ЕЛБАСЫ БАҚЫТЫ

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты

«Қазақ тілінің жағдайы туралы айтқанда, мемлекетіміздің негізін қалаған, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айырықша еңбегін атап өтуге тиіспіз. Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады. Сондай аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен Парламент қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тіліне» өткен аптада, 25 маусымда  «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген тақырыппен басылған терең толғаулы сұхбатынан осы сөздерді оқығанда көз алдыма екі көрініс көлденеңдеп келе қалды. Оның біріншісі   Әуезов театрында, екіншісі Жоғарғы Кеңесте болған еді. 

Егемендіктің елең-алаңы. Театрда «Қазақ тілі» қоғамының бірінші құрылтай жиналысы өтіп жатқан. Қазақтың ел халқындағы үлесі қырық пайызға да жетпейтін кез. Әуелде Қазақстандағы барлық ұлттардың өз ана тілдерін сақтауына, өркендетуіне қызмет ететін, тиісінше «Ана тілі» деп аталатын қоғам құру мақсатымен басталған құрылтай түстен кейін-ақ бағыт-бағдарын өзгертуге ауысты. Қоғамды «Қазақ тілі» деп атау, қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйымға айналдыру талабы қойыла бастады. Республика Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайға бастан-аяқ қатысып отырған. Жаңағы ұсыныс ортаға тасталғаннан-ақ театрдағы температура көтеріліп сала берді. Партияның зар күйінде тұрған кезі. Бірінші басшы қалам­сабымен микрофонды бір тықылдатса-ақ залдың тынши қалатын шағы. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы үндемейді, қағазына әлденелерді жазып жатыр. Бара-бара шу күшейді, у да дудың ара-арасында тым қатты сөздер де естілетін болды. Ақтөбеден келген бір жігіт қайта-қайта сөйлеп, бара-бара тіпті айғайға бассын. Сол кезде барып, бірінші хатшы қолына микрофон алды. Алды да: «Дұрыс айтасың, бауырым… Сенің орныңда, ана жерде отырсам мен сенен де қатты айғайлар едім» деді… Зал тына қалды. Бір ауыз сөзден-ақ жұрттың бәрі тіл саясатының соншама нәзіктігін де, республика басшысының жолы қаншама жіңішкелігін де, қазақ тілінің тағдырына қандайлық жаны күйіп тұрғанын да, сабыр сақтап, сенім көрсетілсе мына шаруаны шиеленістірмей-ақ шешіп беретінін де әп-сәтте ұға қалды. Солай шешті де.

1989 жылдың қара күзі. Біздің бөлімнің кабинеттері Парламент ғимаратында, Панфилов көшесі жақ бетте орналасқан еді. Жаңбыр-жаңбырдың арасында, әсіресе тартысты таластар кезінде Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залының балконына барып, пікірталастарды тыңдап-тыңдап қайтатынбыз. Сол күні Жоғарғы Кеңес «Тіл туралы» заңды талқылап жатқан. Отырысқа Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Айтыс-тартыс әбден шегіне жетіп, мемлекеттік тіл мәртебесін екі тілге – қазақ тілі мен орыс тіліне қатар беруге тырысушылардың үні өктемдеу естіле бастады. Дауысқа қойыла қалса таразы солай қарай басып та кететіндей. Қылпылдап отырмыз. Кенет сөздің… жазушы Әбіш Кекілбаевқа берілетіні хабарланды. Әбекеңнің сөз алуы жұртты айран-асыр қалдырды. Депутаттық мандаты жоқ адамның заң жобасын талқылауға араласуы – парламентаризм тәжірибесінде кездеспейтін нәрсе. Жұрт ненің не екенін байыптап болғанша Әбіш сөзін бас­тап та жіберді. Төгілдіріп-төгілдіріп келіп, бір тұста, өзге тілді ағайындарға қарап тұрып, дауысы дірілдеңкіреп: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» деп барып бір тоқтады… Осыдан кейін-ақ залдағы ауан ауысып сала берді. Сол сәтті кейін абыз Әбіш: «Көп ұзатпай қазақ тіліне мемлекеттік статус беру туралы ұсыныс дауысқа қойылды. Үн-түнсіз көтерілген мандаттардың қарасы көбейген сайын көз бұлдырлана түсті» деп еске алған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының «аумалы-төкпелі кезеңнің өзінде Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей ықпал етуімен» деуінің бір мәнісі осында – тіл тағдыры таласқа түскен тұста Жоғарғы Кеңестің жұмыс регламентіне қарамай, депутат емес жазушыға сөз алғызып беруінде, өз ойын қадірлі қаламгерді алға ұстай отырып өткізуінде, халықтың ең бір ділгір мәселесін шешуге аянбай, ашықтан-ашық араласуында.
