БІЗ БІЛМЕЙТІН БИТКӨЗОВ

Білікті бапкер Диқанбай Биткөзов шәкірттерінің ортасында. Сол жақта: самбодан әлем және Еуропа чемпионы Қанат Байшолақов,  оң жақта: Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Талғат Байшолақов.
Білікті бапкер Диқанбай Биткөзов шәкірттерінің ортасында. Сол жақта: самбодан әлем және Еуропа чемпионы Қанат Байшолақов,
оң жақта: Әлем кубогының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Талғат Байшолақов.

Менің әкем – Диқанбай Дүржанұлы Биткөзов. Алты алашқа әйгілі күрес бапкері, әлемдік дәрежедегі төреші, қазақтың айтулы азаматы. Жарты ғасырлық бапкерлік ғұмырында әлем және құрылық чемпиондары бастаған 200-ге жуық спорт шеберін баптаумен қатар, Арқа төсінде өзіндік жаттықтырушылық мектебін қалыптастырып, Жаңаарқа ауданын әлемдік самбоның төріне жетелеп шыққан майталман спорт қайраткері. Әкемнің ел алдындағы қысқаша мінездемесі осындай. Ал, біз, балалары үшін әкеміздің орны тіпті бөлек. Кәдімгі мұсылман баласы әке-шешесін қалай ардақтап, қалай қадір тұтса, біздің де әкеміз Диқанбай мен анамыз Маралға деген перзенттік махаббатымыз сол дәрежеде. Мына жалған дүниеде балалары үшін ең қымбат, ең асыл адамдар әке-шеше екені дау туғызбас ақиқат. Жаратқан Иемізге бізді осындай қамқор, осындай мейірімді әрі еңбекқор ата-ананың перзенті қылғаны үшін шексіз шүкіршілік білдіреміз.
Шынын айту керек, мен бойжетіп, студент болғанша әкемнің жұрт алдындағы абырой-беделін терең сезіне қойған жоқпын. Күнде қасыңда жүрген аяулы жанның қадірін шолжаң, ерке қыздың кішкентай кезінде біле қоймауы да заңдылық. Мен үйдің кенжесімін. Жаңаарқаның орталығы Атасуда тұрған кезімізде әкем ауылдағы өзге отағасылар тәрізді түздегі қызметінен, үйдегі шаруасынан бір босамайтын. Күнделікті тыныс-тіршілігінде ауылдастарынан бөлек, сол кісілерден айрықша, ерекше қасиетін байқай қоймадым.

БАСТАУ НЕМЕСЕ ӘКЕ ҚАДІРІ

Алланың қалауымен он жеті жасымда Қарағандыға оқуға түстім. Студентпін. Жаңа орта, жаңа таныстар. Өріс кеңейіп, қол ұзарып дегендей, бұл ортаға да бейімделе бастадым. Қазақи тәрбиемен өскен баламын, көптен ерекшеленбей жүріп жаттым.Бірақ «Биткөзова» ­деген фамилиям жұрттың назарын еріксіз маған аудара бастады. Спорттан хабары бар қатарлас құрбы-құрдастарым: «Сен атақты Диқанбай Биткөзовтің қызысың ба? Ол кісіні сырттай білеміз» десе, ұстаздарымның кейбіреуі: «Е-e, Диқанбай ағаның қызы екенсің ғой» деп шынайы ілтипат танытатын. Бұрын ауылдан ұзап шықпаған мен әкемнің қадірін сыртта жүріп осылайша сезіне бастадым.
Тұрмысқа шыққан кезімде де барған жерімдегі үлкен кісілердің әкеме деген сый-құрметін, тілеулес көңілдерін көріп, жаным семірді. Кейін мамандығыма сай қызметке тұрдым. Көптеген бейтаныс адамдармен жақын араласа бастадым. Сонда байқағаным, Қарағанды, Жезқазған жағындағы қалың жұртшылық арасында әкемнің атына қанық, еңбегін бағалайтын кісілер аз емес екен. Жас маман ретінде басшылардың алдына құжатпен, қызмет ыңғайымен кірген кездерімде Диқан­байдың қызына ­деген сондай жылы, сондай мейірімді көзқарасты талай рет аңғардым. Сондай сәттерде әкемді мақтан тұтып, бір жағы еріксіз сағынушы едім. Сондай сәттерде осындай әкенің қызы болғаныма іштей қуанатынмын. Қазір ойлап отырсам, бізге әкеміздің қадірін білгізген өзімізді қоршаған тілеулес көпшілік, тілеулес ағайын екен.
