Ата-баба мұрасы – өркениетіміздің жәдігері

«Ономастика» деген гректің сөзі «орын», «жер», «атау» дегенді білдіретінін еске салсақ, ежелгі мекені – сайын дала, төсегі – жасыл жайлау, көк майса, көкорай шалғын, көрпесі – көк аспан болған көшпенділер, оның ішінде қазақтар үшін бұл сөздің мән-мағынасы тіпті терең, ауқымы тіпті кең. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» десе, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уәлиханов: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады» деп, жер-су атаулары елдің болмысы, салт-дәстүрі, тілі, діні екенін, ешқашан жөн-жосықсыз, ойсыз-мәнсіз кездейсоқ қойыла салмағанын еске салады.

Халқымыз: «Үш байлығыңды – елің мен жеріңді және тіліңді құр­метте» деп бекерге айтпаған. Міне, сондықтан да қазақ өзінің өсіп-өнген жеріне, тауы мен тасына, өзені мен көліне, сай-саласына дейін ат қойып, айдар тағып отырған, тарихын тасқа қашаған. Сөйтіп, өзінің болмыс-бітімін, ежелден келе жатқан далалық дүниетанымын, тілі мен ділін, мәдени ерекшелігін, рухани құндылықтарын шашасын шығармай, шашып-төкпей болашақ ұрпаққа аманаттай білген. Белгілі жазушы, ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбектің тілімен айтсақ: «…атау арқылы белгілі бір жаратылыс пен құбылыстың мазмұндық мәнін танып-түсінуге жол ашылады, бағдар айқындалады».
Сайып келгенде, мұның бәрі біздің бүгінгі таңда тек тарихи-мәдени мұра ретінде ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызға ие болып отырған ономастика мәселелеріне көз­қарасымызды, одан туындайтын іс-қимылымыздың бағыт-бағдарын ай­қын­дауға тиіс. Елбасымыздың Қазақ­станның бүгіні мен болашағы жайында ой толғағанда, үнемі оның көне тарихына шолу жасап, одан тағылым алу қажеттігін ескертіп оты­руы да кездейсоқ емес. Осы арада Нұрсұлтан Әбішұлының ономастика мәселелері әркез ел басшылығы­ның назарында болады. Бұл ретте жалтақтаудың еш қажеті жоқ. Жердің байырғы тарихи атауына үйлеспейтін, халқымыздың абыройы мен беделіне көлеңке түсіретін, отарлық кезеңнен қалған атаулардан арылу керек деген сөздерін айта кеткен артық болмас.
Мамандар қазір елімізде оно­мастикалық жұмыстың нормативтік-құқықтық базасы негізінен қа­лыптасты деп жүр. Меніңше, бұл орайда әлі атқарылатын істер аз емес. Десек те, «жоққа жүйрік жетпейді», барға шүкіршілік ете­міз. Қолданыстағы құжаттардың ішінде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 21 қаңтардағы №45 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасындағы мем­лекеттiк ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының орны бөлек. Аталмыш құжатта қазақстандық қоғамдастықтың да ежелгi тарихи дәуiрде қалыптасқан ұлттық оно­мастикалық жүйесi болғаны, өкінішке қарай, оның ХIХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап түбегейлi өзгерiстер­ге ұшырағаны және патша үкiметiнiң отаршылдық мүдделерiне, кейiннен Кеңес жүйесiнiң тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болғаны атап көрсетілген. Иә, бүгінгі таңда отаршылдық пен тоталитарлық режимдердiң идеологтарының ономастиканы қоғамның тарихи-мәдени санасына әсер етудiң саяси құралына айналдырғаны, соның салдарынан қазақ ономастикасының өзiндiк болмысына, ұлттық ерекшелiгiне, әсiресе, оның топонимикалық және антропонимикалық жүйелерiне орасан зиян келтiрiлгені, Қазақстан картасының едәуiр бұрмалауларға