ИЕ МЕН КИЕ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Әлнұр аға Мейірбеков!.. Аты-жөнін құрметпен, ыстық-ықыласпен еске алатын осы бір аяулы жан менің есімде. Жүзінен жылылық, мейірім есіп тұратын дегдар қарт әлі жадымда. Ашығын айтайын, өз басым ол кісі басшылық еткен редакцияда қызмет атқарған адам емеспін. Бірге, қоян-қолтық жұмыс істегенім жоқ. Бірақ ауылдас аға ретінде айтқан ақылын алып, үлгілі сөзін тыңдаған 60-70-ші жылдар жастарының қатарынанмын. Сол кездегі аудан мен облыс, республикалық деңгейдегі газет-журналдарға шыққан тырнақалды мақалаларыма шын көңілмен қуанып, жанкүйер болып отыратын еді жарықтық. Тіпті бір рет мен, менің шығармашылығым туралы әдемі мақала да жазғаны бар. Оны қалай ұмытарсың!
Өз кезегімде мен де мектеп оқушысы кезімдегі тұңғыш хабар, суреттемем жарық көрген аудандық «Советтік шекара» газетіне адал болуға тырыстым. Ондағы Әлекең, Әлнұр аға Мейірбеков бастаған редакция ұжымы мүшелеріне тілектестігімді, ниеттестігімді КазГУ-дегі студент кезімнен бастап-ақ қалыптастырдым. Оған төмендегі мына мысалдар анық дәлел бола алады ғой деп ойлаймын.

 Баққожа Мұқай, Әлнұр Мейірбекұлы, Айтақын Әбдіқал. Тарсай, 1979 ж.
Баққожа Мұқай, Әлнұр Мейірбекұлы, Айтақын Әбдіқал. Тарсай, 1979 ж.

1973 жылдың көктемі. Университеттегі аға оқытушымыз Абдулхамит Мархабаев бізге «Аудандық газет: ізденіс және мүмкіндік» деген тақырыпта курс жұмысын жазуды ұсынды. Студент әріптестеріммен бірге мен де журфактың баспасөз кабинетіне барғаным есімде. Сол жерде басқалардан бөлек өзіме етене жақын «Советтік шекара» газетін алғаным жадымда. Сөйтіп одан қажетті мәлімет, деректерді жинақтауға отырғаным бар. Ойымда: «Бұл басылым туралы сарапшылар мен талдама жасаушы мамандар не айтты екен?» деген де сауал жоқ емес. Көп кешікпей А.С.Пушкин атын­дағы орталық кітапханаға барып, ол сұраққа жауап тапқандай да болдым. Оның алғашқысы 1971 жылы «Қазақстан» баспа­сынан ауыл-село тілшілеріне арнап шығарылған «Тәжірибе және талап» атты ұжымдық жинақ еді. Сонда филология ғылымының кандидаты Зейнолла Тұрарбеков: «Алматы облысындағы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетін жергілікті жердің өмір айнасы деп сеніммен айтуға болады. Олай дейтініміз, мұндағы хабарлар мен мақалалардың тілі жатық, тақырыптарына келсек – табиғи. Ал суреттемелер мен очерктер тіршілік тынысына толы. Мұны Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, осы басылымның редакторы Әлнұр Мейірбеков жолдас пен ол басқарып отырған творчестволық ұжымның жаңалыққа жаны құмар еңбегі деп бағалауға болады» депті.