Бұл айтқанымыз Елбасы қызметінің бір мәселеге – тілге қатысты бірер беттері ғана. Тұңғыш Президенттің өзгеше өмірінде мұндай өнегелі өрнектер талай-талай өрілген. Олардың бәрін жазып жату қиын-ақ.
… 2019 жылдың мамыр айында Елбасы Кеңсесінен телефон соғылды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басшылығына келуінің отыз жылдығына орай мақала жазуым жөнінде ұсыныс жасалды. Әуел бетте осындай тарихи белес тұсындағы жауапты тақырыпты алып шығар авторды қарастырғанда таңдаудың дәл маған түсуіне аздап таңданғаным рас. Әйтсе де, әбден ойлай келіп қарасам, мұның қисыны да бар сияқты. «Бүгінде белсенді саясатта жүргендердің арасында отыз жыл бойы үзбей Елбасы командасында келе жатқандары онша көп емес, ал солардың ішінде ол тұста Нұрсұлтан Әбішұлы басқарған аппаратта, әуел беттен тікелей қарамағында жұмыс істегендері тіпті саусақпен санарлықтай» деп негізделді жаңағы ұсыныс. Солай екені рас. Нұрсұлтан На­зарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған кезде Идеология бөлімінде мәдениет және өнер секторының меңгерушісі едім. Кейіннен Президент Аппараты құрылғанда ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін атқардым. Ақпарат министрі, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы ретінде Елбасымен тікелей байланысу мүмкіндігін ауық-ауық болса да алғаным белгілі. Соның арқасында Нұрсұлтан Әбішұлы газеттің 90 жылдығында ұжымды мерейтоймен құттықтау, редакцияның (Елбасының өзінің тікелей қамқорлығымен тұрғызылған) жаңа ғимаратын ашып беру үшін «Егемен Қазақстанға» арнайы келген еді. Газет тарихында елдің бірінші басшысының редакцияға алғаш рет баруы ол. Әсіресе 2011-2014 жылдарда Тұңғыш Президенттің сұхбат кітабын («Өмір өткелдері») әуелі газетке, кейіннен баспаға дайындау барысында Нұрсұлтан Әбішұлының алдында жиі болудың, кейбір шетелдік сапарлары кезінде ұшақта сағаттап сөйлесудің сәті де түсті. 2015 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан кітаптың алғысөзіндегі Елбасымыздың: «Осындай кітап дайындау жөніндегі идея­ны ұсынған, менің айтқан әңгімелерімді қағазға көңілдегідей етіп түсіре білген, орынды, білікті сұрақтарымен тақырыпты жақсырақ ашуға септесіп отырған сұхбаттасушыма – көрнекті журналист, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бергі сенімді серіктерімнің бірі Сауытбек Абдрахмановқа бірлесе атқарған жұмыс үшін разылығымды білдіруді парыз санаймын» деген жолдары – кәсіби жұбанышым, адамдық қуанышым. Бұл сөздер өзімді Елбасы жөнінде айтары бар қаламгерлер қатарына қосуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Иә, сан салалы қызметінің әр қырына дерлік тұтас кітаптар жазылып шыққан Елбасының еңбегін газет мақаласында қамти айту қиын-ақ. Сондықтан біз бұл жолы осыдан отыз жылдан астам бұрынғы кезеңді еске түсіріп, өзіміз басы-қасында болған оқиғаларға ойша оралып көрмекшіміз.
