ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАП ЖАРЫСҚАНДАР

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»

Қазақ халқы қайырымдылық жасаудан жалықпаған халық. Ата-бабамыз жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, өз жұртына өзі ие болған ел. Бұған дейін талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, азаматы елін бастап, әйел заты ерін жақтап осы күнге жеткен. Ал бүгінгідей ел басына күн туған шақта, «мен не істей аламын» деп қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек беруге ынталанған жандар қаншама. Мәселен, бүгінгідей сын кезеңде жанашырлық танытып, көпке көмегін көрсетуге асыққан жандардың бірі – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Мағауия Тұрысбеков 5 жасанды тыныс алу аппаратын алдыруға Түркия еліне тапысырыс берді. Жақын күндері  оттегі концетраторы аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, науқастардың ем алуына қызмет көрсетеді. Кәсіпкер бұған дейін өз қаржысына аудандық Ардагерлер үйін, «Нұр Отан» партиясының ғимаратын салған болатын. Төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында жағдайы төмен 200 отбасыға азық- түлік таратты. Біз бүгін осындай жақсылық жасауда жарысып жүрген қайырымды жандар туралы сөз етпекпіз.

СЫРҚАТҚА САУМАЛ ТАСЫҒАН

 Алматы облысы Панфилов ау­данындағы Шолақай ауылының тұр­ғыны Мейрамгүл Мұқаева бү­гін­де 15 бие байлап отыр. Бес бала­ның анасы отбасымен саумал, қымыз дайындап, сатумен айналысады. Еліміздегі пан­демия кезінде сауыншы апаның есік алдынан адам қарасы үзілмеген. Себебі жаңа сауылған саумал көп дертке шипа екені жұртқа мәлім.

«Менің осы жерде бие бай­лағаныма 30 жыл болады. Ол уа­қытта бұл жерде қымыздың исі де жоқ еді. Оқуым да, жұмысым да осы кәсіп. Өзім бала жасымнан бие байладым. Одан кейін жанымыздағы Қытай базары ашылды. Қымызымды сол базарда да саттым. Осы уақыт аралығында асқазан, қан азаю, қант диабеті және т.б. көптеген ау­рулармен қатты ауырып келген адамдардың қымыз, саумал ішіп жақсы болып кеткенін өз көзіммен көрдім. Өзімнің шөберем де бронхит-асмамен дүниеге келіп, жағдайы өте ауыр болды. Екі айлығында қолыма алдырып, төрт жасқа дейін саумалмен бақтым. Қазір Құдайға шүкір, мектепте 4 сыныпта оқып жүр» дейді Мейрамгүл апа.

Еліміздегі пандемия кезінде де сауыншының есігінің алды адамнан босамаған. Бәрі де саумал ішіп, денсау­лықтарын жақсартып, иммунитет­терін көтеруді ойлап келеді екен. Осындай адам қарасының көбеюі Мейрамгүл апаға жақсы ой салған.

«Еліміздегі жағдайға байланысты адамның саулығы үшін саумал ішу керек дейді. Сондықтан шығар, сұраныс бірден артып, келушілердің де саны көбейді. Аяғына әзер тұрып келген адамдар да саумалдан жақсы болғанын көрдім. Қымызханама кісі көп келіп жатқан соң, неге саумалды ауруханаға апарып, сауапты іс жасамасқа деген ой келді. Балаларым мен немерелерім де қуана қолдады. Осылайша аудандық ауруханаға күніне 10-15 литр саумал апара бастадық. Бұл менің асып-тасығанымнан емес, елімнің басына күн туып, ауылдастарым ауырып жатқанда қол ұшын бергім келді. Қолымнан келер жақсылық осы ғана екен, тәуекел дедім» дейді.

Мейрамгүл Мұқаеваның бұл ісін Алматы облысындағы Панфилов аудандық ауру­хананың басшылығы мен қызметкерлері өте жылы қабылдаған. Әр келгенінде алғысын жаудырып, бие сүтін қуана қабылдайды. Өйткені дәл қазір мұндай көмек, мұндай жылы қамқорлық медицина қызметкерлері мен ауырып жатқан жандардың барлығына қажет-ақ. Бір жылы сөз, бір жылы қарым-қатынас талай жүректі жібітері сөзсіз.

 ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАСЫҒАН ЖҮРГІЗУШІ

Алматылық таксист Сағи Талғатұлы­ның жасы небәрі жиырмада. Колледждің соңғы курсында оқиды. Оқу ақысы мен киім-кешегін алматылықтарды діттеген жеріне тасу арқылы табады. Көлігін 18 жасқа толғанда нағашылары сыйлаған екен. Тегін келген көлік қой деп, қалай болса солай жүргізбей, тек жақсылыққа мінгісі келеді. Биыл оқуды онлайн оқып, елдегі ауыр жағдайды бірге бастан өткергенде Сағи өзіне «Мен не істей аламын?» деген сұрақ қойыпты.

«Бұл сұрақтың жауабын тез-ақ таптым. Қазір дәрі-дәрмек іздеп сандалған жұрт көп. Елдің бәрінде көлік жоқ. Көлігі барлар шыр айналып жүріп табар, ал көлігі жоқтар ше? Қоғамдық көлікпен қаланы аралап бітпейді, таксимен жүру қалтаға жүк. Осылайша «Яндекс», «OLX» қосымшаларына «дәрі-дәрмек жеткізіп беремін» деген хабарлама жаздым. Қазір көлігі жоқ адамдардан өтініш көп түседі. Мен аптекаға барып айтылған дәріні алып, жеткізіп беремін. Жеткізуім тегін, тек дәрінің ақшасын ғана береді. Дәріні алғанда кез келген дәріханадан түбіртек сұрап аламын» дейді Сағи.

Бұндай шешім қабылдау жас жігітке қиын болмаған. Тек қала тұрғындарының сұраған дәрісін таппай, дәріханадан дәріханаға шапқылағанда өзіне өте ауыр тиіпті. Өйткені сол таппай жүрген дәріге шын мұқтаж адам күтіп отырғанын сезіну оңай емес екен.

«Білесіз бе, кейде бір дәріні таппай кешке дейін жүріп қаламын. Сонда жаным кәдімгідей ауырады. Өйткені мені, сол дәріні табуымды күтіп отырған науқас бар. Оның жаны өмір үшін күресіп, өліммен арпалысып жатқан болуы мүмкін. Ал мұны сезіну, оның жанын сақтап қалу сен тауып апаратын дәріге байланысты екенін сезіну ауыр. Өйткені бұл өте үлкен жауапкершілік. Басында шамалы қорықтым, неге бұлай жасадым деп өкіне жаздадым. Әсіресе дәрі-дәрмек тапшы кезде өте қиын болды. Кейін тәубеме келіп, осы жақсылық жасаудан ләззат ала бастадым. Қазір жағдай тұрақтанған сияқты. Дәрілер аса тапшы емес, әйтеуір тезірек табылып жатады. Осыған да шүкір деймін» дейді алматылық студент.

Сағи Талғатұлының бұл ойын отбасы қуана қолдаған. Оны өз үйінде ата-анасы, екі аяулы қарындасы күтіп отырады. Сондықтан өз жақындарына зиянын тигізбеу үшін барлық сақтық шараларын сақтап жүреді. Дәрілерді жеткізгенде маскасын, медициналық қолғабын киіп, антисептигін пайдаланады. Сонымен қатар дәрі алушыға барғанда көліктен түспей, терезе арқылы ұсынады. Сағи осы әрекеті ар­қылы өз жақындарына да, алматылықтарға да барынша қамқор болып отыр. Жап-жас жігіттің жұдырықтай жүрегінің мейірімге толы екенін байқап, көңіл қуанады екен.

 ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАЙСАҢДАРДЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ

Осындай қиын жағдайда «еліме не көмек бере аламын» деп өз алдына ізденгендердің бірі – жамбылдық блогер Мөлдір Анарбаева.

