ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»

Бүгінде елімізде коронавирус­пен қатар пневмония (өкпенің қабынуы) да қатер төндіріп тұр. Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда күніне 2,5 мың адамнан пневмония анықталып жатыр деп дабыл қаққан болатын. Статистикаға сүйенсек, пневмониядан былтыр алты айда 1780, биылғы алты айда 1772 адам қайтыс болған. Оның ішінде өткен маусым айында дәл осы дерттен 628 адам келмес сапарға аттанса, ауырғандар саны күн санап артып жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл пневмония ауруына шалдығу деңгейі 55 пайызға артқан. Соның салдарынан ауруханаларда орын жетпей, үй жағдайында ем алып жатқандар да көп. 

Пневмонияның бұл түрі әдеттегі тұмауға ұқсас келеді. Дәрігерлер мен науқастардың бастапқыда ажырата алмауының себебі осы. Жай ғана тұмау деген оймен дәрі-дәрмек ішіп жүріп, өкпенің қабынуын асқындырып алады екен. Дәл осындай жағдайды бастан өткерген алматылық Гүлжаһан ­Сабырхан қаңтар айында қатты тұмау болады. Алғашқыда тұмауға қарсы дәрі-дәрумендер қолданғанымен, дене қызуы 39-дан түспей, дәм-иіс сезуден қалады. Тәбет болмай, бірнеше күн бойы нәр сызбаған. Жағдайы жақсармаған соң жергілікті емханасына жүгінген.
«Учаскелік дәрігер суық пен тұмау бар деді. Температураны түсіру үшін антибиотик екпелер жазып берді. Мендегі әлсіздік, шаршау, дене қызуы, жөтел басыла қоймады. Екі апта бойы тек қана қара су ішемін, сосын оны қайтадан шығарып тастаймын. Көк су боп шығатын еді. Үшінші аптада ек­пелерім таусылған соң, жағдайым жақ­сармады. Бас көтере алмаған күйі дәрігеріме қайта бардым. Бастапқыда тұмау дегеніміз бекер екен. Бір ай азапты күндерден кейін маған «пневмония, өкпенің екі жақты қабынуы» деген диаг­ноз қойылды. Дәрігерімнің өзі шошып кетіп, енді тамшылатып егу емін жазып берді» дейді Гүлжаһан Сабырхан.
Нақты диагнозы қойылған соң емделуші отбасы, балалары үшін қатты қорыққанын айтты. Пневмонияның белгілері, сақтану жолдары, жақын­дарын қорғау амалдарын ізденіп, медициналық кітаптар мен ғаламторды «шарлап» шыққан.
«Ең қорқыныштысы, пневмония­ның ауа арқылы жұғатыны. Учаскелік дәрігерім менің жағдайымды біле салысымен медициналық маскасын тағып алды. Отбасымды да қорғауым үшін оқшаулануымды тапсырды. Сыртта да, үйдің ішінде де масканы тастамай жүрдім. Бала-шағаммен отырып ас ішуден қалдым. Бірден ыдыс-аяғымды бөліп алып, бөлек ішіп, ыдысымды басқа ыдысқа қоспай өзім жуып жүрдім. Осылайша қаңтар, ақпан, наурыз айын өткізіп, үш ай бойы емделудің арқасында толық жазылып шықтым. Мен аурумен күресіп жүргенде елімізде коронавирус та, қазіргідей пневмония да жоқ еді. Қазіргі жағдайда пневмониямен екі күн ғана ауырып, мәңгілік сапарға аттанып кетіп жатқандарды естіген сайын, жүрегім ауырады. Соған қарағанда бұл жолғы түрі бөлек сияқты» деді ол.
Пневмония бұрыннан бар ауру екені белгілі. Бұған дейін медицинца бұл дертті созылмалы аурулары бар науқастарда, балалар мен жасы үлкен кісілерде жиі кездесетінін көрсеткен. Өкпенің қабынуын әртүрлі вирустар қоздырады. Дәрігергерлер қазіргі пневмонияның өршуін пандемиямен байланыстырып отырғаны да сондықтан. Коронавирус та созылмалы ауруларды бір қозғап өтетіні расталған. Дененің мұздауы, әлсіздік, шаршау, дем жетпеу сияқты жағдайлар бұл дертті асқындыра түседі. Дегенмен ескере кететін бір жайт – пневмонияға шалдыққан адамдардың коронавирусқа жүргізген тестілеуі вирус жоқ деп көрсетіп отыр. Бұл туралы Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова баспасөз жиынында мәлімдеді.
