ТІНТУ

 «Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Ерекше көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне салып өтер бір жай – ақын жөнінде орыс тілінде сақталған деректер. Анығында, Абайдың өмірбаянын оқыған кісінің бәріне мәлім нәрсе, оның патша ұлығымен, қызметшілерімен кеңселерде аса көп кездесуі туралы. Крестьян начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал – губернаторлар) кеңселері барлығының мұрағаттарында Абай жөнінде әлі де бірталай жаңалықтар табуға болатын тәрізді» деп кезінде дұрыс жол сілтеген Мұхтар Әуезов еді. Абай дүниеден өтерінен бірер жыл бұрын ақын ауылына Семей ояз бастығының өзі бастап келген қарулы топ қоршап тұрып, үйін және оның өне бойын сұқтана тінткені бар. Тобықты елі ішінде аңыз ретінде таралып кеткен осы бір оғаш оқиғаны бір топ Абай замандастарының естелігі ретінде баспа бетіне 1940 жылы тұңғыш рет шығарушы абайтану ілімінің негізін салушы, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов болатын.

Абай өмірбаяны М.Әуезов тарапынан төрт рет түбегейлі жазылып, әр нұсқа өз кезегінде көптеген тың деректермен толықтырылып, көмескі мағлұматтардан барынша арылып отырған. Бұл нұсқалардың ішінде Абай өмірбаянының 1940 жылғы екінші нұсқасының алар орны ерекше. Абай өмірбаянының осы екінші нұсқасын қайта толықтырып, соны деректермен жетілдіру мен «Абай» романының алғашқы кітабын қосарлана қатар қағазға түсіру М.Әуезов үшін тіпті де кездейсоқтық емес еді.

Мәнді мағлұматтарды мол қамтыған ақынның 1940 жылы латын әрпімен жарық көрген екі томдық шығармаларының екінші томында «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Әрхам, тағы басқалардың айтқан әңгімелері» деген М.Әуезовтің жазбасы басылған екен. Міне, осы жазбаның бір жерінде патшалық билікке қарсы басқа жақтағылармен жазбаша байланысы бар саяси сенімсіз адам емес пе екен деген күдікпен 1902 жылы ақын үйі тінтіліп, Абай атына жазылған бөгде бір адамның хаты іздестірілгені қысқаша белгі беріп қалады.

Тінтілген үйінен және ақынның бойынан табылмаған сол бір хатты әйелі Еркежан ақыры өз қалтасынан шығарып, оязға берген екен. Алайда, естелікте хаттың нақты мазмұны, немесе одан туындаған зардаптар жайында ешқандай әңгіме болмайды.

Мұрағат қоймасында сақталған көлемі 300 беттік осы істің ішіндегі құжаттар мазмұнына қарағанда, XX ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесін уысында ұстау үшін патша үкіметі жаңа тәртіптерді батыл енгізе түскен. Оның бір ұшығы дін мекемелері мен мектептерді де қамтыған. Сол кездегі Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Кереку өңірлерінде мешіттер жабылып, молдалардың мұсылман дінінің заңы – шариғат жолымен қызмет атқаруына тыйым салына бастаған. Мұндай әрекеттер кезінде ел ішінде едәуір дүмпу туғызып, сонау Омбы мен Петербургке дейін арыз-шағымдар көбейген.

Мұрағаттық деректерге сүйенсек, ұлы ақын үйіне тінту, шындығында, 1903 жылы көктемде жүргізілген. Ақын өмірінен хабары мол Тобықты елінің қариялары М.Әуезовке айтқан әңгімелерінде тек бір жылға ғана жаңылысқан.

Осы бір ақын өміріндегі оқшау оқиға 1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторына берген төмендегідей жедел хатымен басталады.

«Қосшығұловтан почта қолхаты табылды. Ол 1902 жылы 6 маусымда Батовскідегі Садуақас Шормановқа, Зайсандағы Кеншиновке, 1903 жылы 7 наурызда Семейдегі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек.

Романов,

Ақмола облысының әскери

генерал-губернаторы,

генерал-майор».

 

Әр тарапқа хат жазып, полицияны дүрліктіріп жүрген Қосшығұлов деген кім? Абайға жазған хат бар ма? Бар болса, айтары не? Бұл дүрлігістің аяғы немен тынды?

