Ахмет Мурадов: ҚАЗАҚТАРҒА ҚАРЫЗДАРМЫЗ…

Ахмет Мурадов,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі:

– Ахмет Сейдарахманұлы, діннің қоғамдағы алатын рөлі қандай? Еліміздегі дін бостандығы көңіліңізден шыға ма?

– Дін – өте күрделі мәселе. Бір жолы «Соғыста ешкім де атеист болып қалмайды» дегенді оқығаным бар. Бұл – шындық. Өліммен бетпе-бет келіп жатқанда әр адам Құдайына сыйынады. Тағдыры қыл үстінде тұрғанда, оған ешкім көмектесе алмайтынын сезінген сәтте адамдар Құдайға жалбарынады. Шыбын жанын құтқарып қалуды сұрайды. Жер бетінде мұсылмандар да, өзге дін өкілдері де өмір сүріп жатыр. Аллаға шын сенетін әрбір мұсылман үшін дін және сенім – бізді дұрыс жолға салушы. Айталық, Аустралияда, Америкада дала мен ормандар алапат өртке оранғанда, билік ресми түрде конфессия өкілдеріне өтініш жасап: «Біз үшін Құдайға сыйынып, Алланың жаңбыр жаудыруын тілеңіздерші» деді. Коронавирус инфекциясына байланысты карантин жарияланған кезде біздегі мұсылман және христиан дінінің басшылары «Халықты осы бір дерттен сақтай гөр» деп Құдайдан тілеу тілеп, дұға жасайтындарын мәлімдегені есіңізде шығар. Әлемнің өзге елдерінде де осындай іс-шаралар өтті. Ал дертке шалдығып, өмір мен өлімнің ортасында жатқандар Құдайға күнде сыйынып жатқанына шүбә жоқ.

Құранда 25 пайғамбардың есімі аталады. Әрине, өзіміздің Мұхаммед с.ғ.с. пайғам­барымыз бар. Алла жер жүзін, әлемді тіршілік үшін жаратты. Мұсылмандар үшін мұсылман болып дүниеге келгенінің өзі – Алланың сыйы. Өмір сүруге қолайлы елде ғұмыр кешіп жатырмыз.

Елімізде діннің рөлі туралы ой қозғағанда, тарихи қалыптасуына назар аударуымыз керек. Хижра күнтізбесі бойынша қазір – 1441 жыл, христиан күнтізбесі 2020 жылды көрсетіп тұр. Ал иудейлер 5500-5600 жылдар деп белгілеп жүр. Осы мыңдаған жылдар бойы діндер қалыптасты, құрлықтарға, ел-елге тарады. Адам баласының ой өрісіне, дүние­та­нымына үлкен ықпал етті. Біздің іс-әре­кеттерімізге, көзқарасымызға мықтап кірікті.

Қазақтың кең даласында, әсіресе, еліміздің оңтүстігінде ислам дінінің ұстанымдарын сақтай отырып салынған ескерткіштер өте көп. Ислам дінінің ағартушылары, насихаттаушылары дүниеден өткен соң оларға мазарлар салынып, көрсетілген құрметті де анық көреміз. Басқаларын айтпағанның өзінде, Қожа Ахмет Ясауидің сіңірген еңбегін айрықша айтар едім. Оның біздің жерімізде өмір сүргенін алға тартып, осындай киелі жерде тұрып жатырмыз деп есімін мақтан тұтуымызға болады. Ол – ұлы шейх! Қаншама әулиелер бар! Қасиетті жеріміз де көп. Өзім жас кезімде еңбек еткен Маңғыстау өңірінде 362 әулие бар деп айтылады. Мен барлығын білмеймін. Дегенмен Бекет атаның есімі баршаға мәлім.

Сондықтан ата-бабамыз ислам дінінің ағартушылары болғанын мақтан етіп айтуы­мызға толық негіз бар. Соның ішінде әл-Фарабиді жеке дара айтар едім. Биыл 1150 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Ол – ислам әлемінің мақтанышы!

– Кеңес одағы кезінде тыйым салынған­дықтан, сол кезде тәрбие алған ұрпақ діннен шеттеу қалды. Халықтың діни сауаттылығын ашуда қандай істер атқарған жөн деп ойлайсыз?