«ПТР-тестілеу кезінде пневмония­мен ауырған адамдардың нәтижесі соңғы уақытта коронавирус жоқ деп көрсетіп жүр. Бұл заңды, себебі, коронавирус инфекциясы адамның жоғарғы тыныс алу жолдарынан төменгі тыныс алу жолына өтіп кеткен кезде тест вирусты таба алмайды» деп түсіндірді Есмағамбетова.
Ал пульмонолог Венера Марасулова коронавирус пен пневмонияны бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайтынын алға тартып отыр.
«Пневмонияның өршуін коронавируспен түсіндіруге толықтай негіз бар. Екеуі де вирус. Екеуі де ауа арқылы жұғады. Екеуі де тыныс алу жолдары арқылы қиындық береді. Бұған дейін коронавируспен ауырған жағдайы ауыр науқастарды тыныс алу аппаратына жалғап жатқызды. Бір вирус екінші вирусты қозғап отыр. Биыл мау­сым айында пневмонияға екінің бірі шалдықты, атап айтқанда 32 724 науқас тіркелген. Ал былтыр дәл осы айда бұл көрсеткіш 7 964 еді. Екі цифрдың айырмашылғын қараңыз. Қазақстан медицинасының пневмонияға қарсы күрестегі қауқарын сұрайсыз. Қазіргі вирус өте күшті болып тұр, пневмониядан көз жұмғандардың жағдайын ескерсек, олар бар-жоғы 1,5-2 күнде жан тапсырған. Бұл пневмонияны Covid-19 вирусымен байланыстыруымыздың себебі осында» деді ол.
Пульмонологтың бұл сөзін алматы­лық мейірбике Бақытгүл Құрман да растап отыр. Өзі медицина саласының қызметкері бола тұра, жақындары үшін ештеңе істей алмай, қауқарсыз қалған.
«Жолдасымның қызуы көтеріліп, қатты ауырды. Бірінші күні үйде қолымнан келгенін істедім. Алғашқыда коронавирус жұқтырды ма деп қауіптенгенмін. Екінші күні жағдайы тым ауырлап бара жатқан соң, жедел жәрдем шақырдым. Олар бірден тексеріп, ауруханаға алып кетті. Сол күні пневмония диагнозы қойылып, реанимацияға жатқызған. Алты сағаттан соң қосағымнан айырылып қалдым. Небәрі екі күннің ішінде қара жамылып, жесір қаламын деп ойлаппын ба… Балаларымның әкесін жер қойнына тапсырып, ертең жетісі деген күні кіші ұлым бас көтере алмай ауырды. Өзіміз Талғар қаласында тұрамыз. Алматыда, қалада емделгенін қалап, үлкен ұлым екеуіміз өз көлігімізбен қалаға туыстарымыздың үйіне жеткіздік. Содан кейін барып жедел-жәрдем шақырып, баламды ауруханаға алып кетті» деді Бақытгүл Құрман.
Біз осы орайда медицина қызмет­керлеріне пневмонияға шалдыққан адам қалай күресу керек, қандай ем қабылдау керек деген сауал жолдадық. Алайда дәрігерлер науқастың өз бетінше емделуіне болмайтынын ескертіп отыр. Пневмонияның белгілерін сезінген бойда жергілікті дәрігердің көмегіне жүгінуін немесе жедел жәрдем шақы­руын сұрайды.
«Жалпы пневмония бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, жедел, созылмалы пневмония, ал қабынудың жайылып тарауына қарай бөлікті және ошақты пневмония болып бөлінеді. Бұл енді сырқаттың ұзақтығына қарай. Қазіргі елімізде болып жатқаны жедел пневмония деп айта аламын. Бұл бірден басталады. Белгілері: дене қызуы 39-40oС-қа, кейде одан да жоғары көтеріледі, науқас қалтырап, алғашқыда құрғақ, кейіннен қақырықты жөтел пайда болады. Науқастың бүйірі шаншып, біртіндеп тынысы тарылып, ауа жетпейді, буындары сырқырайды. Кеуде тұсы да ауыруы мүмкін. Егер осындай белгілер байқаса, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Өз білгенінше, жұрттың айтуымен, әлеуметтік желі мен WhatsApp топтарда тараған ем-дом арқылы емделуге болмайтынын өте қатты ескертіп айтқым келеді» дейді пульмонолог В.Марасулова.
Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Қазіргі жағдайда өз денсаулығымыз үшін, жақындарымыз үшін карантиннің барлық сақтық талаптарын сақтаған жөн. Еліміз індеттен аман шығып, жаймашуақ күндердің оралуы үшін бәріміздің атсалысқанымыз абзал.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.