Кейбір оқиғалар баяу ағыспен басталып, бірте-бірте арынды өзенге айналып кете баратын бұлақтарға ұқсайды, олар уақыт өте келе тұтас мемлекеттер мен халықтар үшін аса маңызды мәнге ие болады. Ол оқиғалардың бойында қоғамның іргелі негіздерін қозғайтын өзгерістердің өзегі бар. Өткенге зер салып қарасақ, жағдаяттардың жарасымсыз жымдасуынан аса ауқымды қоғамдық катаклизмдер орын алып, сан ғасырлық өркениеттер мен мәдениеттердің құрдымға кеткенін көреміз. Абырой-атағын жұрт жаппай мойындап, даңқын нақты істермен тиянақтаған аса көрнекті тұлғалар ғана тарихтың барысын ырқында ұстап, оны сындарлы арнаға салып жібере алады. Мұндай мемлекеттік қайраткерлер өзінің алдындағы, қоғамның алдындағы жауапкершіліктің алапат жүгін иығына арта біледі де, асқақ мақсат-мүддесін жеріне жеткізе орындайды.
Қазақ КСР-нің жоғары басшылығына Кеңес Одағының талқаны таусылар тұсында келіп, осынау тар жол, тайғақ кешуге түскен Елбасы дәл сондай Көшбасшы болатын. 1989 жылдың 22 маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің XV пленумында Нұрсұлтан Назарбаев республика партия ұйымының бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұл шешім Елбасының білікті басшылығымен жүзеге асырылған болашақтағы асқаралы асуларға бастайтын беташар сияқты болғанын, олар ақыр аяғында тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуіне жеткізгенін содан бергі жылдар көрсетіп берді.
Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осыдан отыз бес жыл бұрын ғана рес-публикамызға кадрлық эксперимент жасала алатын еді, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере салатын еді. Сол көлденең көк аттының аз уақыт арасында билік құруы тұсында анау айтқандай ештеңе тындырыла қоймады, көп ұзамай-ақ оның дәурені де өтуге айналды. Ол кәдуілгі «партия солдаты» болатын, ондайлардан басқа нәрсені күте қою да қиын. Біз Орталық комитет аппаратында жұмыс істеп жүргенімізде Колбиннің ет өндіру жоспарын сайғақтар мен жыл құстарын қырып атудың есебінен толтыруды ұсынғанын естіп, жағамызды ұстағанбыз. Бір пленумда аяқ астынан «Келесі жолы баяндамамды қазақ тілінде жасаймын» деп салғанында синхронды аударма жасалатын шағын кабинадағы екі жігіт бір-бірімізге тесіле қараған күйі сілейіп отырып қалғанымыз да есте.
Алайда, уақыт өзгере бастаған еді. Реформалардың табандап тұрып алуы және басшылықтың жөнсіз жүргізілуі бара-бара көңіл толмаушылықты көбейтті, тіпті алғаш рет жаппай митингілер мен ереуілдерге шыққан жұртшылықтың ашу-ызасына ұласты. Орталық пен республикалардың арасындағы ушыға түскен қарама-қайшылықтар да іскерлік түйінін таппады. Сондықтан да 1989 жыл Кеңес Одағы үшін егемендікке ұмтылыстың, ереуілшілдіктің артуының, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуінің бастапқы кезеңіне айналды, кейіннен олар аяусыз қантөгіс пен қақтығыстарға ұласты. Осыны ақыры түсінген Орталық ендігі жерде Қазақстанда бұрын жіберілген қателікті қайталамауға тырыс­ты, республикалық партия ұйымының басшылығына кандидатураны жергілікті кадрлардың арасынан іріктеуді жөн деп тапты.
