АҒАЙЫННЫҢ АУЫЛЫ АМАН БА?

Қарагөз Сімәділ
«Ana tili»

«Бір алыстан, бір жақыннан ғажап әуен мені қораның төбесіне шегелеп тастады. Сәлден кейін әннің сөзін ажырата бастадым:

Қараймын қарайғанға қабан ба деп,

Атымды қамшылаймын шабам ба деп.

Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де,

Ауылы бауырымның аман ба деп?!

Ол кезде амандықтан артық бақыт жоқ еді…

…Сол ызыңдаған ән әлсін-әлсін құлағыма әлі естіледі. Көзіме жас үйіріледі…»

Белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлының «Ақжазықтың адамдары» атты шығармасында осы жолдар бар еді. Бүгін де сондай жайтты бастан өткереміз деп кім ойлаған? Әлеуметтік желілерде, газет беттерінде әлдебір танысыңның суреті шықса, жүрек зырқ ете қалатын күй кешіп жүрміз. «Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де, ауылы бауырымның аман ба деп?» деген әннің қадірі артып тұр. Жөн сұрасқанда да ең алдымен «амандықтың» жайынан бастайтын болдық.

Кім-кімге де өз жаны аяулы, өз өмірі қадірлі. Күллі әлемді жалмап бара жатқан дерт сол қадірліңді жоқ қыларын ойласаң, жүрек сыздайды. Күніге арғы беттің кемесіне мініп кеткендердің хабарын естіген ­сайын сол жүрек тіпті сыздай түспей ме? Олардың да өмір сүргісі келмеді деп кім айтты? Олардың да арманы, мақсаты, жоспары бар еді ғой. Өмір құны – бір жұтым ауа, өмір бояуы – иіс пен дәм сезу екенін осы күні барша адам түсініп келе жатқандай.
Келместің кемесіне әр адамды мінгізіп жіберген сайын бергі бетте мұңайып қалғандардың амандығын тілейсің. Амандықтан қадірлі еш­теңе қалмағандай қазір.
Карантин тағы созылды. Тағы екі апта үйге қамалып, сырттағы ел-жұрттың амандығын тілейтін күн келді. Бастысы, үйге қамалған апталардан соң бейбіт, мамыражай күн орнаса дейсің. Осы сәттері күн-түн демей ауру жұқтырған жанның қасында өмір мен өлім күресінде арпалысып жүрген, әр жанның дертіне дауа іздеп шарқ ұрған дәрігер қауымның да амандығын тілейсің. Айлап жұмыс істеп, дерттің дауасын табу үшін жұмыс істеп жүрген ғалымдардың да аман болуын ойлайсың. Күллі жұрт, адамзат баласы осы дерттен аман шығып, бұрысынғысынша бақуатты да бақытты ғұмыры қайта орнайтынына және ол өмірдің қол созым жерде, таяу тұрғанына да сенесің…
Ағайынның ауылы аман болсын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.