ҰШПА ДОПТЫҢ ҰШҚЫРЫ

азақстандағы волейболдың қалып­тасуы неден басталғаны туралы сөз еткенде  осы бір теңдесіз текті спорт өнерін елімізде  негізін қалаған, аты әйгілі волейбол шебері, сонау  1970-1971 жылдары Алматынының «Буревестник» командасының құрамында  екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, 1969 жылы КСРО біріншілігінің жеңімпазы болған  Октябрь Жарлығаповты міндетті түрде еске аламыз. Еске ала отырып, дарынды жанның салып кеткен сара жолы мен тактикалық ойын моделін бүгінгі күні кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүрген жастарымызға сабақ ретінде үйретіп жатса артық болмас  па еді деген ойдың қамауында қаламыз. Қазақ спорт тарихында әрбір спортты жекелей алып қарасақ саңлақ ағаларымыздың салып кеткен сара жолын көреміз. Мысалы, жеңіл атлетикада – Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов, күресте – Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айқанов, Амангелді Гапсатаров, Аманжол Бұғыбаев, Асқантай Иманқұлов, бокста – Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов пен Серік Қонақбаевтар, көгалдағы хоккейде – Қазбек Байболов, футболда – Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев пен Сейілдә Байшақовтар, суға жү­зуде – Бақи Елғондиев және бас­кетболда – Әлжан Жармұхамедов, волейболда – Октябрь Жарлығапов, Заңғар Жәркешев пен Жәнібек Сауранбаевтардың есімдеріне де айырықша тоқталып, мақтанышпен айтамыз. 

Әрбір спортты жан тәнімен жақсы көріп, барыңды бере білсең, қайтарыма да игілікті болары сөзсіз. Аттары аталған ардагерлеріміз өздері өмірінің мәні деп таңдап алған спортқа бар ғұмырын арнап, жемісін көре білген айшықты тұлғалар. Сондықтан да жас буынға алдыңғы толқын ағаларының айбынды жолынан үлгі алса деп тілейміз.
Бүгінгі әңгімеміз, волейболдан Қазақ­стан спорт тарихында аты алтын әріппен жазылып қалған, 1970-1971 жылдары Алматының «Буревестник» команда­сы­ның құрамында екі дүркін Еуропа чемпионы атанып, 1969 жылы КСРО біріншілігінің алтын жүлдесін жеңіп алған, дарынды спортшы, білікті бапкер Октябрь Жарлығапов туралы болмақ.
Еліміздің атын әлемге танытқан дарын иесін айтпас бұрын жалпы волейбол спортының тарихын парақтай кетсек.
Бұл ойынды ағылшындар «қол добы» деп ойлап шығарғанда осыншалықты әлемге таралып кететін спорт түрі болатынын білмеген шығар.
Бүгінгі таңда волейболдан олимпиада, Еуропа, Азия чемпионаттары, халықаралық жарыстармен қатар әр елдегі ішкі біріншіліктер дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Бұл спорт түрін жас та, кәрі де ойнайтын болғандықтан жер шарына кең таралғаны анық.
Қазақстанда волейбол 20 ғасырдың 60-70 жылдарында асқан қарқынмен дамып, қол добы ойынының алтын кезеңі басталғанын тарихтан білеміз.
Сонау 1929 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Алматы мен Фрунзе (Қырғыз КСР) қалаларының командалары арасында волейболдан кездесу өтті.
Сол жылы Алматы малдәрігерлік иниституты құрылады. Айтулы білім шаңырағына дәл сол жылы аты әйгілі волейбол тарланы, қазақстандағы кәсіби волейболдың негізін қалаушы Октябрь Жарлығапов оқуға түседі.
Октябрь Жарлығаповты сөз еткенде Қазақстан волейболының қалыптасу кезеңі мен «Буревестник» командасының тарихи жеңісін еріксіз еске аламыз. Октябрь Қадырбайұлының талантты ойыншы ғана емес, бапкерлік білікті қырын көре білген қырағы көз ресейлік мамандар «Одақтың жастар құрамасының бас бапкері болыңыз» деп шақырғанда: «Көңілдеріңізге рақмет. Өз елімде, өз бауырларымның қасында боламын. Бар қабілетім мен күш-жігерімді қазақтың намысы үшін жұмсауым керек» деп жауап берген екен.