Мұрағат деректеріне бақсақ, қазақ жұртының тіршілігі мен тағдырына қатысы бар қысталаң шақта ел ағасы деп санап Семейдегі Абайға пошта арқылы хат жолдау­шы – Көкшетау мешіті жанындағы интернат мұғалімі Шәймерден Қосшығұлов екен. Сөйтіп, патша тыңшыларының қылбұраулы құрығы Ақмола облысы Көкшетау уезіне қарасты Көкшетау мешітінің молдасы Ш.Қосшығұловтың мойнына түскен. Полиция Көкшетау мешіті жанындағы интернаттан, оның шәкірттері қолынан гектографқа басылған, арабша жазылған жүзден астам кітапшалар тауып алған. Осындай тінту барысында Қосшығұловтың қалтасынан Семей губерниясында тұратын Абай атына жолданған хаттың түбіртегі шыққан. Полиция осы іс төңірегінде қатты дүрлігіп, аталған хаттың үкіметке қарсы әлдебір оғаш пиғылы бар ма деген күдікпен жанталаса әрекетке көшеді. Осыған байланысты Көкшетау мешітінің бас молдасы Наурызбай Таласов пен оның көмекшісі Қосшығұлов абақтыға жабылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалған.

Ш.Қосшығұлов
Ш.Қосшығұлов

Көкшетау молдасы Н.Таласов пен мешіт жанындағы интернат ұстазы Ш.Қосшығұлов және басқа би, молдалар патшалық Ресейдің отаршылдық озбыр саясатына қарсы дербес діни ұйым құрып, оны мүфтиге бағындыруға бағыттаған. Осы қимыл-әрекеттің ықпалын, пәрменділігін арттыру үшін Абай Құнанбаев сияқты жалпақ қазақ жұртына құрметті адамға да иек артқысы келген.

Патша әкімдері сонау Петербургтен бермен тартып Абай ауылына дейін қыруар тыңшылық жүйесін жедел құрып, ақыры жедеқабыл 1903 жылы сәуірде ­Семей уезі басшысымен келген жасауыл­ды топ ақын ауылын қоршап алып, Абай­дың өзінен, балаларының бәрінен жауап алады. Семей уезі бастығының Абай (Ибрагим) Құнанбаев үйінде жазған қаулысының қазақшаға аударылған нұсқасы төмендегідей:

 «1903 жылғы сәуірдің 23 жұлдызы. Мен, Семей уезінің бастығы Навроцкий, Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылғы 18 сәуірдегі №111 тапсырмасын орындап, Шыңғыс болысының қазағы Ибрагим Құнанбаевтың ауылына келдім. Губернатор мырзаның жоғарыдағы тапсырмасына сәйкес Құнанбаевтың сол сәтте үйінде болған балалары Мағауия мен Тұрағұлдан табылған хат-хабарларды тұтқындадым және оларды Шыңғыс болысы Рыздықбай Құдайбердин мен уезд басқармасының іс жүргізушісі Оспанов секілді куәлердің көзінше арнаулы қорапқа салып, Семей уезі басқармасы мен Шыңғыс болысының мөрлерімен қаттап бекіттім және қорапты ішіндегі хат- хабарларымен әскери генерал-губернатор мырзаға тапсыруға қаулы еттім.

Ибрагим Құнанбаевты тінту кезінде менің оған қойған «Көкшетаудан әлдеқандай хат алған жақсыз ба?» деген сұрағыма Құнанбаев былай деп жауап берді: «Биылғы қыста, осыдан екі ай бұрын Көкшетаудан белгісіз біреуден тапсырыс­ты хат алғаным бар. Жауап хатыңызды Заит Башировтың атына жазарсыз депті. Белгісіз адам Семей облысының құрметті қазағы есебінде менен өкімет орындарының алдына қазақтардың мұсылман діни жиналысын құру туралы мәселе көтеруіне жәрдем етуін сұрапты».

