ХАЛҚЫМЕН ҚУАНЫШ-ҚАЙҒЫСЫ БІР…

Діл – рухани орманымыз, тіл – ұлттық қорғанымыз екенін ұғатын, ұғып қана қоймай, күн сайын қазақ мәдениетін қорғау алаңына шығатын, өз өмір жолында күресіп әрқашан дерлік жеңіске жетіп жүрген жайсаң жігіттеріміз де, қырмызы қыздарымыз да жеткілікті десем асырып айтпаспын, сірә.
Солардың бірі ғана емес, бірегейі – күні кешеге дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болған Руслан Рүстемов. Ол – туабітті таланттылығына қоса тәжірибелі екенін де көрсетіп, мәдениет саласын бекем де терең игеріп, бұл саладағы ірі де ұсақ мың бір шара-шаруаларды маман ретінде меңгеріп, ежелгі де қасиетті өңірдің мәдениетін «Сыр – Алаштың анасы» (Нұрсұлтан ­Назарбаев) деген атына лайық өркендетіп, өрлетуге үлкен үлес қосты. Иә, ол – әкім тапсырмасын қалтқысыз орындаушы көп қызметкердің бірі емес, жан байлығын көрік еткен, «сергек ойды серік еткен» (М.Әуезов) Қайраткер. Талай ретте-ақ ол елде қордаланған мәселелердің алдын алды; туған жерім – есіл елім көгерсе деп барын салды.