Міне, нағыз патриот спортшының туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін осы екі ауыз сөзінен білеміз. Алаш жұрты Октябрь Жарлығапов секілді біртуар спортшылардан кем болған емес қой. Ал, Октябрь Жарлығаповтың тәрбиелеген төл шәкірті, қазақтың тағы бір арда туған асыл ұлдарының бірі Жәнібек Сауранбаев 1965 жылы КСРО құрамасының сапында әлем кубогінің жеңімпазы атанса, 1966 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алады. Сонымен қатар, талантты жан 1967 жылы Еуропа біріншілігінің чемпионы болды. Жәнібек Сауранбаев әлемнің сайыпқыран саңлақ волейболшыларымен иық тірестіріп, Кеңес одағы құрамасының ең үздік ойыншыларының қатарынан орын алған қазақ жігіті. Дегенмен, сол кездегі Кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірі дарабоз спорт саңлағын айналып өтпеді. Жәнібек Сауранбаев Кеңес одағы құрамасының сапында суырылып алда тұрса да, қазақ болғаны үшін Олимпиада ойындарынан шеттетіліп отырады. Ал Октябрьдей тау тұлғалы жанның шәкірттері Заңғар Жәркешев пен Марат Мәденовтер «Буревестник» командасын КСРО халықтары спартакидасының қола жүлдесін, ал 1968 жылы Одақ чемпионатының күміс медалін алуына себепкер болғаны бүгінде баршаға аян. Осылайша, Октябрь негізін қалаған, қатарында қаракөз қазақ жастары бар команда 1969 жылы КСРО чемпионатында топ жарып, тұңғыш рет жеңістің алтын тұғырына көтеріледі. Команда құрамының басым бөлігін қазақтандырып қана қоймай, осындай ауыз толтырып айтарлықтай тарихи биікке жеткізе білген Октябрь Қадырбайұлының басты арманы да осы еді.
Еліміздің волейболдағы жарқын жетістігін сөз еткенде Октябрьдей тұлғалы жанның бапкерлік мек­тебінен шыққандардың бірі Вячеслав Шапранға да тоқтала кетуге болады. Кезінде аты аңызға айналған жұлдызды «Буревестник» командасының белді ойыншысы атанған Шапран, КСРО бойынша халықаралық спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, КСРО чемпионы, Еуропа кубогының екі дүркін жеңімпазы атанып, бірталай талантты тәрбиелеген білікті бапкер, кәнігі маман.
Октябрьдің тағы бір талантты шәкірті Нелли Щербакова АДК командасын КСРО чемпионы атағына жеткізсе, Махмұтов пен Щербакованың шәкірттері АДК ойыншылары Елена Чебукина мен Ольга Кривошеевалар 1988 жылы КСРО құрамында Сеул олимпиадасының чемпионы атанды.
Бірнеше жыл бойы КСРО-дағы жоғары құрама командада өнер көрсеткен, Әлем кубогының жеңімпазы атанған Октябрь Жарылғапов пен Жәнібек Сауранбаев сол бір жылдары еліміздегі ең үздік жаттықтырушы болып танылып, ел спортының тарихында алтын әріптермен аттары жазылып қалды.
Қазақстандағы волейбол тарихының беттерін аударып отырғанда 1965-66 жылдары Октябрь Жарылғапов пен Олег Антроповтың шәкірттері Әлем чемпионатында күміс медальдің иегері атанса, 1967 жылы Еуропа чемпионы атағына ие болғанын көреміз.
1970-1971 жылдары Алматының «Буре­вестнигі» екі рет қатарынан Еуропа чем­пионатының кубогін жеңіп алады. Біз Октябрь Жарлығаповтың жемісті жолы мен жұлдызды шәкірттерінің есімдерін айта отырып, сол жылдары қазақ волейболының КСРО аймағында теңдесіз шебер ойындарымен көшбасшы болғанына көз жеткіземіз.
Алла берген таланты, табанды еңбек­қорлығының арқасында Октябрь Қадыр­байұлы бар жоғы 17-18 жылдың айналасында қазақ волейболын адам айтса сенгісіз шырқау биікке шығарған. Ұшпа доптың ұшқыры, Октябрьдей қазақтың бағына туған жанның қазақ волейболының дамуына қосқан үлесі шексіз болды.
«Топырағына түспеген дән өнбейді» дейді бабамыз. Ал, Октябрь Қадырбайұлы болса, волейбол спортында қазақтың келешегі үшін сепкен дәнін топырағына жеткізе білген дара тұлға десек болғандай.
Дана Абай: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деген болса, Октябрь атамыздың ойын алаңындағы көрсеткен талантты өнерін, ұлы Абай теңеген теңеулерге түгелдей сай келетінін айтса артық болмас. Тума таланттың бойында тұнып тұрған дарын, сын сағаттарында тау суындай арқырап ағатын еді. Дарабоз спортшының кезінде ойын алаңына арыстандай атылып шығып, жолбарыстай әбжіл қимылға салып, түлкі бұлаңмен көрсеткен аламан өнеріне таңдай қағып, тамсанбаған жан болмапты. Сол бір дүбірлі кездесулерді көзімен көрген көнекөз жандар күні бүгінге дейін сағынышпен сол кездерді еске алады. Ол кісінің ықпалымен іргесін қалап кеткен волейбол мектебінен қаншама шәкірттердің қанаты қатайды. Шәкірттерінің ізбасарлары да бүгінде өз алдына таланттар тобын тәрбиелеп, дарынды жастардың қатарын көптеп шығарып келеді. Ұрпақтар жалғасы деген осы болар.
