ТӘЖ-ТАЖАЛ (Әңгіме)

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Ымырт үйіріле ойламаған тұстан жердің асты үстіне, үсті астына түскендей әлемтапырақ, сұрапыл сұмдық басталды. Әлдеқайдан шаңды дауыл көтеріліп, жолындағылардың барлығын жалмауыздай жапырып, жайпап өтті. Қарақошқылданып түнере түскен аспан жаққа қараудың өзі қорқынышты. Шарт-шұрт ойнаған найзағай қараңғылықты қақ жарып өтіп, жерге от болып түсіп жатты. От түскен жерден ілезде өрт тұтанып, жалыны маңайын шарпи бастады. Қарашобыр қауым бөрі тиген қойдай дүрлігіп, беті ауған жаққа жөңкіле қашты. Аяқ астында қалған шал-шауқан, кемпір-сампыр, бала-шағаның құлындаған жан дауысы төңіректі түршіктірді. Қосүрейлі мүскін топ бірін-бірі жаншып өтіп, қапас қорқынышты қоюлата түсті.
Аспаннан жай оқ болып түсіп, жерден шоқ ұшып жатқан осындай астан-кестең аласапыран аздай, көк күмбездің түбі сөгіліп жүре берді. Суық та ызғарлы торғайдай-торғайдай бұршақ аралас нөсер шелектеп төгіліп, онсыз да елірме күйдегі адамдарды аяусыз соққылады.

– Ақырзаман! Ақырзаман! – деп Әлмерек молда мешіттен көзі атысып, аласұрып атып шықты.
– Апокалипсис! Апокалипсис! – деп шіркеу қызметкері Иван әкей қолдарын көкке сауды.
Оның артынша монастр, монах, священник, поп, архиэпископ атаулы айқұлақтанып есіріп, аттанға аттан үстемеледі.
Жандалбасада бір пірәдардың сәлдесінің бір шеті ағытылып кеткен екен, шұбатылған шүберек аяғына оралып, сүрініп омақаса құлады. Ол сол жатқан жерінен тұра алған жоқ.
– Ей, Құдайдан қорықпаған, әбілет басқырлар! Ақыры сендерді әбілет бас­ты ғой. Абайлаңдар, арам істерден, арамзалықтан аулақ болыңдар деп сендерге Құдайдың зарын айтып, талай ескерттім. Тыңдадыңдар ма мені? Ал, енді не болды? – деп Жағыпар ишан жер бауырлап жатып еңкілдеп ботадай боздады.
Мешітке, шіркеуге, басқа да мықты деген ғимараттарға келіп тығылғандар онсыз да абыр-сабыр күйде еді, ишанның сөзін естіген жоқ. Біреулер «Алла Тағалаға жалбарынып, құлшылық қылыңдар! Құран оқыңдар! Тәубеге келіңдер!» деп өңешін жыртып айғайлап жатты. Құлақ тұңған айғайдан онсыз да үрейлі қауымды бөріктіргендер топ ішінде жұтылып кете барды. Бір-біріне қияметтік серік, өмірлік дос боламыз дескен пенденің желкөрік көкірегі әншейінде екен. Шыбын жандарының қуыс кеуделерінен шығып кетпеуін ойлап шырқыраған пенделердің біріне-бірі қарауға мұршалары жоқ. Бірін-бірі демеу, қолтығынан сүйеу, қамқорлық, жанашырлық деген ұғымдар топас тобырдың кәперіне де кірмейді. Адамды адам танымас долы дүрбелең басталып кеткен еді.
Құдауанда, үш күннен соң көк дауыл ішін тартып тына қалды. Бас сауғалап пана, ықтасын болар қуыс-қуысқа тығылған пенделер іннен шыққан суырдай сілейіп, астаң-кестеңі шыққан меңіреу дүниеге қарап қимылсыз сіресіп қалды. Осы талмаусыраған өліара сәтте адамдардың тілі байланып қалғандай еді. Үзіліп соққан бөктердің желіндей үп етіп леп ессе ұйқыдағы ажал-аждаһарлар оянып кетіп, маңайдағылардың барлығын аш өзегіне тартып алатындай. Тізелері дірілдеп, ­буын-буындары босап, көзіне үрей үйірілген адамдар сілтідей тынып қалыпты. Япырмай, Табиғат-Ананың мұншалықты долданғаны, тулағаны несі? Назырқанбайтын, назаланбайтын табиғаттың бар пәлені қара бұлттай қаптатып әкеліп, тілесін-тілемесін көп момынға жаналғыштай жамыратып жібергені қалай? Осынша азап тартатындай олар қай жерде жаңылып, жаза басты?
