АУРУ МЕН ІНДЕТ: ҒАСЫР БҰРЫН БАСТАЛҒАН КҮРЕС

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
тарих ғылымының кандидаты, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі

ҚАЗАҚ АКСР-Ы ҚҰРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН

1916 жылы 25 маусымдағы ақ патшаның жарлығы қазақ даласында дүрбелеңге жол ашты. Қара жұмысқа адам беруден бас тартқан қазақ халқы кейбір аймақтарда ашық бас көтеріп, қолына қару алып атқа қонды. Әсіресе, мұның салдары көтерілістің Жетісудағы ошағы үшін орасан қайғылы болды. Сондай-ақ, Сырдария облысына қарасты кейбір уездердегі жазалау шаралары халықтың басына қара бұлт үйірді. Ақ патшаның жазалаушы әскері үйірген қайқы қылыш бастан кетпей жатып, 1917 жылғы Қос төңкеріс қазақ халқын әрі-сәрі етіп қойды. Қазақ оқығандарының бір бөлігі Түркістан автономиясын жақтаса, екінші бір бөлігі Алаш автономиясы үшін алашапқын болып, құрылмаған автономияның Алашорда атты үкіметін сайлады. 1918 жылы басталған азамат соғысы барысында қазақ оқығандары тағы да халықты дал етіп қойды. Бір бөлігі қазақтың ата жауы – ақ казактармен ауыз жаласып жатса, екінші бір бөлігі большевиктер жағын қолдады. Мұндай көрсоқыр саяси күштердің оралымсыз әрекеттері қазақ халқы үшін орны толмас әлеуметтік апат алып келді.
1918 жылдың басында Сырдария облысының қазақтары арасында ашаршылық басталды. Бұл аштық 1918 жылдың жазында Түркістан Республикасына қарасты көшпелі және жартылай көшпелі қазақ болыстарын түгел қамтып, халық жаппай қырыла бастады. «Жұт жеті ағайынды болады» демекші, аштықтан жілік майы жұқарған халық арасында жұқпалы аурулар мен індеттер тарап, 3 миллионға жуық адам аштық азабын тартса, соның 1 миллионнан астамы опат болды. Осындай жағдайда, халық арасынан суырылып шыққан қайраткер Т.Рысқұлов өзі жүргізген саяси күрес нәтижесінде 1918 жылы 5-15 қазан аралығында Ташкентте өткен Түркістан кеңестерінің төтенше VI съезінде ТАКСР ОАК мүшесі болып сайланып, республиканың Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне тағайындалады. Т.Рысқұловтың күш салуымен комиссариаттың жұмысы қайта құрылып, барлық күш халық арасында кең тараған жұқпалы ауруларды жою мен олардың алдын-алу шараларын ұйымдастыруға жұмылдырылды. Бірақ, Денсаулық сақтау халкоматының жұмысы алға баспады. Аштыққа ұшырап, аурудан қырылып жатқан халықтың жағдайын жақсарту ісі көптеген кедергілерге тап болды. Аштық жайлаған халық арасында міндетті түрде жұқпалы аурулар тарап, өлім-жітімнің екі еселенетіні әлімсақтан белгілі.