Қазақ жерінде 1955-1972 жылдар­дағы­дай волейбол ойыны секілді бірде бір спорт түрі бұқаралық сипат алып, биік деңгейге көтерілмеген екен.
Тіпті елге танымал қоғам, өнер, мә­дениет, әдебиет салаларының марқас­қалары да осы спорт түрімен айналысып, осы күнге дейін волейболды саламатты өмір салтына айналдырып келеді.
Олардың арасында әйгілі ақын, жазушы Олжас Сүлейменов, Нұртай Әбіқаев пен Амангелді Шабдарбаев секілді ел ағаларының қатары қалың. Аттары аталған ағаларымыздың бозбала шақтарында Октябрь Жарлығаповтың ықпалымен волейбол ойнағанын біреу білсе, біреу білмес. Сол елімізге белгілі үш азамат әйгілі волейбол маманы Жарылғаповтың төл шәкірті болып саналады. Әлемнің азаматы деңгейіне көтеріліп, арғымақ шабысты жырларымен миллиондаған оқырманның жүрегін жаулап, қайраткерлігімен ерекшеленген заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Омарұлы Сүлейменов те спорттан құр алақан емес. Әсіресе, волейбол десе ішкен асын жерге қояды. Қазірдің өзінде уақыт тауып спорт залға бас сұғып қана қоймай, халықаралық ардагерлер арасында өтетін тартысты жарыстарда әжептеуір ойын көрсетіп жүргенін көзіміз көрді.
Кейінгі жылдары волейбол аулалық спорт түрі болып келгені рас. Содан кейін әр жыл сайын бұл спорт түрі қарқын алып кеңінен дами бастады. Алматы сол кезеңдері волейболға құмар халықтың қайнаған ошағы болды. Стадиондарға мыңдаған адамдардың қарасы толып, спорт залдарда нағыз шеберлердің ойындарын тамашалауға көз тіккен халықта есеп болмаған. Тартысқа тола ойындарды көре отырып, волейболға деген халықтың сүйіспеншілгі одан әрмен арта түсті. Бүгінде еліміз егемендік алғалы бері волейбол сол баяғы қырлы да қызықты ойын түрі болып, дамып келеді. Денсаулық пен саламатты өмір салты жаршысының бірі ретінде волейболға деген қызығушылық жоғалған емес. Волейбол – спорттың текті бір түрі деуге келетін сияқты. Бүгінде елімізде ерлер мен әйелдер арасындағы ел чемпионаттарымен бірге ардагерлер волейболы құрылып, жасы 60-70 алқымдаған ағаларымыз ала допты әуеде ұршықша иіріп, денсаулықтарын жақсартып жүр.
Елімізде волейболдың әуесқой түрінен бөлек, кәсіби деңгейдегі қал-ахуалы көңіл қуантарлық жағдайда болмай тұр. Мысалы, Ұлттық команда құрамының жасара түскенінің себебінен бе әлде білікті волейбол мамандарының жетіспеушілігінен бе, әйтеуір еліміздің бас командасы соңғы кездері сүреңсіз ойындар көрсетіп жүр. Еліміздегі волейбол клубтары жайлы әңгіме бір төбе.
Осындай сәттерді Октябрь, Жәнібек, Заңғар, сынды асқар таудай алып ағаларымыздың даңғыл жолын еріксіз еске алуға тура келеді. Біздің волейболда қазір көш бастайтын, аттары аталған ағаларымыз секілді намысы биік, шеберліктері жоғары серке ойыншылар жоқтың қасы. Тұлғалар арқылы тәрбие жұмысы да жемісін бермей тұрған секілді. Ендеше,Ұлттық құраманың тізгінін ұстаған жандар белсене іске көшпесе осы бір текті спорт түрі тығырыққа тірелуі әбден мүмкін.
Назым Хикметтің «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап» деген сөзін еске ала отырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеу керек. Ойын алаңында от болып лапылдаған патриот, шебер ойыншылардың ойынын көруге ынтық жанкүйер әзірге тартысты кездесулердің тамашасын көре алмай келеді. Сондықтан болар додалы ойындарды тамашалауға баратын халықтың қарасы сиреп бара жатқан сияқты. Көпшілікті волейбол алаңдарына тарту үшін алда тұрған қадау-қадау мәселелерді қалай шешудің жолын қарастыратын кез жетті.
Ол үшін мамандардың Октябрь ағамыз салып кеткен сара жолдан сабақ алып, бүгінгі күні «ескінің көзі, жібектің бөзі» болып арамызда жүрген алдыңғы толқын ардагер ағаларымыздың тәжірбиесіне жүгінсе нұр үстіне нұр болар еді…

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.