Сол хатты маған беруін талап етке­німде Құнанбаев оны бұдан екі күн бұрын өзінің ұлы Тұрағұлға бергенін айтты. Осы арада тұрған ұлына әкең берген хат қайда деп сұрақ қойғанымда, бұл хатты ол Шыңғыс болысының болысы Рыздықбайға табыстағанын айтты. Тінтіп қарағанда бұл хат соңғысының бешпет қалтасынан табылды.

А.С.Галкин

Бұл хат тінту кезінде Құнанбаевтан алынған барлық хат-хабарларға қосылып, бір қорапқа қатталды. Ибрагим Құнанбаевтың ұлы Тұрағұл Ибрагимовтан жауап алғанымда, ол әкесінен алған хатты жуырда Шыңғыс болыснайына өзге бір мақсатпен емес, шылым орауға бергенін, өйткені оның әкесі де, өзі де бұл хатқа пәлендей мән бермегенін айтты. Ибрагим Құнанбаевта Көкшетаудан келген хаттың сырт қабы сақталмаған. Жоғарыда айтылғандарды осы актіге жазып қоюға қаулы еттім. Қатысушыларға бұған қол қою ұсынылды. Бұл акт қатысушыларға оқылып берілді және тінту кезінде Құнанбаевтан алынған хабарлар олардың көзінше қатталып бекітілді.

Семей уезінің бастығы НАВРОЦКИЙ.

Ибрагим Құнанбаев.

Мағауия Ибрагимов. Тұрағұл Ибрагимов.

Болыс Рыздықбай Құдайбердин».

(бәрінің қолдары қойылған).

Ал, Көкшетаудан келген хат мазмұны төмендегідей:

«Ассалаумағалейкум! Жоғары мәртебелі, аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибрагим мырза!

Сізге Ақмола облысының барша уезінің қадірмен адамдарының атынан өкілдік алып жазып отырмын. Мұндағы қазақ халқының мұқтаждық хал-жағдаяты 15 мамырдан әрман қарай мағлұм болмақшы, өйткені жиналған малды сатуға тура келеді.

Халық қамқоршысы ретінде Сізден еш хабар-ошар ала алмадық. Ал, сізден әлдеқайда шалғайда жатқандар хабар беріп тұр. Жетісу облысында болатын кеңесті күтудеміз әмбе тері-терсек сатылатын Семей жәрмеңкесінің өтетін мерзімін күтіп жүрген жайымыз бар. Мерзімі әлі бұрынғыдай. Жәрмеңкеден қазаққа келер пайда да шамалы, бұл жағын жұрттың бәрінен бұрын өзіңіз жақсы білсеңіз керек-ті.

Баяғы дәурен өтті де, өлетін заман жетті де. Барлық жай-жапсарды айтып ақыл­дасуға болар еді, амал не, қазақтың мүддесін, шағын ойласуға кедергі жасап тұр ғой. Хатты мына жайға: Көкшетау қаласы, қазақ мектебі, Абдулла Зиядуға тисін деп әдепкі жолмен жіберсеңіз, аламыз. Хат жазушы мына мен пақыр, әлі де көп дүние жазар едім, әзірше үндеместен осымен тәмам етемін.

1903 жыл, 6 наурыз».

Мұрағаттық істегі хаттың сол кезде губернатор тілмашы орыс тіліне аударған нұсқасын қазақшалағандағы мазмұны осындай. Хаттың араб әрпімен жазылған түпнұсқасы Қазақстан мұрағат мекемелерінің ешбірінен әзерше табылған жоқ. Табылуға тиіс деген үміт әлі де бар.

Осы бір мұрағаттық істі байыппен қараған кісіге Көкшетаудағы белгісіз адамнан Абай атына екі хат келгені байқалады. Бірінші – жоғарыдағы, 23 сәуірде уезд бастығы тінту жүргізіп, Рыздықбай болыстың қалтасынан тауып алынған хат. Бұл кезде полиция тұтқындаған Қосшығұловтан табылған түбіртек ­бойынша дерегі мәлім болған 7 наурызда Көкшетаудан жіберілген екінші хат Абайдың қолына әлі тимеген, Арқат почта-телеграф кеңсесінде «тұтылып» жатқан. Бұл екінші хатты кейін, бір айдан соң, 29 мамырда Абайға Семей оязының өзі ілесе келіп, ақынға екеуі көзбе-көз қарап тұрғанда табыс етілген. Ақын оны сол жерде оқып шыққан соң, хатты қорабымен ояздың қолына ұстатқан.