Осындай жылы лебізді 1972 жылы республикалық «Білім» қоғамы шығарған насихаттық шағын брошюрадан да кездестірдік. Ол тарих ғылымының докторы, профессор Қайыржан Бекхожиннің «Журналистика: жанрлардағы шеберлік проблемалары» атты кітапшасы еді. Онда автор: «Әдетте газет – бұқара жаршысы деген сөзді жиі айтамыз. Бұл орынды да, – деп бастапты әңгімесін. – Бірақ сол бұқара жаршысы ролін атқарған басылым өзінің жұмысын жергілікті жердегі ауыл-село тілшілеріне сүйене отырып жұмыс істеуі керек. Елдің талап-тілектеріне, еңбекші хаттарына редакция қызметкерлері аса ілтипатпен әдепті түрде қарауы қажет. Газет сонда ғана қызықты болып, бұқара өміріне бірден сіңісіп кетеді. Міне, өз мүмкіндігін осылай пайдаланып келе жатқан өңірлік басылымдардың бірі – «Советтік шекара». Бұл газет біріншіден, ауыл-село тілшілерімен қоян-қолтық жұмыс істей біледі. Оны аудан көлеміндегі түрлі шаруашылық орындарынан дер кезінде үзбей басылып келе жатқан материалдардан көруге болады. Екіншіден, «Советтік шекара» газеті бірсарынды, жаттанды тақырыптағы материалдарды мүмкіндігінше басқа жазу формаларымен ауыстырып, оларға жан бітіруге тырысады. Газет редакторы Әлнұр Мейірбеков осыларды жақсы көре білген. Ол басқарып отырған басылымның ауыл-село тілшілері өңір шаруашылықтарындағы түрлі мамандық иелері: диқан, шопан, жұмысшы, мұғалім, мектеп оқушысы. Байқап қарасақ, «Советтік шекара» газетінде жарияланған материалдардың 60 проценті ауыл-село тілшілері болып табылатын осылардың үлесіне тиеді екен. Бұл қуанарлық жайт».
Ал 1973 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Газетті безендіру сыры» кітабында өзіміз сөз етіп отырған газет туралы не айтылған дейсіздер ғой. Тарих ғылымының кандидаты Әбілфайыз Ыдырысов бұл еңбегінде: «Аудандық газеттердің бірінші беттерінде, – дейді, – саяси мәселелер мен шаруашылық науқандарының оперативті, актуальды хабар, мақалаларын келісті орналастырудың дұрыс екенін өмір тәжірибесі көрсетіп жүр. Осы жөнінен әсіресе Алматы облысындағы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің (редакторы – Ә.Мейірбеков) іс тәжірибесі ерекше көзге түседі. Бұл газет теориялық мәселелерге, экономикалық проблемаларға арналған көкейкесті мақалаларды екінші-үшінші беттердің етегіне, жүрек тұсына орналастырып жүр. Ал тартымды фотосуреттер мен қызықты хабарлар, мөлтек әңгіме, өлеңдер төртінші беттің еншісіне айналуы бізді қуантады».
Міне, жоғарыдағы пікірлерді әртүрлі кітаптардан тауып, курс жұмысына пайдаланып болғаннан кейін КазГУ-дың IV курс студенті менің Әлнұр ағаға хабарласқаным әлі күнге дейін есімде. Үлкен ғалымдар мен білікті баспасөз сарапшыларының өздерінің газетіне деген жоғарыдағы жылы лебіздерін естіген ағамыз бұған қатты қуанды. Курс жұмысын поштамен салып жіберуімді өтінді. Редактордың ықшамдап, қажетті деген жерлерін жергілікті оқырмандарға нақпа нақ жеткізуге мүмкіндік туғызған менің бұл жазбам көп кешікпей «Советтік шекара» газетінде жарық көрген еді. Ол 1973 жылғы 23 маусымда шыққан «Газет және өмір» атты мақалам болатын.
1974 жылы көктемде мен университетті бітіретін болдым. Соның алдында бес жыл бойғы семестрлер мен лекциялар арасында жүгіріп жүріп жазған суреттеме, очерктеріме көңілі толған «Лениншіл жас» газетінің басшылығы стажер ретінде жұмысқа қабылданатынымды айтты. Бұл үлкен қуаныш еді. Себебі, қазіргі замандағы жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кеткен газет-журналдардай емес, ол кезде қазақ тіліндегі республикалық басылымдар өте аз-тын. Сондықтан да сол 4-5 редакцияға жұмысқа қабылдану қиынның қиыны еді. Жаңа хабардың жақсылығы міне, осында болатын. Өстіп қуанып жүргенімде, алдымнан бір кедергінің кездеспесі бар ма?.. Ол: «Жоғары оқу орнын бітіретін жас маман арнайы жолдамамен алыс аудандарға аттануы керек. Екі-үш жыл өмір көруі қажет. Егер оған жергілікті жер жұмыс тауып бере алмаса, сонда ғана оның қалаға оралуына болады» деген талап еді. Мұндай қағаз құжатты сол кездегі тілмен «открепление» дейтін. «Оны кімнен, қалай аламын?» Осындай оймен жүгіріп, «Білім және еңбек» журналында жұмыс істейтін жазушы ағам Баққожа Мұқаиға бардым. Мәселенің мән-жайына қаныққан соң ол кісі: «Абыржыма, бір реті болар. Жарты айдан кейін маған келіп жолық» деді қысқа ғана. Содан 9-10 күн өтпей-ақ қуанышты хабардың келіп жеткені!..
