайларды болдырмауға бар күшімді салдым. Негізі ұшқыш ешкімді таңдап жатпастан, жолаушының барлығының қауіпсіз ұшуына жауапты. Бірақ барлық ұшу сапары бірдей деп айта да алмайсың. Ауа температурасы, желдің бағыты, аэронавигациялық жағдай, әр әуежайдың жолы да әртүрлі. Осының бәрін қаперге алып, жолаушыларға ыңғайлы болуын алдын ала ойластырасың. Сондықтан да «ұшу сапары жерде жүргенде басталады» деп ұстаздарымыз көп айтатын. Ал қандай да бір қауіпті жағдайларды кейін еске алу әсерлі шығар, бірақ ол оқиғаға қатысу керемет әсер сыйлайды демес едім. Сондықтан ондай жағдайларды болдырмау біздің міндетіміз. Әр алты ай сайын тексерістен өтіп тұрамыз дедім ғой. Сол кезде қауіп-қатердің ықимал нұсқалары бойынша арнайы жаттығулардан өтеміз. Сондықтан ондай жағдайларға түспеген дұрыс дер едім.

– Елбасы да ұшқыш болғысы кел­генін білетін шығарсыз. Әуеге көте­рілген кезде әуе кемесін басқарып көруге ниеттенбеді ме?

– Елбасы – ұшақты емес, елді басқаратын тұлға. Ол оны ешуақытта ұмытқан емес. Тағы да қайталап айтайын, ол өте тәртіп жолаушы. Біздің әуе кемемізге отыратын кейбір жолау­шыларға Елбасын ұдайы үлгі қылғым келеді. Әр қызметтің, әр мамандықтың өз ережесі, тәртібі бар. Нұрсұлтан Әбішұлы сол тәртіпті білді және қатаң сақтады. Иә, кабинаға кіріп, ұшақтың жағдайын сұрап, терезеден қарады. Алайда, ұшқыштың орнына отыруға тырысқан емес, себебі ол тәртіпке қайшы әрекет болатын еді. Елбасы ұшақтың штурвалына отырған емес, бірақ елді басқаруда талмай еңбек етті деп ойлаймын.

– Осы кезге дейін 21 мың сағат ұшқан екенсіз. Қалыптан тыс жағдайлар болды ма?

– Двигательдің жұмыс істемей қалуы, өртенуі, ауа райының өзгеруі, екінші айналып барып қону, қосалқы аэродромға қону секілді оқиғалар қалыптан тыс жағдайлар деп аталады. Бұрнағы бір жылдары Өскемен-Алматы бағытында жолаушылар тасымалдайтын ЯК-40 ұшағымен әуеге көтерілген едік. Ортадағы двигатель өртенді. Ұшқанымыз сол еді, майдың қысымы төмендеп кетті. Оның себебін анықтап жатқанда двигатель жана бастады. Мұндай жағдайда белгілі алгоритм бар, сол тәртіппен жұмыс істеу керек. Әуелі өрт сөндіргіштерді іске қосасың, Авариялық жағдайды жариялап, қайта айналып Өскеменге қонатынымызды ескерттік. Қонғанда ұшу жолағына өрт сөндіргіш машиналар, жедел-жәрдем жақындады. Авариялық кесте тәртібі солай. Жағдайды жерге хабарлағанда хабарламаны қабылдап алған диспетчер өз алгоритмі бойынша жұмыс істейді. Ұшақта 32 жолаушы бар еді.

Түрлі жағдайлар болады ғой. Бірақ экипаж мұндай кезде не істеу керегін анық біледі. Себебі тренажерде осындай жағдайлардың алдын алу үшін сағаттап дайындаламыз. Тіпті бір двигатель істен шықса да, екіншісінің күші жетеді.  Қауіпсіздікті сақтау үшін ұшақ жақын маңдағы әуежайға қонуы, ал жолаушылардың ештеңені байқамай қалуы да мүмкін.

