ТЕРЕЗЕНІҢ АР ЖАҒЫ…

Есей Жеңісұлы

Терезенің ар жағы… – әлем еді,
Құс сайраған бағы да мәуелі еді.
Тұтқынында тірліктің тыпырласып,
Адам біткен шаруамен әлек еді…

Күйкі күндер болғандай жұмақ-түрме,
Қоймады олар өзіне сұрақ мүлде.
Сезбей қалды кеткенін сыйып бірақ,
Қауызына тарының бір-ақ күнде.

Өтірікті дос көріп, айла-амалды,
Суға мініп, желді де айдаған-ды.
Бір-ақ күнде қамалды құжыраға,
Жанталасы, шаруасы қайда қалды?

Бос отырған бейшара бақ таба ма?
Қарамапты ешқашан ақ-қараға.
Шарадайын, міне, енді шақша басы –
Қайдан шықты: зауал ма, зертхана ма?

Бұл не сонда?
Құдайдың мазағы ма?
Түспеді ғой әлі әжім ажарына.
Шынында да жарқанат індеті ме,
Шынында да Уханның базары ма?

Қалай жылдам таралды кең далаға?
«Испанкадай» миллиондап елді ора ма?
Табыттарды тасуға үлгермеді,
Тегеранда, Мадридте, Бергамода.

Мың бір мұңлық ауаны жұтып әрең,
Қала берді тамақта тұтыла дем.
Қиқулаған меджәрдем көлігіне
Қолын соқты балконнан бүкіл әлем.

Бұл не сонда?
Тірліктің бекері ме?
Қасіреттің қара жер мекені ме?
Қанбайтұғын құмардың, құр ындынның,
Құнтсыздықтың, құлдықтың өтеуі ме?

Болып қалды белгілі шама бәрі,
Жалт ете қап, үміт те жоғалады.
Терезеден телміріп жұмырбасты,
Өзі – үйіне, ой мұңға қамалады.
«Өлермендей болсын деп іс ілгері,
Жанталастың тойғалы, ісінгелі.
Жақсыларды ортаңнан ойып алам,
Саған осы – бір белгі, түсін» деді.

«Бармен жауып кетік пен ойығыңды,
Болды бекер сауық пен тойың үлгі.
Бақ жолында арыңды белгі түйіп,
Ұмыттыңдар бәрің де мейірімді.

Қайда кетті ынсап пен парық деген?
Пиғылыңнан қорқаулық анық көрем.
Табытты да көтеріп биледіңдер,
Бас-басыңа, қажет пе, табыт берем!

Отағасын сыйламай, отанасын,
Сауықшылдан құдайдай бата аласың.
Қарайғаны ниеттің соншалықты –
Көмектессең, көршіңнен ақы аласың.

Тегістетіп қабірдің төбелерін,
Қала салдың, іздемей бөлек орын.
Топан суды қаптаттым,
ойландың ба?
Мұздықтарды еріттім,
елемедің…

Құлшындырып бір сәттік пайда көпті,
Құмар ойын үйіңді майдан етті.
Бүгін сүйген ертең-ақ тез жерініп,
Сонда ұлы махаббат қайда кетті?

Құдіреттей ешкімнен секем алмас,
Адамдар-ай,
емес бұл қатең алғаш…
Бәрін-бәрін қара жер көтереді,
Бірақ мұнша назаны көтере алмас.

Осы күні ағайын арасы дау,
Қайда сонда елдестік, жарасым-ау?
Толық адам болатын ниет қайда –
Жарты адам да бола алмай қаласың-ау…»

Қайран өмір көзіңнің аясындай,
Кірпік қақса, жоқ бола қоясың ба-ай?..
Терезенің ар жағы –
…өлі қала,
Терезенің бер жағы – ой осындай…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.