ЖАНЫМЫЗ ОТҚА ТҮСКЕНДЕЙ…

Ділдар МАМЫРБАЕВА,
жазушы

Қазір күллі халықтың көңіл-қошы жоқ. Көзге көрінбейтін, қолыңа ұстай алмайтын бір тажал зәре-құтыңды ұшырып тұр. Жалпы адамзат тарихы қорқынышты аурулардың жеке-жеке дәуірлерін басынан өткеріпті. ХІХ ғасырдағы дүние жүзіне тараған тырысқақ (холера) ауруы, эпидемия тарихына көп қайғылы беттер қосқан, «қара өлім» деп аталған оба ауруы, одан кейінгі сары ауру эпидемиясы, безгек, сүзек, алапес, дизентерия…
Осы індеттердің тарихына қарап, таралу себебін іздесең – бейқамдық екен. Тырысқақ ауруы шыққанда, бұл алыс елдерге тараған эпидемиялық ауру, Еуропаға одан қорқудың жөні жоқ деп жайбарақаттыққа салынып жүргенде Қытай арқылы Ресейдің еуропалық бөлігіне жетіпті. Одан Орынбор, Одесса, Мәскеу, Германия, Франция, Англия, Солтүстік Американы жаулаған. Бір таңқаларлығы, Германияның кейбір қалаларына тарамаған. Тырысқақтан сақтанудың басты шарты – гигиена, тазалық сақтау, қолды уақтылы жуу болған. Немістер соны қатты ұстаныпты.
Оба хабарлары ең сұмдық хабарлар болған. Халықты жойып жіберумен тынбай, тұрмысты күйзелтіп, мәдениетті жұтаңдатқан. Қарапайым жұрт одан сақтанудың тәсілін білмеген. Обадан қорғану қиын болған. Одан қорғанудың басқа құралдарын айтпағанда, оның микробтары дем алғанда ішке кіріп кетпеу үшін бетперде (маска) киген. Киюді міндеттеген. Кимегендер жазаланған.
Бұл ауруларды ғылым жаңалықтары, жекелеген дәрігерлердің ерліктері жеңген. Голландтық дәрігер Ван Тюльптың «Басқаларға жарық түсіре тұрып, өзім жанып кетейін» деген сөзі ұранға айналған. 73 жастағы профессор гигиенист Макс Петтенкофердің тырысқақ ауруының қолдан өсірген микробын жұтып қойып, оның вакцинасын табуы әлем жұртшылығын таңқалдырса, қазіргі тәжтажал тұсында адам өмірі үшін жанқиярлықпен күресіп, өз денсаулықтарын, тіптен өмірлеріне қатер төндіретін қиындықты бастарынан өткеріп отырған біздің дәрігерлердің еңбектері де ерлікке пара-пар.
Олар туралы жазылар Алтын кітап болашақтың еншісінде.
Ендеше, бұрынғыдай топырлап той мен астан қалмай жүре беруді қазіргі кезең көтермейді. Санитарлық норма мен тазалық ережелерін сақтау әдетімізге енуі керек. Ұлт болып аман қалуымыздың алғашқы қарапайым қадамы осылар болуы тиіс. Адамзатты құтқару жолындағы күресте бірлік деген қасиет жоғалмаса екен.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.