Қырсық қырық ағайынды. Кетеуі кеткен заманда топастықпен тоқсан баулы. Жайрап жатқан жер-жаһанда жындай жылжып тағы бір мүттақым мерез келе жатты.
Сол күні Жер бетінде белгісіз, пенде біткен естіп-білмеген дәлдүріш дерт, опасыз оба ойнақ салып, арнасынан асып-төгілген топаң судай жалмауыз тілін сумаңдатып жайыла бастады. Емші, дәруіштер, қара суды теріс ағызатын молда-бақсылар тосыннан төнген тажалдың шипасын таппай, жанып тұрған отқа түскендей шырғалаңды шарасыз күйге түсті.
***
Жер бетін аждаһадай жайпап келе жатқан дию дерттің дауасы табылмағаны Көктегі Періштелердің де жандарын күйзелтті. Олар адам кейпіне еніп, қалалар мен елді мекендерді шыр айналып шығып, көңіл жайландыратын жұбаныш таба алмады. Пенделердің көздері бітеліп қалғаны соншалық, ешбір ақыл-айлаңа, үгіт-насихатыңа, бәтуа-бітіміңе құлақ аспайды. Шаршап-шалдыққан Періштелер мұнарлы Көкке қайта оралып, ұзақ кеңесті. Олардың жүгінерлік, тоқтамға келтірер бір ғана Құдіреті бар еді. Ол – Алла Тағала болатын!
Мұнарлы Көкте көсіліп ұшып келе жатқан Періштелер соңдарына ілескен әлдебір қараны көзі шалды.
– Соңымызға түсетіндей бұл не қылған тобыр?-десіп қалып еді Періштелер.
– Не де болса тосалық, – деп Періштелердің бірі ұсыныс айтты.
Мөлдір әлемнің тұнығын лайлап, шексіз де шетсіз зау-заңғарды шаңдатып, зобалаңға орап бықсыма арамдықпен соңдарына сүмектеліп ілескен Ібіліс, Әзәзіл, Шайтан мен Жын екен.
– Қайда асықтыңдар? – деп сұрлана сұрады Ібіліс жол болсын айтудың орынына.
– Біліп тұрсыңдар ғой, – деді Періштелер қосарлана.
– Адамның азғындыққа ұшырап, Аллаға да бас имейтінін мен әу баста-ақ айтқанмын. Көріп қайттыңдар ғой, бал­шықтан жаралғандардың шалшыққа белден батқандарын. Оларға енді несіне араша сұрамақсыңдар? – деді Ібіліс қабағынан қар жауып.
– Адамдарды дұрыс жолдан тайдырып, уасуаса айтып азғырғандарың аздай, енді біздің соңымыздан келіп, райымыздан қайтармақсыңдар ма? Азғыруларыңа көне алмаспыз. Жолымызды бөгемеңдер. Жайларыңа жүріңдер! – деді Періштелер.
Жын мен Шайтан сиқыр мен зұлым­дықтың неше атасын меңгерген зұлмат күш иелері болғанымен, Періштелердің пәк жүректеріне бойлап ене алмады. Төрт дүлей долданған күйі жерге суыт аттанды. Адам Ата ұрпағынан кегін алып, ғадабатын қайтаруды ойлаған Ібіліс тобының тағы қандай топас-тарпаң тірлікке баратыны Раббы Алламызға ғана аян еді.
Шырылдаған, азғырушылардың арандатуларынан сескенген мүбәрәк Періштелер Жаратушы Жаппар Иеміздің алдына дейін тоқтаусыз ұшты.
– Жүрістерің суыт қой. Не жағдай? – деп сұрады Алла Тағала алғаш өзі жаратқан Періштелерінің қандай күйде, не мәселемен келгендерін біліп тұрып.
– Уа, Раббы Иеміз! Асқан құдіретіңізбен, шексіз сүйіспеншілігіңізбен жаратқан Сапиолла зәузатына зобалаң келді, – деді Періш­телердің үлкені шыр-пыры шығып.
– Білемін, – деді Алла Тағала.
Құдіреті күшті Жаратушымыздың білмейтіні болушы ма еді.
– Ерекше қамқор, аса қайырымды Раббы Иеміз! Сіз адамдарға қандай ауру жіберсеңіз де дауасын да қоса жіберуші едіңіз ғой.
Періштелер қол қусырып, тағзым етіп қаздай тізіліп тұра қалды.