2016 жылы жазда әкем Павлодар жақта біздің бабамыз, бәсентин Малайсары батырға арналып іс-шара өтетінін, сол жиынға орай бәсентин руынан тарайтын ағайындар бас қосатынын айтып, барып қайтайық деді. Алла сәтін салған күні жолға шықтық. Әкем жол бойы біздің түпкі тамырымыз болып саналатын бәсентин руы туралы көп әңгіме айтты. Былай қарасаң, өмір бойы күрес қуған адам, ал ұлт тарихына, шежіреге келгенде жазушы, тарихшылар тәрізді қамшы салдырмайды. Осынша дүниені жадында қалай сақтайтынына қайран қаласың. Бұл дегеніңіз санасы ояу, көкірегі даңғыл адамның сипатын білдірсе керек.
Малайсары бабамыз, кейбір деректер бойынша, шамамен 1700-1756 жылдары өмір сүріпті. Ал, белгілі ғалым Ерлан Арын: «Малайсары 1708 жылдары Сырдың бойында Түркістан атырабында туып, кейін Арқаға көшкен» деп жазады. Сүйегі Арғын ішіндегі бәсентин руынан. Орта жүздің белді батыры әрі сөз ұстаған биі. Малайсары Абылай ханның сұлтан кезінен бастап сенімді серігі болған екен. Ескі деректерге сүйенсек, Малайсарының кіндігінен он ұл тарапты. Сол он ұлдың бірі біздің атамыз Сырым екен. Малайсарының әкесі – «түйе көтерген, жолбарысты жалаң қолымен жарып өлтіретін» деп сипатталатын Тоқтауыл батыр, ал анасы Мөлдір – қалмақ ноянының қызы. Қарындасы Гауһар заманында асқан батырлығымен танылса керек. Гауһар анамыз Қаракерей Қабанбайға тұрмысқа шығыпты.
Өлкетанушы ғалым Жеңіс ­Марданов: «Малайсарының түр келбеті ақ­сақалдардың айтуынша, батыр ұрпақтарының ата-бабаларынан естіген деректері бойынша кең иықты, ұзын бойлы, алқымды, шекелі, мұрынды болыпты» деп сипаттайды. Атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы батырлар туралы тарихи аңыздар» атты мақаласында Абылай аса жоғары бағалаған батырлардың ішінде Малайсары есімі де аталады. Бұл – қазақ тарихындағы батырға қатысты алғашқы жазба деректің бірі. Абылай ханнан: «Үш жүздің батырларының арасында кімнің шоқтығы биік, кімдерді ерекше құрмет тұтасыз?» деп сұрағанда хан былай деп жауап беріпті: «…Батырларымның ішінен байлығы мен батырлығы, мінезі жөнінен бәсентин Малайсары және ақылы мен қаһармандығы жағынан уақ Баян батырдың орны бөлек».
Малайсары бабамыз Қазақ елінің Ресейдің қоластына кіруіне қарсы болыпты. Ол кісі қазақ-қалмақ соғысын тоқтатып, екі хандық арасында бейбіт бітім жасау саясатын ұстанған екен. Шоқан Уәлиханов қалдырған тағы бір құнды дерек – Малайсары батырға жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің «тархан» атағын бергені. Кейінгі зерттеулер бойынша бабамыз 1754 жылы үш мың адамдық бәсентин әскерімен бірге жоңғарларға қарсы майданда қаза болыпты. Ғалым Ерлан Арын: «Алтынемел тауының бір сілемінде Малайсары батыр оққа ұшты. Сол заманнан бері бұл жота Малайсары аталады: биіктігі 1446 м., батыстан шығысқа қарай 100 шақырымға созылып жатыр, ені 10-20 шақырым. Жоңғар Алатауының басталатын тұсы да осы жер» деп жазды. Бұған қоса Май ауданында Малайсары атында ауыл бар. Сонымен бірге Қызылжар ауылындағы мешіт Малайсары батырдың есімімен аталады.