ұшырағаны тайға таңба басқандай белгілі болып отыр. Кешегі солақай саясат елді-жұртты салт-санасынан айырып, рухани тамырынан ажырату үшін алдымен жер-су аттарын өзгертті. Осылай халық санасында сан жылдар сіңісті болған атаулардың сырына үңілмей, ту-талақай ету – тарихқа жасалған қиянат еді. Бірақ қарашекпенділер оны ойлап, басын қатырған жоқ. Тәуелсіздігімізге біз осындай халде қадам бастық. «Атау нысанға таңылып қалған нәрсе емес, ол тек қана қоғамда өмiр сүредi және әрбiр әлеуметтiк құбылыс сияқты әрқашан тарихи заңдылықтарға бағынады», – дегенді еске алсақ, ономастика­лық жұмыстарды үйлестiруге, ұлттық мүддемізге сәйкестендіруге, ономастика жөніндегі қағидаларымыз бен тұжырымдарымызды Қазақстан тәуелсіздігінің бүгінгі рухани биігінен қайта қарауға, ескі атауларды қалпы­на келтіруге, тарихи әділеттілікті орнатуға жедел кірісіп кетуіміз керек еді. Тәуелсіздіктің таңында осындай бір құлшыныстың ел тарихын құрметтейтіндерді тың ізденістерге бастағаны анық. Сөйтіп, екі қадам ілгері, бір адым кейін шегіне жүріп, біраз істер тындырылды. Ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды, бұл бағытта тындырылған істер де жоқ емес. Ел көлемінде алсақ, 5 облыстың, 13 қаланың, 54 ауданның, 7 қалалық ауданның, 43 теміржол стансасы мен бекеттерінің атаулары өзгерді. 6 облыстың, 12 қаланың, 14 ауданның, 76 теміржол стансасы мен бекеттерінің, 30-дан астам елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Осындай деректерді кез келген облыс, аудан бойынша да келтіруге болады.
Осы атқарылған істер еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап ұлттық ономастика кеңістігін өзінің төл нақыштарымен ажарландыруға берік бағыт ұстады деуге негіз бола ала ма? Бұл арада нық сөйлеу қиын, содан да жауабымыз әркез солқылдақ шығады. Көсіліп сөйлей алмай күмілжиміз. Өйткені отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз десек те, әлі шешілмеген мәселелер, кезегін күтіп тұрған істер жетіп-артылады. Тоқетерін айтсақ, еліміз, жеріміз үш ғасырға созылған отарлау кезеңінің ономастикалық белгілерінен түбегейлі тазартылмай отыр. Әсіресе, еліміздің солтүстік, шығыс, орталық облыстарында орысша атаулар әлі де сіресіп тұрғаны кімді де болсын қынжылтпай қоймайды.
Жиырма жылдың ішінде біз бұл істі біраз еңсеріп тастауға тиіс едік, іс жүзінде олай болмады. Өткен ғасырдағы отаршылдық заманды, одан кейінгі кешегі кеңестік кезеңді еске салатын қалалар мен аудандардың және жүздеген елді мекендердің атаулары әлі күнге орыс тілінде тапжылмай тұр. Сөйтіп, біз ұлттық мүдде ұтатын жерде арқаны кеңге салып, мәселенің шешілуін сағыздай созып, тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы керек дегенді ескермей келеміз. Басқаларды былай қойғанда, Петропавл мен Павлодар қалаларының атаулары сол күйінде өзгермей келе жатқаны қынжылтады. Осы атауларға байланысты Елбасы осыдан үш жыл бұрын «…Елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi Петропавл, Павлодар секiлдi қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секiлдi қалалар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар. Жергiлiктi әкiмшiлiктермен, мәслихат депутаттарымен ойласып көру керек. Бұл да – елмен бiрiгiп, ақылдасып шешетiн мәселе» деген болатын. Жергілікті билік орындары осы сөздерді іліп әкетсе, кәне. Қайта кейбіреулер оған қарсы қол жинап әлек.