– Ең алғашқы сапарыңызда Ан-2 жүк ұшағымен Марқакөлге 1,5 тонна вакцина апарған екенсіз. Зейнетке шығар алдында да Лондонға 30 тонна медициналық маска мен ӨЖВ аппаратын жеткіздіңіз. Бұл кездейсоқтық па?

– Кездейсоқтық деп ойлаймын. Заңдылықты іздесек, оны да табуға болатын шығар. Иә, алғашқы жұмыс орным Өскеменде ең алғаш жүк ұшағымен жәшік-жәшік вакцина апарып едік. Не вакцина екенін білмеймін. Ол кезде ешқандай карантин де болмаған еді. Қыс мезгілі ғой, сол кездегі қажетті жоспарлы вакцина шығар. «Боинг-767-300» ұшағымен 5 маусымда Лондонға қондық. Бұл жүк ұшағы емес еді. Бірақ COVID-19 вирусының кесірінен ұшақтардың тоқтағаны белгілі ғой. Жүк ұшақтары ғана ұшты. Жолаушылар ұшағынан креслоларды алып, гуманитарлі жүкті – Бейжіңнен келген 30 тонна респиратор мен ӨЖВ (өкпенің жасанды вентиляциясы) аппаратын Лондонға жеткіздік.

– Көптеген қалаларда, мемлекеттерде болдыңыз. Ол қалалар мен мемлекеттерде қаласыздар ма, әлде кері ұшып кетесіздер ме? Бір күнде екі бірдей қалада, тіпті екі бөлек құрлықта болудың әсері қандай?

– Президентпен ұшқанда 2-3 күн, демалыс болса 10-14 күн жүреміз. Қонақүйде демаламыз. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы ұдайы жұмыс істеп жүреді. Ұшақта да конференц-залда немесе жұмыс кабинетінде жұмыс істеп отырады. Бөтен елге барғанда да түрлі кездесулер, жиындарға қатысады. Маған оның еңбекқорлығы қатты ұнайды. Иә, бір күнде екі бірдей қалада жүретін күндеріміз де болады. Мысалы, қаңтар айында Малайзияда 40 градус ыстық. Біз жазғы киіммен ұшаққа отырамыз да, сегіз сағаттан соң 40 градус аязы бар астанаға қонып, сыртқа қысқы киіммен шығамыз. Таңда малай асханасынан дәм татсақ, ұшақта түстеніп, кешкі асқа астанада ет жейміз.

– Бұл организмге ауыр емес пе?

– Әрине, ауыр. Көптеген адам мұндай климаттық жедел ауысуды көтере алмайды. Бірақ біз үшін қалыпты жайт. Президентпен ұшудан бөлек, жолаушыларды да тасыдым ғой. Біз температураның ғана емес, сағат белдеуіне қатысты да контрастарға жиі кезігеміз. Бізде Астана-Сеул рейсі бар. Сеул мен Нұр-Сұлтанның арасындағы айырмашылық 3 сағат. Астанаға келген соң Астана-Лондон рейсімен ұшсаң, Лондон мен Нұр-Сұлтанның арасында алты сағат айырма.

2005 жылы, жыл соңында Президент сайлауы болды. Air Astana-да жұмыс істеймін. Президент сайлауына жауаптымын. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздім. Сайлау күні Сеулде ең бірінші болып дауыс бердік. Себебі жаңа ғана айтып өткенімдей, үш сағат айырма бар, астанада сағат төрт болғанымен, Сеул­де таңғы жеті. Біз сол жерде дауыс беріп бастадық. Президенттің жеке күзетінің сол кездегі бастығы Аман Смағұлұлы Шабдарбаевқа хабарластым да: «Air Astana дауыс беруді бастады» дедім. Нұрсұлтан Әбішұлы таңғы сағат алтыда оянғанда «Air Astana дауыс бере бастады» деп ескерткен. Елбасы «Не айтып тұрсыңдар, дауыс беру жетіде ғой» деп таңырқаған екен, «Ербол Сеулден солай хабарлады» депті. Міне, сол сайлауда Air Astana ең бірінші болып дауыс берген еді. Лондондағы Air Astana өкілдігі алты сағат уақыт айырмасымен, сол сайлауда дауыс беруді ең соңынан аяқтаған еді. Осылайша, біз сол сайлауда дауыс беруді елден үш сағат бұрын бастап, алты сағат кейін аяқтаған болатынбыз.