Хош, осы сапар Павлодар қаласын­дағы «Баянауыл» кинотеатрының алдына қойылған Малайсары батыр ескеркішінің ашылу салтанатына қатыстық. Одан әрі осы облысқа қарасты Май ауданындағы кезінде бәсентин руы жайлаған ата қоны­сымызда болып, ағайындармен қауыштық.
Егер әкеміз Малайсары мұрасына орай Кереку өңіріне бастап апармағанда бабалар тарихының осы бір тұсын білер ме едім, білмес пе едім, бұл жағы бір Аллаға аян. Әкемізбен бірге ағайындарды, Ертіс өңірін аралаған сапар маған көп ой салды. Ата-бабаларым еркін жайлаған Ертіс бойына, қасиетті атажұртқа табаным тигенде бөлек бір сезімге бөлендім. Сол сапар «Диқанбай Дүржанұлы тек біздің ғана әкеміз емес, алты алаштың ардағы екен ғой. Оның ар жағында Отаны үшін жанын қиған Малайсары бабам, біздің жарқын болашағымыз үшін талай тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерген батыр бабаларым мен асыл әжелерімнің тарихы жатыр. Әкем сол текті тұқымның тұяғы екен. Қазақ елінің ұлттық күрес және самбо саласында Диқанбай Биткөзовтің ешкімге ұқсамайтын қазыналы тарихы, жарты ғасырды қамтитын, ешкімге ұқсамайтын асқаралы биігі бар екен. Ендеше мен де қарап қалмайын, шамам жеткенше, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, республиканың еңбек сіңірген мұғалімі, Еңбек Қызыл ту ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің және ФИЛА орденіннің иегері, КСРО дене шынықтыру және спорт ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, қазақ күресі мен самбодан халықаралық дәрежедегі төреші Диқанбай Дүржанұлы туралы болашақ ұрпаққа сөз қалдыруға әрекет жасайын» деген тоқтамға келдім.

ҮЙДЕГІ ӘСКЕРИ ТӘРТІП НЕМЕСЕ «ЕҢБЕК ТҮБІ – ЗЕЙНЕТ»

Әкем Диқанбай мен анам Маралдан бес ұрпақ тарады. Ағаларым – Жеңіс, Жарас, Жалғас, қыздан – әпкем Жұлдыз және мен. Мен үйдің кенжесімін. Біздің шаңырақта есімізді білгеннен әкеміздің сөзі жерде қалған емес. Анамыз марқұмның отағасы дегенде шығарда жаны бөлек еді. Анам қандай жағдайда да әкемді жақтап, күйеуін қорғаштап отыратын. Кейде әкеміз бізге ұрса қалса, Марал анамыз кейбір әйелдер құсап балаларын қорғаудың орнына, қайта әкемізге қосылып, біздің сыбағамызды беретін.
Әкеміздің арқасында біздің үй әскери тәртіппен өмір кешті. Күнде таңертең таңғы жетіде төсектен тұрғызып алады, содан түс ауғанша үй шаруасы таусылмайды. Маған сағат төрттен кешкі алтыға дейін екі сағат ойнауға рұқсат беретін. Онда да алысқа ұзамауың керек. Үйге жақын жерде, әке-шешемнің көз алдында балалармен футбол, волейбол ойнаймыз. Ал түнгі сағат онда әкенің талабы бойынша бәріміз жатуға тиіспіз. Бұл кезде біздің үйдің теледидары өшіріледі.Уақытында жатпай, қыбырлап жүріп алсақ, әкеміз оқты көзімен бір атады. Бізге сол жетіп жатыр. Кезінде ол кісінің бұл тәртібін балалықпен іштей жақтыра қоймағанымыз рас. Кейін есейе келе Алла Тағаланың түнді адам баласына тынығу үшін жаратқанын ұғына бастадық. Басқа уақытқа қарағанда түнгі ұйқының орны бөлек әрі денсаулыққа пайдасы зор екенін түсіндік. Әкеміз сол кездің өзінде біздің денсаулығымызды тереңнен ойлап қана қоймай, үйдегі тірліктің де берекелі болуына әрі уақытында атқарылуына қатты мән беріпті. Оған қоса балаларын қатаң тәртіпке баулыған екен.