– Егер адамның діни ұстанымы әлсіресе, оған тек өзі ғана кінәлі! Өйткені дін, сенім дегеніміз әркімнің жеке көзқарасы, ділі, тұла бойының діңгегі. Егер адамның діні берік болса, оны тура жолдан ешкім бұрып әкете алмайды. Бұған мысалдар өте көп. Ислам дінінде барлық мұсылмандардың бір-біріне бауыр болып саналатыны айқын көрсетілген. Біздің арамызда тіліне, нәсіліне, ұлтына, бет әлпетіне қатысты айырмашылық жоқ, артықшылық та берілмеген. Алланың алдында бәріміз теңбіз. Міне, сондықтан да біз бауырмыз. Мұсылмансың ба, барлық іс-әрекетің соған лайықты болуы тиіс. Біз ұлты кім болса да, діни ұстанымына қарамастан, өзімізбен бірге адал өмір сүріп жатқандар үшін де жауаптымыз. Олардың да діни сенімдері бар шығар. Біз өз дініміздің ізгі нормаларын басшылыққа алып, Алланың ғұмыр кешу үшін берген жерінде бейбіт өмір сүрудің басты қағидаттарын қалыптастыруымыз керек.

Аллаға шүкір, соңғы кезеңде елімізде дінге еркіндік берілгендіктен және әр азаматтың ар-намысы мен діни көзқара­сына конституциялық құқығы сақталған­дықтан, мұсылмандар исламның шынайы ұстанымдарына негізделген осы діннің қағидаларын тереңірек танып-білуге мүмкіндік алды.

Дегенмен бұл өмір күрестерден, қай­шы­лықтардан тұрады. Кейбір діни ағартушылар бізге қандай ұстанымдарды әкеліп жатқанын анықтауға көп уақыт кетті. Өкінішке қарай біздің елдің азаматтары да радикалды ағымдардың және сыңаржақ элеметтердің, тіпті жалған теориялардың ықпалына ұшырады. «Уағыздаушылар» деп жүргендеріміз сенімге кіріп алып, біздің елге шетелдерден көптеген діни «қатерлі дертті» алып келді. «Бізде дінге бостандық берілген, 47 конфессия өкілі бар» деп қуандық. «Бұлар қандай конфессия, нені насихаттап жүр?» деп, жіті назар аударып көрсек, сол діни ағымдардың көбі өздері шыққан елдерде тыйым салынған екен. Ендеше, радикалды ағымдар үшін біздің елдің де қақпасы жабық.

Халықтың діни сауатын ашу жолында көп істер атқарылуда. Діни білім беру жүйесі қалыптасып келеді. Мешіт жанынан үлкен орталықтар ашылды. Баспасөз және ақпарат жүйелері арқылы да дұрыс насихат жүргізілуде. Ораза және Құрбан айт мейрамдары өз деңгейінде өткізілуде. Мешіттерге намаз оқуға келген адамдардың саны өте көп екенін көріп жүрміз. Мешіттер жастарды ислам қағидаттарына тәрбиелеу орталығына айналды. Бұл ретте, діни ұйымдардың жұмыстары ашық жүргізілуде. Олар біздің қоғамның белсенді институттары екені даусыз. Өйткені бірде-бір негізгі дін халықты жанжалдасуға, елдің берекесін кетіруге, соғысқа, бүлік шығаруға, адам өлтіруге шақырмайды. Бәрі де бейбіт өмір сүріп, ынтымақта болуға, бірлікке, адамдың ар-намысын құрметтеуге, ең бастысы, өз Отаның мен халқың және Жаратқан иенің алдында жауапкершілікте болуға үндейді. Өйткені қай адам да өмірде жасаған қателіктері мен күнәлары үшін о дүниеде жауап беретіні сөзсіз!

Адал әрі заңды неке – отбасының ­басты құндылығы. Сәбидің дүниеге келгені ғаламат оқиға! Ол бірінші «Аллаху акбар» деген азанның даусын естиді. Исламда «Барлық бала мұсылман болып дүниеге келеді. Содан кейін ата-аналары өз конфессияларына алып кетеді» деген ұстаным бар. Өйткені барлық бала шетінеп кеткен жағдайда, жұмаққа барады.

Адамның ең басты дұшпаны – дінге сенбеушілігі! Оны дұрыс жолдан бұрып әкету де оңай. Егер дінге сенбейтін болса, не істейміз, «Ей, Алла, ондай адамдардың қаншалықты адасып жүргендерін түсіну үшін оларға ақыл-сана бере гөр» деп оларға аянышты көзқараспен қараймыз.

– Неліктен Жаратқан иемізге сенген, намаз оқып жүрген адамдардың сенімі, имандылық ұстанымдары берік болады?