Ол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың аты республикада да, одан тысқары жерде де ауыздан түспей тұрған-ды. Жұмысшы ортадан шыққандықтан, өзінің еңбек жолын металлургтің «отты» мамандығынан бастағандықтан да ол қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын басқалардан гөрі сергек сезінетін. Назарбаев белсенді, білімге құштар еді, өндіріс мәселесі болса да, әлеуметтік жағдайлар болса да ештеңеге енжар қарамайтын, қашанда қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүретін.
Зияткерлік әлеуетімен, қуатты көш­басшылық қасиеттерімен қабысқан өмірлік және кәсіби тәжірибесі жаңа уа­қыттың рухына барынша толық сәйкес ке­летін кандидат тап Нұрсұлтан ­Назарбаев болып шықты.
Тарих дамудың сан қилы белестерінде қоғам Мемлекет көшбасшысының белгілі бір түрін қатты керек ететінін көрсетеді. Қазақстанға да ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ортақ іске шындап жан ауыртатын, жұртты еліктіріп, соңынан ерте алатын жаңа буын басшысы ауадай қажет еді. Әйтсе де, мұның нақты өмірде жүзеге асуы оп-оңай болмайтын. Назарбаевтың қағидаға қатып қалатын қасиетін, талапшылдығын жақтырмайтындар да, оның республика Министрлер кеңесінің төрағалығынан әрі қарай өспегенін қалайтындар да табылатын. Ондайлар домалақ арыздарды домалатып тастайтын, біреулер оны тексере бастайтын.
Назарбаевтың кең танымалдылығы, алысқа сілтейтін кең құлаштылығы жұрттың бәріне бірдей ұнай берген жоқ. Әдетте, тегеурінді тұлға дәйім озып жүреді, сол жолда оның алдынан теріс ниетті кісілер қойған кедергілер шықпай қоймайды. Сол сияқты, Назарбаевтың белсенді қайраткерлігі де партияның орталық аппаратында ұйысып тұрған қасаңқалыптылар мен кертартпалардың тып-тыныш кабинетте жан тыныштықта отыра беруді қалауына немесе қатып-семген ұрандарды ұстанып алып, қызмет бабында өсуге не тиісті қасиеттері, не кәсіби тәжірибесі жоқтығына қарамастан, мансап сатыларымен жанұшыра жоғары жүгіруіне атымен кереғар келетін. ­Назарбаев олардың жолын анық кесіп тұратын, бітімі бөлек болатын, үйреншікті үлгілер мен қалыптардың шеңберіне сыймайтын. Осынау сан-сапалақ сұрқиялар бәле-жаланың торын шырмауықтай құрып, Назарбаевтың ақбоз атын мәреге жақындамай жатып жалп еткізуге жанталасып бақты. Олар тұтастай бір науқан ұйымдастырып жіберді, мақсаттары біреу ғана: Назарбаевты қаралау, қадірін кетіру, сөйтіп, сағын сындыру. Республиканың Орталық комитетіне ағылып келіп жататын хаттардың арасында болмағанды болғандай етіп жазу да, ашықтан-ашық жала жабу да кездесетін. Кабинеттеріне қонжиып алған атқарымпаздар әлгі жалған ақпараттың қайдан келіп жатқанын жақсы білетін. Назарбаевты қалайда іліп-шалып, құрықпен құлатып түсіру үшін кез келген ілікті індете іздеуді мақсат ететін неше түрлі комиссиялар мен тексеру топтары бірінен кейін бірі құрыла беретін. Алайда, оларынан ештеңе шықпады, әлгі комиссиялардың ешқайсы­сы да оның өмірінен де, жұмысынан да тіпті кішкентай да жағымсыз фактіні немесе кір келтірер таңбаны таба алмады. Осының бәрі оның жүйкесін қаншалықты жұқартқаны, жанын жегідей жегені айтпаса да белгілі. ­Назарбаев дәйім психологиялық қысымды сезінумен жүрді, оны моральдық жағынан майып етпекші болды.