«Жұқпалы аурулардың аштық топырағынан нәр алып отырғанына көз жұмып қарамау керек» деген Т.Рысқұлов 1918 жылы 28 қарашада комиссарлық қызметтен бас тартып, Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрады. Ол кезде Т.Рысқұлов небәрі 24 жаста болатын. Жастығына қарамастан қысқа уақыт ішінде үкімет құрамында үлкен бедел жинап, Түркістанға танымал қайраткерге айналады. Т.Рысқұловтың ұйымдастырушылық талантының арқасында орыс большевиктері мұсылман жұртшылығы ортасындағы сұрапыл ашаршылықты мойындап, азық-түлік пен ақша бөлуге мәжбүр болады. Аштықпен күрес комиссиясының республикалық, облыстық, уездік, болыстық және қалалық бөлімшелері ашылып, бүкіл республикада 1200-дей қоғамдық тамақтандыру орындары, жетім балалар үйлері, жұқпалы ауруларға арналған емханалар ашылады. Т.Рысқұловтың шақыруымен Түркістан өлкесінің 11 000 отаншыл жастары комиссия бөлімшелеріне тартылды. Бес-алты айға созылған арпалыстан кейін 1919 жылдың көктеміне қарай Түркістанда ашаршылықтың беті қайтты. Төніп тұрған ажал тырнағынан статистикалық деректердің мәліметінше тура 1000000 адам құтқарылды. Аштықпен күрес дегеніміз, ең алдымен ұлттың тұқымын сақтау жолындағы арпалыс болатын.
Бұл кезде, әлемді шарпыған пандемия – «испан вирусы» дүние жүзінің халқын баудай түсіріп жатқан еді. 1918 жылы 8 миллион испанды тұралатқан бұл вирус – 1918-1919 жылдары әлемнің 400 миллионнан астам тұрғынына таралып, оның ¼-і опат болды. Ресми деректер бойынша, кеңестік Ресейде бұл індеттен 3 миллионнан астам адам қаза тапқан (халықтың 3,4 %-ы). «Испан вирусының» қазақ даласына таралуы туралы нақты мәліметтер жоқ. Себебі, азамат соғысы етек алған өлкеде 1918-1919 жылдары қандай аурулардың болғанын тіркейтін статистикалық жұмыстар дұрыс жүргізілмеді. Мұның барлығы алдағы уақытта арнайы зерттеу жұмысын жүргізуді қажет етеді.
1920 жылы 26 тамыздағы РКФСР Бүкілресейлік ОАК мен ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декретіне сәйкес ҚАКСР-дегі істерді басқару үшін құрылуы тиіс халкоматтармен бірге денсаулық сақтау халкоматын құру көзделді. Оған дейін ҚАКСР-ын құру жұмыстарына дайындық жүргізген Қазревком құрамында денсаулық сақтау бөлімі жұмыс істеп, оған 1919 жылдың қарашасынан 1920 жылдың 13 қыркүйегіне дейін А.А.Демченко, одан кейін С.Арғыншиев басшылық жасаған болатын. Денсаулық сақтау бөлімі құрамында емдеу, санитарлық-эпидемиялық, фармацевтикалық, статистикалық, бухгалтерлік және жалпы кеңсе бөлімшелері жұмыс істеген еді. Бөлім азамат соғысы жылдары күйреген емханаларды қалпына келтіре отырып, Қазревкоммен байланысы жақсы Орал, Ақтөбе, Торғай облыстары мен Темір аймағындағы емдеу ісін ұйымдастыруға баса назар аударды. Ал Қазақстанның басқа аймақтары бақылаусыз қалды.

