«ЕЛІМ-АЙДЫ» ЕСКЕ АЛЫП…

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты, Республикалық «Ардагерлер ұйымы»
Орталық Кеңесінің төрағасы

Өтіпті басымыздан талай бір күн,
Қайғырып, еске алатын дүркін-дүркін,
Жарқылдап, қуанатын күндер де көп,
Осылай өтеді екен өмір шіркін!

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді Абай. Қазақтың қадірлі азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қазақ өнеріне, мәдениетіне, әдебиетіне ерекше қамқор болып жүргені көпке аян. Ол түрлі лауазымды қызметтер атқара жүріп өлең мен күй өнеріне ертеден әуестенгенін біреу білсе, біреу білмейді. Қазақтың даңқты ақыны Жұмекенмен бір топырақта түлеген авторымыз ел ағасы жасынан  ақсақалдыққа қадам басқан шақта өмір­ден көрген-түйгені мен естіген шежірелі әңгімесін қара өлең ұйқасына салып, жүрек сөзін өрген екен. Сол жолдарды оқырман назарына өзгертпей ұсынуды жөн көрдік. 

Қазақ елі болған-ды жәй ғана аман,
Басқа туды кенеттен сайқал заман.
Опырылып ақбоз үй шаңырағы,
Қалмады қараша үй де шайқалмаған.

Жаулардан сырттан келген тап-тап беріп,
Ғасырлар ата жұртты сақтап келіп,
Қазақты қара түнек қайғы басты,
Боздақтар ел қорғайтын тұзаққа еніп.

Тап болды да тарихтың тар кезеңі,
Болмағасын шығар тау, басар жері,
Айырылып туған елден амалсыздан,
Талай жердің қазағы қалмап еді.

Қырылып, қанша адам аштан өліп,
Тірілер мал-мүлкімен қашты келіп.
Айдалып ит жеккенге жазықсыздар,
Күн кешті талай адам жасырынып.

Артта қалды бос жұрттар, молалармен,
Мыңғыраған мал кетіп, қоралар кең.
Кетпесең елден ауып, қайран қазақ,
Кәмпескі, колхоз келіп, тоналар ең.

Отырған ата-баба қоныстанып,
Қаңырап, қала барды жер бос қалып.
Атылып, қамалғанға түрме толып,
Қаңғырды, қайғырды ел естен танып.
Жиырма төрт жыл азаппен жүріп өткен,
Құтыла алмай қасірет, қияметтен.
Шежіресін, атақты Халифа Алтай,
Жазыпты сол жылдардың сырын шерткен:

Билеушінің шыдамай қыспағына,
Мың тоғыз жүз басының тұстарында,
Алтай мен Тарбағатай аймағының,
Халқы ығысты көршілес тыс жағына.

Осылай шетке көшу басталған-ды,
Бөтен ел көшкендерді қарсы алмады.
Болмады тыныш өмір бұл жақта да,
Қақтығыс келгендермен басылмады.

Отыз үште Алтайдан асып әрі,
Үлкен көш шұбырумен Ганьсу барды.
Цинхай өтіп, Лхасо, Гималайдан,
Бхопалда көрдік біз мұсылманды.

Сапарды Кашимирде жалғастырып,
Өтіп біраз қаладан тау астырып,
Әкелді Мұзапар-Абат деген жерге,
Жауыны тұрады екен қоймай құйып.

Қиямет қыл көпірі секілді еді,
Зұлжила асуының өткелдері.
Қор болдық тағы жаңа келген жерде,
Көбейіп ауру енді дес бермеді.
Бұл уақыт қырық бірдің күзі еді,
Талайлар ауруынан түзелмеді.
Осылай одан әрі Пенжап астық,
Азайып жаңбыр мұнда себеледі.

Бұдан әрі шашырап әр тарапқа,
Пішәуір, Бопал, Шатрал, Дир, Субатқа,
Шашылып әр тарапқа несібеміз,
Кездестік таусылмайтын түрлі азапқа.

Мың тоғыз жүз қырық бесте кеттік әрі,
Біз Канпорға, Лахорға қалғандары,
Бізді бірі қытай деп, бірі жапон,
Аң көргендей, есімде таңғалғаны.