– Жалпы, дін – адам рухын қалып­тастыратын діңгек! Діни тереңдігі мол болса, ол адамның рухы да берік болады. Ешқандай саяси идеалогия діннің орнын баса алмайды! Мәселен, біз либералды, коммунистік, социал-демократиялық, басқа да идеологияларды жақсы білеміз. Ешбір идеология уақыт тезіне төтеп бере алған жоқ! Тек діни сенім мен рух идеологиясы ғана өміршеңдігін дәлелдеп келеді және солардың болашағы бар. Ал қалғандары келіп-кетіп жататын заман ағымы.

Өзім әрбір намазда «Қазақ елін пәле-жаладан, сынақтардан, түрлі аурулардан сақта. Алланың жерімізге, халқымызға қайырымы мол болғай. Адамдарға денсаулық, береке, бірлік бергей» деп дұға жасаймын.

Құдайға сенетін адамның мойнында жауапкершілік жүгі мол. Ол дәрет алып, бес уақыт намаз оқып, Рамазан айында ораза ұстап, мұқтаж жандарға зекет беруге тиіс және мүмкіндігіне орай қажылыққа барады. Ең бастысы, ешкімге қиянат жасамай, адал өмір сүруі міндетті. Бұл – жалпы адамзаттық өмір сүру қағидасының әмбебап формуласы!

Мұсылманның басты парызының бірі – туған Отанын сүю. Отанын сүю оның абырой, иманы. Егер сырттан біреу қауіп төндірген жағдайда, Отанын қорғау – әр мұсылманның қасиетті борышы.

Бір адам өзінің мемлекеті, халқы, ұлты туралы мақтанышпен айтса, оған қуануымыз керек.

Сенің діни сеніміңе түсіністікпен қарайтын адам – өмірдегі өзіңе жақын досың, серіктесің. Дін негізіндегі формула – осы.

– Өмірде және еңбек жолында азаматтық ардың биіктігін, жан тазалығын сақтаудың маңыздылығы қанша?

– Адамның өмір жолы және мансаптық қызметтік жолы болады. Өмір жолың Алланың бұйыртқаны шығар. Ал мансаптық жол даңғыл бола бермейді. Біз үлкен лауазымдарды атқарған адамдарды білеміз. Ал олардың биографиясына үңілсек, жеке өмірі болмағанын байқаймыз. «Өмірде қызметтік мансабы үшін өзінің қадірлі адамынан не қымбат дүниесінен айырылды» деген сөзді естіп қаламыз. Қызмет деп жүріп отбасына қарауға мұршасы болмайтындар қаншама?! Әр адамға Геракл не Соломон болудың қажеті жоқ. Кез келген Эйнштейн бола алмайды. Әр адамның өз тағдыры бар. Адам саналы ғұмырында жаны қалаған іспен айналысып, өз ортасына пайдалы қызмет жасаса, еңбектің бақыты сол.

43 жыл бұрын, жұмысқа жаңа кіріскен кезімде Ақтауда бір оқиға болды. Жас жігітті институт бітіріп келген бойда лауазымға тағайындады. Ол заманда дипломың болса да, жұмысты ең төменгі сатыдан бастауың керек. Кейін қызметте өзіңді дәлелдеп, сатылап өсесің әрі мол тәжірибе жинақтайсың. Біздің кезімізде барлық азамат осындай еңбек жолынан өтті және құрыштай болып шыңдалды! Ал әлгі жігітке байланысты ұжым ішінде «Неге оны бірден қызметке тағайындады? Оның ешқандай тәжірибесі жоқ» деген сұрақтар туындады. Сонда біздің басшымыз Иван Иванович: «Егер қисық тал шыбықты құнарлы жерге егіп, оны үнемі суарып, күтіп-баптап, діңі түзу өсуін және ешкімнің сындырып кетпеуін қадағалап отырса, ол да түзеліп кетеді және көрікті терек болып өсіп шығады. Ал керісінше түп-түзу әдемі тал шыбықты ешкім күтіп-баптамаса, су құймаса, қурап қалады. Сондықтан оған түсіністікпен қарап, келешегіне үміт артайық» деді.

Әрине әр адамның мансаптық қызметте өскені дұрыс. Кәсіби біліктілігіне орай еңбек жолында табысқа жеткені жөн. Мемлекеттік қызметте, өндірісте қызметкердің пісіп-жетілуіне орай лауазымы өскенін қалар едік. Тамыр-таныстық бойынша емес, өзіне жүктелген міндеттерді тындырымды орындағанына, ұйымдастырушылық қабілеті мен адамгершілік қасиетіне орай лауазымы көтерілсе, ұжым алдындағы беделі де өсетіні сөзсіз!