Мәселенің ойдағыдай шешілуі көп жағдайда аудан, қалалардағы ономастикалық комиссиялардың белсенділігі мен тиянақтылылығына байланысты екенін дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Алайда, ономастика комиссиялары орталықта да, жергілікті жерлерде де құрылғанмен, олардың жұмысын әлі де жетілдіру қажет. Олардың ішінде егемен еліміздің бүгінгі жаңару, өркендеу үрдісіне ілесе алмай отырғандары да бар екені шындық. Демек, ономастикалық комиссиялардың атқарған жұмыстарының жай-күйіне тексерулер жүргізіліп, оларға практикалық көмек көрсетілуі тиіс. Жалпы, осы істі алға бастырамыз десек, ономастикалық комиссиялардың жұмысын түбірінен қайта құру керек. Олар өшкенімізді зерттеумен, зерделеумен айналысатын, осы іске үздіксіз қозғау салып отыратын, тұрақты жұмыс істейтін ғылыми орталықтарға айналуға тиіс.
Күнбе-күн көзіміз жетіп жүр­геніндей, көп мәселе аудан, қала, облыс әкімдеріне байланысты. Бір ғана мысал келтірейін, жақында мен іссапармен Оңтүстік Қазақстан облысында болып қайттым, бәрімізді толғандырып жүрген мәселелер сол өңірде қалай шешіліп жатқанына назар аудардым. Облыстық ономастика комиссиясын аймақ басшысының өзі басқарады екен. Сүйініштісі сол, әкім дайын құжаттарға қол қоюмен шектеліп отырған жоқ, осы маңызды іске соны серпін беріп, оның барлық буындарда жоғары деңгейде ұйымдастырылуына тікелей ықпал етуде. Бірен-саран болса да осы сияқты мысалдарды ортаға салып, көңіл жұ­батуға болады. Ал, тұтастай алғанда, осы іске ұдайы көңіл бөліп, жанын салып жүрген әкімдер саусақпен са­нарлықтай ғана. Әкімдер елді мекендерге, көшелерге, нысандарға дұрыс ат беру, түптеп келгенде, қазақ елін, ұлтты, тарихты құрметтеу деген түсінік қалыптастырудың да мүмкіндіктерін толық пайдаланып отырған жоқ.
Содан да жер-су атауларын өзгерту мәселесі бүгінде күн өткен сайын күрделеніп барады.
Шындығы сол, жер-су атауларын қазақыландыруға жергілікті биліктің құзыреті жетпей отыр. Олар уақыт жеткенін түсінсе де әркімге бір жалтақтап, мәселені шеше алмауда. Сондықтан бұл ұлтымыздың тарихына тікелей қатысты мәселе болғандықтан, жергілікті биліктің ғана қарамағына беріп қою дұрыс емес, тез арада жер-су атауларын өзгертіп, өткеніміз бен бүгінімізді саралап, тұлғаларымызды, тарихымызды әспеттегіміз келсе, арнайы заң қабылдап, орталық құрып, онымен шындап айналысатын мезгіл жетті. Бұдан әрі жергілікті билікке иек артып, мәселені соза беретін болсақ, тіпті ескі атауларға етіміз үйреніп кетуі де әбден мүмкін.
Қазақстандағы көптеген облыс орталықтарында көшелердің 80 пайызға жуығы басқа тілде аталады. Кей қалаларда бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Тіпті «қазағы қалың» деген Қызылорданың өзінде көшелердің жартысына жуығы қазақшаланба­ған. Ал жолыңыз түсіп, теріскейдегі облыстарға бара қалсаңыз, ешбір негіздемесі жоқ, тіпті атауға ыңғайсыз көше аттарынан, туған жер тарихына қатысы жоқ адамдардың есімдерінен көзіңіз сүрінеді. Оның есесіне еліміздің азаттығы үшін күрескен Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов сынды ардақты тұлғаларға көше аттары бұйырмаған.
Соңғы кездері кей елді мекендерде мән-мағынасы жеңіл, бейтарап атаулар қоюға әуестік орын алып отырға­ны байқалады. Мысалы, «Ақбастау», «Көкжиек», «Ақтілек», «Шұғыла», «Қуат» деген көше аттарынан не түсінесіз. Сірә, бұл да жалтақ­тықтың, ұлыларымызды ұлықтауға құ­лық­сыздықтың бір көрінісі болса керек.
