ТАНБУР ЖӘНЕ ДОМБЫРА

Сағатбек Медеубекұлы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің деканы,
ф.ғ.к., доцент

Танбур

Әл-Фараби айтады: «…әт-танбур әл хурасаний» – бағдаттық танбурдан үлкен танбур түрі. Үлкен танбурлардың қатарына базрак танбуры (әт-танбур әл-базракий), түркі танбуры (әт-танбур әт-туркий) және балғар танбуры (әт-танбур әл-балғарий) мен Шығыс танбурлары (әт-танбур әш-шарқий) жатады…» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 689-бет.)

Әбу Насыр әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабында» «Екінші білім» деп аталатын тараудың «Екінші сөз» деген бөлімін танбур аспабы туралы баяндаудан бастайды.

Танбур атымен белгілі аспаптар уд аспабына ұқсас екен. Бұлар да уд аспабы секілді халық арасына кең тараған. Бұл аспаптарды тарту, шерту де дәл уд аспабындағыдай. Ғалымның жазғанына қарағанда танбур аспабы көбінесе екі ішекті болады. Кейде үш ішек пайдаланылады. Бұл аспаптан да «дыбыстар ішектердің пайдаланған бөліктерінен шығады» дейді. Танбурға ішекті қалай байлайтынын да түсіндіреді. Аспаптың төменгі тарапында ирак халқы «әз-зәбибата» деп атайтын таяныш бар. Сол таянышқа екі ішекті байлап, екеуін де аспап мойнының бетімен тартып, апарып екеуін екі құлаққа түйіндейді. Екі ішекті бір бірінен ажыратып тұруы үшін арнайы тиек қойылады. Тиек аспаптың ортасына емес, әлгі «әз зәбибата» деп аталатын таянышқа жақындау жерге орналастырылады. Аспаптың екі құлағының бірін жоғары, ал екіншісін онан сәл төмендеу орнатуға болады. Егер екі ішекті бір құлаққа байлайтын болса, (біздегі көне шертерді есіңізге түсіріңіз, онда екі ішек бір құлаққа тартылып тұрған еді. авт.) аспаптың мойны мен құлағының ортасына екі ішекті ашып тұратын тағы бір тиектің құрылысына ұқсайтын бөлшек (біздіңше шайтантиек) қою қажет деп ескертеді.

Әл-Фараби айтады: «…Біз мына кітапты жазып жатқан шаһарда осы атаумен белгілі бұл аспаптың екі түрі бар: Бірінші түрі «хорасандық танбур» (әт-танбур әл-хурасаний) ретінде танымал. Ол Қорасан мен оның жақын маңайы мен атырабындағы өлкелерінде, Қорасанның Шығысынан Солтүстүгіне қарай қолданылады. Екінші түрі, Ирак халқы оны «бағдаттық танбур» (әт-танбур әл-бағдадий) деп біледі.Танбурдың бұл түрін Ирак елі мен оның қасындағы өлкелер және батыс Ирактан шығысқа дейінгі аралық пайдаланады. Танбурдың екі түрі де құрылысы мен ауқымы жағынан бірі-бірімен тең емес.» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 344-бет.)

Ғалым алдымен бағдаттық танбурды (1-сурет) таныстырады. Оның ішегі бес бөлікке бөлініп, осы бес бөліктің әрбір нүктесіне сәйкес аспаптың мойнына перне тағылады.

1-сурет. «Музыка туралы үлкен кітаптың» 344-бетінде берілген сурет. Астына араб қаріптерімен «әт-танбур әл-бағдадий» деп жазылған.
1-сурет. «Музыка туралы үлкен кітаптың» 344-бетінде берілген сурет. Астына араб қаріптерімен «әт-танбур әл-бағдадий» деп жазылған.