Біздің елімізде де кейде адам таңғаларлық тағайындаулар болып жатқанын білеміз. Республикалық құрылым деңгейінде және өңірлерде жас жігіттер жұмыс істейді. Олар ­баяндама жасай қалса, өздері не айтып тұрғанын білмейді, өндірістен хабары жоқ. Бірақ шетел­де білім алған, сарапшылар. Оларға сәттілік тілейміз. Алайда, бастапқы біліктілік тәжірибесі болмаған адамның кемшілігі әр тұстан көрініп тұрады. Өйткені Өмір – үлкен мектеп!

Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жаңа тәсілдер жауапты қызметтерге лайықты, білікті азаматтар келетіндей жағдай жасайды деп сенемін.

Кім қалай айтса да, Кеңестер одағы кезінде егер адам төменнен бастап барлық қызмет сатыларынан өтпесе, кез келген біреудің вице-министр не әкім лауазымына тағайындалуы тіптен мүмкін емес болатын. Бұл сөзіме Нұрсұлтан Назарбаевтың биографиясы жарқын мысал. Кәсіби-техникалық училищені бітіріп, еңбек жолын Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмысшы болудан бастаған. Барлық қызмет сатыларынан өтіп, қабілетіне қарай өсіп-жетіліп, кейін мемлекетті басқарды. Адам еңбекте шыңдалып жүріп тәжірибе жинақтайды. Ал тәжірибемен бірге адам бойында ұтымды шешім қабылдай білетін қабілет пайда болады. Ондай тұлға жылдар өте келе кемеңгерлік қасиетке ие болады!

Адамның ар-намысы деген ұғымға келсек, біздің вайнахтарда «Ар – өміріңнен қымбат» деген қағида бар. Ар дегенің жеке адамның өзіне кір келтірмеуі ғана емес, оның қоғам, отбасы алдындағы жауапкершілігін айқындайтын дәреже. Сондықтан әрбір ата-ана баласына кішкентай күнінен ар-намысын сақтай білуге үйретуі керек. Ар-намысын таптатпаған баладан үлкен азамат шығады. Елді қорғайтын, жарыстарда ту көтеретін ұландарды жеңіске жетелейтін де сол бойындағы ар мен намысы! Әйгілі адамдар даңққа бөленеді.

 – Әрбір азамат өз бойындағы рухани байлықты арттырып отыруы қажет. Біздің елімізге де діні, ділі берік, ақыл-парасаты мол, елін-жерін сүйетін адамдар керек емес пе?

– Иә, бізде рухы биік, күш-жігері мықты, ақыл-парасатымен елді өзіне қаратқан азаматтар болмаса, қандай мақсатқа қол жеткізуді көздеп отырғанымызды білмес едік. Өзіміздің танымал тұлғаларымыз, батырларымыз, ғалымдарымыз кімге еліктеп өсудің кейіпкерін қалыптастырады. Бұл кеңістікті бос қалдырсақ, өзге қоғамның өкілдері иеленіп алуы мүмкін.

Осы жылы біз ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өткелі тұрмыз. Ұлы ойшыл­дың бізден шыққанын мақтан тұтамыз. Ол өмір сүру қағидаттарын және неге ұмтылу қажет екенін ашып көрсетті. Сондай-ақ қандай теріс әрекеттерден арылу керектігі жөнінде айтқан ойлары қай заманда да өзектілігін жоймайды. Ол шынымен де қатал сыншы болды. Ұлағатты сөзімен кейінгі ұрпаққа жарқын жол көрсетті. Ал әкесі Құнанбай қажының өзі билік жүргізген ортаға ықпалы мол болды.

Қазақтың көптеген арыстары өз елінің бостандығын алу, туған Отанының және халқының ар-намысын қорғау жолында жанын пида етті. Олардың есімдері мәңгі ұмытылмайды. Соларға ескерткіштер орнатылуда. Есімдері жаңа туған сәбилерге қойылуда. Ұлы адамның есімін алған әрбір бала оған ұқсағысы келеді, оның өмір жолын зерделеп, білім мен еңбек жолында табыстарға жетуге ұмтылады.

