Қазаққа қарыздармыз

Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлысқа ортақ шаңырақ бола білген әлемдегі жалғыз мемлекет десек, асыра сілтей қоймаспыз. Сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан бастап кешегі тың игеру кезеңіне дейінгі уақытта елімізге, КСРО халықтарын айтпағанда, Қиыр Шығыстағы корейлер мен жапондар да көшіп келген болатын.
Қазақстанға алғашқы корейлер 1920 жылы күріш өсіретін диқан ретінде келді. 1938 жылы Қазақстандағы кәрістердің саны 98454 адам болса, 1959 жылы 74 мың, ал 1999 жылы 99 657 адамға толықты. Оларға тағылған айып – Қиыр Шығыста тұратын кәрістердің түр-түсі мен келбеті жағынан жапондықтарға ұқсастығына байланысты «жапон тыңшылары» болуында. Сол желеу­мен жер аударылып, сенімсіз халық деп танылды. Соған байланысты 1937 жылы 21 тамызда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитетінің №1428-326 қаулысы шығып, кәріс халқын Қиыр шығыс өлкелердің шекаралық аудандарынан қоныс аударту туралы шешімі орындалады.

1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін кезінде кәрістер қазақ жеріне жаппай қоныстана бастады. Сол жылдары Қиыр Шығыстан Орталық Азияға жүздеген мың адам жер аударылды. Қазақстанға ауыр тағдыр арқалап келген кәріс ұлты өздеріне берген атаулары бойынша «корео-сарам» тілі мен мәдениетін сақтап қалды. Бүгінде кәрістердің ең көп шоғырланған жері – Алматы қаласы. Сондай-ақ онда Корей академиялық музыкалық театры жұмыс істейді. Бағдарлама шығарылымы Қазақстанда тұратын корей қауымдастығымен таныстырады.
Қазақстанға көшірілген кәрістер нақты түрде қоныс аударудың екі кезеңін басынан өткерді. Бірінші кезең – 1937 жылдың күзінен 1938 жылдың көктеміне дейін. Олар уақытша босатылған жерлерде болды (жертөлелер, қоймалар, атқоралар т.б.). Өздерімен тек киім-кешек, жолға арналған азын-аулақ азық-түлік қорын алған болатын. 1938 жылдың көктемінен кәрістерді қоныс аудартудың екінші кезеңі басталды. Олар жүк вагонымен тасымалданды. Қазақ жеріне, негізінен, Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарына орналастырылды. Олардың көп бөлігі Алматы мен Жетісу жеріне қоныстанды.
Осы корей халқының Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгендеріне сексен жылдан асты. Қазақстан мен Корей Республикасының арасында дипло­матиялық қатынастардың орнағанына арнап Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қазақстан корейлері қауымдастығы» түрлі іс-шара ұйымдастырады.
Ата-баба салт-дәстүрін келер ұрпаққа ұлықтауды азаматтық парыз санайтын олар «Қазақстан корейлері энциклопедиясы» кітабын шығарды. Еңбекте Қазақстан корейлерінің тарихы, мәдениеті мен тілі туралы мұқият іріктелген ақпарат қамтылған. Мақалалардың жалпы саны 3 мыңға жуық. Сондай-ақ, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, оның аса көрнекті тарихи тұлғалары туралы негізгі елтанушылық мәліметтер қамтылған мақалалар бар. Дегенмен, энциклопедияның айтарлықтай бөлігі корейлердің этнографиясына арналған. Кітапта посткеңестік кеңістікті мекендейтін корейлердің «коре мар» бірегей ауызша тілінің неғұрлым көп қолданылатын 872 сөзі берілген. Энциклопедияда Қазақстан корейлері туралы негізгі дереккөздер мен басылымдар қамтылған қысқаша библиография да бар. Қазақстандағы корейлер жайында жазылған, корейлер жазған түрлі бағыттағы кітаптар көп. Бірақ «Қазақстан корейлері энциклопедиясы» Қазақстандағы өмірі, тарихы, өткен кезеңдермен ортақ байланысы, екі ұлттың тарихта ұштасқан сәттері жазылғанымен құнды. Сонымен қатар, корейлердің бүгінгі Қазақстан үшін ең ірі этникалық топтардың бірегейі, тәуелсіз қазақ елінінің даму жолына қосқан үлестері де жоқ емес.
Қазіргі күнде республикамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі бір кездері тағдырдың айдауымен келген жұрттың ұрпақтары. Олар бүгінгі таңда Қазақстанның тең құқылы азаматтары ретінде өсіп-өніп, қазақ жерінде мәдениет, білім, ғылым, экономиканың дамуына үлес қосып еңбекке араласып, еліміздің дамуына атсалысуда.

Алиса ПАК

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.