«ҚҰНАНБАЙ» – ҚҰНДЫ КІТАП

Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «Құнанбай» атты тарихи романы жарық көрді. 9 тараудан тұратын 350 беттік бұл роман XIX ғасырда өмір сүрген Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбаевтың өмір жолын баяндайтын тарихи оқиғаларға толы, оқырмандарды еріксіз өзіне тартып, қызықтыра түседі. Романның алғашқы беті 1802 жылы Орта жүздің Тобықты руынан шыққан атақты бай Құнанбай Өскенбаевтың өмірін баяндаудан басталады. 

Құнанбайдың сөзге шешендігі, алғырлығы, қазақ халқының тарихына жүйріктігі, қазақтардың жоңғарлармен талас-тартысы, Еділ-Жайық бойындағы Жоңғар хандығының Орта Азия мен Повольжие бойындағы қазақтармен соғысы, Кіші жүз қазақтарының Түркістан, Батыс Қазақстан өлкесіндегі қалмақтармен болған 1723 жылғы қырғын соғыста қазақтардың уақытша жеңіліске ұшырап, Сыр бойына шұбап баруы, ақтабан шұбырынды оқиғасы, Ұлы жүз қазақтарының Бұқара, Ташкент жаққа, Орта жүз қазақтарының Есіл, Нұра, Сарысу өзен бойларына қарай келуі, Алшын-Жаппас қазақтарының Азов теңізі бойына, Башқұртстанға қарай ауа көшуі баяндалады. Одан әрі Құнанбайдың әңгімесі бойынша Шыңғыс ханның XII ғасырда Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды, Ауғанстанды Иранға дейін жаулап алуы, қазақтардың Шыңғыс ханды ақ киізге отырғызып, 40 кісі Хан биігінің төбесіне алып шығуы, көлемі 280-300 шақырым бойына оңтүстік пен солтүстікке қарай созылып жатқан Шыңғыс тауының «Шыңғыс» атануы, хан көтерілген биіктің «Хан» атануы, бұрындары бұл таулардың Найман күре атануы айтылады.
Шыңғыс хан әскерінің Балқаш көлі мен Алакөл арасынан өткені баяндалады. Бұл пікірді Халиолла (Абайдың оқымысты інісі) да растай түседі. Қазақ даласында 1831-1846 жылдары айдауда болған поляк офицері Адольф Янушкеевич те бұл оқиғаны суреттейді. А.Янушкеевич Аякөз-Қарқаралы округінде генерал Вишневскийдің армиясында болып, мал санағын жүргізген кезде аға сұлтан Құнанбаймен кездесуін, ол жөнінде өзінің «Күнделіктер мен хаттар» атты әңгімесінде сөз етеді. Құнанбайдың әңгімесінен Алтын Орданың құрылуы, Жәнібек пен Керей хандардың қазақ даласын билеуі, онан кейін Қасым хан мен оның баласы Хақназардың хан болуы, Есім ханның билік құруы, Есім хан мен Қасым хандардың үстемдігі, «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдардың шығуы айтылады. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында Абылайдың 30 жыл қазақ даласына хан болуы, оның қазақ мемлекетінің іргетасын бекітудегі ерліктері баяндалады. XVIII ғасырда жоңғарлардың қазақ даласынан кетуімен байланысты тобықтылардың Сыр бойынан Сарыарқаға көшіп келуі, Мамай батырдың тобықтыларды Шыңғыс тауына әкеліп орналастыруы, Кеңгірбай би мен Қараменде билердің жерге таласы, Қараменденің Дадан тобықтыны Тоқырауын бойына қоныстандыруы, Кеңгірбай бидің тобықтының жерін кеңейтіп, Ертіс жағасына дейін қоныстандыруы, т.б. мәселелер сөз болады. Одан әрі Құнанбайдың аталары Ырғызбай, Өскенбайлардың ерліктері баяндалады. Өскенбайдың баласы Құнанбай да жасынан шаруақор, пысық болып өскен. 1844 жылы маусым айында Күшік тобықты еліне болыс болып сайланады. Құнанбайдың ел ішінде беделі арта түседі. 1838 жылы Сібір қазақтарын билеу жөніндегі Патша үкіметінің жаңа заңы қабылданады. Ол заң бойынша Батыс-Сібір генерал-губернаторы төре тұқымы болмаса да әскери шені барлар, бай қазақтар да ел басқара алатын еді.