Үстіңгі ішекті аспап мойнының жоғары жағында А әрпімен, астыңғы ішекті шайтантиек жағында Б әрпімен, ал үстіңгі ішектің төменгі саға жағын Дж әрпімен, астыңғы ішектің саға жағын Д әрпімен белгілеп алып, осы екі аралыққа перне орналастыру ретін түсіндіреді және ішекті пернеге басқанда шыққан дыбыстарды да әріптермен белгілейді. Олардың арақатынасын айқындап, бір ішектен, мысалы үстіңгі ішектің А нүктесі мен Дж нүктесі аралығында қанша дыбыс шығатынын анықтайды. Сөйтіп, ол дыбыстардың реттік санын жазып шығады. Айталық, үстіңгі ішектегі А дыбысының реттік саны 40 болса, онда

Х – дыбысының реттік саны отыз сегіз;

К – дыбысының реттік саны отыз жеті;

М – дыбысының реттік саны отыз алты;

С – дыбысының реттік саны отыз бес. Сол сияқты астыңғы ішектегі Б дыбы­сы­нан бастап Г дыбысына дейінгі дыбыс­тардың реттік саны осылай болып шығады.

Осындай жолдармен перне мен ішек дыбыстарын есептеп алғаннан кейін ғалым танбур аспабына қатысты мына мәселелерді:

– пернелердің арасындағы интер­валдардың үйлесімділері мен үйлесім­сіздерін;

– бағдаттық танбур ішегін күйге келтірудің кең тараған түрін;

– арақатынасы тең пернелердің ұқсас емес интервалдар құрамай­тынын;

 – бағдаттық танбур пернелерінің негізгі тұратын орындарының ауысып кеткендігін анықтап, бір-бірінен тең арақашықтықта орналасқан пернелердің нақты позицияларын дұрыстауды;

– бір-біріне тең және әртүрлі арақа­шықтықта орналасқан пернелердің санын;

– пернелердің, яғни арақашықтығы әртүрлі пернелердің, сондай-ақ, арақа­шықтығы тең пернелердің сандарының кестесін;

– сол заман музыканттарының бағ­даттық танбурды қолдану амалдарын;

– тетрахорд интервалдарын шығару арқылы аспап дыбыстарын кемелді ету жолдарын анықтайды. Бұл да ғалымның аспаптану ғылымына қосқан жаңалығы болатын.

Бағдаттық танбур туралы айтқан­дарының соңында бұл аспапта қалыптас­қан ойнау әдеттері бойынша шығатын әуендердің кемел еместігі анықталғанын, оларды өзі көрсеткен әдістермен кемел­дендіруге болатындығын, онсыз бұл аспапты толық мәнінде пайдалану мүмкін еместігін ескертеді.

Демек, әл-Фарабиді сол кездегі ең мәш­һүр бағдаттық танбурдың қайта жетіл­діру жолдарын қарастырып, дыбыстық мүмкіндігін арттырған ғалым деп білеміз.

Әл-Фараби келесіде қорасандық танбурға тоқталады. (2-сурет)

2-сурет. «Музыка туралы үлкен кітаптың» 389-бетінде берілген сурет. Астына араб қаріптерімен «әт-танбур әл-хурасаний» деп жазылған.
2-сурет. «Музыка туралы үлкен кітаптың» 389-бетінде берілген сурет. Астына араб қаріптерімен «әт-танбур әл-хурасаний» деп жазылған.

Мұнда ол:

– қорасандық танбурдағы тұрақты пернелерді;

– қорасандық танбурдағы ауыспалы пернелерді;

– тұрақты пернелердің орнын табуды;

– ауыспалы пернелердің орнын табуды;

– табиғи саздау жолдарын;

– уд аспабына тән саздауды танбур аспабында қолдануды;

– қорасандық танбурды квинта интервалына саздау амалдарын;

– ол аспапты екілік квартаға саздау тәсілдерін;

– қорасандық танбурдағы мүмкін болатын саздау түрлерін анықтап береді. Сондай-ақ, келесі ізденісінде ғалым тетрахорд интервалдарындағы ауыспалы пернелердің әр түрлі орналасу реттілігіне тоқталып:

а) толық үн интервалының тең үш бөлікке бөлінуін;

ә) ортаңғы жұмсақ интервалдардың орналасуын;

б) қатты қосылған ортаңғы интервал­дардың орналасуын;

в) әлсіз жұмсақ интервалдардың орналасуын;

г) үшінші екі еселенген интервалдардың орналасуын;

ғ) әлсіз екі еселенген интервалдардың орналасуын;

д) үшінші жұмсақ интервалдардың орналасуын;

е) күшті қосылған тетрахорд интервал­дарының орналасуыннақты сызба үлгіле­рмен көрсете отырып түсіндіреді.

