БӨЛТІРІК ШЕШЕННІҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

Әдебиет тарихында әлі күнге толымды зерттелмей, тиісті бағасын ала алмаған дәуір – ХІХ ғасыр әдебиеті. Әсіресе, бұрынғы Қоқан хандығының қол астында болған Қазығұрт-Қаратау аймақтық әдеби мектебі өкілдерінің мұраларын зерттеу мәселесі бір ізге түсіп, тиісті бағасын алған жоқ. Кеңестік тоталитарлық қыспақ-жүйе қазақ рухының астанасы болған түстік өңірдің әдеби-тарихи баянын толымды зерттеуге тосқауыл қойып, «дін – апиын» қағидасын бетперде етіп, «ұлт рухын оятып жіберуден» барынша сақтана қарап, жол бермегені мәлім. Мұны бір ғана әдеби жәдігерлерді қайта сын тезінен өткізіп, түгелдей бастағаннан-ақ пайымдауға болады. Уақыт таразысы «әдебиеттің – асыл мұра» екендігін соны таным негізінде жүргізіле бастаған зерттеулермен тағы бір түйіндеп берді, халық рухының қайнар әлеміндегі орны барынша жарқырап, айқындала түсуде. Бірақ, әдеби көмбелеріміздің ашылмаған, қаралмаған, зерттеулер мен зерделей түсуді қажет ететін тұстары бар екендігін әлі күнге белгісіз әдебиет өкілдерінің мұраларын тапқан сайын көз жеткізе түсеміз.

Тіпті көне дәуірге бармай-ақ, әдебиет тарихы хатқа түсті деген ХІХ ғасырдан бері қарастырғанның өзінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби мұралардың әлі де түгесіле зерттелмегенін, жиналып бітпегенін, қайта қарастырылуы тиіс тұстарымыздың молдығын көрсетіп те отыр. Кәрі Қазығұрт пен көне Қаратаудың аралығын мекен еткен кеймана қазақтың әдеби мұралары әлі түгесіле зерттелген жоқ. Жиналып бітті деуге де негіз жоқ. Мәселен, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы Италмас, Сүйіндік, Кенжебай, Қалыбай, Кейкі, Бәйімбет, Жылқыбай мен Оңғарбай шешенді, «Қара торғай» атанған Құрбанкүлді екінің бірі біле бермейді, молда Мұсаны, молда Мәдиді, Өзбекті, Қазанғап пен Орынбайды, Асан мен Жолбарысты естігенімен көпшілік олардың мұраларынан беймағлұм. Майкөт пен Құлыншақтың, Мәделі мен Нұралының өмірбаяны, шығармашылық мұрасы зерттеліп, бір ізге түскен жоқ. Кейде Оңтүстік халқы «діншіл» деген кеңестік таным-түсініктің әлі де сүйретіліп жүргеніне таңғаласың. Бұған қазақтың күңгейінің (бұрынғы Түркістан өлкесі) Қоқан хандығының отарында болуының түпкі себептері ашылмауының да әсері аз болмаған секілді. Күңгей ақындары туралы алпысыншы жылдары халық ақыны Көпбай Әлімбетов «Ақындарға арнау» өлеңінде әспеттеп былай деп жырлаған екен.
Балта ақын, Мәделі мен өткен Майлы,
Қылышбай, Қуандықтар
жұртқа жайлы.
Италмас, Үсібәлі, Жылқыбаймен,
Сауытбек- өрен жүйрік, сөзге сайлы.
Қазанғап пен Нартай да көп айтысты,
Әз тұтып, ұмытпаймыз Орынбайды.
Жазуға Нұралы, Өзбек терең еді,
Мадияр- бидайықтай перен еді.
Құрбанкүл- «Қара торғай» лақап алып,
Шығарған ән мен өлең өнегелі… [Қазығұрт ҒЗО қолжазбалар қоры. № 1 папка, 2 дәптер]
Кезінде елі ардақ тұтқан ақындардың басына түскен тағдыр-талайы, кейбірінің ата мұрасын қастерлеп сақтамауы, әдеби мұралардың дер кезінде жиналмауы немесе зерттеушілердін «таба алмауы» – көзі бітелген бұлақтай, ақын мұрасының «өшіп кетуіне» аз ықпал жасамағаны тарихтан мәлім.
Отаршылдыққа қарсы қатты көтерілген дастан жанрының ұрпақ тәрбиесіндегі орны өлшеусіз екені мәлім. Халықтың кемелдігі болған жауанмәртіліктің (жомарттықтың) көрінісі – бір ауыз айтылған хақ сөзге тоқталуынан көрінді. Бөлтірік заманында да би-шешендердің беделі биік болды. Майкөт пен Ұлбикенің тұсында сөзге тоқтаған, шекараны көңілмен сызып, тәрбие мен тағлым өлшеміне іргетас болған ата дәстүрін Қағба еткен Қазақ үшін сөз түйіні еркіндіктің қанатындай, өмірінің болмысындай бағаланды. Біз қазір фольклор деп топтастырып, қарастырып жүрген ұғымның аясынан асып төгілер шешендік сөз өнерінің қайым қасиеті ХІХ ғасырда да өз биігінен түспеген еді. Сол үшін де сөз өнерінің қайнар бұлағы ұлттық билік қасиетін төмендету – отаршылдардың басты арма­ны болды. Құдайға тәубә, Егеменді елдің болашағы – жас ұрпақтың келешегі түбінде көрініс берер ұлттық танымға түйін­дел­генде ғана баянды болмағын енді ғана ұғына бастағаны да көңіл қуантады. Хас өнердің аса ірі өкілінің бірі – Бөлтірік Әлменұлының кейбір сөздері басқаша нұсқада таралуы да шарттылық. Сөз өнеріндегі асылдың сынығы, қазақ ше­шен­дік өнерінің дүлдүлі сонау Майқы, кейінгі Төлелердің алтын тұяғы Бөлтірік ше­шеннің әлі күнге беймәлім нақыл сөз­дері Сіздерге жол тартты, құрметті оқырман.