– Адам Ата ұрпағына мен қашан да қамқормын әрі кешірімдімін. Жаратқаннан бері назарымнан шыққан да емес. Адамзатты жаратпақшы болғанымда сендер «Міндеттерімізді орындамағандықтан немесе арамызда әлдекім Алла Тағаланың тілегіне қайшы келгендіктен осылай болған шығар. Өзіңізді ұлықтап, мадақ айтушы біз тұрғанда жер жүзіне басқа біреуді жаратып, ие етуіңіз қалай? Олар қалай да салтымызды бұзады, билікке, мүддеге таласып бірін-бірі қырады, қан төгіс жасайды. Ұлықтығыңызға шек келтірмей, құлшылық етуші біз ғанамыз» деп сарыуайымға салынғандарын естеріңде ме? – деді Ұлы Жаратушы.
– Есімізде, есімізде, – деп келісті Періштелер.
Алла Тағаланың шексіз шарапатына алғаш бөленген Періштелер Раббыларының құдіретін жасы біледі. Олар Алланың еркін ойын терістеп, парасатына күмәнданбақ емес. Әу бастан Адам Атаның ұрпағың жамандамақ ниеттері болған жоқ. Бұл жолы да адал, ақ ниеттерінен айнымаған.
Иә, сол күні Алла Жер жүзінің мұрагері Адам Атаны топырақтан жаратып, оған жан берді, жүрегіне нұр құйды. Мұнан соң Алла Тағала Періштелеріне Адам Атаға жүгінуге әмір берді. Күнә-күмәннан пәк Періште іркілген жоқ, Адам Атаға ізетпен бас иді.
Ібіліс табиғатында кекірейген кердең, тәубесінен тәкаппарлығы терең күншіл де қызғаншақ еді. Сондықтан Алла әміріне бағынбады. Қырсықтығы мен қыңырлығына басып, Сапиоллаға тағзым етуден бас тартты. Сөйтіп, Алла Тағалаға шек келтірді.
Қиямпұрыстанып тұрған қыңырдан Алла өз Жарлығына қарсы келуінің себебін сұрады.
–Адам Атаны құдіретіммен және сүйіспеншілігіммен жараттым. Сен оған ізет-ілтипат көрсеткің келмейді. Мұның мәнісі неде?
– Мен Адамнан әлдеқайда зерделімін. Мәртебе жағынан менімен шендесе алатын, нәсіл жағынан маған тең келетін жан жоқ. Адамды балшықтан, мені оттан жараттың. Сондықтан одан артықпын, – деп дау айтып күпінді Ібіліс.
Ібіліс менмендік атты іріңді індетке шалдыққан еді. Оның азғындағаны сонша, Алла әмірін елегісі келмеді. Оттан жаратылған Ібілістің жүрегі мұз болып қатып қалды. Құдіреті күшті Алланың ұлы туындысы Адам Атаға көз қырын салуды өзіне артық санады. Бұл енді асқынған күпірлік еді.
Аса мейірімді, ерекше қамқор Алла Тағала азғындықты кешіре алмады.
– Бұл арадан қараңды батыр. Сендей кісәпірге қарғыс рауа, нәлет қамыты қиямет-қайымға дейін сенен алынбасын, – деп оған жаза берді.
Ібіліс жата кетіп, Жаратушыдан кешірім сұрады.
– Адамзатқа қиямет-қайым болғанша тірі жүрсем, – деп жалбарынды.
Алла шексіз кешірім иесі! Сол күнге жеткенге дейін Ібіліске кеңшілік етті.
Қара жүректіде қайырым болмайды. Алла Тағаланың рахымына бөлене тұрып Ібіліс рақметін қимады. Жауыз жүрек жақ­сы­лыққа жамандық сайлады.
–Мені азғырған өзің, – деп Аллаға кінә қойды, – Адам баласына үнемі дұрыс жол сілтерсің. Сол жолда Адамды тосамын да тұс-тұсынан тап беремін. Түбінде Адамдар өзіңді де алдайды.
– Таңдаған жолыңмен жүре бер. Талай теріс тірлік жасарсың. Тек демеспін. Зор дауысыңмен Адамдарды үрейлендірерсің, зорлық арқылы оларға қарсы тұрарсың, дүние-мүлкін, перзенттерін тартып аларсың, оларға сұрқиялықпен уәде де берерсің, бұлдыр үмітті де меңзерсің. Жәдігөйдің уәдесінде опа болмас. Өзіме иман келтірген Адамды алдауыңа жол бермеспін қалайда. Сені ешқашан оларға қожаңдатпаймын. Олар да саған бағынбайды, айтқаныңа көніп, айдауыңа жүрмейді. Азғындық жолы-азап! Оны кәсіп етсең сен де береке таппассың. Адамдарды азғырғаның үшін сені де, саған ілесушілерді де тозаққа тоғытамын, – деді Алла Ібіліске ескерте сөйлеп.