Сөйтсем әңгіме былай болыпты. Мен кабинетінен шығысымен Баққожа аға Нарынқолға, ондағы Әлнұр ағаға телефон соғады. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Республикалық жастар газетіне орналасайын деп тұрған жігітке немқұрайды қарамайық. Қолұшын берейік. Ол үшін сіз аудандық «Советтік шекара» газетінің редакторы ретінде КазГУ-дың журналистика факультетін бітіретін жас маманға бұл жерде бос орынның жоқтығын, мұнда кадрлардың көптен бері тұрақтанып, өз орындарында отырғанын айтып, «открепление» жазып беріңіз» деп қолқа салыпты. Аз-кем ойланған Әлекең өтінішті орындайтынын айтып, Баққожа ағаға уәде береді. Уәде беріп қана қоймай, өзі әзірлеген құжатты Нарынқол аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына көрсетіп, ризашылығын алып, мөрмен куәландырады. Сөйтеді де сол айда Алматы Жоғары партия мек­тебінде өтеді деп жоспарланған насихатшылардың республикалық семинар-кеңесіне келген іссапарында Ленин проспектісіндегі Баққожа ағаның үйіне соғып, менің тағдырым шешілетін хатты жазушы інісінің қолына табыстайды. Ойлап қараңыздаршы… Сол кездегі оңы мен солын жөнді тани қоймаған болашақ жас маманға бұдан асқан жақсылық, бұдан артық қайырымдылық бола ма?! Егер 70-ші жылдардың басындағы журфакты бітірген талай жас қыз-жігітке арман болған «Лениншіл жасқа» сол жолы орналаса алмай қалсам, менің одан кейінгі өмір жолым қалай болар еді? Ол енді бір Аллаға ғана аян нәрсе. Сондықтан Әлекең алып келіп берген «откреплениемен» жастар газетінің табалдырығын аттағанымда алдымен сол кісіге, содан соң жұмысқа алайын деп отырған басылымның бас редакторы Сейдахмет аға Бердіқұловқа іштей рахметімді жаудырғанмын. Одан кейін қызметім «Қазақстан коммунисі», «Ақиқат» журналдарына, «Халық кеңесі» мен «Егемен Қазақстан» газеттеріне ауысқанда сол редакциялардың басшылары болған Кәкімжан Қазыбаев, Сарбас Ақтаев, Камал Смайылов, Ержұман Смайылға ризашылығымды білдірген кездерде осы үлкен жолдың басталуына себепкер болған Әлнұр Мейірбеков қарияны да ешуақытта есімнен шығарған емеспін.
Жоғарыдағы сөз арасында: «Кезінде Әлнұр аға мен туралы әдемі мақала да жазған» деп айттым-ау деймін. Оның мәнісі былай. 2002 жылы 50 жасқа толатын кезім жақындап келе жатты. Сол уақытта, рахмет, республикалық деңгейдегі барлық газет-журналдар өздерінің жылы сөздерін аямай, мерейтойлық мақалалар беріп жатты. Бұған дейінгі өмірімде мұндай күшті қошамет-қолпаш болған емес еді. Оны мен күні-түні тырмысып еңбек еткен, жанымды жалдап жүріп жұмыс істеген жылдарымның өтеуі деп қабылдадым. Сондай кезде Әлнұр аға Мейірбеков өзінің автоқаламымен тап-таза етіп үш беттік мақала жазып, ескерту хатында оны жеке архивімде сақтап қоюға ақыл-кеңес беріпті. Қандай мәдениеттілік, парасаттылық десеңізші! Күндердің күнінде керек болар, бір қажетіне жарар деген ойы-ау шамасы жарықтықтың. Бүгінге дейін еш жерде жарияланбаған сол мақалада мынадай жолдар бар.
