АЛҚАЛЫ ТОПТА АЙБЫН БОЛҒАН АҒАМЫЗ…

Жә, жаттанды сөзді қайталамай-ақ қояйыншы дейсің. Бірақ әлім­сақтан келе жатқан және қашаннан қанымызға сіңісті болған ата дәс­түрден аттап қайда барасың?! Жа­ныңа жақын тұтатын жақсы ағаның мына жалған дүниедегі дәм-тұзы таусылып, қайтпас сапарға аттан­ғандығын біле тұра ол кісінің артында аңырап қалған сүйген жарына, бала-шағасына, жақын-жуық ағайын-тумасына көзбе-көз отырып, көңіл айта алмау деген не сұмдық?! Көңіл білдіруден тартынатын кім бар. Әйтсе де ойламаған жерден опындырып, жүрегіңнің бір бөлшегін жұлып әкеткендей, сенің де жан-дүниеңнің жылап тұрғандығын аңғартып және сол ақтық ниетіңді көзкөргендермен бөлісуге қолтарлық жасаған мына таскерең тағдырға не дерсің?!

Жайбарақат, сол баяғыша етек-жеңі жиналмай даладай дар­қандығынан және айырылмай есігіне құлып түспеген қайран қазақтың есін тандырған кездейсоқ кеселдің күн өткен сайын қос бүйірден қыса түсетіндігін кім білген. Бұл күллі дүниенің апшысын қуырған індет қой дегенмен, тап бүйтіп бізге қырын қарағаны ақылға сыймай-ақ қойды. Қазақтың мұнан басқа да көрген азабы мен тозағы аз болып па еді?! Енді кеп… Бәрінен қиыны, соңғы сәтте жерлеуіне қатысып, бір уыс топырақ сала алмағанның өкінішін айтпаңыз!
Қажығали Мұханбетқалиұлы! Әлдекімдермен шатастырмайтын жалқы есім. Амал жоқ, тағы да естелікке жүгінеміз. Қажекеңмен соңғы рет, қазаның алдында екі-үш күн бұрын ауруханадан телефон арқылы тілдескенбіз. Біздің көңілімізге қарады ма, әлде бар мен жоққа бір қалыпты, қай орта, қай жиында болмасын, өзін үнемі бір қалыпты ұстайтын, сабырлы да салмақты кісі сырқат жанына қаншалықты батса да шыдамдылық танытып: «бәрі жақсы, сәл аяғым­ның ісіп жатқаны…» деп, әлгі аты өшкір індетті тіпті ауызға алмастан қайсарлық танытып еді ғой. Сұлухан жеңгемізбен де жиі-жиі хабарласып тұрдық. «Қажекең ыстық сорпа ішсем деп жатқан көрінеді, соған ертең сорпа апарамын» деп сәл кібіртіктеген дауысын естідік. Ал былайғы күндері (қайран Қажекеңнің арқасы екен ғой, асыл жеңгеміз арқа тұтар азаматына еркелейді екен ғой) Сұлухан жеңгеміз ашық-жарқын жүріп, қайғы-мұңсыз қашанда күліп жүретін. Міне соның аяғы…
Біразға дейін сене алмай жүрдік; біразға дейін: «қалайсыңдар, аман­бысыңдар, жан-жақтан не хабар, әдебиет төңірегінде не жаңалық? Газет-журналдарда елең еткізерлік не бар?» деп күнара хабарласатын Қажекең әне-міне телефон соға­тындай елеңдеп-ақ жүрдік. Иә, әдебиетке әркім әртүрлі жолмен келеді. Жазу-сызудан артық мына жалғанда артыңда қалар не бар дейсің дегенді темірқазық қып ұстанған және ақ қағаздың бетіне бір сөйлем жазса да мық шегедей нақпа-нақ түсіруге тырысатын әрі маржандай жазуынан да кінәрат табыла қоймайтын. Әдебиетке аса зор дайындықпен келген әрі сол дайындығын өлшеулі ғұмырында дүйім жұрт алдында дәлелдей білген бірегей қаламгеріміздің бірі Қажекең еді ғой. Бұл – біз ашқан жаңалық емес, әрине. Қажекеңнің таңғы шықтай мөлдір, қант қиығындай таңдайға салғаннан еріп жүре беретін бас-аяғы жұп-жұмыр шап-шағын әңгімелері, көркем әдебиет төңірегіндегі ой-толғамдары, аудармалары, әдеби жиындарда жасаған баяндамалары, әрине, шоқтығы биік «Тар кезең» романы оқырман есінде ұзақ-ұзақ сақталары сөзсіз. Әлгі әдебиетке келердегі үлкен дайындық дегеннен шығады-ау, біреулер оны ерте бастан әлем әдебиетіндегі мойны озық шығармалармен жіті таныстандықтың әсері дейді; біреулер өмірлік тәжірибе дейді (бұлармен таласатын жағдай кәні); десе де ана сүтімен бойға сіңген елгезектік пен тынымсыздық, ең бас­тысы – тіршіліктегі ала-құла арпалысты, адам жанының нәзік иірімдерін «мидың мың градустық домнасында» қайната білетін таланттылықта жатса керек. Таланттылықты тек әдебиет төңірегінен іздеу – қолайлы тәсіл емес, өмірдің қай саласына да талантты адамдар қажет-ақ. Солардың кемшін түсіп жататыны ғана жанға батады.