Тағы бір ерекше атап өтерлік жай, мұрағаттық құжаттарының ішінде осы екі хаттың түпнұсқалары сақталмаған. Тегі, олар табылған соң заттық айғақ ретінде үстінен қылмыстық іс қозғалған Ш.Қосшығұловқа арналған дербес іс қағаздар құрамына қосылған болар дейміз.

Патша үкіметінің әкімшілік органда­рының іс қағаздарына топтасқан осынау шоғыр құжаттардың ішінде, біздіңше, өте-мөте екі құжаттың мазмұны алабөтен қымбат, берер мағлұматы бағалы екені даусыз.

Біріншісі – Семей облысы әскери губернаторының 1903 жылы 23 қыркүйекте Абай (Ибрагим) Құнанбаев жайлы сонау Петербургтегі Ішкі істер министрлігінің департаментіне жолдаған мінездемесі. Түпнұсқа орыс тілінде жазылғандықтан оқырмандар түсініп қалар деп оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

«Киргиз Чингизской волости Ибрагим Кунанбаев имеет от роду 60 лет, (58-Г.З) женат на трех женах, от которых имеет 9 детей. Обладает сравнительно большим состоянием (около 1000 лошадей и 2000 баранов). Кунанбаев весьма развитый и умный. Он служил два трехлетия бием, три трехлетия управителем Чингизской волости, а затем по назначению от правительства прослужил три года управителем Мукурской волости. Служба Кунанбаева отличалась разумным управлением, исполнительностью, энергией, преданностью правительству и отсутствием фанатизма.

Один из сыновей Кунанбаева по окончании курса Михайловского артиллерийского училища был произведен в офицеры и, будучи на службе, умер в Туркестанском округе. Ныне замужняя дочь его пишет и читает по-русский. Грамоте ее учил отец. Кунанбаев весьма интересуется литературой, выписывает книги, журналы и газеты.

В прежнее время он пользовался громадным влиянием среди иногородского населения степи, но в настоящее время влияние его далеко не то. Он постарел, не принимает на себя руководства в партиях, хотя главари их часто обращаются к нему за советом.

В разговорах и суждениях своих с лицами Кунанбаев обнаруживает полное понимание государственных интересов и правильные взгляды на культурную миссию нашего отечества в наших азиатских владениях.

Он с негодованием осуждает попытки мусульман – фанатиков противодействовать правительству в его стремлениях. Искренность высказываемого убеждения, полагаю, достаточно доказывается его поведением.

Эти данные указывают, что Кунанбаев в политическом отношении не внушает никаких опасений и должен быть причислен к числу лиц вполне благонадежных.

А.С.Галкин,

военный губернатор

Семипалатинской области,

генерал-майор.

Исх. №203. 23 сентября 1903 г.»

(ЦГА Республики Казахстан).

Міне, патша әкімдері ұлы Абай туралы күдікті мағлұмат жинаймыз деп, ақыры оған осындай мінездеме жазуға мәжбүр болған.

Осы құжаттардың ішіндегі екінші бағалы мұра Семей уезі бастығының сол 1903 жылы 23 сәуірде Абай үйінде жазылған қаулысы дер едік. Бұл құжатта біз үшін де, болашақ үшін де қасиеті жоғары бағаланатын және айрықша сипатты – онда атақ-данқы, асыл мұрасы асқақтай көтерілген заңғар Абайдың, дана Абайдың «Ибр. Кунанбаев» деп орысша жазған өз қолтаңбасының сақталғанында.