Бала күтімімен үйде отырған келіншек мына пандемия кезінде ауырып, ауруханаға түскен жерлестеріне көмек бергісі келеді. Оған бірден ауруханаларға ыстық тамақ тасу ойы келеді. Идеясын жүзеге асыру үшін «Гауһартас» мейрамханасының иесі, кәсіпкер Меруерт Лештаевадан көмек сұрайды. Қайырымдылыққа асығып тұрған келіншектің идеясын іліп алып, қолдай кеткен кәсіпкер өз асханасын да ұсынып отыр.

«Маған ауруханаларға ыстық тамақ тасу идеясы келген кезде белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаеваның көмегіне жүгіндім. Ол бірден түсініп, «бірінші мен үш қой сойып, бастап көрейін» деді. Өзі жарнама мен мақтанды ұнатпайтын кәсіпкер жасаған жақсылықтарын ешқашан айғайлап айтқан емес. Әйтпесе өңірімізде талай игі істің басы-қасында жүріп, қайырымдылық жасаудан жалықпайтын адам. Міне, осындай мықты жанмен бірігіп, ауруханаларға тамақ әзірлеу идеясын жүзеге асыра бастадық. Біздің аймақтағы науқастар қалалық №7 ауруханада, инфекциялық ауруханада, Байзақ ауданындағы Мырзатай деген жерде емделіп жатыр. Бүгінде аталған ауруханалардың жағдайы қиындау, өйткені аудан-ауылдардан да науқастар түсіп жатыр. Ал ауырған адамға ең бірінші жақсы ас керек. «Ас адамның арқауы», «ас тұрған жерде ауру тұрмайды» дейді ғой. Біз жаңа сойылған қойдың сорпасын әзірлеп жатырмыз. Жартысына медицина қызметкерлеріне қуырдақ жасап, жартысына науқастарға ыстық сорпа дайындаймыз. Бұл қарусыз майданда күресіп жатқан ақ халаттыларға да оңай емес, үй бетін, бала-шағасын, жақындарын көрмей, күрес жолында жүр» дейді Мөлдір.

Жақсылыққа ұмтылған нәзік жандылар бұл идеяны жүзеге асыру үшін алдымен жергілікті әкімдіктен рұқсат алған. Өйткені мұндай жауапты істі атқару үшін кез келген адамның тамағы емес, арнайы рұқсаты бар орындардың қызметі керек. Ауруханаға кез келген адам  ыстық тамақ ұсына алмайды, себебі қай тағамның кімге қалай әсер ететіні белгісіз. Сондықтан арнайы СЭС-тің, эпидемиолог мамандардың рұқсаты бар орындарда дайындалғаны жөн. Идея авторы мұны да ескерген.

«Иә, көпшілікке тамақ әзірлеуге рұқсаты бар орындарда дайындалғаны дұрыс. Біз қоғамға да сондай ұсыныс айттық. Әркім өзінше дайындағанша, осылай арнайы мамандарға тапсырғаны жөн. Ал біз көпшіліктен ақша, мал жинап, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Ауруханаларға тамақты жүргізуші ғана тасиды. Біздің бұл идея­мызды көптеген адам қолдап жатыр. Ыдыс-аяқ сататын бір кісі ауруханаларға тамақ тасуға арналған үлкен-үлкен ыдыстарын берді. Дүкені бар бір жомарт жан айран-сүтін беріп, бір кәсіпкер картоп, пияз, сәбізін ұсынып, кімнің қолында не бар соны беріп жатыр» дейді ол.

Белсенді Мөлдір Анарбаеваның айтуынша, қазір олардың қолында бір айға жететін азық-түлік қоры және біраз қойдың ақшасы бар.