ЫСТЫ БӨЛТІРІК ШЕШЕННІҢ ЖАҢАДАН ТАБЫЛҒАН НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

Тіл – қоғам, сөз – жәрдем.
***
Сөйлеуші мыжың болса, тыңдаушы шыжың болады.
***
Адамның көңілі – гүл.
***
Есіңе алсаң сақтарсың ескі асыңнан.
***
Жаманның көңілі – құрқылтайдың ұясындай.
***
Кішкене қатын асығыс, кішкене қазан тасығыш.
***
Қайындаған күйеуден, қарғылаған тазы артық.
***
Майға ерген дене азбайды, майлыға ерген ер азбайды.
***
Мүйізгөгі бар інген қайымайды, дәулетке асыққан жігіт байымайды.
***
Бітісі жаман қамысты, су ішінде өрт алар.
***
Жүрісі жаман жігітті, ел ішінде жау алар.
***
Қубас айғыр құлын талайды.
***
Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды, қызды ауылды жігіт мақтайды.
***
Мен-мендіктің тобасы жүрмес,
Аштың ауы жүрмес.
***
Аман, Аман десе жаман.
***
Қазақ: қазақтың көрген күні азап, көшіп жүрген жері ғажап.
***
Басты бұзған балта, мұрынды бұзған маңқа, биді бұзған қалта.
***
Әркім қылар өзіне, сүйме сүйкер көзіне.
***
Іште қамау болғанша, сыртта талау болсын.
***
Бар жекжат қиянда болмасын, жоқ жекжат жолыңда болмасын.
***
Төркінге сенгеннің төбесі жарық.
***
Қосылған озар, айырылған азар.
***
Бар әлінше, жоқ барынша.
***
Ғаріптің ісі қараңғыда.
***
Бай баласын қойдың құмалағын ішкізіп жазады.
***
Сүйектің майы сүйекті қабады.
***
Тас түссе талайыңнан.
***
Бір деп білектен, екі деп етектен ұстаған соң.
***
Кенже қозы сүтпен теңеледі.
***
Өз ақылым ақыл – ақ, кісі ақылы – шоқырақ.
***
Енеңді Үшқорғаннан бір-ақ көрерсің.
***
Бүгінде жұрт аяғымен жүрмейді, аузымен жүреді.
***
Ағайынды алтау едік, өле — өле жетеу болдық.
***
Құлдың тапқаны бидікі.
***
Шап – шап ат өлтіреді,
сал – сал құс өлтіреді.
***
Қоңсың соқыр болса, көзіңді қыс.
***
Базарға бар да, бағаңды сына!
***
Күң кетерменмен қорқытады.
***
Өзен жағалағанның өзегі талмайды.
***
Тамыр тартқан тарықпас.
***
Елдің ағасы болғанша,
судың сағасы бол.
***
Дарияның қасынан құдық қазып
болмайды.
***
Ешкі егіз табады, ит сегіз табады.
***
Өсер бала — өңлес.
***
Бәлеліге бармағың тықпа, ішінде тырнағың қалады.
***
Ілгері кеткеннің иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұрлық қылады.
***
Кезеген аяқ боқ басады, ойнақтаған от басады!
***
Бәрі таздың салдары.
***
Ит қарғысы бөріге жетпейді.
***
Қанды қалпақ кисе де, қайыспайды туысқан,
Қырық жыл қырғын болса да, жұтамайды сауысқан.
***
Әлі келмеген – әлемші.
***
Бөрі тыңдағандай боп жүру керек.
***
Бөрі жеген бөксем бар,
иттеп несіп аяйын.
***
Көсе қарығанын білмейді.
***
Керекке терек жығылыпты.
***
Көп ұнатқанды Құдай да ұнатады.
***
Бір тентек айдалаға от жағып, қай жағынан шалқиды! – деген екен.
***
Мал егесіне тартпаса,
майтабан болады.
***
Негізінде тоймаған, басқаның шөбін қоймайды.