Биыл құрылғанына 75 жыл толып отырған Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты, М.Әуезов атындағы сыйлықтың және «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Сәбит ШІЛДЕБАЙ кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихының тың беттеріне қалам тартып жүрген аса дарынды һәм майталман тарихшылардың бірі. Оның аса зор жанкештілікпен зерттеп шыққан бүгінгі мақаласы осыдан 100 жыл бұрын құрылған Қазақ АКСР-де етек алған жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы жүргізілген күрес тарихына арналады. Тарихшының мақаласына қарап отырсақ, ол заманда да медицина жұқпалы аурулар мен індеттер алдында дәрменсіз болыпты. Бірақ, ол кезде қалыптасқан денсаулық сақтау жүйесі болмады, медицина мамандары жетіспейді, дәрі-дәрмек жоқ. Ал қазір бәрі бар, тек сол бар мүмкіндікті тиімді жұмылдыра алатын қайраткер жетіспей тұрғандай…

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ХАЛКОМАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

1920 жылы 4-12 қазан аралығында өткен ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезінде ҚазОАК мүшесі болып сайланған дәрігер М.С.Шамов Денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалды. Съезд жұмысы барысында Денсаулық сақтау секциясы құрылып, оның жұмысына С.Арғыншиев жетекшілік жасады. 11 қазан күні таңертең өткен съездің тоғызыншы мәжілісінде А.А.Демченко съездің денсаулық сақтау секциясының атынан баяндама жасап, ҚАКСР территориясындағы жұқпалы аурулар мен індеттерге тоқтала отырып, «кеңестік медицина принципі – бәріне кең көлемді тегін көмек көрсету» деді. Одан ары қарай денсаулық сақтау саласына қатысты секция даярлаған тезистер мен қаулы жобасын оқыды. Қырденсаулық сақтау баяндамасы бойынша қабылданған 14 пункттен тұратын тезистердің соңында «Қырғыз денсаулық сақтау халкоматын, губерниялық, уездік және қалалық денсаулық сақтау бөлімдерін ұйымдастыру» принциптері көрсетілді. Съезд секция қаулысын бірауыздан бекітті.
Жаңа құрылған Денсаулық сақтау халкоматы өз жұмысын бірден бастап кете алмады. Бұрынғыша Қазревком құрамындағы денсаулық сақтау бөлімі жұмыс істеді. Халкомат жұмысына Коллегия мүшесі, халком орынбасары әрі 1920 жылдың 13 қазаны – 18 қарашасы аралығында ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомы міндетін атқарған А.А.Демченко жетекшілік жасады. Ол 1921 жылдың қарашасына дейін ҚАКСР Денсаулық сақтау халкомының орынбасары қызметін атқарып, 1924 жылдың қаңтарына дейін Коллегия мүшесі болып, ҚАКСР денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуына қал-қа­де­рінше еңбек сіңірген тұлға еді. Бірақ, Ден­саулық сақтау халкомы М.С.Шамов ҚАКСР Кеңестерінің 2-ші бүкілқазақтық съезіне даярлаған есебінде денсаулық сақтау халкоматының іс жүзінде құрылған күні деп 1920 жылдың 15 желтоқсанын көрсетеді.
ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматына РКФСР Бас санитарлық басқармасы берген 105-ші Орынбор Эвакопункті материалдық-техникалық негіз болды. Бұл 105-ші Орынбор Эвакопунктін алу үшін ҚАКСР Денсаулық халкомы 4 ай бойы үздіксіз жеделхаттар, радиограммалар мен жазба хаттар жолдап, халкомат жұмысын ұйымдастыруға материалдық-техникалық база мен маман­­дардың қажеттігін дәлелдеумен болған. Міне, осындай жұмыстардан кейін барып, 1921 жылы маусым айының соңында Заволжск округінің госпиталі барлық медсанмүлкімен, медициналық және әкімшілік-шаруашылық құрамымен Қырден­саулық қарамағына берілді. Осы госпиталь қаржысы мен қызметкерлерінің арқасында халкоматтың негізгі бөлімдері құрылып, губденсаулық бөлімдері нығай­тылады. Бұған дейін қарамағында жартылай сауатты 10 қызметкері ғана болған халком М.С.Шамов 5-6 ай бойы Орынбор губден­саулық бөлімінің екі бөлмесінде отырып, ҚАКСР территориясындағы жұмыстарды жалғыз өзі ұйымдастыруға мәжбүр болған.

ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР МЕН ІНДЕТТЕР

Жаңа құрылған Денсаулық сақтау халкоматы Қазақстанды жайлаған жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы бетпе-бет келді. 1920-1921 жылдары Қазақстанда мынадай ауру түрлері жиі кездесті: бугорчатка (құрт ауруының түрі, өкпе ауруы), тышқақ (дизентерия), күл ауруы (дифтерия – (corynebacterium diphtheriae (лёффлер бацилласы, дифтериялық таяқша) бактериясынан туындайтын жұқпалы ауру, көбінесе тіл, тамақ, жұтқыншақ, тері және басқа да органдарды зақымдайды), шошқа ауруы (заушница эпедемический (свинка) – без ағзаларын іріңсіз зақымдайтын ұшпа жұқпалы ауру), көкжөтел (коклюш), қызылша (корь), круп (3 жасқа дейінгі балаларда кездесетін тыныс алу мүшелерінің ауруы), өкпе қабынуы (крупозная), безгек (малярия), жұмсақ шанкр (жыныс жолымен берілетін жұқпалы ауру), шешек (оспа), қара шешек, жел шешек, кәдімгі шешек, ауыспалы (үзіліссіз) безгек (перемежающаяся лихорадка), алапес (проказа), рожа (теріде және жалпы құбылыстармен байқалатын ұшпа жұқпалы ауру), Сібір жарасы (Сибирская язва), мерез (сифилис), жәншау (скарлатина), сүзек (тиф) бөртпе сүзек, іш сүзегі, қайталанған (қайталанбалы) безгегі, белгісіз безгек, трахома (хламидиоздан туындайтын, соқырлыққа алып келетін созылмалы инфекциялық көз ауруы), тырысқақ (холера), қырқұлақ немесе діңгене (цынга), оба (чума) сияқты жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттер қазақ губернияларын жайлап жатты.