Қай жерде қандай қызметте жүрсе де мәдениеттің ырысы, қалың жұрттың тынысы бола алып жүрген інінің бірер жыл бұрын ердің жасы – елуге толуы осы мақаланы жазуыма түрткі болғанмен, мен Руслан Рүстемұлын осы облыстағы Шиелі ауданы әкімнің орынбасарлығын атқарып жүрген кезінен жақсы білемін. Замандасы Нұрлыбек Нәлібаев ауданда әкім болып, өзі орынбасар болып отырғанда Шиелі түрленді, гүлденді. Қаншалықты экономика дамуы – маңызды, дәмді ас – адамның арқауы болғанмен, мәдениет – халықтың рухани жаны, бойын­да тулап аққан ыстық қаны екенін жоққа шығара алмаспыз. Газ, көмір жанады, су мен жалақы ағады. Қалатыны – өлмес елдік іс пен өшпес мәдени із.
Күн сайын өзгеріп, жаңарып жатқан Шиеліде бүгінде Руслан Рүстемовтің білім, мәдениет саласында тамшылатып тер төккенін ұмытып қалғандар да көп шығар. Дегенмен, сол кезден қалған әдеби, мәдени іздер сайрап жатыр. Мәселен, ол – Мұстафа Шоқайға осында елімізде тұңғыш ашылған ескерткіш. Жаңа отау тіккен балабақшалар. Жазушы Оразбек Сәрсенбаевпен өткен жылы жүздесу… Өз басыма сол кезеңде «ақырын жүріп анық басқан» (Абай) орынбасар Руслан Рүстемұлының білімі, әсіресе әдебиетті терең білетіні, мәдениеттің өз адамы екендігі қатты ұнаған.
Сол жолы танысқанда-ақ Руслан Рүстемұлының тақыр жерде өспеген, текті­лігімен алдампаздық пен адамдықты, ер мен езді, тірі сөз бен өлі сөзді, жақсылық пен жамандықты ерте екшеген, тамыры үзіл­меген қазақы ауылда, ұлттық дәстүр мен ұлық мақсатты мұрат тұтқан Сыр ­бойында өсіп-жетілгенін сезінгенмін. Енді осы бай­ламымызды тірілтсек, ол ұлы өзеніміз Сыр­дария ойында, Қармақшы ауданындағы құтты ауыл – Жаңақала бойында 1968 жылы өмірге келіпті. Белгілі азамат Ахметтің Рүстемі мен Сара ананың отбасында жарық дүниеге есігін ашып, еніпті. Бала үшін өмір сүретін қазақтың менталитеті қандай, не жасыратыны бар, Рүстем – Сара жалғыз ұл Русланды Тәңіріден талай жыл тілеп жүріп, зарығып, сағынып көріпті.
Тілеп алған ұлдың өмірге келуі – әрине, «мазар» емес ажарлы үйді де шын мәнінде базарлы үйге айналдырған.
Қазақтың әйелі деген қасиетті атқа лайық Сарада көп жыл бойы бір бала көтермегені болмаса, мін бар ма? Бірақ перзентті де Құдай береді. Жаратушы бермесе, балалы бола алмайсың… Мал шаруашылығы маманы Рүстем Ахметов қой өсіретін кеңшарда ферма меңгерушісі, бас зоотехник болып қызмет істеп жүрген кезінде тізе бүгіп демалуға мұршасы жоқ-ты. Сол заманның қатаң талабынан хабардар біз Рүстемдердің бейбіт майданда жүргендей еңбек еткенін жақсы білеміз. Таңның атысы – күннің батысы тыным жоқ. Күн демейді, түн демейді. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген қанатты сөз де осы кездері шыққан шығар. Сәл қолы қалт етіп, түн ортасында үйге жетсе де, ас-суы дайын. Қасында жігіттері болса да, Сара қабақ шытпайды. Қайта шүкіршілік ете жүріп, қонақ күтеді. Ол 1980 жылдар басында осы кеңшарға директор болып бекітілгенде жұмыстың ғана емес, жауапкершіліктің де көбейгені түсінікті. Шалғайдағы шаруашылықта мейманхана түгіл асхана да жоқ. Енді ауданнан келетін меймандарға облыстан, алыстан келетін қонақтар да қосылған. Қонақтарға арнайы қой сойылады, қазан көтеріледі. Сол бірі келіп, бірі кетушілердің алғыс-рақметі де бекерге кетпегені анық.