Мұнда да ғалым хорасандық танбурдың дыбыстық мүмкіндігін кемелдендіру жолдарын көрсеткен.

Жалпы «танбур» деген атпен тараған аспапты қай ел көп пайдаланса, және қай елде ерекше мәшһүр болса, сол елдің аспабы деп атау заңдылық секілді. Бірақ, осы аттас ішекті-шертпелі аспап бір ғана елде ғана кездеспейді екен. Ол арабтарда да, парсыларда да, түрктерде де, әзербайжандарда да, тәжіктерде де, өзбектерде де, күрдтерде, ирандықтарда, ауғандарда, татарларда да бар аспап. Танбур Иракта, Парсы шығанағын жайлаған елдерде, Палестинада, Мысырда, Шығыс Суданда да кездеседі. Сондықтан, зерттеушілер оның атауының этимологиялық астарын табуға қызықты. Бір зерттеуші бұл сөз арабтың «танна» – дыбысталу деген сөзінен шыққан болуы мүмкін десе, келесі ғалым парсының «дум» немесе «дунба» – құйрық, және «бара» – қозы деген екі сөзінен туындаған дегенді алға тартады. (Г.Дж.Фармер) Тағы бір зерттеуші арабтың танн – «музыкалық дыбыс» және бур – «өлімге кесілген» деген сөздерінің бірігуінен шыққан дегенді айтады. (әл-Масуди) Келесі пікірді Әли Чанги Дәруіш ХVІІ ғасырда Бұхарада жарық көрген «Музыка туралы трактатында»: «тан» – жүрек, «бура» – жырту деген мағына береді» дейді. Тағы бір зерттеушілер бұл атаудың гректің «пандура» деген атауынан келіп шығуы мүмкін дегенді ұсынады. (Музыкальные инструменты. Энциклопедия.-М.: «Дека –ВС», 2008. 561-б.)

Әл-Фараби таныстырған танбур аспабының екеуі де қазақтың домбырасына өте жақын. Келесі сөзіміз осы домбыра туралы болмақ.

 Домбыра

 Домбыраның қалай пайда болғаны жөнінде ел аузында бірнеше аңыз сақталған. «Аңыз түбі – ақиқат» дегенімізбен, қай аңыз болса да шындықтың өзін дәл жеткізбейтіні белгілі. Домбыраның қалай, қашан, неден пайда болып, жаратылғаны жөніндегі ақиқаттың ауылына ат басын тіреуге дейін ұзақ ізденіс, көптеген болжау мен толғамдар, анықтаулар мен салыстырулар жолынан өту қажет. Соның өзінде нақты байлам, тоқ етер тұжырымға келдім деу асығыстық, әрі ағаттық болар еді.

Ішекті аспаптардың арғы тегіне ой жүгірткен зерттеушілердің кейбірі домбыра «ұрмалы аспаптар негізінде пайда болды» деген пікірді алға тартады. Оған себепші болған тірек – ең көне деп есептелетін, бітімі алмұрт тәрізді ішекті аспап еді. Айтушылар болжамы мынадай эволюциялық даму сатысын көрсетеді: а) сопақтау пішінді ұрмалы аспап (дабыл, даңғыра); ә) алмұрт пішінді ішекті аспап; б) алмұрт пішінді, бірақ мойны ұзара түскен ішекті аспап; в) домбыраның ең көне түрі болып есептелетін қосішекті аспап. Мұны суретпен бейнелесек, мынадай болып шықпақ (3-сурет).

3-сурет. «Домбыра ұрмалы аспаптардан пайда болған» деген болжам.
3-сурет. «Домбыра ұрмалы аспаптардан пайда болған» деген болжам.