Қазір сол бір алаңсыз күндерге ой жүгіртсем, біздің үйдің балалары бос уақыттың не екенін білмей өсіпті. Не үй шаруасын атқар, не кітап оқы. Әйтеуір, бос отырмауың керек. Әке-шешенің бұл тәрбиесі шариғаттың аясына сыятын, уақыттың қадірін білуге үндейтін, нағыз кемел өнеге екенін өсе келе түсіндік. Қазіргі ата-аналардың басым көпшілігі балаларының қымбат уақыты интернет құлағында немесе телефонды ермек қылып, босқа ысырап болып жатқанына жете мән бермейді. Осындай тәрбиемен өскен бала да уақыттың адам өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін ұға қоймайды. Ал иманды, ақылды адам бұл мәселеге қатты мән беруге тиіс. Біле білсек, Алла Тағаланың өзі уақытты бос өткізген пендесін қолдамайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) адам баласы өмірінің қалайша өткендігі жайында қияметте ауыр есепке тартылатынын ескерте келе, былай деген: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша орнынан тапжылмайды».
…Иә, біздің әкеміз күні бойы тыным таппайтын еді. Жазда ертемен өзі бақша суарып, баптауға кіріссе, мен тоғыз-он жасымнан бақшаның шөбін жұлуға дағдыландым. Шөпті жұлып болған соң ұсақтап турап, тауықтарға шашамын. Туралмағанын қойларға беремін. Ағаларым мен Жұлдыз да кішкентай кездерінен үй шаруасынан босаған емес. Көп үйде бір бақша болса, біздің үй аумағы кең екі бақша ұстады. Қос бірдей бақшаның шөбін жұлып шығу үшін көп уақыт, ұзақ бейнеттену керек. Бұған қоса картоп түптейміз, көкөніс суғарамыз. Біздің үйдің балалары әкеміздің темірдей тәртібіне мойынсұна отырып, осы екі бақшада шыңдалып шықты. Бұған мал жайлап, су тасуды, үй жинауды қосыңыз.
Ағаларым мен әпкем есейіп, қалаға оқуға кеткен соң үйдің қара жұмысын әкеммен бірге атқара бастадым. Әкем мені қыз бала екен деп, аяған емес. Тоғыз-он жасымнан бастап қырық литрлік флягпен «колонкадан» су тасуға кірістім. Суды жазда қол арбамен, қыста шанамен тасимыз. Колонка үйден қашықтау жерде, көбіне суы сыздықтап, баяу ағады. Қашан барсаң да, басында ұбап-шұбаған кезек. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында жұдырықтай болып, сан мәрте кезекке тұрдым. Үйдегілер монша жағатын күні бір емес, сегіз фляг су таситынмын. Әкем сонда да, осы қызым кішкентай ғой, шаршады деп, аяушылық білдірген емес. Шешеміздің бізді аяп, кейде жеңілдік жасағысы келетінін жүзінен сезетінбіз. Бірақ ол кісі үнемі күйеуінің сөзін сөйледі, бізді жақтап, әке тапсырмасына қиянат, бізге жеңілдік жасаған емес.