Бірақ мұның өзі де бір-ақ себеп. Келінін келсап емес, келін етіп тәрбиелеп, керек кезінде ақылын айтып, қолғабысын да аямаған Дәржан енесінің де ынта-ықыласы «Сара, әлі жассың, үмітіңді үзбе. Сәл үзірің бар шығар, емдел» деген қамқор көңілі де көп демеу болды. Содан Текей бабасына сыйынып, ауылдан шыққан Сара Жаңақорған санаторийіне тартты. Атақты шипажайдың балшығы ем болып, Алла-тағала жар болып, 1968 жылдың 13-желтоқсанында бұл шаңырақта өмірге Руслан атты ұл келді. Бұл – Ахметовтер әулетінің өшкені жанып, дүниеге мұрагер келген ұмытылмас күн еді. Шілдехана – нағыз бесік тойы. Құтты қонақтар үстіне Қармақшы аупарткомының бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісов те келіп, шын жүректен батасын беріп, ақ тілегін айтты:
– Руслан би болсын, немесе би түсетін үй болсын!
Жаратушы аузына салған шығар, Ахметжан Жанпейісовтың айтқаны келіп, Руслан өз заманының биі тағына да отырды. Билер түсетін үй болу бағы да бұйырды.
Жас нәрсетеге Руслан деп ат қойылғаны есіңе еріксіз орыстың ұлы ақыны А.Пуш­киннің «Руслан мен Людмиласын» еске түсіреді. Бұл сол кездегі қазақтардың сауат­тылығын ғана емес, парасаттылығын да білдірмей ме? Өйткені Рүстем әке Руслан деген сөздің тегі түркі халықтарының Арслан, Арыстан деген сөзімен де сабақтасып жатқанын жақсы білсе керек.
Уақыт зулап тез өтеді. Осы ­Ахметжан Жанпейісов Жаңақорған ауданына бі­рінші хатшы болып ауысқан. Рүстем Ахметұлы бірде шақыртумен мал тұқымын асылдандыруға қатысты облыс орталығында өткен үлкен жиналысқа келгенде Ахаңмен жолығып қалды. Жүрген жерлерінде тек жақсы із қалдыратын ақкөңіл Ахаң жұртты жатырқамай, бауырына тарта жөнелетін әдетімен:
– Балам қалай? Келіннің жағдайы жақсы ма? – деп хал-ахуал сұрайды.
– Отбасымыз аман. Жағдайымыз жақсы. Тек балаңыз мектепке баруға дайындалып жүр.
– Не дейсің, Русланның да жігіт болып қалғаны ма? Уақыттың зулап өтіп бара жатқанын осындайда білесің. Мынау жақсы жаңалық қой. Сен онда жиналыстан соң шамалы кідір…
«Жақсыдан – шарапат» деген осы. Ахметжан Рүстемнің азаматтығын, еңбекқор­лығын қатты бағалайтын. Озық директордың кеудесіне дер кезінде «Құрмет белгісі» ордені тағылуына да осы Жанпейісовтің септігі тигені – әділдіктің салтанат құруы ғана емес, осындай шарапаттың көрінісі еді. Міне, енді ол жиналыстан соң Рүстемді ертіп алып «Балалар әлеміне» соғып, Русланға әдемі сөмке, қалам-дәптерлер алып беріп: «Балама айт. Жақсы оқысын. Жаратушы жолын ашсын» деп сәлем айтты.
Руслан – туған аулы «Жаңақаладағы» орта мектептің үздік шәкірті. Ол одан соң қазақтың бас оқу ордасы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсіп, оны да жақсы тәмамдады. Жай көп студенттің бірі болып қалмай, білімді де білікті маман болып бітіріп, азаматтық өмір қиясына қанат қақты. Жұрттың бәрінің-ақ білімді болуы қиын емес, ал білікті маман болу – ең алдымен Адам болу деген сөз.
Филолог бола тұра Байрон мен Гетені ажырата алмасаң, Мұхтар Әуезовті ағып тұрған лирик еді деп сайрасаң, Абайды білмесең, Алаш арыстарының ақ жолымен жүрмесең – шынайы маман бола алғаның қайда? Бұл ретте ақиық ақын бола алмасаң да, өмірді сүйіп-күйген ақынжандылық – өте қажет қасиет. Атақты Қадырдың: «Көңіл гүлі болады ашылғандай, Өмір нұры болады шашылғандай. Ғашық болсам – боратып өлең жазам, Өлең жазсам, жүремін ғашық жандай» дейтіні бар. Осындай көңіл гүлі, өмір нұры бойыңа біткеніне не жетсін Ең негізгісі – Русланның бойында осындай бітім бар еді.
Бұған бағзы заманнан жыр самалы ескен, жүз сүлей жырау туып-өскен қасиетті Қармақшы жерінің топырағы, Жаңақала елінің бала кезден саялатқан жапырағы әсер етпеді деп қалай айтарсыз.

