Оның жаны сұлулыққа құштар

Иә, оның жаны сұлулыққа құштар. Жанары жан баласының бойында жасырулы жатқан көркемдікті көруге ынтық. Қым-қуыт өмірдің қызықты һәм қас-қағым сәттерін қалт жібермеуге тырысады. Дәл осы қасиеті оны фотоөнерге әуес қылды. «Адамның өмірін жанарлардың қуанышты жарқылдары мен қайта қайталанбайтын бір сәттік кадрлар құрайды. Міне, осы шақтарын сәтті түсіріп алсаңыз жетіп жатыр. Мәселен, адамның сол сәттегі қуанышын оның езуіндегі жымиысынан, таңданысынан, көзіндегі тамшы жасынан аңғаруға болады. Бірақ оны сіз аузыңызбен айтып жеткізгеннен гөрі тосын сурет арқылы өзіне көрсетсеңіз, әлдеқайда сенімді шығады. Фотоальбомдағы суреттер сіздің өміріңіздің шежіресі іспетті. Олар сіздің бұған дейінгі өмір тарихыңыздың тасқа басылған нұсқасындай. Көз алдыңызда сөйлеп тұрады. Міне, фотоөнердің осы құдіреті мені бала кезімнен баурады» дейді Флора Қайниоллақызы.

Флора ханым бала кезінен мың бұралып өскен биші болғаны­мен, жастайынан осы өнерге де аң­сары ауғанын жасырмайды. Қазір Қытайдан атамекенге қо­ныс аударғандарына сегіз жыл­дың жүзі өтсе, оның бес жылын осы фотоөнерге арнап келеді. Бүгінде оның «Бәйтерегіне» (фотосалоны) бас сұғатындардың қарасы көп. Әсіресе, бас құрайтын жас­тар Флора ханымды өздері іздеп келеді. Өйткені ол – өз кәсібін ұлттық нақышта әрлендірген жан. Ұлттық киімде жарасып суретке түскен жұптар өз алғыстарын аяған емес. Қызығы сол, фотосалоны құрқылтайдың ұясындай әрі қуықтай жерде орналасқанымен, елдің бәрі осы жерге құштар. Оның басты себебі – Флораның ұлттық костюмдері мен сапалы қызмет көрсететіні. Шындығы керек, ұлттық киімдері көздің жауын алады. Әшекей тастармен безендірілген, шебер қолдан шыққаны анық сезіледі. Ал бет әрлеу тәсілдері тіптен бөлек. «Мен адам бетіне бес батпан бояу жаққанды жаным сүймейді. Құдай әр пендесін өзінше сұлу етіп жаратқан. Сондықтан сол сұлулығын ашып көрсетсем жетіп жатыр» дейді кейіпкеріміздің өзі.
Бір таңғаларлығы, оның суреттерінде құдды сиқыр бардай. Жақындасаң сөйлеп сала берердей. «Сіз түсірген суреттерде бір жылылық бар. Тіпті тірі дерсіз! Айтыңызшы, суреттеріңізге қалай жан бітіресіз?» деген сауалымызға ол: «Би режиссері болғандықтан суретке түсетін кейіпкерлеріме баса мән беремін. Олардың көзқарастарына, қимыл-қозғалысына назар аударамын. Өйткені сурет шынайы шығу үшін осының бәрі басты назарда болу керек. Сондай қас-қағым сәттерді тосыннан сәтті түсіріп алғандықтан да шығар, ел біздің суретімізді мақтап жатады» деп жауап берді.
Бүгінде қарапайым халықтан басқа жұлдыздар да «Бәйтеректі» өзі іздеп табатын болды. Қала берді, Америка елшілігінен қара нәсілді жандардың өзі келіп, Флораның қызметіне жүгінеді екен. «Оларды қызықтыратыны – бұл жердегі ұлттық киімдер. «Бұрынғы қазақтар тура осылай, сән-салтанатын асыра бекзат киінген бе?» деп таңғалыса сұрап жатады. Осындай сәттерде менің кеудемді қуаныш билейді» дейді Флора Қайниоллақызы.
«Біз қазақ елі азаттық ал­ғаннан кейін ғана елге оралдық. Алайда «дайын асқа – тік қасық» болғымыз келмейді. Әлі күнге балама «егер еліңнің басына күн туа қалса қорғауға аттанасың» деп отырамын. Ал өзіміз қалған ғұмырымызды осы қазақ елінің гүлденуіне арнасақ дейміз» дейді. Елім деп еміреніп жүрсе де, ұлтына деген ұлы махаббатын арнап келген бұл өнерлі жандарға Алматыдан бір баспана да бұйырмай жүр. Бірақ оған олар мойымақ емес. «Басымыз аман, бауырымыз бүтін болса, бәріне қол жеткізерміз» дейді олар. Ал біз өмірін өнерімен өрнектеген жанға «ісіңіз жемісті болсын!» деген тілек айттық.

Д.СЕРІКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.