Қазақстан халқының рухани, мәдени дамуы – елдің өркендеуіне, әлемдік қоғамдастықтағы беделінің артуына да әсер ететін фактор. Елбасы ұсынған Рухани жаңғыру бағдарламасында осы бағытта атқарылуы тиіс іс-шаралар, міндеттер және қол жеткізілетін нәтижелер түгел қамтылды. Оны әрдайым басшылыққа алып отыруымыз қажет. Тарихтан тағылым, ұлттық тәрбиеден нәр алып өскен ұрпақ елді ұятқа қалдырмасы анық. Жалпы, әр адам өзін өмір бойы дамыта бергені дұрыс. Біздің басты мақсатымыз – елдің тәуелсіздігін, тұтастығын, бірлігін сақтау!

– Қазақстан әлемдік қоғамдастық мүшесі ретінде БҰҰ-ға мүше 183 елмен ынтымақтастық байланыс орнатқаны белгілі. Соның ішінде көрші мемлекеттермен Мәңгілік достық туралы шарт жасасты. Тәуелсіз еліміздің шетелдермен қарым-қатынасы туралы не айтар едіңіз?

– Екі мәрте Біріккен Ұлттар Ұйымында және бір рет Женевадағы Ұлттар Сарайын­да болғаным бар. Бұл – саяси пікірталас жүргізетін, жаһандық шешімдер қабылдайтын әлемдегі ең үлкен алаң. Қазақстан БҰҰ-ның мінберінен тәуелсіз мемлекет ретінде сөз сөйлеп, өзінің бастамаларын көтереді. Біздің елдің ядролық қарусыз әлем, дау-жанжалдарды тоқтатуға қатысты көптеген бастамалары қолдауға ие болғанын айта кетейін. «Шетелде Қазақстанды білетіндер өте аз» деген пікірмен келіспеймін. Мұның бәрі бос сөз. Ал енді кейбір адамдар әлем картасында тұрған Қазақстанды көрмесе, мектепте географияны, тарихты оқымаса, оған не айтамыз?! Өзге ел түгілі, өз елін білмейтіндер де өте көп.

Қазақстанды әлем біледі. Шетелдермен байланысымыз да жыл сайын дамып келеді. Инвестиция тартуда біраз табысқа қол жеткіздік. Өз инвестициясымен келіп, елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар қаншама? Сол секілді ел азаматтары әлемнің көптеген елдерінде тұрады, олар әйгілі білім ордаларында оқып жатыр, бірқатары үлкен бәсекелестік ортада абыройлы еңбек етіп жүр. Отыз жыл ішінде әлемге тәуелсіз еліміздің мақсат-мұраты туралы өз үнімізді лайықты түрде жеткіздік. Қай жерде де еліміздің беделі биік, мәртебесі жоғары.

Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды жер жүзіне танытуда орасан зор қызмет атқарды. ЕҚЫҰ Саммиті, түрлі конференциялар өтті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері болды. Өткен кезең ішінде жаңа елордамызға келген шетелдің танымал адамдарында есеп жоқ. Бәрі де қандай деңгейге көтерілгенімізге көз жеткізіп, оң пікір білдіріп, ізгі тілектерін айтып кетті.

Біз ашық саяси көзқарасты ұстанамыз. Айталық, Сыртқы істер министрлігі мемлекетіміздің сыртқы саясатын жүргізеді. Шетелде болған кезімізде дипломаттарымызбен кездесеміз. Сонда Елшілеріміздің беделді, қайраткер екендігіне көз жеткізіп жүрміз. Білімі мен біліктілігі жоғары азаматтар. Олар Қазақстанға оралып, шетелде жұмыс істеген тәжірибелерін қолдана отырып, ел ішінде қызмет жасаса, көп пайдасы тиер еді деп те ойлаймын. Елшілікте қызмет істеп жүрген жастар да жанып тұр. Үлкен дайындықтан өткендері байқалады, тәртіпті, өздерін ұстай білетін жігерлі жандар. Мен шетелдегі дипломатиялық корпусқа үлкен құрметпен қараймын. Елшілердің бірқатарын жақсы танимын. Бәрінің де аса жауапты қызметте табысқа жете беруін тілеймін. Біздің сыртқы саясатымыз ашық, түсінікті, лайықты, бәсекеге қабілетті. Ең бастысы, мемлекет мүддесін қорғай біледі. Әрі қарайда елдің сыртқы саясаты дами беретініне сенімдімін.

Бүгінгі таңда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын айқындап беріп отыр. Өзі де тәжірибелі дипломат.

– Парламентаралық байланыстар қалай дамып келеді?