***

Жас кезіндегі алып-ұшқан арманды ақ көңіл басқа да, қызметке араласқан ақ пен қарасы егіз, жамандығы мен жақсылығы теңіз әлеуметтік өмір басқа. Алғашқы кездегі алған әсер, тағылым, адамдармен қарым-қатынас жасай білу, бойға түйген тәжірибенің жөні бөлек. Жас қатардағы қызметкер Руслан осындай өмір мектебінен өтті. Өмір мектебінде де жақсы оқып, көп-көп керегін көңілге тоқып…
Облыстық әкімдіктің Ішкі саясат басқармасының бастығы.
Шиелі ауданы әкімінің орынбасары
Жаңақорған ауданының әкімі…
Сәмит Далдабаевтан кейін Жаңақор­ғанның өз адамы болған, оның терең тарихы мен әрбір жасы үшін күйіп-жанған әкім – Руслан Рүстемов. Мұны мен ғана айтпай­­мын, ел айтады. Тек бір өкінішіміз – ол мұнда екі-ақ жыл еңбек етті. Бірақ көңілі түзу, жүрек қайраты мол, перзенттік пары­зым­ды өтеймін деп жанқиярлықпен еңбек еткен Ер үшін екі жыл да онша аз уақыт емес екен.
Алматыда жүрсек те ел жаққа құлағы түрік біз үшін жақсы хабар тез жетеді. Мәселен, мен үшін жаңа әкімнің өз жұмысын ұлы Мұхтар Әуезов көшесін асфальттап, жөндеуден бастауы – өте жақсы нышан болып көрінді. Кент әкімін шақырып, сөйлессе, кент орталығындағы осы ұзын көше 20 жылдан бері ұмыт қалыпты. «Мұхтар Әуезов – қазақтың ғана емес, әлемнің ұлы жазушыларының бірі. Қазақ әдебиетін жержүзілік деңгейге көтерген сирек суреткердің көшесі қараусыз қалуы, жұлым-жұлымы шығып жатуы – әрине, ұят нәрсе». Жаңа әкім шұғыл тапсырма берді, орындалуын қадағалады. Көп кешікпей Әуезов көшесі өз мәртебесіне сай қатарға қосылды.
Айтпақшы, қолына қалам ұстағалы Жаңақорғаннан көшпеген талантты балалар ақыны Адырбек Сопыбеков тұратын көше де жөнделіп, көзі ашылып қалды осы кезде.
Театр киім ілгіштен басталса, аудан орталығының көркі мен дәулеті кіреберісінен басталады. Жұрт бұрынғы алқам-салқам кіреберіспен көп ұзамай қоштасқан. Табалдырықтың ажары мен сәулеті ұлттық нақышпен астасып, бітім тапса, нұр үстіне нұр. Бүгінгі Жаңақорған аллеясы – соның айғақ-көрінісі.
Орта ғасырлардың әйгілі бір ғұламасы, шайыры Хисамеддин Сығанақи өз заманында:
Болса тағдыр екінші өмір қиғандай,
Сығанақта көз жұмар ем қиналмай, – деп жазыпты.
ХІV ғасырда Ақ Орданың астанасы болған сұлу Сығанақ. Орысхан, оның үлкен ұлы Тоқтақия, әйгілі Тоқтамыс, Ақназарлар хандық құрған, дәулеті тасыған, сәулеті көркейген Сығанақ бұл.
Түбінде – небәрі төрт-бес шақырым іргесіндегі Көккесене елді мекенінің маңындағы тарихи шайқаста келешек Қазақ хандығының кіндігі кесілген Сығанақ бұл.
Аудан жеріндегі Сауран, Өзгент, Аққорған, Баршынкент, Құмиян қалалары қойнауларында қандай көне мемлекеттік сырлар мен маздақ жырларды жасырып, бүгіп жатқанын білеміз бе?! Ислам діні мен мәдениетін қазақ даласына алғаш алып келушілердің бірі, кейін Қорасан Ата атанған Әбдіжәлил баптың осы өңірде жамбасы жерге тигенін білеміз бе? Әрине, мұны білеміз, алайда Жаңақорғанды алғаш Дінқорған атандырған да осындай баптар, мұсылмандықты дамытқан Қылышты ата, Бақсайыс, Төлегетай, Қылауыз, Айқожа ишандай «бақтар» шығар.
Міне, осының бәрін қамту қиын болғанмен, басты деректері мен халыққа керектерін аудан әкімі Руслан Рүстемұлы бастамасымен, қаржыландырып ұйымдас­тыруымен жерлес кәсіби деректанушы Қалила Омаров түсірген «Туған жерге тағзым» атты деректі-танымдық фильмінен көріп-білеміз.
Жалпы, Қорасан атаға тәу етушілер баяғыдан көп, қазір де адам аяғы үзілген емес. Міне, соған апаратын жақсы тас жол да – Руслан Рүстемұлы басқарған кезде біткен тірлік. Бұрын оған ойқы-шойқы жолмен жету бір азап болса, қазір діни-ділдік «саяхаттың» бір сәті ғана.
Ең алдымен мыңғырған төрт түлік мал өсіру, күріш егу, экономиканы өркендету – заман талабы. Бұл жағынан кенже қалмаған ауданда жеке кәсіпкерлік өрістеді. Бірақ бұл мәдениет екінші кезекте дегенді білдірмейді. Өйткені табысты жұмысқа сай тұрмысты түзеу, мәдени-рухани қазыналар мен сусындау – басты өмір талабы. Міне, сонда ғана адам малмен бірге мал болып кетпейді, дүние-байлықтың құлына айналмайды. Осыны жас кезінен қатты ұққан Руслан Рүстемұлы қайда жүрсе де бірінші кезекте мәдениет ошақтарын жөндетіп, олардың материалдық әлеуетін арттырады, мәдениет саласы қызметкерлеріне жағдай жасайды.