Ұшар алдында қандай тексеру мен арнайы процедуралардан өтесіздер?

– Алты айда бір рет медициналық тексеруден өтетінімізді айттым. Одан бөлек ұшар алдындағы медициналық тексеріс бар. Алкоголь, нашаға қатыс­ты таңдау әдісі арқылы тексеріс жүргізеді.

– Ұшқыштардың кәсіби наным-сенімі бар ма?

– Жоға, ондай мәселе жоқ. Наным-сенім дегенде «алдыңнан қара мысық жүгіріп өтсе жолың болмайды» деген секілді ме?

– Әуежайда қара мысық жүгіріп өтуі мүмкін бе?

– Негізі мүмкін емес. Бірақ бірде ұшақ алдынан қара мысық жүгіріп өткен еді. Өскеменнен ұшқалы тұрғанбыз. Әуежай  аумағы қатаң күзетіледі, мысық жүрмеуі керек еді. Енді, мыңнан бір, әлде миллионнан бір дейміз бе, кездейсоқ сондай жағдай болды. Ұшайын деп тұрсақ, қара мысық жүгіріп өтіп кетті. Соқыр сенімге  салсақ жолымыз болмайын деп тұр. Кері бұрылып та, кете алмайсың. Ұшақ көлік емес. Жол тар, бұрылуға мүмкіндік жоқ. Әрбір ұшқыштың кәсіби дайындығы мықты болса, қара мысық та, басқа да кедергі бола алмайды. Дұрыс ұшып, дұрыс қондық.

– Ал қандай да бір жағдаймен әуежайға қайта қонатын болсаңыздар, ол ұшқышқа қиын ба?

– Ұшақтың ұшқандағы және қонардағы салмағы әртүрлі болады. Нақтырақ айтсам, ұшақ ұшқан уа­қыттағы салмағымен қонатын шығар, бірақ қиындау жағдайда қонады. Себебі ұшақтың құрылысы солай жасалған. Толық бакпен, 180 тонна салмақпен ұшса, 140 тоннамен қонуы керек болса, әуеде 40 тонна керосинді жағуы керек. Ал ұша сала сол әуежайға қонатын болсаң, керосинді жағып үлгермейсің. Қонуын қонасың-ау, бірақ үлкен салмақпен жерге жақындайсың. Кейбір ұшақтарда жанар-жағар майды төгу жүйесі бар, кейбірінде жоқ. Не тәуекел деп тас жұтып артық салмақпен қонасың, не бір айналып ұшып, керосинді жағасың. Сеулде сондай жағдай болды. Біздің ұшақта керосинді төгетін жүйе бар еді, алайда, төгу зонасы көрінбей қалды. 40 тонна керосинді төксең экологияға зиян. Сол үшін әуеде 2 жарым сағаттан артық ұшып, керосинді жақтық та, сосын қондық.

– Ұшақта алаңдайсыз ба? Жолау­шыларға не туралы айтпайсыздар?