Қажығали Мұханбетқалиұлының «Жігіттің көз жасы», «Өмір», «Жалғыз жиен», «Қаңтардың қара суық түні», «Муратик», «Бұралаң жол»…т.б. әңгімелерін қолына енді ғана қалам алған жас жазушылар оқыса, қайталап оқыса мүлдем ұтылмас еді. Әдебиетке қойылар талап; ой мен идеяның жүйелілігі, стиль, сөз қолданыстағы шеберлік… тағы не, солардың бәрі, әсіресе, жазушының соңғы жазған әңгімелерінде де тұнып тұр. Дәлел керек пе, «Шегебай», «Қарадөң елден қалай қашты», «Кесек кемпір», кеше ғана «Ана тілінде» жарық көрген соңғы шығармасы «Біздің ауылдың Қожанасырлары» кім-кімге де үлгі боларлық құнды дүниелер. Таяудағы бір кездесуде әзіл араластыра айтқан мына сөзі әлі есіміздіе: «Мен өзі бір орында қадалып отыра алмайтын пендемін ғой. Бірде Атырауға, бірде Оралға, бірде Ақтөбеге тартып кеткім келеді де тұрады. Оның үстіне орайы келсе құс атып, балық аулайтыным тағы бар. Мына коронавирус мені шегелеп отырғызды. Ойда жүрген бірді-екілі әңгіме жазып тастадым, жазсам деген жоспар да жеткілікті…»
Іштей қуанғанмыз, Қажекеңнің әрбір шығармасын іздеп жүріп оқитын ағайын қарқ болатын болды-ау деп және қуанғанбыз. «Тар кезең» жиырма жыл жазылды. Жиырма жыл шаң басқан мұрағат ақтарумен, романның әрбір тарауы біткен соң оның жарық көруіне ыссылай ұрынбай, талғам таразысына салып, «қырнау, сүрлеумен» өтті. Патшалық Ресейдің Жайық бойын мекендеген қазақтарға жасаған озбырлығы мен қысастығына шыдамай қарсы күрескен Сырым батыр, Сырым бидің толыққанды бейнесі романда жан-жақты ашылып, шындықпен суарылып, толықтай таңбаланды деген пікірдеміз. Және мұндай оңды пікірлерді ауыздары дуалы қаламгерлерден де естіп жүрдік. Ара-кідік «шығарма аяқталмаған секілді ме қалай, сірә, жалғасы жазылатын болар» дейтін үмітті ойлар да айтылып жүрді. Алайда романның жалғасын жазуға Қажекеңнің құлқы жоқ-ты: «Роман өзінің миссиясын аяқтады, оны созғылаудың қажеті шамалы. Бір кезеңнің – тар кезеңнің оқиғасы қамтылды…» Десе де тарихи оқиғаларды тасқа басылған деректер негізінде қуалап кетпей, оны оқырман жүрегін дір еткізерліктей көркемдік тәсілмен әрі аса талғампаздық дәрежеде жазылған шығарма туралы әлі де тұшымды пікірлер айтылады деген дәмедеміз. Роман сонша ұзақ жазылса да әрбір кезеңдік оқиға қағазға түскен сәттегі жазушының «аспан тіреген» көңіл-күйін көз алдыңызға елестетіңізші! Орынсыз мақтанды да, мән-мағынасыз насихатты да ұната қоймайтын Қажекең де пенде ғой, сол бау-шуы түгелденген қолжазбаны ниеттес, пікірлес әріптестеріне оқытып алып, солардың айтқандарына құлақ қоюды да артық санамайтын. Олар­дың пайдаға асар-аспасын өзі біледі.