Бір қарағанда ой қонымды көрін­генмен, көкейге күдікті сұрақ ұялайды.

– Дабыл бетіне ішек тартуға не себеп болды?

– Дабылдың алмұрт тәрізді болып өзгеруінің сыры неде?

– Әуелі бір ішек тақты ма, жоқ бірнеше ішек тартты ма?

Осындай сұрақтарға жауап беру, оларға қаншалықты қиынға соқса, біз де ол қиындықтан құтыла алмасымыз кәміл.

Зерттеушілердің басым көпшілігі әу бастан-ақ ішекті аспаптардың арғы атасы – арфа дейді. Ал арфаның шыққан тегіне қорғаныс һәм шабуыл құралы – садақты жатқызады. Дүние жүзі халықтарының ішінде, әсіресе Африка елдерінде әлі күнге жалғыз ішекті садақ іспетті аспапты пайдаланатындар бар (4-сурет).

4-сурет. Жалғыз ішекті садақ іспетті аспап-монохорд
4-сурет. Жалғыз ішекті садақ іспетті аспап-монохорд

Садаққа ұқсайтын аспапты ежелгі Мысыр суретшілері қалдырған таңбалар­дан көреміз.

Садақтан айнымайтын музыкалық аспап бізде де болған. Зерттеушілер оны «адырна» деп атайды. Бұл атауды «арфа» сөзінің баламасы ретінде де қолдануға болады.

Адырнаның (арфаның) екі түрі болған. Біреуі «доғалы», екіншісі «бұрышты» деп аталады (5-сурет).

5-сурет. «Доғалы» және «бұрышты» адырналар
5-сурет. «Доғалы» және «бұрышты» адырналар

Екеуі де ежелгі Мысырда кең қол­данылған. Ғалымдардың анықтауынша, «доғалы арфа» египеттіктердің отанына Греция арқылы Орта Азияны мекендеуші халықтардан жеткен(Вызго Т.С.Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторические очерки. Издательство «Музыка», М., 1980, 22-б.)

Шындығында садақтың ең жетілді­рілген түрін алғаш жасаушы сақтар мен ғұндар болған (Деревянко Е.И. Очерки воен­ного дела племен Приуралья. Новосибирск, «Наука», 1987, 14-б.) Көшпелілердің негізгі күнкөріс һәм қорғаныс және шабуыл құралы рухани азық сыйлар аспапқа да ай­налған. Шірене тартып жіберіп қал­ғанда, созылып барып жиырылған адырна тер­бе­ліске түсіп, ерекше дыбыс шығармай ма?!

Осы дыбыс құлаққа үйреншікті бола келе, үнемі садақ тартып жүрген бабалары­мыздың жанына жақын, сүйкімді сазына да айналған.

 Жауын жайратқан садағын енді бірде алдына қойып, адырнасын саусағымен іліп-тартып, шерін тарқатқан, қуанышын үн, әуез, әуен, ырғақ арқылы бөліскен. Бабаларымыз бұл аспапта алғаш іліп-тартып ойнаған. Дыбысты өзгертіп отыру үшін ішекті (адырнаны) мойынға (жаққа) қарай саусақпен тартып қысқарту арқылы оның тербеліс жиілігін күшейтіп, дауысын жоғарылататын болған. Саусақпен тартқан ішек кейде мойынға (жаққа, тобыршыққа) да тиетін. Бұл процесс үнемі қайталанып, ежелгі музыканттың аспапты басқаша ұстап, өзгеше тәсілмен тартып көруіне жетелеген. Ақыл-ойдың келесі бір асуы адамға ішекті аспаптардың, сондай-ақ ол аспаптарда ойнаудың бірнеше түрін дүниеге әкелді.

а) іліп-тартып ойнау: бұл әдіспен адырна тектес және жетіген іспетті аспаптарды тартады;

 ә) шертіп-қағып ойнау: бұл тәсілмен шертер, домбыра секілді аспаптарды тартады;

б) ысып-есіп ойнау: бұл шарғымен қобыз және сазген сықылды аспаптарды тартады.