Періштелер Алла Тағаланың байтақ әлемді, Жер мен Көкті жаратқанын жақсы білетін. Өздеріне рақым-шапағат нәсіп еткен Аллаға жаратқан күннен сыйынып, құлшылық етіп келе жатқандарын ойлады. Сөйткен Тәңірінің Адамдарды азғындық жолына итермелеуші Ібіліс пен Әзәзілдің жолын кеспеуі қалай? Жер бетіндегілердің нәпсісі үшін нәпақа іздеп, небір сорақы сұмдықтарға барып жүргенін құдіреті күшті Құдайдың білмеуі мүмкін бе? Оларды Ібіліс, Әзәзіл, Шайтанның арбауына беріп қоюы неліктен?
– Сендер Біләл оқиғасын ұмытпаған шығарсыңдар? – деп сұрады Алла Тағала.
Ол былай болып еді. Біләлдің Мұхаммед (ғ.с.ғ) пайғамбарға жиі баратыны жөнінде Омейия бин Халефилге әлдекім өш­пенділікпен өршелене жеткізген. Біләл сырын жасырған жоқ. Омейия жарылып кетуге шақ қалды.
– Менің қара табан құлым екеніңді білемісің? Басқа бұйымдарым сияқты сен де менің жекеменшігімсің. Ақша төлеп сатып алған күннен бастап тәнің ғана емес, жаның да, ақыл-ойың да менің еркіме өткен. Терісезуленіп жаңсақ қимылдауға саған ерік жоқ, – деп долданды Омейия.
Біләл айылын жимастан жауап қатты:
– Сіздің құлыңыз екенім рас. Жеті түнде тұрып, дарияны бөге десеңіз, ми қайнаған ыстықта нені тасы десеңіз де жарлығыңызды табанда атқарамын. Алайда, ақыл-ойым, сенімім өзімдікі. Қай дінге сенем десем, өз еркімде. Мен табынған ислам дінінің сізге қандай залалы тиді?
Омейия бұған қатты шатынап, ызаға булықты.
– Қара табан құлым. Сені барынша қатты жазалаймын. Көкірегіңде қиял торы өрнектеген екен. Оны бұзбасам болмас, – деп шаптықты.
Осыдан соң ол Біләлдің қол-аяғын мықтап байлап, көшенің бұзақы балаларына тапсырды. Олар Біләлді допша тепкіледі. Ымырт жабыла Омейия құлына келді. Біләл итихатынан (ой-ниетінен) қайтты ма екен, соны білгісі келген.
– Біләл, қандай шешімге келдің? Итихатыңда берік тұрсың ба? Әлде жөніңе келесің бе? – деп сұрады қатулана сұрланып.
Жүрегінің басына шер байлаған Біләл оған жиіркенішті көзбен ызалана қарады. «Қамшың денемді қанжоса етіп осар, жібің талша мойнымды қияр, садағыңның жебесі жүрегімді түйреп өтер, сонда да өз иелігімдегі, сенімімдегі асыл дінімді жан-дүниеммен мызғыта алмайды» дегенді оның отты жанарынан анық оқуға болатын еді.
Екінші күні Біләлді өртеніп тұрған ыстық құмды далаға алып келді. Біләлді жерге жатқызып, кеудесін үлкен таспен бас­тырды. Біләл оттай ыстыққа күйіп, зілдей тасқа жаншылса да жүрегіндегі иманды, дін жөніндегі ұстанымын өзгерткен жоқ.
– Қинаудың қандайын көрсетсең де иман-идаятымнан әсте таңбаймын, – деді ол тәлейіне бұйырған азаптан қиналып жатса да.
Омейия оны азаптауын жалғастыра түсті. Күндердің күнінде оны азаптан Абубәкір құтқарды. Алла Тағала екеуін де тозақтан ада етті. Абубәкір дүние-мүлкін садақаға атады. Ол жақсылықты басқаларды өзіне борышкер, міндеткер ету үшін емес, Ұлы Пәруәрдигәрдің ризашылығын алуды ғана мақсат етті. Омейия тозақтың лаулап тұрған от-жалынына қақталды.
–Қауырсын қанаттарың дір ете қалды ғой, – деді Алла Тағала Періштелерге қарап.