ХАЛКОМАТ АППАРАТЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

1921 жылдың күзіне қарай Денсау­лық сақтау халкоматы жұмыс аппара­тының негізгі сұлбасы қалыптасты. Халкомат құрамында фармацевтикалық, ұйымдастыру-нұсқау, санитарлық-статис­калық, санитарлық-эпидемио­логиялық, емдеу, қаржы-сметалық, іс-басқару, санитарлық ағарту, балалар денсаулығын сақтау, ана мен сәби денсаулығын сақтау, санаторий-курорт, баспа, жалпы жабдықтау бөлімдері, тіс дәрігерлік секциясы мен Ғылыми-медициналық кеңес жұмыс істеді.
Орынбор губерниясының денсаулық сақтау бөлімі мен ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанынан құрылған Ғылыми-ме­дициналық кеңес 1920 жылы 24 мәжіліс өткізсе, 1921 жылдың 1 қаңтары мен 24 та­­­мы­зы аралығында барлығы 13 мәжіліс өткіз­ген. Осыдан-ақ, 1920-1921 жылдары ұйым­­дастыру жұмыстарының қаншалықты ты­ғыз әрі шұғыл жүргізілгенін байқауға болады.
1921 жылдың 1 шілдесіне қарай ҚАКСР бойынша барлығы 4 505 орынды құрайтын 107 аурухана жұмыс істесе, оның 29-ы (2 390 орын) губерниялық қалаларда, 78-і (1 805 орын) уездерде болды. Сонымен қатар, 385 фельдшерлік пункт, 51 амбулатория, 40 тіс амбулаториясы жұмыс істеді. Осы емдеу мекемелерінде 235 дәрігер, 32 тіс дәрігері, 631 фельдшер, 75 акушер, 219 мейірбике, 29 фармацевт, 1 983 төменгі деңгейлі қызметкер жұмыс істеген. ҚАКСР сияқты алып республика үшін бұл көрсеткіш теңізге тамған тамшыдай ғана болатын.
Осындай жағдайда, 1922 жылы 6 жел­тоқсанда жұмысшыларға емдеу бойынша көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау халкоматының емдеу бөлімі және губерниялық денсаулық сақтау бөлімдері құрамынан жұмысшыларға көмек бөлім­ше­лері (жұммед) құрылды. 1924 жылы ақпанда Жұммед Денсаулық сақтау халкоматының жеке бөлімі болып қайта құрылды.
1925 жылы 3 наурызда ҚазОАК Президиумы «Денсаулық сақтау халкоматы туралы ережені» бекітті. Ережеге сәйкес, Денсаулық сақтау халкоматы ҚАКСР халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған іс-шараларды әзірлейтін және жүзеге асыратын жоғарғы үкіметтік орган болып табылды. Халкомат денсаулық сақтау жүйесіне қатысты барлық қаулылар мен бұйрықтарды тікелей немесе ҚАКСР заң шығару органдары арқылы даярлады және жүзеге асырды. Халкомат халыққа ем-дом көмегін ұйымдастыруға; қалалар, тұрақтар мен ауылдарды санитарлық бақылау мен санитарлық абаттандыруға; еңбекке жарамсыздық істері жөніндегі медициналық сараптама және сот-медицина істерін жүргізуге; ана мен сәби, бала денсаулығын қорғау және өскелең ұрпақты дене тәрбиесі мәдениетіне баулуға; дәріхана ісін, санитарлық ағарту мен санитарлық статистиканы ұйымдастыруға; әлеуметтік және жұқпалы аурулармен күресуге; денсаулық сақтау саласына қатысты ғылыми-практикалық мәселелерді даярлауға; медициналық білім беруді ұйымдастыруға қатысуға; денсаулық сақтау мекемелері қызметіне басшылық жасауға міндетті болды. Халкомат жанынан Коллегия, жоспарлау комиссиясы, медициналық оқу кеңесі, Орталық жұмысшы-сақтандыру кеңесі, Өлкелік санитарлық-техникалық кеңес пен Жезөкшелікке қарсы күрес жөніндегі өлкелік кеңес құрылды.
1925 жылдың қаңтарынан бастап ҚАКСР қалаларында еркін қызмет ететін дәрігерлерге науқастарды жүйелі түрде тіркеуге алу міндеттелді. Бірақ, ҚАКСР-інің көшпелі аудандары әлі де медицинадан алыс қала берді. 1925 жылы 6-9 қазанда ҚАКСР-інің құрылғанына 5 жыл толуына орай өткен мерекелік 5-сайланған Қазаткомның 2-сессиясында халком М.С.Шамов «Көшпелі халыққа медициналық көмек көрсету» деген тақырып бойынша баяндама жасап, көшпелі қазақтар арасында жұмыс істеген жылжымалы дәрігерлік-тексеру отрядтарының жұмыс қорытындысына орай жиі кездесетін ауру түрлеріне тоқталып, олармен күресу жолдарын ұсынды.