«Жас жігіт жылдан жылға түлеген қы­рандай қанат қағысын түзей түсті, ең беделді басылымдарда белді міндеттер атқарды. Небір қасқа маңдай ағаларының назарларын аударып, сенімдеріне ие болды. Қайда барса да бабы бұзылмаған жүйріктей танылды. Мейлі, «Лениншіл жаста», мейлі «Ақиқатта», мейлі «Халық кеңесінде» қызмет істесе де өзінің өзінше ізденген соны соқпағынан жаңылған жоқ. «Егемен Қазақстанда» тосындығымен таң қалдырған сөлді, шырынды шығармаларын бере берді. Солардың қолға түскендерін құныға, қызыға оқи отырып терең ойға бататынмын, әрі қаламының қарым-қуатына ерекше сүйсініп: «Бәрекелде, Жанболат, жарайсың!» дейтінмін».
Әлекеңнің осы сөздері маған өте ыстық. Құнды. Қастерлі. Мұны ешбір академик немесе ғылым докторының пікіріне айырбастамайтыным анық. Өйткені ол біреудің лауазым иесіне мінберден оқу үшін жазып берген жаттанды сөз тіркестері емес, өмірлік тәжірибесі мол қарт қаламгердің жүрекжарды лебізі.
Мақаламның соңында мына жайтты да айта кетуді жөн көріп отырмын. Ол ақсақалдың маған өз өмірінде бір рет, иә, бір-ақ рет өтініш айтқандығы. Бұл 2005 жылдың наурыз айында болған еді. Түс ауа бере Астанаға телефон шалған қария менен «Егемен Қазақстан» газеті атынан бір қатынас қағаз жіберуімді сұрады. «Сағат 16.00-де Алматы қаласындағы Бостандық ауданының әкімі Амангелді Каримуллин Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде мені қабылдамақшы еді, – деді өзінің әдеттегі жұмсақ даусымен ол кісі. – Жеңістің 60 жылдығына байланысты пәтер мәселесіне көмек бола ма деген үміт қой». Мен ағамыз­дың бұл ойын түсініп, құптадым. Сөйттім де жарты сағат ішінде қажетті қатынас қағазды жазып, мөр бастырып, журналға тіркеп, Алматы бөлімшесіндегі меншікті тілшіміз Батық Мәжитұлына факс арқылы жібердім. Ол мынадай мәтіндегі дүние еді.
«Құрметті Амангелді Кәрімұлы! Қазір жер-жерде Жеңістің 60 жылдық мерекесіне орай Ардагерлерді ардақтау акциялары жүруде. Біз сондай құрмет пен марапатқа лайық жанның бірі деп әлеуметтік мәселесін жақсарту жөнінен өзіңіз басқарып отырған ауданда тіркелген Әлнұр Мейірбеков ақсақалды айтар едік. Себебі, бұл кісі 1941-1944 жылдар аралығында майданның алғы шебіндегі оқ пен оттың ортасында болған адам. Шайқастардағы көрсеткен ерлігі үшін бір орден, үш медальмен наградталған ол елге екінші топтағы мүгедек болып оралса да еңбек етуден қалмады. Оған оның денсаулығының дімкәстігіне қарамай, 30 жылдан астам уақыт бойы Алматы облысындағы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде редактор болып, жанқиярлық жұмысы үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасын алғаны, үш мемлекеттік наградаға ие болып, «Райымбек ауданының құрметті азаматы» атанғаны анық дәлел.
Әлнұр Мейірбеков – бұрынғы «Социалистік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің 1940 жылдан бергі штаттан тыс тілшісі, белсенді авторы. Осы уақытқа дейін ақсақал үкіметтің Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге жасап берген жеңілдіктерін көп пайдаланбай келген адам. Сондықтан қадірлі Амангелді Кәрімұлы, біз сізден қарт майдангер, газетіміздің 65 жылдан бергі тілекшісі, қамқоршысы Әлнұр Мейір­бековтің тұрғын үй мәселесіне байланысты өтінішін назарыңыздан тыс қал­дырмай, оның ойдағыдай шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз. Ізгі ілтипатпен, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ж.Аупбаев. 2005 жылғы 14 наурыз. №52 хат».