Біз, сол кездегі Орталық комитет аппаратының қызметкерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының қандай қиын жағдайда екенін түсіндік те, сезіндік те, оған жанымыз шындап ашитын. Республиканың бірінші басшысы қызметіне тек Назарбаевтың ғана нағыз лайықты екендігі айдан анық болатын. Абырой бергенде, ол нағыз күрескерлік қасиетін, мінезінің мықтылығын көрсетті, тағдырдың тегеурініне лайықты төтеп берді. Қайта сол сынақтан бұрынғыдан да шынығып, ширап, күшейіп, жаңа сын-қатерлерге дайын тұратындай шыңдалып шықты.
Сексеннің сеңгір биігіне көтерілгенше не бір от пен судан өткен адамның, жастайынан ауыл баласының ауыр еңбегімен, кейіннен мың градустық мартенмен шыныққан, бара-бара сан түрлі сынақтарды көре-көре, қаптаған қиындықтарды бірінен кейін бірін жеңе-жеңе осы биікке жеткен адамның мықты рухы Тәуелсіздікті тұғырлы еткен шешуші факторлардың біріне айналды. Мұнан кейінгі жағдайдың бәрі оқырманға жақсы белгілі. Талай жазғанбыз да.
Президенттің: «Ол елімізде мемлекет құраушы ұлттың саны едәуір аз болғанына қарамастан Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялады» деген сөзіне мән беріп көрейікші. Басқа жағын былай қойғанда, өзіңнің еліңнің ортасында азшылық болып тұрған кезіңде ың-шыңсыз тәуелсіздік жариялап, оны орнықтыру оңайға түспегенін түсінуге тиіспіз. Халықтың басым бөлігін құ­райтын өзге этнос өкілдері үшін ортақ Отаннан, құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып мемлекеттен айырылып қалудың, талайлар үшін өзінің де туған жері, баршаның дерлік ата-бабаларының туған жері, талай туған-туысқандарының тұрған жері болып табылатын атамекеннің аяқ астынан шетелге айналып шыға келуінің қаншалықты ауыр тигенін аңғару үшін саясаттан, психологиядан хабардарлықтың қажеті шамалы. Ет жүрек пен адамдық ақыл жетіп жатыр.
Осы отыз жылдың ішінде тындырылған тірлікті санамалап өтудің өзі біраз орынды алар еді. Тек бір жайға тоқталайық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жарияланған сұхбатында тәуелсіздік жылдарында сыртқы саясатты нығайту үшін көп жұмыс атқарылғанын айта келіп, «Ең бастысы – мемлекеттік шекарамыздың беріктігі! Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы шекарасының заңды түрде рәсімделіп, белгіленуінің, шын мәнінде, тарихи да, саяси да мәні зор. Шекара мәселесінде құжатты түрде екіжақты келісімнің болмауы қандай ауыр әрі ауқымды зардаптар мен қайшылықтарға әкелетінін көзіміз көріп отыр. Алыстан да, жақыннан да мысалдар аз емес» деп атап көрсетті. Бұл істі дер кезінде қолға алып, көңілдегідей тындыруда да Тұңғыш Президенттің әлем алдындағы биік беделінің ерекше орны болғаны анық. Елбасы патшалық Ресей де, коммунистік КСРО да шеше алмаған, шеше алмағаны былай тұрсын, бұрынғысынан да шиелендіріп жіберген түйінді тарқату – ұлы көршіміз Қытаймен шекараны шегендеу ісінде кезінде Қытайдағы Елшілікте жұмыс істеген, қытайлықтардың тілін де, ділін де жақсы білетін сенімді саяси серігі, сол тұстағы Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломаттық дарынын барынша пайдалана білді.