– Бұл бағытта да жұмыстар жүргізілуде. Әлемнің көптеген Парламенттерімен қарым-қатынас орнатылған. Мәжіліс пен Сенатта ынтымақтастық топтары бар. Түркітілдес елдердің және ТМД Парламентаралық Ассамблеяларымен тығыз байланыстамыз. Мұның бәрі үлкен тәжірибе. Ой-пікір алмасып тұрамыз. Заң шығару тәжірибесімен бөлісеміз. Ұлттық заңнаманы әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені де ескереміз. Тиісті заңнамалық база болмаса, жаһандық экономикалық процеске кіріге алмас едік.

Шетелдің кез келген Парламентінде біздің жақтастарымыз отырса, одан ұтарымыз көп. Біздің депутаттар да кез келген алаңда көкейкесті мәселе көтере біледі. Мысалы, өткен жылы қыркүйекте Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің IV кеңесі болып өтті. Оған 63 мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Жаһандық саяси-экономикалық беделі зор көршілес елдің бірі – Ресей. Қазақстанның Ресеймен арадағы байланысы жөнінде қандай ой-пікіріңіз бар?

– Екі ел арасындағы қарым-қатынасты егемен мемлекеттер дәрежесіндегі ынты­мақтастық байланыс және халықаралық құқық негізінде алып қарауымыз керек. Екі ел арасындағы ең ұзақ шекара – ол біздің еліміз бен Ресей арасында. Жалпы ұзындығы 7500 км астам. Бір аспан астында тұрамыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда, бірінші болып құттықтап, тәуелсіз ел деп мойындаған Түркия елі екені белгілі. Ал ертеңіне, 17 желтоқсанда Ресей ресми түрде біздің тәуелсіздігімізді мойындады. Бұл – демократиялық Ресейдің Қазақстан мемлекетін халықаралық аренадағы өзіне тең әріптес ретінде қабылдаған алғашқы қадамы.

Қазақ пен орыс халқының қарым-қатынасы ежелден жақсы. Ұлттық немесе діни негізде ешқашан қайшылықтар болған емес. Керісінше, өзара түсіністікте болып, араласып, бірінің жоғын екіншісі толықтырып отырған.

Әр кезеңде қуғын-сүргін мен түрлі ­саяси науқандарға байланысты көптеген ұлт өкілдері Қазақстанға қоныс аударғаны белгілі. Депортация кезінде жер аударылған Қап тауының халықтары қаншама? Кеңестік жүйе Қазақстанды үлкен лагерьге айналдырды. Қарағандыда «ГУЛАГ» мұражайы бар. Қасіретті жылдардың шынайы көрінісін көз алдына елестеткісі келгендер сол мұражайды барып көрсін. Кеңестік жүйе қаншама тағдырды тас-талқан етті?! Ең өкініштісі, халықтың бетіне шыққан қаймақтарының көзін жойды. Елім, жерім, ұлтым деген арыс­тар ату жазасына кесілді. КСРО-ның әр жерінен алып келген небір ақылды, данышпан адамдар лагерлерде азапты жылдарын өткізді. Кейін арыстардың бәрі де ақталды.

Адам шығыны туралы айтсақ, Азамат соғысы, Совет өкіметін орнату жылдары, коллективтендіру, байларды тәркілеу, дін өкілдеріне қарсы күрес жүргізу, индус­трия­ландыру, ашаршылық кезеңі, саяси қуғын-сүргін – осының бәрі халықты қырған зұлмат еді. Жазалау бұйрықтар, қаулылар және құпия құжаттар негізінде жүзеге асы­рылғаны шындық. Олар жер-жерде тапсырма беру арқылы орындалды. НКВД-да жұмыс істеп, өз халқына қарсы бұйрықтарды орындағандардың ішінде де барлық ұлттың өкілдері кездеседі.

Ешқандай қылмыс жасамаған жазықсыз адамдарды соттап жіберу, тіпті ату жазасына кесу – кешірілмес күнә. Дегенмен бәрі де халықтың жадында сақталады.

Ресей мен Қазақстан ТМД, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразиялық Эко­номикалық одақ сынды бірқатар ха­лықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде де өзара тығыз байланысын дамытуда. Бізге ­Ре­сеймен бірге достық жағдайында бейбіт өмір сүру керек. Екі ел үшін де бірлесе дамудың мүмкіндіктері өте мол. Қашанда барлық мәселені дипло­матиялық жолмен шешуіміз қажет. Ол үшін екі тарап та бір-бірін әлемдік кеңістіктегі саяси бірлік ретінде қарастыруы тиіс. Біз үшін Ресей – мәңгілік көрші, мәңгілік серіктес ел.

– Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін сізді Ресей Федерациясы өзінің «Достық» орденімен марапаттаған екен.

– Иә, 2013 жылы мені «Дружба» орденімен марапаттады. Қазақстанның әр азаматы көрші елдермен арадағы достық қарым-қатынасты берік қылуға өз үлесін қосуы қажет. Оның ішінде Қазақстанды өзінің шыққан тарихи ­Отанымен, яғни, түріктер Түркиямен, немістер Германиямен, корейлер Кореямен, орыстар Ресеймен байланысты жандандыра түсуге атсалысса, ол да бір игі іс болмақ. Мен де Қазақстан мен Ресей арасын жақындатуға аз да болса еңбек сіңірдім деп ойлаймын. Бұл – менің азаматтық парызым!

– Сіз – Қазақстан мен Шешенстанға ортақ перзентсіз. Өзіңіз қазақ жерінде дүниеге келсеңіз де, тарихи Отаныңызда өстіңіз. Кейін Қазақстанға оралып, өз мамандығыңыз бойынша мұнай саласында қызмет атқардыңыз.

– Біз – 1944-57 жылдар аралығында Қазақстанда дүниеге келген ұрпақпыз. Бұл шешен мен ингуштерді қазақ жеріне депортациялаған жылдар. Біз үшін туған жер де, Отан да – Қазақстан! Қайда жүрсек те, өзара кездесе қалғанымызда, «Қазақстанның қай жерінде дүниеге келдіңіз?» деп сұраймыз. Өйткені біз отандаспыз. Одан кейін кез келген вайнах бір-біріне «Ата-бабаларың, атажұртың қай жақтан?» деген сұрақты қояды. Қап тауының, оның ішінде вайнахтардың тарихы да тереңге кетеді. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Сол ғасырлардан жалғасып келе жатқан тарих бір күнде үзілді! 1944 жылы 23 ақпанда. Шешендер тарихы соғыстарға, депортация мен көтерілістерге тап болып, бірнеше кезеңдерге бөлініп, тағдырдың қатал сынынан өтті.

Қап тауында бабалардың өсіп-өнген жері бар. Зираттары жатыр. Құлпытастағы жазулар да сақталған. Атажұртымыздың әрбір тасына тіл бітсе, бәрін айтып берер еді. Халықта «Егер тастар сөйлесе…» деген ұғым бар.

Осында дүниеге келіп, білім алып, еңбек етіп, қолдауға ие болған және достар тапқан шешендер мен ингуштер үшін Қазақстан – туған Отан. Олар өздерін Қазақстан азаматымын дейді. Біз жыл сайын күшпен көшірілген күнге орай іс-шара өткіземіз. Сонда Жаратқан иемізден «Игі істерімізді Алла қабыл еткей. Қазақстанның жерін, халқын, елін түрлі апаттардан, сынақтардан, күйзелістерден, ауру-сырқаулардан, дұшпанның қастандығынан сақтай гөр. Әрдайым халықтың түсіністікте, бірлікте, келісім мен ынтымақта өмір сүруін нәсіп еткей» деп тілейміз. Аллаға шүкір, бейбіт аспан астында ғұмыр кешіп жатырмыз.

Сәл ертеректе бір телехабарда жүргізуші сұрақ қою барысында «бірінші Отаныңыз ана жақта, екінші Отаныңыз осы жер» деді. Мен «Отанды бірінші, екінші деп тізімдеп қоюға болмайды. Біздің Отанымыз біреу ғана! Яғни, өз өміріңді байланыстырып отырған және осы елдің ұлымын деп сезінетін мемлекетті Отан дейміз. Сондықтан Отанды да өз анаң сияқты жалғыз екенін мойындауың керек» деп айтқан едім. Ендеше, осында өмір сүріп жатқан вайнахтар ешқандай жалтақтамастан «Біздің Отанымыз – Қазақстан!» дейді. Ал атамекеніміз – Қап тауында! Мұны осылай болсын деп біз шешім қабылдаған жоқпыз! Тарихи тағдырымыз солай қалыптасты.