Бұл қатынас қағаз ақсақалдың айтқан кәдесіне жарады ма, жоқ па, білмеймін. Білетінім, Алматы бөлімшесіндегі қызметкеріміз қолына осы қағаз тиісімен аудандық әкімдікке тізгін ұшы дерлік қимылмен жетіп, қабылдауға кіріп бара жатқан қарияға бізден сұраған қағазды беріп үлгергендігі. Бұдан басқа ақсақалға бірде 9 мамыр – Жеңіс күніне байланысты Рысбек, Батық, мен болып: «Үйіңіздің ауласына шыққанда тауға қарап отырыңыз» деп үлкен дүрбі сыйлағанымыз есімізде. Мерейтойында шапан жапқанымыз жадымызда. Ара-тұра жіберген мақалаларын «Егемен Қазақстанға» жариялап тұрғанымыз да ойы­мызға оралып отыр. Қарияның «Белқұрдас» деп аталатын соңғы бір дүниесі аға газетте 2009 жылдың қарашасында шыққан сияқты. Онда Әлекең Отанымыздың бас басылымы Орынборда 1919 жылы өмірге келсе, өзінің 1924 жылы жарық дүниеге есігін ашқанын, екеуінің араларында не бәрі 5 жыл уақыт қана айырмашылық бар екендігін, сондықтан «Егемен Қазақстанды» белқұрдас санайтындығын әдемі түрде келтіріп баяндаған еді.
Әлнұр ағаны соңғы рет мен 2010 жылғы 21 мамырда көрдім. Нарынқолда әкем Әлихан Абиырұлы өмірден өтіп, ондағы үйге ел топ-тобымен көңіл айтып келіп жатты. Бір мезетте баласы Алтайға сүйене қыбырлаған Әлнұр аға да көрінді. Көрісіп, көңіл айтып болған соң: «Сен келді деген соң осы жерге әрең жеттім қарағым, – деді кемсеңдеп. – Аяғым көп жүріп тұруға жарамайды. Бейіт басына бара алмаймын-ау шамасы».
Мына сөзді естіген мен қарияға риза екенімді айттым. Үйіне барып демалуын өтіндім. Сөйттім де жүзіне барлай қарадым. Көз алдымда аппақ сақалы желмен желбіреген қарт майдангер тұрды. Соғыста атақты 100-ші бригада құрамында болып, екі рет ауыр жараланған, соның салдарынан госпитальде бес рет операцияға түсіп, елге әрең жеткен ағамыз ғой бұл. 1965 жылы майдандағы денесінде қалған қорғасын оқ мазалап, тағы да үш сағат операция столында жатқанын қайтерсіз. Басқа қиындықтарды былай қойғанда, осының бәріне шыдап, көнген қарттардың төзімі мен табандылығы неткен мықты еді деп ойладым ішімнен. Енді міне… Бірі келместің кемесіне мініп, зиратқа қарай жол тартқалы жатыр. Екіншісі біздің көз алдымызда кетуге кезек күтіп, жағалауда қалт-құлт етіп әзер тұр. Нарынқол деген кеңқолтық өңірдің иесі мен киесі болған қайран менің қарттарым-ай…
Иә, топырағынан даналар мен дарындар мол шыққан көгілдір таулы бұл өлкеде кезінде осы жердің құты, айбары секілденген үш-төрт дегдар қариялар бар еді. Олар: Нүсіпбек Әшімбаев, Сейдін Сатаев, Сәрсенбай Байғұлов, Әлнұр Мейірбеков сияқты ел ағалары болатын. Ол кісілердің көзі тірісінде бұл аймақ берекелі, жері құйқалы-тын. Малы мыңғырып, ауылдары дәулетті де сәулетті көрінетін. Алдымен өмірден Сейдін қария озды. Содан соң Сәрсенбай ата кетті. Іле-шала Нүсекең де бақилыққа жол тартты. Ең соңынан Әлнұр ағаның да мәңгілік сапарға аттанғанын естідік. Қандай өкінішті… Қазіргі күйбең тірліктен есеңгіреп кеткен ауыл шалдарында шалғайдағы бір өңірге ие мен кие бола білген жоғарыдағы ардақты ата-ағаларымыздың жұғыны қалды ма екен, әлде қалмады ма екен. Әй, қайдам…

НҰР-СҰЛТАН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.