БАСШЫ БІРЕУ, ӨЗГЕМІЗ ТІРЕУ БОЛАЙЫҚ

Шың басында, адамның аяғы жетуі қиын құздардың ішінде, мүк басқан тастар және сұрғылт бояулардың көлеңкесі арасында сұлулығына көз тоймайтын, жұп-жұқа нәзік жапырақшалары аспанға нұр шашып, бір әсем гүл өсіп тұр. Оның хош иісі мен шырыны сыйқырлы қасиеттерге толы. Сергек ойлы, құдайдың рақымы түскен, киелі адам тамаша шырыннан қанып ішіп, хош иісін рахаттана жұтса, Құдай берген құдыретке ие болмақ. 

Адамның қарапайым кеудесінде қара ниет ойдың немесе істің кіш­кентай ғана ноқаты болса, ол гүлге жақындаған сәтте оның жарқыраған нұрын көрмейді, ол адамның қара пиғылы гүлге теріс әсер еткеннен ол улы шырынға айналады да, ұстаған адамның алақанынан қан сорғалап, жазылмай күлдіреп қалады.
Сондықтан да жанының таза­лығына күмәні бар адам гүлге жа­қындай алмайды. Сондықтан да гүлге тек таңдаулы, жаны айрықша таза адам­дарға ғана бұйырады.
Бірақ, Алланың бұл сыйы, оның алдағы өмірі де кіршіксіз таза болмаса оның уысынан шығып кетуі мүмкін. Ал, егер ол адам жанын таза күйінде мәпелеп ұстай білсе, кір шалдырмаса, Алла Тағала оған мәңгілік өмір тарту етеді…
Халқымыз қашан да өзінің талантты ұлдарын жоғары бағалап, қастерлеген, Алла сыйға берген ерекше құдіретке бас иген. Даланың дарынды перзенті туралы үлкендердің айтқанын ести жүріп, мен де осындай бас июшілікті бойыма сіңіріп өскенмін.
Бұл аңызды айтып отырған себебім, мен әрқашан кез-келген бастаманың жеңіске жетуіне негіз болатын жан-дүниенің, ойдың тазалығы деп санайтынмын, әлі де соған сенімдімін. Жазушы болсын, тұлға болсын,жұмысшы болсын – бәрібір, рухтың кемелденуі – ең негізгі қасиеттердің бірі.
Бұл қасиеттің қоғамға да, мемлекетке де,тұлға ға да қатысы бар.
Атың өшкір тәжтажал – коронавирус індеті әлемді әбігерге салып, адамзатты төрт қабырғаға қамаған, қазақ даласы қара жамылып, қайғы жұтып, қан құсқан қаралы күндерді, жанары жасқа толы жаралы түндерді халқымызбен бірге бастан кешіп жатқанда және тар кезеңде ел тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жайлы ойлағанда шың басындағы жапырақ жайлы аңыз еске түсті. Бұл аңыздың астарында ақиқат бар. Тазалық, адалдық, адамгершілік – адам үшін ең басты қасиет. Қарапайым адамдар үшін де керек бұл қасиет, ел тізгінінін ұстаған тұлғаға әсіресе керек! Ауадай қажет! Алла тағаланың халқымызға, Қазақстанға сыйлаған баға жетпес бақыт – осындай тар кезеңде ел тізгінін «күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адамға»шың басындағы қасиетті жапырақты ұстай алатын қолы таза адамға Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергені.
«Алаш көсемдері сендер адас­паңдар, сендер адассаңдар соңнан ерген халық адасады» деген Ахмет Байтұрсыновтың ақылын сертке соққан семсердей қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев елді сара жолмен, дара басшылықпен басқарып келеді. Көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың қарызын кешіріп, алғашқы қадамын өте сәтті бастаған Мемлекет басшысының көптің көңілінен шыққан дәмді сөздері мен мәнді істері көп. Тәж-тажалдың алдын орап өзге көп мемлекеттерден бұрын тиімді шаралар қолдағанын, бүгінде де талай қиын түйіндерді сәтті тарқатып жатқанын, босбелбеу министрлер мен әкімдерге кемшіліктерді жою үшін екі апта уақыт беріп, жұмысты ширатқаны, т.б. қарымды, алымды істеріне ел риза.
Атақты философ Салюский: «Дү­ниеге құмарлық жеңген кезде адамға деген сүйіспеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерле­неді» депті. Өкінішке қарай, қоғамда дүниеқоңыздар әлі де азаймай тұр. Қайғы жамылған қара халықтан «жемтік іздеген» (Қ.Тоқаев) сонда сұ­мырайларға қарата айтылған сөзі, оларды қатаң жауапкершілікке тарту керек дегені де қорғасын құйылып, алшы түсер асықтай көкейге қона кетті.
Түйіп айтсақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тізгінін қолына ұстаған бір жылдан аса уақытта жемісті де жеңісті жұмыс істеп,халықты «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» жолымен мәңгілік елге бастап келеді.
Құдайға шүкір, жүгіміз ауыр болса да көшіміз көлікте, еліміз көрікті.
«Хан баласында қазақтың хақы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деп еді Әлихан Бөкейханов.Тарихтан қазақтың хақы-аласы көп.
Мемлекет басшысына айтар өтіні­шім есемізді еселеп қайтарыңыз. Біз Сізге сенеміз! Осы жолда көмекте болуға дайынбыз.
Білімді туған жақсылар,
Аз да болса көппен тең, —
дейді Ақтамберді жырау.
«Білімді туған жақсылар» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасайық. Басшы біреу, өзгеміз тіреу болайық!
Бірлігі бекем ел озады,
Бірлігі жоқ халық тозады.
Халыққа да,
Мемлекет басшысына да;
Алла өзі жар болсын,
Бақыт әркез пар болсын,
Ел үміт еткен
министрлер мен әкімдер
Елшіл болсын, нар болсын!
Аман болайық!

Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.