1926 жылы қаңтарда қабылданған «Қалыпты болыстық (аудандық) денсаулық сақтау ұйымын құру негіздері туралы» РКФСР БОАК және ХКК-нің қаулысына сәйкес, Денсаулық сақтау халкоматы ҚАКСР территориясында болыстық денсаулық сақтау ұйымдарын құруды қолға алады. Бірақ, мұның барлығы негізінен оты­рықшы тұрғындарды ғана қамтып, қазақ халқының көшпелі бөлігі үшін меди­циналық көмек жүйесі қолжетімсіз болды.
1926 жылдың желтоқсанынан бастап ­Жоспарлау комиссиясы мен Ғылыми кеңестің орнына Денсаулық сақтау халкома­тының жанындағы кеңесші орган болған, жылына бір реттен көп шақырылмайтын Санитарлық кеңес құрылды. Сонымен қатар, халкомат жанында Республикалық байқау комиссиясы мен Үнемдеу режимін жүргізу және үнемдеу үшін жүргізілген күрес қорытындысын шығару жөніндегі уақытша комиссия, республиканың сот-медицина сарапшысы жұмыс істеді.
1927 жылы 16 ақпанда БК(б)П Қазөл­кеко­мының бюросы М.С.Шамовтың ҚАКСР халқына медициналық қызмет көрсету туралы баяндамасын тыңдап, халкомат жүргізіп жатқан іс-шараларды дұрыс деп тапты. 1927 жылы 2 сәуірде М.С.Шамов алғаш рет ҚАКСР Кеңестері­­нің бүкілқазақстандық алтыншы съезіндегі баяндамасында 1920–1927 жылдардағы өл­ке­дегі денсаулық сақтау жүйесінің қалыпта­суы мен дамуына шолу жасады. Съезд баяндама негізінде 16 пункттен тұратын қаулы қабылдап, жүйені жетілдіруге қатысты нақты міндеттер қойды.
1927 жылы мамырда халкомат құра­мында ана, сәби және бала қорғау бөлімі ұйым­дастырылды. 1927 жылы 5 маусымда ҚАКСР ХКК-нің қаулысы бойынша Әлеуметтік қамсыздандыру халкоматы мен оның жергілікті органдары жойылып, оның қызметі Денсаулық сақтау халкоматы мен Қаржы халкоматына бөлініп берілді. Осыған сәйкес, 1927 жылдың қыркүйегінде халкомат аппараты қайта құрылды. Санитарлық-эпидемиологиялық, ана, сәби және бала қорғау, әкімшілік-ұйымдастыру және емдеу-профилактикалық бөлімдері жойылып, олардың қызметі инспекторларға жүктелді. Медициналық білім беру мәселесі Ағарту халкоматына берілсе, жергілікті органдар – уездік, облыстық және губерниялық денсаулық сақтау бөлімдері – сәйкесінше атқару комитеттеріне берілді.
1928 жылы 2 мамырда 1920-1927 жылдар аралығында қатарынан 6 рет халком болып сайланған М.С.Шамов Свердловск қаласына басқа қызметке ауыстырылып, М.Қ.Тәтімов халком болып тағайындалды. Көп ұзамай, 1923 жылдың наурызынан бері халком орынбасары қызметін атқарып келе жатқан М.М.Шомбалов Қазақ өлкелік дәріхана басқармасының төрағасы қызметіне ауыстырылып, бұл орынға К.М.Стацинский бекітілді.
1928 жылы 22 қыркүйекте ҚазОАК қаулысы бойынша Әлеуметтік қамсыз­дандыру халкоматы мен оның жергілікті органдары қайта құрылып, Денсаулық сақтау халкоматына берілген оның бұрынғы қызметі өзіне қайтарылды.
1933 жылы 23 желтоқсандағы КСРО ОАК мен ХКК-нің «Мемлекеттік санитар­лық инспекциясын ұйымдастыру туралы» қаулысы бойынша одақтас респуб­ли­ка­лардың Денсаулық сақтау халкоматтары құ­рамынан мемлекеттік санитарлық инс­пек­цияларды ұйымдастыру қажет деп табылды.
1935 жылы Денсаулық сақтау халко­матының жұмыс аппараты төмендегідей басқармалар мен секторлардан құралды: іс басқару, кадрлар, емдеу-профилактикалық, қаржы, құрылыс, аурухана жанындағы шаруашылық, эпидемиялық, балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру, балалар ауруханалары, қаржы-жоспарлау, ана мен бала қорғау, мемлекеттік санитарлық инспекциясы, статистикалық және безгек топтары. Халкомат осындай жұмыс аппаратымен 1936 жылдың желтоқсанында Қазақ КСР Денсаулық сақтау халкоматы болып қайта құрылғанға дейін жұмыс істеді.