Назарбаевтың биліктің биігінде тұрған шағында мемлекет тізгінін өз бастамасымен, өз қолымен өткізуі, ел басқарудың эстафетасын өзі баулып өсірген, ұзақ жылдар бойы сан түрлі биік лауазымды қызметтерде сыналған, шыңдалған, министрлікті де, Үкіметті де, Сенатты да басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін жетіп, бүкіл әлемге танылған, әбден сенімді адамға тапсыруы да болашақтағы саясаткерлер талай талдайтын терең мәнді қадам болды. Қазақстандағы билік тран­зитінің осындай өркениетті сипатта өтуі Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, дана саясаткер екенінің тағы бір даусыз дәлелі. Өйткені қай кезде екенін білмесек те, сан түрлі себептерге байланысты таяу жылдарда мемлекетімізде билік ауысатыны баршамызға мәлім еді. Алайда, оның қалай жүзеге асатынына іштей алаңдаушылық білдіргеніміз жасырын емес. Бәрін жөнімен, жолымен реттеп, билік басына саяси элитаның жаңа буыны келуі керектігін, елдің тыныс-тіршілігінде белгілі бір жаңалықтар, өзгерістер болу тиістігін ескергендіктен, Нұрсұлтан ­Назарбаев осындай қадамға дер кезінде бара білді. Бүкілхалықтық сайлау кезінде Елбасы таңдауы мен ел таңдауы бір жерден шықты. Тоқаевтың билік басындағы алғашқы жылынан, жаңа Президентті талай тұрғыдан қатты сынаққа салған ауыр жылдан кейін біз ел тұтқасы берік қолда деп те, ел өзі таңдаған ерді қолдауда деп те сеніммен айта аламыз. Мұндайда «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деп мақалдайды біздің халық.


Қазақтың дүниеге танымал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, құрметтейтін елге айналуы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылғанын біз де ұмытпаймыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Бере де бастады. Елбасы бақытының баяндылығына даусыз дәлелдің бірі – өзі салдырған елордасының өзіне тұрғызылған ерекше ескерткішке – Нұр-Сұлтан қаласына айналуы. Астананы қазақ елінің қақ ортасына – Арқаға алып келу арқылы еліміздің сан ғасырларға созылған ұлы көшін діттеген жеріне жеткізген, межелі мекенге мәңгілік қазық қағып, мемлекет тәуелсіздігін түпкілікті тиянақтаған Елбасының ерен ерлігінің замандас­тары тарапынан уақтылы бағалануы – елді­гіміздің есейгендігінің келісті көрінісі.
Назарбаевтың қоғамды бір формациядан басқа бір формацияға ауыстыру, экономиканы жоспардан нарыққа көшіру, қоғамдық меншікті жекеменшікке айналдыру, халықтың қалпын өзгерту жөніндегі жылдар бойғы жүйелі жұмысы жемісті шыққаны шүбәсіз. Сонымен бірге елдің даму деңгейі көптеген тарихи, саяси, дәстүрлік факторларға да байланысты екенін ескермеске болмайды. Назарбаевтың отыз жылдық басшылығының бастапқы белесі «өкімет өлтірмейді», «үкімет үздірмейді» дейтін патерналистік психологияның ойды илеп, бойды билеп тұрған тұсына тап келді. Сол сырқау сананы сындырудың өзіне, адам өз күнін өзі көруі керектігін миға сіңдірудің өзіне талай уақыт кетті. Жаныңды салсаң да, жасырынып қалсаң да бірдей жалақы алатын қоғамнан шыққан елді еңбекке ентеленту оңайға түспеді. Ол мәселе әлі де толық шешілмегенін осы газетке берген сұхбатында Тоқаев та түйіп-түйіп толғап өткен. Қысқасы, Назарбаевтың тұсында біздің елде атқарылуға тиісті шаруаның бәрі атқарылды және бәрі ойдағыдай атқарылды дей алмайтынымыз анық. Олай деп Елбасының өзі де айтқан емес. «Саясат – жасауға болатынды жасау өнері» деген сөз бар. Саясатта кереметтер, ғажайыптар жасалмайды. Осы тұрғыдан қарағанда Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарған отыз жылдың ішінде Қазақстанда қолдан келгеннің бәрі дерлік жасалды және мүмкін болғанынша дұрыс жасалды деп айта аламыз. Қолдан келмейтінді жасаған ешкім болған емес тарихта. Назарбаевтың басшылығымен жаңа елдің, тәуелсіз