Бұл айтқандарымызды мысалмен тұздықтасақ, бұл тұрғыда ауданнан асып, облыстық деңгейде өткен, республикалық мәртебеге сапасы жеткен төрт әдеби байқау, мәдени жарысты алға тартайық. Олар – Дүкенбай Досжанның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғұмыр – дария» атты облыстық әдеби оқулар байқауы, әйгілі күйші Әлшекей Бектібайұлына бағышталған «Әуезді күйдің құдыреті» атты облыстық күйшілер конкурсы, белгілі композитор Бексұлтан Байкенжеевтің әндерін орындаушыларды сынға салған «Ақ Баян» атты облыстық әншілер конкурсы, атақты ақын Құлан Алдабергенұлының өмірі мен өнерін халықпен, жас ұрпақпен және бір жүздестірген «Жүйрікпін жүрісінен жаңылмаған…» атты облыстық жас ақындар айтысы.
Тізім мұнымен бітпейді, қайта жалғасады десек жаңылыспаймыз. Көп бастықтар шындықты асырмай-жасырмай айтып тастайтын мінезінен қорқып тілдесуден қашқанмен, әлдеқашан Халықтың қаламгері атанған Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылық кездесу-кешін өткізу… Осыған дейін кітабы шықпаған ақын Әбілтай Сүлейменовтің жыр жинағын шығарып беру…
Руслан Рүстемұлы артта қалып, аты шыққан білім саласында да бетбұрыс жасап, жағдайды жақсарта алды. ХХІ ғасырда мемлекеттің дамуы тікелей адам капиталына қатысты болса, ҰБТ көрсеткіші бойынша Қызылорда облысында көш соңында қалған Жаңақорған көп ұзамай-ақ Сыр бойында топ жарып, көш басынан көрініп, екінші орынды иеленді. Бұл – айтуға оңай, ал іс жүзінде ересен еңбек пен ізденіс нәтижесі.
Айта берсек, Руслан Рүстемұлы Жаңа­қорғанды басқарған кезеңде мұндай ескеріп айтар елеулі жаңалықтар мен жақсылықтар көп.
…Жаңақорған жерінің түстік-шығы­сында созылып Қаратау жатыр. Қарт Қаратау – асқақ Тәңір тауының бір жота-сілемі. Атының өзі-ақ оның құйқалы, қасиетті тау екенін білдіретініндей, оның қойнаулары мен баурайларында мың бір бұлақ бар. Тасып аққан таза тау өзендері бар. Жаз – жайлау. Салқын сабат саздар мен шыбынсыз жаздар осында. Төріне өрлесең, Өгізмүйіс, Түлкілі, Ақсүмбе, Мыңжылқы, Шоқмазар, Жетімтау… атанып құшағын жаяды. Бала кезімізде тасында ойнап, жуасын жұлып жеп өскен Қаратауды жас келген сайын сағына түседі екенсің. Менің сол Қаратауыма әкім ғана емес, хакім (ақын, халыққа жақын) Руслан Рүстемұлының берген бір әділ бағасы жадымда жаңғырып отыр:
Жаңақорған – асыл арман,
Шаңырағында шырақ жанған.
Сыр – Алашқа ана болса,
Қаратауым пана болған.
Шынайы перзенттік махаббаттан туған, оқып-естіген адамның жүрегін тербейтін сөз. Сұлу Сыр… Жұмыр жыр.
Бұл жолдар менің қолыма қайдан түсті? Жаңақорған ауданына арналған әндер байқауы өтіпті. Сол байқауға осындай жаңа мәтін-ән де түсіпті. Әнін жазған Мәжит Балқожаев болса, сөзі – Руслан Рүстемұлынікі. Қуанарлық факті, тың дерек. Мен осындай жолдары үшін Русланды ақындар қатарына қоспай-ақ қояйын.
Менің Жаңақорғандай жерімді Қара­таудай төрімді туған перзентіней сүйіп, азаматша аялаудың көрінісі емес пе бұл? «Махаббатсыз – дүние бос» дейді Абай. Демек, қандай бір істі жақсы бітіруге де, еліне қолынан келгенше қызмет етейінші деген сергек ой-көңілге де махаббат керек. Мәдениет саласына қалтқысыз қызмет еткізетін қабілет-талантқа да, жұртқа көбінесе жақсылық сыйлайыншы деген ақ тілек, қайрат-білекке махаббат керек. Ең бастысы – елім деп соққан Жүрекке де!
Марқайып, мерейленетінің – Руслан Рүстемов бойында, ойында, сойында осы айтылған қабілет-қасиеттің бәрі бар.
Ол осынау білім-парасатын, ақыл-қайратын жақында әкім болып барған Сырдария ауданында да көрсетіп жатыр… Демек, біз оның патша көңілдің жаңа көкжиектеріне жетіп қана қоймай, алдағы уақыттарда да мына өмірдің жаңа белес-биіктерінен де абыроймен аса беретініне кәміл сенеміз.
Мақаламның түйінінде атақты Алаш арысы, ақын Мағжан Жұмабаевтың бір өлең емес, өрен қарасөзі ойыма түсіп отыр: «Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда, қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, елге деген жүрегінің таза болуында, тілегінің елмен ортақ болуында; ер өмірінің өрі мен көрі ел өмірінің өрі-көрімен бір болуында». Мағжан әдемі айт­қан. Әрине, ер еңбегінің шағын-шарқы болмай, зор болғанына не жетсін! Ол – бөлек әңгіме нысанасы. Ал бірақ бізді бұл жерде риза етіп, қанаттандыратыны – М.Жұмабаев айтқан осы баға-сараптың менің інім Руслан Рүстемұлы бітім-болмысына соншалықты сай келетіндігінде. Ол – елімен жаны бір, қуаныш-қайғысы ортақ, өрі мен төрі бір Ер. Оның еңбегінің көлемі мен кемелін, кенеуін келе­шекте тағы бір реті келгенде айқындай жатармыз.
Мына тіршіліктегі ақ жолың жалғаса берсін, Руслан Рүстемұлы!