ОРЫНБОР МЕМЛЕКЕТТІК ШЕШЕККЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ ИНСТИТУТЫ

1920 жылы 24 желтоқсанда Денсаулық сақтау халкомы М.С.Шамов Орынбор қаласында дәрігер А.А.Черногоровпен бірге алғашқы құрамы 17 адамнан құралған Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институтын ашты. Институт ашылған күні оның қарамағына 7 бұзау беріледі. Институт меңгерушісі А.А.Черногоровтың басшылығымен 1921 жылы қаңтар айында осы бұзаулардан 370 200 дозалық жоғары сапалы шешек детриті мен лимфасы алынған. Ақпан айында институт тағы да 7 бұзау алып, одан 364 000 доза детрит алса, наурыз айындағы 7 бас бұзаудан 321 800 доза, сәуір айындағы 4 сериядағы 7 бас бұзаудан 306 000 доза, барлығы – 1 362 000 дозалық детрит алынған. Осы дозаларды тыңғылықты ғылыми негізде тексеру барысында, Институт 1921 жылдың 25 тамызына дейін 701 400 доза екпе шығарса, 1921 жылдың қазаны қарсаңында оның саны 800 мыңға жеткізілген. Осы институттың нәтижелі жұмысы барысында 1921-1922 жылдары шешекке қарсы барлығы 5 миллионға жуық детрит дозасы шығарылып, ҚАКСР тұрғындарын шешектен сақтау шаралары ұйымдастырылды. 1922 жылдың екінші жартысында РКФСР аумағындағы 10 институттың бірі болған Орынбор мемлекеттік шешекке қарсы екпе институты жабылды.

ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР МЕН ІНДЕТТЕРГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