«Қорымыздағы азық-түлік бір айға жетеді, одан асса да мархабат деп отырмыз. Менде төрт қойдың ақшасы тұр. Кәсіпкер әпкеміз, қазір қой жеткілікті, қоя тұр деп отыр. Осы істе жақсы адамдардың көп екенінен көрдік. Кім қолында не бар соны ұсынып отыр. Қайырымдылық пен жақсылық істеу үшін міндетті түрде бай-бағлан болу керек емес. Қарапайым адамның да қол ұшын соза алатынына көзіміз жетті. Менің әлеуметтік желідегі оқырмандарым тарапынан да жиналған ақша бар. «Көп түкірсе – көл» дейді ғой, 100 теңгеден, 2000 теңгеден жинағанның өзінде қазір 200 мың теңге жиналып тұр. Жекелеген компаниялар үш қойдан әкеліп немесе ақшасын беріп жатыр. Құран оқытып, құдайы ас бере алмай отырмыз деген қарапайым халық та қойын сойып әкелуде» дейді ол.

 ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕУМЕТКЕ ӘСЕРІ

Мөлдір Анарбаеваның Instagram желісінде 300 мыңға жуық оқырманы бар. Осындай игі іске бастамашы болып отырған келіншек әлеуметтік желілерде оқырманы көп адамдар жақсы бастамалардың иесі болуы керек деп есептейді.

«Қазір жұрттың көзі қайда? Әрине, әлеуметтік желіде. Оны сағаттап босқа пайдаланғанша, жақсылыққа қолдану керек. Кімнің оқырманы көп, сол қоғамды өзгертуге үлес қоса алады. Өйткені оқырманы көп адамға жұрт еліктейді, үлгі тұтады, жақсы көреді, оны сол үшін оқиды. Ал мұны біз дұрыс жағынан пайдалана білуіміз керек. Оқырманы көп адам жақсылыққа шақырып, игі іске үндеп отырса, жұрт оны істейді. Яғни біз себепкер бола білуіміз керек. Мысалы мен осы идеямды жүзеге асырарда «не істей аламыз?» деп жаздым. Оқырмандарым бірден қолдап, көмектерін аямай жатыр. 100 теңгеден бастап салып, шамасы келгенше ақша аударуда. Біз оның барлығын орнымен жұмсап жатырмыз. Бұл біріншіден бізге деген сенім, екіншіден жақсылық жасауға деген ұмтылыс» дейді ол.

Иә, әлеуметтік желіде оқырманы көп адамның беделі де биік, сөзі де жерде қалмайтыны белгілі. Ал біздің кейіпкер дәл қазіргі жағдайда әлеуметке әлеуметтік желіні әсер еткізу арқылы, қоғамды өзгертуге болады деп санайды.

«Биыл еріктілер жылы деп жарияланды ғой. Белсенділердің өзін көрсететін уақыты туып тұр. Қоғамға қандай бағыт берсең, соған ереді. Қазіргі таңда билікке қарсы дүниелер көбейіп кетті. Біз Үкімет қана беру керек деп ойлаймыз. Бірақ мен не бере аламын деп ойламаймыз. Бір мезгіл «Мен мемлекетке не істей аламын, қоғамды өзгерту үшін қолымнан не келеді, не бере аламын?» деп ойланып көрейікші. Бәрін біз өзіміз өзгерте аламыз. Ауылдың кітапханасына бір кітап апарып берсек те, өз ауламызды тазаласақ та – бұл үлес. Біз Үкіметтен бірдеңе талап ету үшін, өзіміз де атсалысуымыз керек. Қоғамды соған тәрбиелеу керек» дейді М.Анарбаева.

Не десек те, еліміздегі қиын жағдайда әркім жақсылық жасауға, пандемиямен күресуге өзінше талпынып жатыр. Бүкіл әлемді шарлаған індет біздің елімізде ұзаққа созылып, оған пневмония қосылғанда еліміз есеңгіреп қалғаны рас. Күнде қаралы хабар, жайсыз ақпарат естіген жұрт қажи да бастады. Біздің арамызда, қоғамымызда қолынан келген жақсылығын жасап, пандемия­мен күрес жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Бұл күрес дәрігерлер үшін ғана емес, еліміздің әрбір азаматы үшін үлкен сынақ болып отыр. Тек жақсылық жасаудан жарысып, тек жақсы жаңалықтар жазатын күн тезірек туса екен дейміз.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Павел

    Спасибо за информацию.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.