– Ұшқыштар мектебінде алаңдауға да, толқуға да, әсерленуге де болмайды, тапсырманы мүлтіксіз орындау ғана маңызды деп үйретеді. Ұшқанда сезімге ерік бермеу керек. Кәсіби ұшқыш кез келген жағдайда да салқын сабырмен жұмыс істегені дұрыс. Бізге осы әдетті әбден сіңіріп тастаған. Сондықтан ұшқанда мазаланбайсың. Бәрі бақылауда болады. Ұшқыш болуды батырлардың мамандығы дейді ғой. Ал бізді «батырлық кәсібилік аяқталған тұста ғана басталады» деп оқытқан. Училищенің бірінші курсынан кәсіби болуды үйретеді. Одан кейін де әр алты ай сайын сынақ тапсырамыз. Күнде жаттығамыз. Сондықтан ұшақта алаңдамаймыз.

Ал енді қандай да бір жағдай бола қалса жолаушыларға не айтамыз? Кеңес Одағында жолаушыларға мүлдем ештеңені хабарламайтынбыз. Өскеменде двигателім істен шығып, апатты жағдайда қондық дедім ғой. Мысалы, сол кезде жо­лау­шыларға ештеңе айтпадық. Дви­гатель жанғанымен, жолаушылар ол жайынан бейхабар болды. Әуе­жайға қонғанда ұшақ терезесінен жақындаған жеделжәрдем мен өрт сөндіргіш көліктерді көргенде ғана жағдайды түсінген шығар. Негізі, бұл дұрыс емес. Біз қандай жағдайды да жолаушыларға хабарлауға міндеттіміз. Олардың дайындалуына уақыт беруіміз керек. «Құрметті жолаушылар, бізде осындай жағдай болып тұр. Бәрі біздің бақылауымызда. Бірақ әрі қарай ұша алмаймыз» деп бәрін түсіндіріп айтамыз.

– Әдетте, жүргізушілер өзінің көлігін жақсы көреді. Түрлі жылы сөз айтып қояды. Сіздер ше, ұшақтарыңызға құрметті қалай білдіресіздер?

Әрине, біз де ұшағымызды жақсы көреміз, құрметімізді білдіреміз. Ұшар алдында «Қарлығашым, дайынбыз ба?» деп тілдесіп қоямыз. Айналып шығып, қанатын сипаймыз. Қонған соң да ұшақтың темірінен аялай ұстап, рақметімізді айтамыз. «Бүгін жақсы ұштық, көп рақмет, қарлығашым» деп қоямын өз басым.

– Бір сұхбатыңызда қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты борт-радист болды деп едіңіз. Сол оқиғаны біздің оқырманға қайталап айтып бересіз бе?

– 1995 жыл еді ғой. Президент сайлауында 92% дауыс пайыз жинаған еді. Н.Назарбаев Оңтүстік Кореяға ресми сапармен баратын болды. Қытайдың үстімен ұшып бара жатқанда маған Қытай мемлекетінің төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлының жеделхатын жіберу керек екенін айтты. Мені Президенттің ұшақтағы кабинетіне шақырды, ал жанында сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев отырған еді. Ол кісі жеделхатты ағылшын тіліне аударып берді. Алайда, Қытайдың әуе қозғалысын басқаратын диспетчер менің ағылшын тіліндегі хабарламамды түсінбей, жеделхатты қабылдамай қойды. Бірнеше рет қайталап оқыға­ныма қарамастан, еш нәтиже шықпады. Бортта америкалық та бар еді, алайда, қытайлар оның да сөзін түсінбеді.

Үрімшіден асып кеттік, Қытайдың жартысынан көп бөлігін ұшып өттік,  жеделхат әлі де жеткен жоқ. Сосын Сыртқы істер министріне жолықтым. Мәселені түсіндіріп, жеделхат мәтінін ауыстыруды ұсындым. Ол кісі мұның ресми құжат екенін, өзгертуге болмайтынын айтты.

Ең соңында Тоқаевтың өзі каби­наға келіп, құлаққап тағып, жеделхатты оқыды. Бейжің сол жеделхатты қабылдап, жауап ретінде құттықтау жолдады.

Яғни сол сапар Тоқаев борт-радист болып жұмыс істеген ерекше ұшу сапары еді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.