мемлекеттің іргетасы қапысыз қаланды, елдік ғимаратының қабырғалары берік күйде бой көтерді, таңы тыныш ататын, кеші бейбіт бататын, егемендік табалдырығын өзімізбен қатар аттаған елдердің алдына шыққан керегесі кең елге айналдық. Қазақстан қуатты мемлекет болып қалыптасты. Бәрі де салыстыру арқылы танылады деген ойға дес берсек, мына бір фактінің өзі – халқы 18 миллиондық Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің көлемі айналамыздағы Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның, Тәжікстанның, яғни халқының саны 50 миллион адамнан асатын төрт елдің ішкі жалпы өнімін қосқандағы көлемнен артық екендігі көп жайды аңғартады. Ал бұл айтуға ғана оңай. Мығым мемлекет құра алғанымызды, еңселі ел болып тұра алғанымызды, біртұтас халық ретінде құралғанымызды көрмеу – көрмес түйені де көрместің кебін кию. Қол жеткенге қанағаттанбаған жақсы, бірақ қолда бардың қасиетін білмеген, бастағы бақты бағаламаған, бағаламағанымен қоймай, күрделі мәселелердің байыбына бармай жатып, беталды балағаттаған жақсы емес. Бәріне диалектикалық қайшылық заңдылығы тұрғысынан қарасақ, қиындықтардың объективті де, субъективті де себептері болатынын көреміз. Соңғы жылдарда санкциялық соғыстар мен сая­си текетірестердің салдарына, бүкіл әлемдегі нарықта мұнай мен газдың, түсті металдардың, басқа да шикізат түрлерінің бағасы күрт түскендігіне, содан туындаған девальвацияға байланысты талай жұрттың әл-ауқат деңгейі төмендеп кеткендігі рас, ал субъективті себептерге келсек, жергілікті биліктің тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашуды назардан шығарып алғанынан жұмыссыздар қатарының қалыңдағаны да, кедейлік шегіне қарай шегінгендердің көбейгені де рас. Өмір болған соң проблемалардың туындап тұруы да заңды. Пандемия жағдайында әдетте аршындап алға кеткен, жайқалған жағдайға жеткен деп дәріптелетін еңселі елдердің де есі шыққаны мәлім. Біз осы мақаланы жазып отырған күні, 28 мау­сымда Джонс Хопкинс университеті әлемде коронавирус инфекциясын 9,9 миллион адам жұқтырғанын, соның 25 пайызы америкалықтар екенін хабарлады. Қазір қай елдің де өз уайымы өзіне жетеді.
Ел басшылығы алдан шыққан мә­селелердің көптігін көріп те отыр, оларды шешудің жолдарын біліп те отыр. Оның ең сенімді жолы – еңбек. Еңбек қана қиындықты жеңбек. Еңбекпен ғана жеміс өнбек. Еңбекпен ғана ел өркениетке енбек. «Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы керек» деді Мемлекет басшысы. Ендігі сөз елдің өзінде. Бәрі де өзіміздің біліміміз бен білігімізге байланысты.
Мақаланың басында сөз етілген «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында Елбасының айтқан мынадай сөзі бар: «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. Маңдайыма мына жарық дүниеге тарих­тың тар тұсында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім, көп жайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым төселген тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті. Олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қоғамдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәубе!».
Бұл сөзді біз де айтамыз. Баршамыздың бағымызға тарихтың тар кезеңінде Нұрсұлтандай нар тұлғаның тап келгені үшін, халқымыздың асылды айнытпай танығаны үшін, осынша жылдар ішінде қайта-қайта сенім көрсетіп, ел бастаған ерім деп ергені үшін, сол ерге екі тізгін, бір шылбырды бергені үшін, адастырмас азаматым деп сенгені үшін біз де мың тәубе дейміз. Туған халқы сеңгір биікке көтерілген ерен ерге мерейжасына орай құттықтауын айтып, білімі мен білігінің арқасында келген, елім деген, жерім деген отаншыл жүрегі берген бақытының баянды бола беруін тілейді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.