1921 жылдың жазында Қазақстанда 3 230 орындық госпитальдар жүйесі жұмыс істеді. 1921 жылы маусымның соңында ҚАКСР территориясына Самарадан келген тырысқақ індеті жайылып, ол тамыздың соңына дейін жалғасқан. Осы індетпен 13 789 адам ауырып, 5 706 адам қайтыс болған. 1920-1921 жылдары Қазақстанда ең көп таралған қырқұлақ (діңгене), шешек, жәншау (скарлатина), Сібір жарасы, тышқақ, безгек, көкжөтел, тырысқақ, бөртпе сүзек, іш сүзегі, қайтпа сүзек, белгісіз сүзек, туберкулез, бруцеллез, сифилис және т.б. індеттері мен жұқпалы ауруларына қарсы шұғыл шараларды қолға алу қажет болды.
Мысалы, 1920 жылы Қазақстан бойынша ресми тіркелген аурулар (тіркелмегені қанша екенін бір Алла біледі – С.Ш.) саны төмендегідей болды: діңгене – 6 186 адам; қара шешек – 2 575; жәншау – 1 589; қызылша – 1 887; көк жөтел – 2 138; күл ауруы – 1 589; іш сүзегі – 16 591; бөртпе сүзек – 31 435; қайталанбалы сүзек – 28 982; белгісіз сүзек – 6 271; тышқақ – 11 447; тырысқақ – 14; Сібір жарасы – 225; безгек – 35 572 адам.
Ал 1921 жылы ҚАКСР бойынша 350 005 адам жұқпалы аурулармен ауырған. Атап айтқанда: қара шешекпен 4 776 адам, жәншаумен 42 230 адам, күл ауруымен 3 225 адам, қызылшамен 8 523 адам, көк жөтелмен 7 881 адам, іш сүзегімен 21 152 адам, бөртпе сүзекпен 19 057 адам, қайталанбалы сүзекпен 61 792 адам, белгісіз сүзекпен 11 153 адам, тышқақпен 35 502 адам; азиялық тырысқақпен 30 006 адам, өкпе туберкулезімен 9 430 адам, бугорчаткамен 2 410 адам, бастапқы және 2-ші деңгейлі мерезбен 6 518 адам, жұмсақ шанкрмен 26 адам, безгекпен 767 адам, 47 242 адам белгісіз аурулармен ауырғаны тіркелген. 1921 жылы жұқпалы аурулармен ауырған 3 387 адам ғана ауруханада жатып емделген. Біз тағы да тек тіркелген ауру түрлеріне қатысты статистикалық деректерді ғана көрсетіп отырмыз.
Жұқпалы ұшпа аурулар мен індеттерге қарсы күрес жұмыстарын жүйелі жолға қою үшін 1921 жылы 1 желтоқсанда ҚАКСР Денсаулық сақтау халкоматы жанынан Орталық төтенше санитарлық комиссиясы ұйымдастырылды. Індетті аурулармен күреске барлық күш пен мүмкіндікті жұмылдыру мақсатымен құрылған Комиссия құрамына денсаулық сақтау халкоматының өкілдері мен Бүкілресейлік төтенше комиссиясының өкілетті өкілі (ПП ВЧК) кірді. Комиссия жанынан бақылау, ревизиялық, жабдықтау, жөндеу және т.б. комиссиялары құрылды. Комиссия жұмысына кәсіподақ, әйелдер және комсомол ұйымдары мен еңбекші халық өкілдері тартылды. Жергілікті жерлердегі губаткомдар жанынан індеттерге қарсы күрес жөніндегі бақылау мен нұсқауларды жүзеге асыратын төтенше санитарлық комиссиялар ұйымдастырылды.
1922 жылдың сәуір – қыркүйек айлары үшін халық денсаулығын сақтау бойынша жасалған есептен ҚАКСР бойынша жүрген төмендегідей жұқпалы аурулардың тіркелгенін көруге болады (1-кесте):

Бұл кестеден сәуір-маусым айларында сүзектің жоғарғы қарқынмен жүріп, шілдеден бастап оның төмендегенін көруге болады. Бөртпе сүзекпен ауырған 6 385 адамның 809-ы ғана (12 %) ауруханада емделген екен (2-кесте).

Қайталанбалы сүзекпен ауырған 16 797 адамның 2 874-і ғана (17 %) ауруханада емделген. Қайталанбалы сүзекпен ауырғандардың саны үлкен індеттің болғанын көрсетеді (3-кесте).

Кестеден іш сүзегімен ауырған адамдардың саны шілдеде төмендегенін байқауға болады. Іш сүзегімен ауырған 3 313 адамның 1484-і немесе 44 %-ы ауруханаға жатқызылған (4-кесте).