– Уа, Раббы Иеміз! Сенің шексіз рахымыңа, қамқорлығыңа, өлшеусіз мейіріміне мұқтажбыз, – деп Періштелер қол қусырып, тізе бүгіп, Аллаға сыйынды, дәргейіне бас ұрды.
Алла Тағала кешірімді, кешіргенді жақсы көреді. Ол қол қусырып, тұнжыр томсарып жағалай тұрған пәк Періштелеріне разы-хоштықпен қарады.
– Мен байтақ Жерді мекен ету үшін Адам Атаны, оның ұрпақтарын жараттым. Олар Жерде еңбек етіп, тіршілік етуге, өсімдіктермен қоректеніп, жерасты байлықтарын ашып иеленуге, сол арада өсіп-өніп, ұрпақ жаюға дәрмен-қуат бердім. Сендер өздеріңді олардан әлдеқайда білімді әрі ақылды санадыңдар. Сондықтан Адам Атаға білім сіңіріп, көз аясын кеңейттім. Он сегіз мың ғаламның атын үйреттім. Адам Ата мен Хауа Анаға Жұмақ сыйладым. Алайда, Адам Ата мен зайыбының Жұмақта рахатқа кенеліп жүргенін көріп, ішқұса болған Ібіліс оларды азғырды. Міне, содан бері Адам Атаның ұрпақтары Ібілістің, Әзәзілдің, Шайтанның арбау-азғыруынан шыға алмай келеді. Олардың сұрқиялықпен берген уәделеріне иланып, адамзаттың бар баласы дерлік Құдай болмаққа ұмтылып жатыр. Пенделердің дүниеқоңызданғаны соншалық мені де ұмытты. Қазір адамзаттың Құдайы-Ақша. Сол Құдай-Ақшалары арқылы бас-басына би болуды армандайды. Кедей-бай, бай-Құдай болсам деген пасық пиғыл барлығының әзиз жүректеріне қанды шеңгелін аямай салған. Сондықтан оларға тәж пішінді тажал жібердім. Менен қорықпайтындарға айта барыңдар, тәубелеріне келсін. Патша, корольдер, президенттер жердегі менің көлеңкем. Халық маған қалай бағынса, оларға да солай бас июлері керек. Алайда, бүгінгі көлеңкелерімнен ыңсап, парасаттылық, имандылық жоғалып барады. Қараша халықпен қас болған билеушілерден қадыр қашады. Олар мәңгілік емес. Мәңгілік Мен ғана. Сара санасына осы да жетпейді. Таққа отырғандардың барлығы тақуа болмайды. Олардың көбі мен сыйлаған тақты әкелерінен қалған мұрадай көріп жүр. Екі дүниенінің рахым-шапағатын, обал-сауапты ұмытты. Пәни дүниедегі адамдар алдында дұрыс жол мен теріс соқпақ, иман мен сатқындық, жеңіс пен жеңіліс сияқты сынақ бар. Мұны Адамға жаратқан күні-ақ айтпап па едім? Барлық адам менің ғана құлым. Ал, билікқұмарлар, даңққұмарлар жеке-жеке құл ұстағысы келеді. Тәж киіп, топас тәкаппарлықтың торына түскендердің жазасы ауыр. Жер бетіндегі күнәһар пенделер көкірегінен кесірлі кеселі – тәкаппарлық пен тәжқұмарлық, тоғышарлық тоқтағанда ғана обаның дауасы табылады, – деді Алла Тағала.
Шексіз де шетсіз Мейірім-Шапағат иесі, құдіреті күшті Жаратқан Иеміздің кешірімі мен кеңшілігін пенделерге сүйіншілеп жеткізу үшін Періштелер Жерге қарай жай оғындай жарқырап түсіп келе жатты.
Жер жүзінің мұрагерлері бұған дейін де Алланың жазасына аз ұшырап па еді? Топан су, Помпей оғы, цунамилер, алапат жер қозғалыстары, опатты озбыр обалар, жанартаулар Жаратқандың жанашырлық ескертпелері емес пе еді? Ұлы Құдіреттің осы ескертулерінен қам сүт емген пенделер қорытынды шығарды ма?
Тәж-Тажал Жер бетін түгел жайпап, кінәлі-кінәсізді екшеп-таразыламай-ақ өлім ұрығын сеуіп келе жатты.
Уа, Раббы Иеміз! Бәрін білуші, бәрін жос­парлаушы өзің ғана. Күнәһар пенделердің қуыс кеуделеріне Сана сәулесін құя гөр!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.