***
Сөзді сөйле ұққанға, жанды жанға сұққанға.
***
Той өткенше даңғыра.
***
Арманы – қатты, дерті – зор.
***
Аға қордан, іні зордан.
***
Ер жақсысы қос табар.
***
Екі адам ұрысса – дәлелетпін.
***
Дуананы ұрсаң мазарға қарай қашар.
***
Бұзаудың қашағандығы сабанханаға дейін.
***
Ағайын сөз жәрдемін береді, бөз жәрдемін бермейді.
***
Кемеңгер кеңес таппай қалмайды,
Кер кеткен оның тілін алмайды.
***
Тисе беске, тимесе қайқы төске.
***
Зер қадірін зергер біледі, шіліңгір нені біледі.
***
Арамы бала өлмейді, ол ауырмайды.
***
Кеңге кесел, тарға зауал.
***
Тентекке Тойтөбе де сөз бе екен?
***
Өлгендердің артынан біз де шейіт.
***
Көрге кірген тірі шықпас, үйге кірген құры шықпас.
***
Жетімнің жеті қарны бар.
***
Бөлтекең табарын табар, елге барсам енесі қабар.
***
Күшәлә жеген жерімде тырыстырады.
***
Бақа сисе, көлге сеп.
***
Үзгенің өтпейді, шымшығаның батады.
***
Өлмеген құл алтын аяқтап су ішер.
***
Танымаған періштеден танитын шайтан артық.
***
Жазғы жуынды – қысқы қатық.
***
Жазда жайыл, қыста қысыл.
***
Пұшық мұрынға – зерек жақ.
***
Өле жаман болмасаң, өле жарлы бомайсың.
***
Шал құйрықтан үш жолға
шейін дәмем бар.
***
Ит баласы тұра азар.
***
Ашыққан ұры болар, ашынған тілді болар.
***
Ашыққаннан құныққан жаман.
***
Кәрі жатса қунайды.
***
Түйе сатқанның түбі – біліс.
***
Өгей ана – бауырсақ, көрде жатып қол бұлғар.
***
Мә, құдағи шараңыз, ашық болды арамыз.
***
Қарадан хан шықса, қасиеті болмайды, көргенсізден би шықса, өсиеті болмайды.
***
Дерт – мейман.
***
Ат түгіл айғыр мінген қатын едім.
***
Тобышақ, тобышақтың үйірі – шақ.
***
Жақыныңа жара салма, алыстағыға күйе жақпа.
***
Ар, намыс – ердің борышы.
***
Көрген көргенін, көсеу түрткенін қылады.
***
Палуанды нықтама, сыпайыны сықтама.
***
Сасыған етке борсығын май, апама жездем сай.
***
Иттен туған құрбандыққа жарамайды.
***
Жаман жүрісінен құл болады, жақсы жүрісінен пұл болады.
***
Тәуіп тәуіп емес, басынан кешкен – тәуіп.
***
Ит алған қуға не сын!
***
Балаң жақсы болса – көңіліңнің хошы, жүрегіңнің тасы.
***
Ақыл – ойдан артық емес.
***
Ағам алғанша, жеңгем жегенше.
***
Күнде майлы төсек болғанша, бір күн қанды төсек болайын.
***
Бөрі тыңдағандай боп жүрміз.
***
Айдың жартысы қараңғы, жартысы жарық.
***
Қалған көңіл шыққан жанмен тең.
***
Біреуден жанбаған етек біреуден жанады.
***
Шала байығанмен қоңсы болма, жаңа үйленгенмен жолдас болма.
***
Бөрі таппағанды кәрі табады.
***
Өзіме жеткілікті өз ақылым,
Басымды кім сыйласа – сол жақыным.
***
Кедейдің егізі екі болмайды, байдың жалғызы екі болады, семізі жеті болады.
***
Екі дүние – бір қадам.

Саттар ӨМІРЗАҚ,
М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ
«Абайтану» ғылыми орталығының
басшысы, ҚР Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.