Басқаша айтқанда, ол аспаптар әуелі адырнаны тік ұстап тарту, одан кейін жатқызып қойып тарту, содан соң көлденең ұстап тарту негізінде дүниеге келді деп ойлаймыз. Егер бұл болжамды дұрыс деп тапсақ, онда домбыра адырнаны көлденең ұстап шертіп-қағып тарту негізінде пайда болды деген тұжырым алдымыздан шығады (6- сурет).

6-сурет. «Ішекті-шертпелі және ішекті- ыспалы аспаптар садақтан пайда болды деген» болжамның сызба жүлгесі.
6-сурет. «Ішекті-шертпелі және ішекті- ыспалы аспаптар садақтан пайда болды деген» болжамның сызба жүлгесі.

Солай болса да, біз домбыраның нақ қай ғасырда өмірге келгендігін дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, кейбір тарихи деректер мен әр жылдарда жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған мәліметтерге ой жүгіртіп көруге болады.

Соңғы жылдары ел назарын аударған мына деректі ой таразысына салып көрелік (7-сурет).

7-сурет. Батыс Монғолия. Ховда аймағы. Жарғалаңт-Қайырхан таулары. Нухэн-хад үңгірінен табылған домбыра. IV-Vғғ.
7-сурет. Батыс Монғолия. Ховда аймағы. Жарғалаңт-Қайырхан таулары. Нухэн-хад үңгірінен табылған домбыра. IV-Vғғ.

2008 жылы батыс Монғолияның Ховда аймағының Дандар есімді қойшысы Жарғалаңт-Қайырхан жоталарындағы Нухэн-хад үңгірінен мойыны иілген шанақты аспап тауып алып, ауыл мектебін­дегі Ч.Энхтурға апарып береді. Ол мұғалім Улан-Батордағы Моңғолия Ғылым академиясының Археология институына хабарлайды да мамандардың келуін өтінеді. 2008 жылы 25 маусымда археолог Ц.Турбаттың жетекшілігімен Нухэн-хадта қазба жұмыстарын жүргізіледі. Қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша олар «Археологийнсудлал» жинағына үңгір құпиялары туралы мақала шығарады. Осы мақалада олар өзге табылған заттармен (адам сүлдесі, ертоқым, садақ, жебе, қалқан,т.б.) бірге домбырадан аумайтын музыкалық аспаптың фотосын да жариялайды. Бұл дерекпен неміс және қазақ ғалымдары айналысып, оның осыдан 1500 жыл бұрын жасалғанын анықтайды. Аспап тұтас ағаштан шауып жасалған. Бір ғалымдар мұны қобызға ұқсатса, бір ғалымдар адырнаға балады. Ал Қаржаубай Сартқожаұлы мұның домбыраға әлдеқайда жақын екенін анықтайды да көшірмесін жасап, ҚР Музыкалық аспаптар музейіне тапсырады.  Бұл мәліметке қарасақ, осыдан 1500 жыл бұрын домбыра дәл қазіргі қалпына өте ұқсас болған екен. Оған дейін ше? Басқа деректерге де назар аударайық:

Үстіміздегі ғасырдың елуінші жылдарында Соғда, Қой қырылған (ежелгі Хорезм) қалаларының орнын қазғанда табылған мүсіндердің бірінде домбыраға ұқсаған екі ішекті аспап ұстаған музыкант бейнеленген. Ғалым-зерттеушілер оның қолындағы аспапты қазақтардың домбырасы деп шешті. Мүсінге 2400 жыл.