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Аноним

    БАКЫТ САРБАЛАУЛЫ РУСЛАН РУСТЕМОВ ТУРАЛЫ ОТЕ ЖАКСЫ ЖАЗЫПСЫЗ ОЗИ ТАМАША АДАМ ТУРАЛЫ ЖАЗГАНЫНЫЗ ЖАКСЫНЫН ЖАКСЫЛЫГЫН АЙТ НУРЫ ТАССЫН ДЕГЕН РУСЛАН ЭЛИ БИИКТЕРГЕ САМГАЙТЫН АЗАМАТ АК ЖОЛ ХАЛКЫНА ЖАКЫН БОЛА БЕРУИНЕ АЙДЫНДЫАРАЛДАГЫ СЫДЫКОВТАР ЖАНУЯСЫ АМАН ЖУР

  2. Аноним

    Сайланғанына 1 жыл толған жоқ осыншама мадақтау қайдан шығып жатыр ? Тура елбасын мадақтағандай . Әкімнің тапсырмасын орындап келе жатыр дейсіз сонда өзінің идеясы жоқ тек тапсырма орындаушы ма? Автор өтініш сізге “боғыныңтүсін” жазуды ұмытыпсыз . Келесі жрлы қосарсыз.

  3. Қызбала

    Руслан туралы жақсы жазылған, еш қоспасы жоқ. Осындай халыққа жақсы қызмет жасап жүрген жандар туралы да жазу керек.

  4. Аноним

    Жаксынын жаксылыгын айт мерейи тассын дегег халык даналык сози бар .неге барин жамандап тек кемшилигин коруимиз керек ? Даурыкпа созге дайын туратынымыз неге?

  5. Шәрбану

    Руслан Рүстемұлы мемлекеттік қызметке жаралған жан. Әдебиет пен мәдениеттің дамуына ықпал етіп жүрген өнер мен әдебиеттің жанашыры.
    Руслан Рүстемұлы! Еңбегіңіз жемісті болсын! Халықтың алғысына бөленіп жүре беріңіз!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.