Үйлер салып, аталып «Қазақ-абад»,
Тіл үйрендік тезірек, күндерде аз-ақ,
Теріден бөрік жасап, қолғап тігіп,
Күн көрдік сауда жасап, ел аралап.

Бұл жерге де орнығып тұра алмадық,
Аш құрсақ, ыстығына шыдамадық.
Қайта оралып Бопалға, Дели астық,
Топ болдық қозғалысқа ұлт-азаттық.

Қырық жетінің он төрті тамызында,
Азаттық жетті әуелі Пәкістанға.
Бір күн өтіп, осы айдың он бесінде,
Босанды отарлықтан Үндістан да.

Тыныштық орнамады азаттықтан,
Кез келді дін арасы шатақ шыққан,
Қырғи қабақ қырқыстан қан төгіліп,
Бірі болды Пәкістан, бірі Үндістан.

Қақтығыстың таяғы қазаққа да,
Тиді жүрген ортада аз-ақ қана.
Күнәсіз құрбан болып біраз адам,
Амалсыз кеттік әрі Пәкістанға.

Мың тоғыз жүз елуде түркиялық,
Мехмет Ирфанменен кездесе алдық.
Түркияға көшкіміз келетінін,
Бауырлас журналистке айтып қалдық.

Үндістанға жеткенде үш мың едік,
Бір жылда екі мыңдай адам өліп,
Жеті жылда өмірге ұрпақ келіп,
Мың төрт жүзге жаңа елде азар келдік.

Сол жылдар, таба алған жоқ іздеп кімді,
Жоғалды сайда саны, құмда ізі.
Күн кешіп босқын қазақ қайыршылап,
Саналды өмірінің күн тізбегі.

Түркиядан біз күткен хабар жетті,
Қуанғаннан ұмыттық тауқыметті.
Пәкістанда босқын боп жүрген бізге,
Түркияға қардаштар келсін депті.

Карашиден Басраға он бір күнде,
Кемемен ұзақ жүзіп жол жүргенде,
Йемен, Кувейт, Бахрейн елін өтіп,
Келіп түстік әйтеуірі зор дегенде.

Әрі қарай поезбен Бағдат астық,
Шекара өтіп Түріктің жерін бастық,
Ұрфа, Халеп, Адана қалып артта,
Стамбулда қонақтай орналастық.

Қарсы алды Түрік елі ағайындай,
Жасалды бәрімізге барлық жағдай.
Қалайша естен кетер осы тарих,
Өзгеше басталды өмір алға қарай.

«Қазақ кент» түрікшесі «Гүнешлі көй»,
Шағын аудан тұратын қазақ өңкей.
Көшелер Алтай, Ертіс, Баркөл, Бәйтік,
Салынды Стамбулда өз еліндей.

Қиналғанда қазағын жүрген бастап,
Батырлардың аттарын атамасақ,
Есте қалмай есімдер кете барар,
Жүрейікші оларға бата жасап.

Бөке батыр басында есімдердің,
Қамқоршысы көштегі ес білгеннің.
Тірісінде жауының күші жетпей,
Басын алды көрінен есіл ердің.

Әкетіп ілді Үрімжі көшесінде,
Тибетте қалды дене төсегенде,
Ұлы басын әкеліп Алтайына,
Жерлегені қалыпты ел есінде.

Әйембет, Елісхан мен Зайып батыр,
Аттары асылдардың қатарда тұр.
Қол бастап Оспан батыр өтті өмірден,
Бізге жетті оларға жазылған жыр.

Қаңғырып қайран қазақ талай елге,
Зар болып, орала алмай туған жерге,
Сол күнге бірі жетсе, бірі жетпей,
Сүйегі қалды алыста, жат өлкеде.

Паналап дүниенің бөтен елін,
Қашқын қазақ өткізіп өлермен күн,
Итшілеп, тіршілігін жалғастырып,
Аңсады жылдар бойы өмірді еркін.

Ашылды деп тарихтын жаңа беті,
Алыстағы қазаққа хабар жетті.
Тезірек артта қалған қайран елге,
Аяқ басып, көруді арман етті.

Оралып өз еліне біраз қазақ,
Ұмытылып бара жатыр көрген азап.
Келеді өз халқының ортасында,
Болашаққа сеніммен, алға қарап.