Құнанбайдың медресе ашып, қазақ арасында діни уағыздарды насихаттауы оның бүкіл ел арасында абыройын арттыра түскені белгілі. Бұл кезде қазақ даласында ашылған медреселер саусақпен санарлықтай еді. Мәселен 1841 жылы Бөкей ордасында Жәңгір мектебі ғана ашылған болатын. Сондықтан Құнанбайдың қазақ даласында мектеп ашуын патша үкіметі де қолдады. Себебі халықты дін арқылы да басқару қажет болды. Құнанбай қазақ қыздарын оқытуды да мақұл көреді. Осы жайттар да кітапта терең талданып өткен екен.
Құнанбай өмірінің әр кезеңінен сыр шерткен кітап оқырманға берері мол, тарихи деректері кеңінен қолданылған дүние екен. Яғни Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты кітабының оқиғасы тартымды, оқушыны қызық­тырарлықтай болып шыққан. Кітапты қазақшаға аударып, баспадан көп таралым­мен шығарса, қалың оқырманның қызыға оқитын шығармасы болары сөзсіз. Сондық­тан бұл тарихи романды болашақта Мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға да лайық деп санаймыз.
Сонымен бірге кейбір сын ескертпе­лерді айтуды да қажет санадық.
Біріншіден, Құнанбайдың терең ойлы, алғыр, сөзге шешен, іскер, әділ аға сұлтан етіп көрсете отырып, оны қазан бұзар үй тентек, әпербақан інісі Майбасардың сөзін сөйлейтін, сойылын соғатын етіп сипаттайды. Майбасардың айдап салуымен қалың Жігітек пен Торғайларды үш күн бойы қырып салады. Бірақ үш күнде бір де бір кісі өлмейді. Бұлайша баяндау шындыққа жанас­пайды. Құнанбай бір тайды бермедің деп Торғайларға осынша әлек салуы қисынсыз.
Екіншіден, Құнанбай тоқалы Нұрғанымды Базаралыдан қызғанбайды, қайта оның «ерлік» ісін қолпаштай түседі. Қазақта «Жер қимақ болса да, ер қимақ жоқ» деген. Тоқалы Нұрғанымның Базаралымен арадағы «әңгімеге» Құнанбайдың немқұрайды қарауы шындыққа жанаспайды.
Үшіншіден, 1857-60 жылдар арасында Құнанбай ел ішіндегі бүліктері үшін Омбыда айдауда 2 апта бөгеліп, кейін Қарқаралыға келіп жергілікті әкімдердің бақылауында 1,5 жыл болады. Осы кезде жасырын татар қызына үйленіп, қыздың аяғы ауыр болады. Әлгі татар қыз баладан қайтыс болады. Шыңғыстау мен Қарқаралының екі арасы екі жүз шақырымдай жер. Күнде қатынасып жатқан ел арасында мұндай өсектің айтылмауы мүмкін емес. Оның үстіне өзі істі болып басы қатып жүрген Құнанбайдың бесінші әйелмен әуреленуі де шындыққа жанаспайды. Басы қатып жүрген аға сұлтан Құнанбай алды-артын ойламайтын ақымақ емес. Сондықтан, Құнанбайды әйелқұмар етіп көрсету де қисынсыз.
Төртіншіден, романның атын шолақ «Құнанбай» деп атағаннан гөрі, «Аға сұлтан Құнанбайдың ерліктері» десе дұрыс болатын сияқты. Романның аты осылайша айғайлап тұрса, оқырман құлағы елең ете түсер еді. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, оны автордың өз таңдауына қалдырдық.
Жалпы алғанда кітаптың мазмұны соншалықты тартымды. Құнанбай өмірінен сыр шертетін талай оқиғаларды тарихи деректерге негіздей отырып беруі де көңіл сүйсінтеді.

Серғазы ҚАЛИҰЛЫ,
Педагогика ғылымының докторы,
профессор, академик

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.