Тарихи атауларды қайтару – отар­лық психологиядан арылудың төте жолы, бүгінгі және келер ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қуат­ты құралы екенін біле тұра, сәтімен басталған осы істі неге сұйылтып алдық? Мұның бірнеше себептері бар. Қазір біз жер-су атауларын өзгертуде «Қазақстан Республикасының әкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» заңын негізге ала отырып жұмыс істеп жатырмыз. Аталған заңның 11-12-13-14-баптарында «белгілі бір нысандарға ат қою, атын өзгерту, транскрипциясын өзгерту тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып жүргізіледі» делінген. Өз басым осы арада бір гәп бар деп ойлаймын. Кезінде елді мекендерді қайта атау және олардың транскрипциясын өзгерту мәселелерін шешуді жеңілдету мақсатында еліміздің Ата Заңының 86-бабының 1-тармағына сүйене отырып, аталмыш заңның 3-бөлімінің 11-бабындағы «тиісті аумақтағы халық­тың пікірін еске ала отырып және» деген бөлігін алып тастау жөнінде ұсыныс енгізген едім. Жергілікті өкілді органдар халықтың еркін білдіретін болса, онда белгілі бір шығындарды талап ететін артық норманың не қажеті бар? Алайда бұл ұсынысымның жолы болмады.
Жер-су атауларын өзгерту туралы бастамалардың халықтан шығуы – міндет емес. Себебі бұрын осы атауларды өзгерткенде билік ешкімнен сұраған, ешкіммен ақылдасқан жоқ. Өз басым елді мекендерге, көшелерге, нысандарға дұрыс ат беру, түптеп келгенде, қазақ елін, ұлтты, тарихты құрметтеу деп түсінемін. Қазақтың жерін басып, суын ішіп жүрген бауыр­ларымыз осыны ұмытпаса екен деймін.
«Ұлт тағдыры» қозғалысының же­текшісі Дос Көшім «Айқынға» берген бір сұхбатында «Бізде әлі күнге ономастика туралы нақты заң жобасы жоқ… ал заңсыз ономастика мәселесін шешу мүмкін емес» депті. Елімізде мұндай пікірді қолдаушылар аз емес. Бұл сөздердің де жаны бар. Шынында да, ұлттық ономастика туралы заң қабылдайтын мезгіл жетті. Бұл мәселені күні кеше ғана өзімізбен бір шаңырақтың астында бірге өмір сүрген елдер қалай шешіп жатыр? Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Украина елдерінде «Географиялық атаулар туралы» арнайы заң қабылданып, жер-су атауларының мемлекеттік каталогы жасалған. Польшада, Түркияда, Венгрияда да осы саладағы жұмыстар арнайы заңға сәйкес жүргізіледі. Осы заңдарда көше атауларын немесе үй­лердің нөмірлерін өзгертудің жеңіл жолдары қарастырылған. Ал бізде бұл орайда кедергілер көп. Егер ономастика туралы заң қабылдап, атауды өзгертуге жауапты тиісті мекемелерді белгілеп алсақ, халықты, ел-жұртты әуре-сарсаңға салмас едік. Сөз реті келгенде айта кетейін, Мәжілістің бір топ депутаты Қазақстан Республикасының «Ономастика туралы» заңының жобасын жасап, Үкіметке ұсынған еді, содан әлі күнге дейін хабар жоқ.
Тарихи атаулардың ұрпақ игілігі, атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра, қайталанбас құндылық екенін ескеріп, оны жаңа мазмұнмен байыта түсуді мемлекеттілікті нығай­тудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыруымыз және оны еш­қандай дау-дамайсыз шешуіміз керек. Оны жер иесі – қазақ жақсы түсінеді.
Осыған дейін біз сөз етіп отырған салада біраз жұмыстар тындырылса, ол – тіл жанашырларының қолдауы­мен болып жатқан істер. Осындайда руханиятқа жанашыр, жігерлі бас­шылардың көмегі де керек. Ондай басшылар елімізде бар. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласында бір күнде үш жүзден астам көше аты өзгертілгенде, ешкім ереуілдеп көшеге шыққан немесе көшіп кеткен жоқ. Басшы ден қойып, шындап айналысса, көп нәрсенің айғай-шусыз шешілетініне Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан да көптеген мысалдар келтіруге болады.
Сондықтан ономастика саясаты мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана ата-баба мұрасы жаңғы­рып, жеріміздің сәні кіреді, халқымыз­дың рухы күшейеді.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.