Ал, қазақ елі ортасында сол кездегі абыройы асқар, беделі биік Абайды біліп, оған хат жазып жүрген Шәймерден Қосшығұлов кім? Ол 1877 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысында дүниеге келген. Жасынан мұсылмандық құқық негіздерін үйренген, исламның қайырымдылық, имандылық және сауапшылдық қағидаларын халық арасында кеңінен насихаттауға атса­лысқан. Сол мақсатпен ол Қазан, сондай ақ, Ресейдің басқа қалаларынан өз қаражатына 100-ге тарта Құран кітабын сатып алып, оны халық арасына тегін таратқан. Сондай-ақ, Ш.Қосшығұлов елге баспа өнімдерін көбірек тарату мақсатымен өзге шет жақтан кітап, не газет шығаратын қорғасын әріптерін де әкеле береді. Міне, осы әрекетімен қоса Абайға жазған хатында үкіметке қарсылық әрекет бар деген негізде 5 жылға Үркіт аймағына сот үкімімен жер аударылады. Алайда, Шәй­мерден Қосшығұлов Романовтар әулетінің пат­шалық етуіне 300 жыл толуына байланысты алғашқы кешіріміне орай еліне оралады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ мерзімді баспасөз беттерінде Құнанбай­дың қажыға баруы жөнінде біршама мақала­лардың жарияланғаны аян. Міне, солардың бірінде (Р.Отарбаев. «Меккедегі төрт үй». «Парасат» журналы, 1992 жыл, №1). Құнанбаймен Мекке жаққа сапарлас болғандардың ішінде Қосшығұл Шопанұлы дегеннің де аты-жөні кездеседі. Бақсақ, бұл Шәймерденнің әкесі екен. Өйткені, ол сол кездегі Ақмола аймағын мекендейтін Атығай елінен Меккеге барып қайтқанға саяды.

Халық арасында Ш.Қосшығұловтың беделі биік болғанға ұқсайды. Міне, сондықтан да оны жерлестері халықтың ұлттық намысын қорғай білетін азамат ретінде танып, Ресейдің Бірінші Мемлекеттік Думасына мүше етіп те сай­лаған. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газеті 1906 жылғы 91 санында былай деп жазған екен:

«Омск. Членом Государственной Думы от Семипалатинской области избран Букейханов, от Акмолинской области – Косчигулов».

Қосшығұлов туралы тағы біраз дәйекті деректі 1906 жылы Мәскеуде М.Бойович дегеннің құрастыруымен шыққан «Мем­лекеттік Дума мүшелері. Суреттері мен өмір­баяндары» атты (орыс тілінде) кі­таптан да кездестіруге болады. Ол тарихи айғақ мынадай:

 «Қосшығұлов Шәймерден – қазақ. Көкшетау молдасы. Білімді Бұқардан алған. Қазақ арасындағы халық сотына түбегейлі қарсы. Шариғатты жақтаушы. Мүшелікке сайланғаннан кейін оның орыс тілін білмейтіндігі белгілі болып, онысы «Мемлекеттік Дума сайлау ережесінің» 55-бабына сәйкес келмегендіктен, облыстық сайлау комиссиясы бұл сайлау қо­рытындысын жаратпай тастаған. Ол Ақмола облысы қазақтарының арасынан сайланған». Әрине, Шәймерден молда жөніндегі бұл мәлімет Петерборға жалпы сайлау қорытындысы тұсында жетсе керек. Сол себепті де тиісті дауыс алған мүшелер қатарында тізімге енген. Ал, бірақ, оның 1906 жылы сәуірде басталған 1-Дума жұмысына қатыспағаны рас. Сондықтан да оның суреті Бірінші Думаға қатысты кітаптарға да енбеген.

Шәймерден Қосшығұлов 1907 жылы Петерборда тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Серке» атты газетті шығаруды ұйымдастырушылардың бірі. Ол 1932 жылғы ашаршылық зардабына ұшырап, Омбы қаласына қоныс аударған, сол жақта аштан қайтыс болған.

Түбегейлі іздеушісі келіссе, респуб­ликамыздың мұрағатынан да, Мәскеу мен Петербургтің, Омбы мен Ташкенттің мұрағат қазыналарынан әлі де Абай туралы талай-талай дәйекті деректер табылуы мүмкін.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ,

бұрынғы архив қызметкері

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ғабит ЗҰЛХАРОВ қа

    «Түпнұсқа орыс тілінде жазылғандықтан оқырмандар түсініп қалар деп оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік»
    үнемі осындай іс көп кезігеді, аудармасын неге бермейсіздер? әлде дәл аударылмай шығама? әлде уақыттарыңыз тығыз ба? әлде еріншексіздерме?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.