Адам болған соң бір мезгіл дем алғың келеді. Кейде түс ауа көз шырымын алайын деп, төсеке қисая қалсаң, әкем кіріп келеді де: «Жас бала талтүсте жатушы ма еді, күндіз ұйықтағаны несі» деп ренжиді. Бұдан кейін қалай жатасың. Атып тұрып, еріксіз шеті-шегі жоқ шаруаның бұйдасына жармасасың. Кейде сәл тыныстау үшін үйге кірген құрлы «Әкем келіп қала ма?!» деп тықыршып, алаңдап бітесің. Кезінде әкеміздің бұл мінезін де іштей жақтыра қоймадық. Бірақ ол кісіге қарсы келу ойымызда да болған емес. Қазір ойлап отырсам, әкеміз бен анамыз бізді болашақ үлкен өмірге, үлкен майданға кішкентай кезімізден бастап бау­лып, ширатып, дайындай бастаған екен.
Басында біздің Атасудағы шаңыра­ғымыз шағын болатын. Әкем уақыт өте келе үйді кеңейтуге кірісті. Себебі, біздің үйге қонақ көп келуші еді. Әкем күрес жарыстарына шақыратын бапкер, төреші достары көбіне біздің үйде қонатын. Басқа уақытта да меймансыз болған емеспіз. Сондықтан жаз шыға әкем құрылысқа кіріседі. Үйді кеңейту өз алдына бөлек тірлік болса, оған қоса монша, жазғы ас үй, гараж тұрғызды. Әйтеуір, құрылыс салмай отырған кезін еске түсіру қиын. Сол шаруалардың бәріне бізді жегіп қоятын.
Анам болса, әкемнің алыс-жақыннан қысы-жазы ағылып жататын қонақтарын күтуден шаршамайтын. Шешемнің сіңлісі Тамара бір күні: «Сенің анаң бір қолымен ет асып жатса, екінші қолымен пелмен түйіп жатады. Қолы сондай берекелі. Қонақ келген үйге құт қонады деген. Әпкем бес баламен бәріне үлгереді» деді ризалығын жасыра алмай.
Әлі есімде, тұрмысқа шыққаннан кейін төркінімді сағынып, Атасуға келдім. Құшағымда кішкентай сәбиім бар. Үйге алып-ұшып жетсем, әкем погреб салуға кірісіп кетіпті. Содан баяғы әдетіме басып, әкеме көмектесуге кірістім. Екеулеп кірпіш тасыдық, лай ездік. Бір күні әкем екеуміз носилкамен құм әкеле жатсақ, күйеуім жақтан бір топ адам машинамен сау ете қалды. Анам бұл жағдайға қатты қысылды. «Құдалардың көзінше қызыңды қара жұмысқа салғаның не?! Ол кісілер «Диқанбай қызын аямайды екен» деп ойлайтын болды ғой» деп, шыр-пыры шықты. Әкем сасатын емес: «Е-е, несі бар. Құдалар көрсін, менің қызымның пысық екенін» деді сабырлы қалпын бұзбастан.
Анам мен әкемнің ес білген кезімізден еңбекке баулығаны бізге өмір бойы азық болып келеді. Ағаларымды айтпағанда, Жұлдыз екеуміз қыз балалар беттей қоймайтын шаруаларға бел шешіп кірісіп кетеміз. Бір жылы қыста сиырдың қатып қалған басын ортаға қойып, күйеуім Саржан екеуміз жағын айыру үшін екі жаққа тарта бастадық. Енем бізге қарап тұрды. Бір тартқанда жақ айырыла қоймады. Содан екеулеп, шірене жұлқып жатып, сіресіп қалған мұздай жақты зорға айырдық. Сонда енем: «Үйбай, балуанның қызын қара. Күш сынасқанды бұрап тастайды» деді сүйсінгенін жасыра алмай. Шынында да, күш жағынан келгенде әкеме тартқанымды жасырмаймын. Қазір де сол әдеттен жаңылмай, пәтеріміздің анау-мынау жөндейтін жерін күйеуіме қаратпай, шебер шақырмай-ақ, өзім бітіре саламын.