Т.С. Вызго өзінің «Орта Азияның музыкалық аспаптары» деген еңбегінде біздің эрамызға дейінгі 5 мыңжылдыққа тиесілі ежелгі Сузиана елдімекенінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тас діңгектің бетіне түсірілген бедерлерді (рельефтерді) ішекті-шертпелі аспаптардың пайда болуына қатысты дерек ретінде ұсынады.( Вызго Т. С. Музыкальные инструменты Средней Азии. Исторические очерки. М., «Москва», 1980, 29-б. )

Ол бедерлерде адамдар мен аң, жануарлар кезек-кезек бейнеленген. Ондағы әр адам (жауынгер, әлде көсем, әлде әулие?) домбыра тұрпаттас аспапта ойнап бара жатыр. Аспаптың шанағы шағын, мойны ұзын. Араларында жалғыз ғана әйел даңғыра қағып барады. Бұл бедерлі діңгек біздің заманымызға дейінгі ХІІІ – VIIІ ғасырларға жатады. (8-сурет)

8-сурет. Тас бедер. Б.з.д. ХІІІ-VIIIғғ. Сузы. Париж. Лувр.
8-сурет. Тас бедер. Б.з.д. ХІІІ-VIIIғғ. Сузы. Париж. Лувр.

Сонда, осыдан 34 ғасыр бұрын домбы­раның қазіргі тұрпаты және ұстау, тарту амалдары қолданыста болғаны ғой.

Егер домбыраның дәл өзінен аумайтын нұсқаның бұдан да ертерек қолданыста болғанына көз жеткізгіміз келсе, Мысыр­дағы Нахт қабірінің қабырғасына салынған суреттегі музыкант әйелдердің ұстап тұрған аспабына бір сәт ой жүгірте қарайықшы: (9-сурет.)

9-сурет. Мысыр пирамидаларының біріндегі Нахт қабірі қабырғасына салынған музыкантшалар кескіні.
9-сурет. Мысыр пирамидаларының біріндегі Нахт қабірі қабырғасына салынған музыкантшалар кескіні.

Бұл бейнелерде алдыңғы қыз арфада (біздіңше адырнада), екіншісі шертпелі аспапта (біздіңше домбырада), үшіншісі үрлемелі аспапта (біздіңше сыбызғыда) ойнап тұр. Бұл сурет біздің эрамызға дейінгі ХV ғасырда салынған. Ендеше, ол кезде адырнаның да, домбыраның да, сыбызғының да үлгілері адамзат өмірінде болғаны ғой. Юрий Полидавк сөзіне жүгінсек, мына суреттегі 12 ішекті адырнаның арғы тегі бес ішекті доғалы адырна – скифтердің тал аспабы еді. Египетке бұл аспаптың Орта Азиядан ауысқаны туралы дерек көп. Мұндай деректерді айтушылар Орта Азия, Қазақстан территорияларында кездесетін ежелден қалған музыкант тас мүсініндегі садақ іспетті ілмелі-ішекті аспапты дәлел ретінде көлденең тартады. Ғалым Р.Л.Садоков жалқы ішекті аспап – монохордты садақ іспетті арфаның бір түрі дейді және оның (доғалы адырнаның) таза жергілікті нағыз ұлттық әрі өзгеріске көп ұшырамаған құбылыс екендігін айтады. Мұндай доғалы бір ішекті адырна Жамбыл облысынан табылған тас мүсінде бейнеленген болатын. Әлі де тамырын басып, зерделей, зерттей түссек, бұл тас мүсіннің де айтары көп болмақ.

Сонымен, адырнаның да, домбы­раның да арғы тегі – садақ дедік. Енді Нахт қабіріндегі осыдан 36 ғасыр бұрын бейнеленген шертпелі аспапқа тағы бір назар аударыңызшы… Екі ішекті, бір тиекті, көп пернелі, қос шашақты (үкілі)… домбырадағыдай…

Осы сурет осыдан 36 ғасыр бұрын салыныпты. Осы 3600 жыл бұрын салынған суретте бейнеленген музыкалық аспаптың шанағы жұмыр, дөңгелек, мойны жіңішке, ұзын, екі ішекті, екі құлақты, екі шашақты. Шанақтың бетінде ойығы бар.

Сонда әл-Фараби сөз еткен танбурдың яғни бізше домбыраның садақтан бөлініп шығып, дербес аспап болып қалыптасу кезеңдерін біздің эрамыздан бұрынғы ХV ғасырдың, басқаша айтсақ, бұған дейінгі 36 ғасырдан да арғы замандардан іздеу керек болғаны да…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.