Мен Қазақстан азаматы ретінде өзіме жүктелген үлкен жауапкершілік жүгі бар екенін түсінемін. Қазақстанның шешені екенімді мақтан тұтамын. Дінім – мұсылман, Отаным – Қазақстан және ұлтым – шешен. Осы үш ұстаным менің тұла бойымда үйлесім тапқан. Өзім білетін вайнахтар да осындай ұстаныммен өмір сүруде. Өзге ұлт, басқа діндегілер де бұл ойыммен сөзсіз келіседі. 1957 жылы атамекенімізге кері оралуымызға рұқсат берілген соң, ата-анам мені де өз құрдастарым сияқты Кавказға алып кетті. Сол жерде мектепке барып, Грозный мұнай институтын бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алдым. Бірнеше жыл сол білім ордасында қызмет істедім. 1977 жылы Қазақстанға келіп, қазіргі Жаңаөзен қаласында мұнай саласында еңбек еттім. Содан бері 43 жылдан асты. Кавказда оқығаныммен, бүкіл өмірім Қазақстанда өтіп келеді.

Маған тәлім берген аға ұрпақ өкілдеріне зор ризашылығымды білдіремін. Олар соғыс ардагерлері, Еңбек Ерлері, біліктілігі мол инженерлер мен өндіріс озаттары еді. Бұл күнде солардың біразы өмірден озып кетті. Ал көзі тірілерімен кейбір іс-шараларда кездесе қалғанда «Сол кезде айтқандарымызды жүзеге асыра алдық па?» деп бір-бірімізден сұрап жатамыз. Өйткені олардың әрқайсысы «Елдің, халықтың ертеңгі тағдыры не болады?» деп ойлады. Қазақстанның қол жеткізген табыстарына қуанды. Қиындықтарына алаңдаушылық білдірді.

Өз ұлтыңды жақсы қырынан таныта білу де үлкен жауапкершілік. Біраз адамдар біз арқылы вайнахтарды тани білді. Олар бір халықты біліп, адами қасиеттерін ұғынып, тарихтың жаңа парағын ашқандай болды. Менен «Сіз шешенсіз бе?» деп таңданыспен сұрағандар да болды. «Мен – шешенмін» деп жауап бердім. Олардың санасында шешендер туралы басқаша қалыптасқан ой болған сияқты. Әр адам үшін өзге халықтың жақсы қасиеттерін танып-білудің мәні зор.

Соңғы отыз жыл бойы Қазақстанның біртұтас халқын қалыптастыру бағытында жұмыстар жасалып келеді. Бүгінде қазақ халқының мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілді. Тек қазақтардың ғана емес, мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза білетін, шығармашылықпен айналысатын өзге ұлт өкілдерінің де мәртебесі артып отыр. Олар өз өмірлерін тек елмен ғана емес, осы ұлттың тілімен, дәстүрімен тікелей байланыстыра білді және сол арқылы жетістіктерге жетудің жолдарын тапты. Сонымен қатар өздерінің ұлттық ерекшеліктерін де сақтап қалды. Бұл – тамаша үйлесім.

Қазақстанда әрбір азаматтың қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Ешкімнің де ұлтына, нәсіліне, шыққан тегіне қатысты кемсітушілікке жол берілмейді.

– Қазақ елі мен Шешенстан арасындағы достық қарым-қатынасқа тоқтала кетсеңіз?

– Екі арадағы байланысты ағайын-туыстың, бауырлардың жақындығы секілді дер едім. Шешендер депортация кезінде жарты нанды бөліп жеп, қиындықтан, аштықтан аман алып қалған қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпайды. Достық байланысты нығайту Қазақстандағы шешендер үшін азаматтық міндет! Өткен жылы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының концертінде Марина Айдаева «Мой Казахстан» деген әнді айтты. Шешендер шығарған бұл ән үнемі айтылып келеді. Әннің: «Қазақстан сен біздің жанымызды мейіріміңмен жылыттың. Соғыстың қатал жылдарын ұмытуға бола ма? Қазақтар бір түйір нанымен бөлісті» деген керемет жолдары бар. Бұл – қасіретті жылдарды көз алдыңа алып келетін, жан-жүрегіңді тебірентетін ән. Залға жиналған көрермендердің үнсіз отырып жылғанын ел көрді. Бұл да қос халықтың бір-біріне деген құрметінің бір көрінісі. Бұл – алғыс, естелік, махаббат, үміт, болашаққа деген сенім.

Ақсақалдарымыз Қазақстанда тұрып жатқан вайнахтар елдің салт-дәстүріне, тіліне құрметпен қарау қажеттігін жиі айтып отырады. Қысқасы, Қазақстандағы әрбір ұлт пен ұлыс Қазақтарға қарыздар!

– Келелі ойларыңызды ортаға салғаныңызға көп рақмет!

 Әңгімелескен

Айбатыр СЕЙТАҚ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.