Міне, Қажекең арамыздан ана дүниеге аттанғалы санаулы күндер болса да, ендігі жерде кез­десе алмайтындығымызды, ақыл-кеңесін бұрыңғыдай тыңдай алмай­тындығымызды амалсыз мойын­дап, шуақ шаққан нұрлы жүзін сағына бастағандығымызды несіне жасы­райық. «Тар кезеңнің» алғашқы данасына мынадай қолтаңба жазып бергені – біз үшін алтыннан да қымбат ескерткіш: «Бірге тумаса да туғандай болып кеткен; өзі де қазақ қаламгерлерінің бір буынының басы – қаламдас бауырым Қуанышқа! Бұл кітапты қолжазбасынан оқығалы бүкіл ыстық-суығын, тебіреніс-толқынысын бірге бөліскендей күй кешкеніңе ризашылығымның бір белгісі ретінде ұсынамын. 01.09. 2012 жыл».
Иә, айта беретін несі бар, ана бір жылы Қазақ ПЕН-клубы атынан көзі тірі классигіміз Ә. Нұрпейісов екеуі Берлинде өткен 141 елден қаламгерлер қатысқан халықаралық конгреске барып қайтқандары бар-ды. Сол жиынның жүрек соғысын қаз-қалпында қағазға түсіре білген Қажекең «Ана тілі» газетіне үлкен мақала жариялады. «Бардым, көрдім, бәрі жақсы екен» емес, әлем қаламгерлерінің алдында тұрған қадау-қадау жағ­даяттарды көзінен тізіп, бұл проблемалардың бізге де жаттығы жоқтығын нақты дәлелдермен тігісін жатқыза білген Қажекең со жолы да сүңғыла шеберлігін танытқан-ды. Ә.Нұрпейісовтың әлем қаламгерлерінің алдына шы­ғып сөйлеген сөзінің мән-мағы­насының салмақты болғаны сон­шалық, мінбеден түсе берген жазушыны елдің қалай құрмет көрсетіп қоршап алғандығын Қажекең иінін қандырып қалай суреттеген десеңші?! «Алқалы топта айбын болған қайран ағалар-ай, кейде құдай ұрып, сіздердің қадір-қасиеттеріңізді де бағалай алмай жатамыз-ау!» деп аһ ұрған-ды Қажекең. Осы ойдың арғы астарында атан түйе тарта алмайтын жүк жатыр. Өз арамыздағы алаңғасарлық та соның ішінде. Әдеби жауһарлар қашанда жалғыз адамның қолымен жасалады. Сырт көз, әлгідей әлем назарын өзіне аударған қаламгерді әрдайым алақандарына салып әкетуге әзір-ақ. Кейін Әбең де: «Әр кезде, әр елде болған кәделі басқосуларға қатысып жүрміз ғой, бірақ бірде-бір қаламгер Қажығали секілді болған оқиғаны дәл мұндай дәлдікпен суреттеп бере алған емес» деп айтып жүрді. Інісіне риза болғаны шығар.
Жақсы адамның, оның үстіне жақсы жазушының дүниеден өткені – орны толмайтын-ақ өкініш. Қолдан келер айла жоқ. Алланың ісіне араласа алмайтындықтан да бәріміз пендеміз. Жоқтаймыз, іздейміз, сағынамыз, сөйтіп біртіндеп өз-өзімізді жұбатамыз. Шүкіршілік айтамыз. Қажекең жайлы қаралы хабар естілген сәтте Ә.Нұрпейісовтен бастап, Т.Әбдік, Ә.Сарай, Қ.Салғара, С.Досанов, Е.Раушанов, А.Смайыл, А.Жақсыбаев, Б.Нұржекеев, Н.Дәутаев, М.Қаназ, М.Мәжитов, М.Айымбетов, С.Асылбеков, М.Ақдәулетов, Е.Ашықбаев, Қ.Түменбай, С.Бақтыгерей, Қ.Ергөбек, К.Әмірбек… т.б. ағаларымыз бен замандастарымыздың қайғыдан қан жылаған сәттеріне куә болдық. Бір есептен мұны айтудың да реті келіңкіремес, бірақ қазақ әдебиеті үшін орны толмас қаза – жүрекке жүк түсірмей қоймайды.
Ағып жатқан өмір. Уақытты уысыңда ұстап тұра алмайсың. Ертең қазақтың қабырғалы қаламгері жайлы да жүрек тебірентерлік естеліктер жазылар. Жазылады. Ал бүгін алқалы топта айбын болған ағалар жайлы үнемі толғаныста жүретін Қажекеңнің осы сөзін өзіне арнасақ артықтық ете ме?!..

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.