Десек те ағайын көп әлі шетте,
Қайтатын Отанына келешекте.
Көпірі сағыныштың жалғап бізді,
Тезірек нәсіп еткей бір жүрмекке.

Көк бөріден тараған бөлтіріктей,
Ұлдар туды Мұстафа Өз Түріктей.
Жұлдыз болып жарқырап көкке шығып,
Әттең-ай ағып түсті көп кешікпей.

Қытайда Шұғыла мен Майра туып,
Бірі ән сап, бірі билеп қызықтырып,
Қазақтың өнеріне талай елде,
Қол соқты көрермендер ұшып тұрып.

Қазақтың дін көсемі Халифа Алтай,
Пір тұтқан Алтайы мен Тарбағатай,
Өтті өмірден ғұлама, тұнған тарих,
Ұрпаққа сын, қалса егер бағаланбай.

Алтайдың Баян Олгий күнбетінде,
Монғолия елінің бір шетінде,
Мекеннің қазақшасы «Алтай бесік»
Көп қазақ тілін сақтап, күй шертуде.

Елеңдеп елден күтіп жаңалықты,
Қытайда тұрып жатыр қазақ жұрты.
Бұзылмай жылдар бойы сақталыпты,
Тілі, діні, өнері, әдет-ғұрпы.

Отыз бір, отыз үште біраз адам,
Нәубетке сол кездегі шыдамаған.
Үш жүзден астам үйдің адамдары,
Түрікмен өтіп, шұбырып Иран барған.

Тұрады көбі қазір Гүлстанда,
Оқыған, іскер, түрлі жұмыстар да,
Таған Көрке, Қажымұқан, Исламдар,
Аса құнды кітаптар жазған мұнда.

Біраз қазақ жүр қазір Ауғанда да,
Бір кезде үш мың үйдей барған онда.
Байбақты, Есентемір, Адайлардың,
Ұрпағы әлі күнге қалған сонда.

Мекендеп әлемдегі біраз елді,
Әкетіп, тағдыр сөйтіп қазағымды,
Көк туы желбіреген елін көріп,
Еңсесі көтеріліп жүр барлығы.

Тағдыр айдап шетелде жүрген қазақ,
Қала алар ма ұзақ жыл ұлтын сақтап.
Тіл жоғалып, өзгеріп әдет-ғұрып,
Жат болып кетпейміз бе бір тұрмасақ?

Қайтадан жасағыштап тарихты,
Біраз жыл шатастырдық біз халықты.
Қолдадық залым соқыр саясатты,
Бір атпен атамақ боп барлық ұлтты.

Деп жүрдік бәрімізде Отан біреу,
Көп ішінде жүрсек те төменгілеу.
Орталыққа асырып бар тапқанды,
Уралап басылған жоқ митингілеу.

Болсақ та байтақ елдің ұландары,
Келеді заман бізді сынап әлі.
Жоғалта ала жаздаған тіл менен дін,
Әлі де төрімізге шыға алмады.

Жылдар өтіп көбейді текті қазақ,
Төбеміз жүр ғой көкке жетпей аз-ақ.
Оқу оқып, игеріп талай тілді,
Батыстың көп еліне кеттік тарап.

Бауырлар алыстағы жүргей аман,
Күн тумағай басына қудалаған.
Ұрпақ өсіп, кеңейіп шаңырағы,
Басында шуағы мол тұрғай заман.

Тілейік алыста сіз, ауылда біз,
Өмірді қазағыма қайғы-мұңсыз.
Халқымның басындағы бақ таймағай,
Алланың болғай бізге көзі дұрыс.

Біз қазақпыз пейілі кең, қарапайым,
Қалатын тастай қатып, жазатайым.
Тілейміз айналаға жақсылықты,
Күтеміз соны өзгеден біз әрдайым.

Өтіп талай өмірдің өткелінен,
Туған елге әлі де жетпей жүрген,
Тарыдай шашыраған бауырлардан,
Қазағымның иісі кетпесе екен.

Ағайынды тараған шар тарапқа,
Сағынып біз жүрейік мына жақта.
Күтейік жолаушыдай жолға кеткен,
Еліне оралар деп болашақта.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.