Ес білгеннен еңбектің қадіріне жеткен әкем жасы сексенге таяса да, баяғы әдетінен танар емес. Жазды күні Қарағандыдағы үйдің арт жағындағы ашық алаңқайға барсаңыз, әкем еккен картоп, қызанақ, қияр, құлпынай, таңқурай, қара қарақат, қызыл қарақат, шие, өрік, алма, пияз, сәбіз, сарымсақ көздің жауын алып, құлпыра өсіп тұрады. Әкем көкөніс пен жемістің бабын жақсы біледі. Бау-бақша туралы газет-журналдарды жалықпай оқып, қажетті мәліметті көкейіне тоқып жүреді. Ол кісі тұқым сақтауды, тұқымның күтімін, оны егу мерзімін, суаратын, түптейтін уақытын бәрін-бәрін ғылыми негізде атқаруға күш салады. Мысалы, биыл картопты ресейлік белгілі ғалым Петр Балабановтың әдісі бойынша қара жерден биіктете, жалдай үйілген ұзынша созылған топыраққа отырғызды. Апта сайын жалданған топырақты ерінбей қопсытып отырады.
Асыра мақтағаным емес, әкем тумысынан бесаспап адам. Ол кісі етті балбыратып асады, нанын жұқалап, бабымен жайғанда еріксіз сүйсінесің. Айтпақшы, маған еттің нанын жаюды ең алғаш әкем үйретті. Ал, әкем пісірген палауды жесеңіз, біраз уақытқа дейін дәмі аузыңыздан кетпейді.

«ҚЫЗҒА – ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙЫМ»

Әкем мен шешем бізді қанша жерден жұмысқа жексе де, реті келгенде еркелетіп отыратын. Мен үйдің кенжесі болғандықтан, ерке, шолжаңдау болып өстім. Кішкентай кезімде тым мазасыздау болсам керек, ауылдың ұл-қыздарымен жиі ұстасып, шарт-шұрт төбелесіп қалатынмын. Мұндай кезде анам: «Ұлдардан көрмеген бұзықтықты сенен көрдім-ау» деп кәдімгідей рен­жуші еді. Тоғыз-он жасымда «күреске барамын», деп әкеме қиғылық салдым. Әкем: «Сен қазірдің өзінде көп адаммен сыйыспайсың. Күреске қатыссаң, тіпті мазасыз боласың. Дәп сені күреске жолатпаймын» деп біржола тыйып тастады. Әкемнің бұл сөзі балаң көңіліме ауыр тиді. Содан солқылдап жылап алдым.
Әкем тумысынан нағыз қазақи адам. Халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанады. Әсіресе, ұлтымыздың әйел затына, оның ішінде қыз балаға қатысты тыйымдарын жақсы біледі. Үйдің ерке қызы кейде өкшесі жер тесердей болып, тарсылдатып жүрсе, әкеміз бірден тыйып тастайды. Ондайда әкем: «Ертең тұрмысқа шыққанда өкшеңнің тарсылы анадайдан құлақты жарып тұрса, ұяты әуелі өзіңе, сосын бізге тиеді. Қыз деген аяғының ұшымен жұмсақ жүруі керек. Оның келе жатқаны, не кетіп бара жатқаны білінбеуге тиіс» дейді. Әу дегенде әке сөзіне балалықпен жете мән бере қоймадық. Бірақ шешеміз алдында құрақ ұшып тұратын беделді отағасының сөзі бірте-бірте санамызға ұялай бастады.
Бір жағы балалықтың оты, екініші жағынан еркеліктің буымен 12-13 жасымда диванға гүрс еткізіп отыра салатын әдет пайда болды. Әкем бұл қылығымды да ұнатқан жоқ. «Жұрттың көзінше немесе жеке қалғанда диванға оқыс, сарт еткізіп отыра кетпе. Қыз деген диванның шетіне жайымен, ақырын ғана жайғасуы керек. Сен осылай, жайлап отырып дағдылан» деген ескертуін бірнеше рет естісем де, сарт-сұрт әдетімнен бойжеткенше арыла алмай жүрдім. Ең бастысы, әке талабы, әке өнегесі көкірегімнің түбінде сақталып қалды. Кейін тұрмысқа шыққан соң әкемнің сол сөздері, сол талабы санамда жаңғырып, жүріс-тұрыс, отырып-тұру мәдениеті өзінен-өзі қалпына келе бастады.
