Қазақ тіл ғылымының, тәрбие мен тағылымның, қайсарлық пен парасаттылықтың бәйтерегі құлаған күн

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Барыс» орденінің иегері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, аса көрнекті ғалым Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың 96 жасқа қараған шағында дүниеден озғаны туралы хабар қалың қазақтың қабырғасын қайыстырды.

Рәбиға Сыздық 1938-1940 жылдары Темір қаласындағы педучилищеде білім алып, 1940-1945 жылдары – Алға поселкесі мен Темір қаласында мектеп мұғалімі, педучилище оқытушысы болып қызмет еткен. 1945-1947 жылдары – Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында, 1947-1951 жылдары – осы институттың аспирантурасында оқыған. 1951-1957 жылдары – Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасында (қазіргі «Рауан») редактор, кейін редакция меңгерушісі, 1957 жылдан бастап – Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында (қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы) ғылыми қызметкер, Тіл тарихы және диалектология бөлімінің меңгерушісі, 1980-1994 жылдары – Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, 1994 жылдан – бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. «Абай қара сөздерінің морфологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық (1959 ж.), «Абай шығармаларының тілі» тақырыбында докторлық диссертация (1971 ж.) қорғады. Осы салада үш монография жариялады: «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971), «Абайдың сөз өрнегі» (1994). Диссертациялық зерттеу еңбектерінен бөлек, Р. Сыздық қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық (ХV – ХІХ) даму тарихы, қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштер тілі, тарихи лексикология, лингвистикалық стилистика, тіл мәдениеті және орфография, орфоэпия бағыттарымен айналысқан. Сонымен бірге, әдеби тіл тарихын, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілін зерттеумен қатар, тарихи лексика мәселелерін де арнайы қарастырған. Ғалымның «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі – осы саладағы ізденістің нәтижесі. Тарихи лексикология бойынша бірден-бір оқу құралы болған бұл еңбек 1994 жылы толықтырылып, өңделіп, екінші рет жарық көрді. Кітапта тарихи, лиро-эпостық жырларда, ақын-жыраулар тілінде, тұрақты тіркестер құрамында, мақал-мәтелдерде кездесетін көне сөздердің байырғы мағыналары, түп-төркіні ашылып, семантикалық өзгерістеріне талдау жасалады. Сондықтан аталмыш еңбек тек тіл мамандары ғана емес, байырғы көркем мұраларды сүйсіне оқитын былайғы жұртшылық үшін де бағалы зерттеудің бірі болды. Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімі үшін «Лингвистикалық стилистика» деп аталатын жаңа саланың негізін салушы деп есептеледі. Мұны ғалымның «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» атты монографиялары мен шәкірттері қорғаған диссертациялық жұмыстары дәлелдейді. Р.Сыздықова лингводидактика саласындағы жұмыстарға ерте кезден араласып, оқулықтар мен оқу құралдарын жазып, бағдарламалар түзді. Атап айтқанда, ол орыс мектептерінің жоғары кластары үшін «Қазақ тілі» оқулығын (1952-1953), «Үлкендерге арналған әліппені» (1958, 1963), «Ересектерді оқытудың программасын» (1958), университеттер мен институттарда «Қазақ әдеби тілі тарихын оқытудың программасын» (1965, 1969, 1975) жазысуға ат салысты. Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов сынды ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р.Сыздықова алғашқы болып, ғылыми очерк жазып, кітапшалар шығарды. Оның Қ. Жұбанов туралы «Ғалым-азамат» (1966, 2004), А.Байтұрсынов туралы «Ахмет Байтұрсынов» (1990) деген кітапшалары жұртшылыққа кеңінен мәлім. Көрнекті ғалым 1971 жылы «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды. 1984 жылы Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді, оның есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды. 1945 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталды. 2004 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Ал 2019 жылдың 29 тамызында Р. Сыздық ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған еді.

Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық  ерекше тұлға болатын.  Ғалымның өмірдің талай шиырларынан жүріп өткен өмір жолы, нар жүгін азаматша арқалаған қайсарлығы, қайран қалдыратын туабітті қарым-қабілеті  өз еліне адал қызмет етудің жарқын үлгісіндей еді.

          Өткен ғасыр бойында қазақ елінің шаңырағын биік ұстауға, ел мен тілді сақтап қалуға жанын пида ете отырып қызмет еткен бабаларымыз бен ағаларымыздың белгі-көзіндей болатын.

          Бір дәуірдің бір жұлдызы ғайып боп барады…

          Академик Рәбиға Сыздық қазақ тіл білімінің тарихына өлшеусіз мұра қалдырды. Ғылымның саналуан салаларына арналған іргелі еңбектері арқылы ғалым ұлттың  және ұлт тілінің тағдырының,   ұлттық болмыс пен ұлттық тілдің теңдеусіз портретін жасады. Өмірінің соңғы айларына дейін академик қаламын қолынан  түсірмей, тәуелсіз елдің ілгеріге ұмтылған әр қадамындағы оқиғалар мен жаңалықтарға әрдайым ден қойып, нағыз ғалымға тән пікірін қосты.

          Қазақ ғылымының аса көрнекті өкілі, ғұлама ғалым, академик Рәбиға Сәтіғали Сыздықтың қызы Мақпалға, отбасына, туған-туыстарына, шәкірттеріне, қалың қазақ жұртшылығына қайғырып көңіл айтамыз.

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрлігі

Ғылым комитеті

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.