Кестеде көрсетілген уақыт ішінде 4 776 адам белгісіз сүзекпен ауырып, басқа сүзек түрлерінің 20 %-ын құраған. Ауырғандардың 550-і немесе 11 %-ы ауруханаға жатқызылған (5-кесте).

Тырысқақпен ауырғандардың 4 733-і немесе 58 %-ы қайтыс болған. Тырысқақпен ауырғандардың 1 764-і губерниялық қала тұрғындары болып, олардың 907-і немесе 51 %-ы қайтыс болса, ауырған 6 394 уезд тұрғынының 3 826-ы немесе 59 %-ы қайтыс болған. Қалалық жерлерде ауырғандардың 30 %-ы ауруханаға жатқызылса, бұл көрсеткіш уездерде 14 %-ды құраған. Тырысқақ – өлім-жітім жағынан көрсеткіші жоғары, ең қауіпті індеттің бірі болған (6-7-кесте).

Кестеден безгек ауруының ең жоғары көрсеткіш беріп отырғанын көруге болады. Әсіресе Орынбор және Орал губернияларындағы көрсеткіш өте жоғары болған (8,9,10-кесте).

ҚазОАК-і мен Қазхалкомкеңес жоғарыда біз санамалап көрсеткен жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күресті ұйымдастыра отырып, 1920-1921 жылдары ҚАКСР Денсаулық сақтау жүйесін қалыптастырудың алғашқы қадамдарын жасады. Жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күрес барысында халкомат аппараты құрылып, оның негізгі бөлімдерінің жұмысы қалыптасты. Егер 1921 жылдың соңында ҚАКСР бойынша емдеу жүйесі 9 227 орыннан тұрса, 1922 жылдың 1 қаңтарында 9212 орын болды. 1922 жылдың қаңтарынан бастап жүргізілген әкімшілік аппарат пен емдеу жүйесіндегі қысқартулар нәтижесінде, 1922 жылдың 1 қарашасында емдеу жүйесіне қарасты 4 305 орын қалып, 53 %-ға қысқарса, әкімшілік аппараты 300 %-ға дейін қысқарып қалды. Бұл ҚАКСР-де қалыптасқан қиын жағдайдың көрінісі еді. Азамат соғысы, азапқа толы өлке, бірінен соң бірі келген індеттер, 1921-1922 жылдардағы аштық, қаржының жоқтығы, міне, осылардың барлығы жиылып келіп медициналық-санитарлық істі құлдыратып жіберді. Бұл қысқартулар Кеңес Одағы бойынша жүргізілген еді. РКФСР бюджетінен ҚАКСР-індегі денсаулық сақтау саласы үшін 1921 жылдың соңына дейін 3 421 орын мен 2 541 медицина қызметкерін ғана қам­тамасыз ететін қаржы бөлінді. Меди­ци­на­лық құрам барлық губернияларда жетіспеді.
1922-1925 жылдардағы қаржы дефициті салдарынан жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күрес деңгейі өте төменгі дәрежеде болды. Соның салдарынан, ҚАКСР аумағындағы жұқпалы аурулар өрши түсті. 1925-1926 жылдары халық арасында ең көп тараған жұқпалы аурулар төмендегі кестедегідей болды (11-кесте).

Бұл кестедегі аурулар саны тек тіркелген науқастарға ғана қатысты екені түсінікті. 1927 жылы 28 наурыз – 3 сәуір аралығында өткен ҚАКСР Кеңестерінің 6-шы бүкілқазақтық съезінің 2 сәуірдегі кешкі он бірінші мәжілісінде «Қазақстандағы денсаулық сақтау туралы» баяндама жасаған халком М.С.Шамовтың: «Бұл статистикалық мәліметтердің барлығын біздің желінің халықтың тек шамамен 1/3-ін ғана қамтитынын ескеріп барып қабылдаған жөн. Егер біз бұл статистикалық мәліметтерді екіге, тіпті үшке көбейтіп барып айтсақ та үлкен күнә бола қоймас» дегенін де ескергеніміз жөн. Сонда ғана, шамамен ҚАКСР аумағындағы аурулар саны мен қозғалысының шынайы картинасына жақындайтынымыз ақиқат.

(Жалғасы келесі санда)

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.