Ақыры сырымды жайған соң әкем түзеген тағы бір мінімді айта кетейін. Өзімнен үлкен балалар қалаға кетіп, әке-шешені жалғыз иемденген ерке қыздың небір оғаш қылығы болады екен. Кейде жөнсіз шолжаңдап, аузымды ашып, сақылдап күле бастасам, әкем сұстана қалады. Ондайда күлкіден тыйылып, момақан бола қаламын. Әкем мұндай сәтті қапы жібермейді: «Қыз бала аузын ашып, қатты күлмейді. Аузын қолымен жауып, жәймен күлгені жөн» дейді осы қызыма сөз қона ма дегендей кейістік танытып. Қазір ойласам, өмірбақи ауылда ғұмыр кешкен Диқанбай әкем дала мәдениетін, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық озық өнегені бойына сіңірген интеллигенттің нақ өзі екен.
…Сегізінші сыныпта ептеп бойымызды түзей бастадық. Сұрша күздің бір жайлы кешінде мектептегі күзгі балға ­барайын деп, үйден боянып шығып бара жатыр едім, әкем: «Мынауың не сұмдық! Кәне, сүртіп таста! – деді дауысын қатайтып. – Әйтпесе, далаға шықпайсың». Амалсыз, үн-түнсіз әке бұйрығын орындауға тура келді.
Әке-шешем қыздарының айна алдында сылаңдап, артық көлбеңдегенін де жақтырмаушы еді. Кезінде жастық көңілмен ол кісілерге жөнсіз ренжіген екенбіз. Сөйтсек, олар қыз баланың тым жылтырап, көлденең көзге іліге бергенін қаламаған екен. Үлкендердің бұл талабының астарын кейін түсіндік.
Саржанмен көңіліміз жарасып, оған тұрмысқа шыққан соң төркіндеп қарашаңырағыма келдім. Әке-шешемді әбден сағынып қалыппын. Мауқымды басқан соң ауылдағы құрбыларыма барайын, дүкен аралайын десем, анам: «Сен күйеудегі адамсың. Ендігі жерде құрбы дегенді азайт. Дүкенге барғың келсе, күйеуіңе хабарлас. Жіберсе, бар. Жібермесе, үйде отыр» деп шорт кесті. Мен: «Онда тұрған не бар» деп, ренжи бастап едім, анам: «Диқанбай, мына қыз мені тыңдамай жатыр» деп күйеуіне шағым айтты. «Әйел адамға күйеуінің рұқсатынсыз бейсауат жүруге болмайды, – деп әкем анамды қостай жөнелді. – Ері сырттан келгенде, әйелі үйде болмаса, одан жаман нәрсе жоқ. Әйел адамның үйі таза, ері үшін әрдайым тамағы әзір, қабағы ашық болуы керек. Шешеңді тыңда! Соныкі жөн». Осымен сөз тәмам. Өмірдегі ең ­аяулы адамдарың айтып отырған соң, көңілің қанша жерден құрбыларға ауып тұрса да, үйден сыртқа аттап баспайсың. Рас, ол кезде көп нәрсенің байыбына терең үңіле қоймайтынбыз. Еріксіз тұсап қойғандары үшін әке-шешеме іштей наразы болғаным, өкпемді сыртқа шығармай, іштен тынғаным рас. Уақыт өте келе «Әйел адамның мешіті – үйі», деген шариғи қағиданың дұрыс екеніне көзіміз жетті. Алла Тағаланың адамзатқа түсірген ең соңғы діні – ислам діні бойын­ша бала ата-анасына, әйел күйеуіне толық мойынсұнуға тиісті.
Әке-шешеміз мұсылман ортада тәрбиеленіп, шариғи үкімдер мен ұлттық салт-дәстүрді кішкентайларынан көкейге тоқып, бойларына сіңіріп өскендіктен, ата-бабадан бері жалғасқан өнеге мен тәрбиені бізге жеткізіп отырды. Ол кісілер атеистік идеология қанша жерден күшіне мінсе де, ислами және ұлттық құндылықтардан бас тартқан жоқ.

Айнұр ДИҚАНБАЙҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.