Мың құбылған Манила

d184d0b8d0bbd0b8d0bfМагистратурамның бірінші семестрін тәмамдап, қысқы демалысқа шықтым. Қытайлар қолданатын ай күнтізбесі бо­йынша, бұл — Жаңа жыл мезгілі. Аспан асты елі тұрғындары үшін бұл — көптен күткен мезгіл. Жаңа жыл ең үлкен, ұлы мерекесі болғандықтан, қытайлар бір ай демалысқа шығады. Осы мерзім ішінде тек студенттер ғана емес, бүкіл халық жаппай тынығады. Жай күндердің өзінде ызың-шуға толы миллиондаған тұрғыны бар алып қаланың көшелері мереке кезінде аса бір ерекше екпінмен жаңғырады. Аңсарымыз ауған аралдар

Бірнеше күн бойы қала тыныштығының берекесін қашыратын мейрам күндерін өзім секілді шетелдіктер у-шудан алыстау жерде өткізуге тырысады. Шанхайдың адам жанына жағымсыз суық ызғарынан әбден жалыққан мен демалысқа шыққанша жазғы мезгілді аңсаумен болдым. «Жазда Шанхайдың климаты тропиктік жердегідей, ауасы ылғал», — дейміз оқитын жеріміздің табиғаты туралы сұрағандарға. Бірақ қысының қары болмайды демесең, өзіміздікінен айырмашылығы жер мен көктей емес.
Тропиктік климатты жерде қаншама жыл тұрсам да нағыз тропиктік қыс көрмеппін. Сол себепті мен жақын маңайдағы өңкей аралдардан құралған шағын мемлекеттердің біреуіне сапар шегуге бел будым. Жаныма ерткен жолдастарыммен ақылдаса келе, Филиппин аралдарына баратын болдық.
Бізді бұл шешімге келтірген ең басты екі себеп бар. Біріншісі, аралдың жақындығы және жұмсайтын қаражаттың үнемділігі. Қанша дегенмен сырт елде оқып жүрген жастар емеспіз бе? Екіншіден, жеке өзім үшін тағы да бір себеп болды. Мен жаз бойы «Шанхай Экспо — 2010» атты бүкіләлемдік көрменің Қазақстан павильонында жұмыс істеген болатынмын. Жұмыс барысында әлемнің әр бұрышынан ат басын тіреген түрлі халықтың өкілдерімен таныстық. Көптеген мемлекеттердің өкілдерімен достық қарым-қатынаста болдық. Қапта­ған елдер жастарының ішінде осы фи­лип­пиндіктер қазақстандықтармен ай­рықша жақын араласып еді. Жолдың сәті жеңілдікпен түсе салған сәтте менің қуан­ған себебім, қыс айында жаздың күйін ке­шетін болғаныма ғана емес, сол бір кездерде бірге өткізген аз уақытта мол әсер қалдырған шетелдік достарымды тағы бір көру мүмкіндігінің туғанына байланысты еді.

Жанымызды жабырқатқан жатақтар

Біз сапарға аттанар күні Шанхай табиғаты әдетте жоқ қылық көрсетті. Таң атпастан қала кө­шелерінде қалың қар жатты. Азанғы асымызды ішіп алып, асықпай жолға шығамыз деп отырған біз жанығып жинала бастадық. Ертерек шығып, әуежай басына асыға жеткеннен аса пайда болмады. Ұшағымыз ауа райының салдарынан «белгісіз уақытқа дейін ұшырылмайды» деп хабарланды.
Арада екі-үш сағат өткенде, біз Шанхай — Гонгконг рейсіне отырғызу жүргізіліп жатқан қақпаға бет алдық. Жоспар бойынша Гонгконгта екі сағат күтіп, Филиппин астанасы Манилаға ұшатын едік. Мұның да сәті онша келіңкіремеді. Нөсерлі жауынның салдарынан ұшағымыз тағы да екі сағатқа кешікті. Сөйтіп, түс қайта жетуді көздеген Маниламызда біз кеш батқанда ғана болдық. Дегенмен біздің көздеген түпкі мекеніміз — Манила емес, жергілікті халық жүзумен, сёрфингпен айналысуға баратын Боракай аралы еді.
Филиппин елі астанасы аэропортынан шықпастан аралымызға жететін самолет билеттерін іздестіре бастадық. Өкінішке қарай, билеттер оңайлықпен табыла қоймады. Аэропорт маңындағы қонақүйде түнеуімізге тура келді. Шынын айтсам, Маниланың алғашқы көрінісі жылы әсер қалдырған жоқ. Әуежайдан шығысымен жаяулап басып, жақын арадағы қонақүйлерді зерттеуге кірістік. Жергілікті халықтың кедейлеу тұратынын білсем де, мұндай ахуал боларын мүлде ойламаппын. Маңай толған жартылай салынған құрылыстар, құрылыстың жан-жағы төбелері сәл жел ұрса ұшқалы тұрған жатақтар. Жатақтардың маңында өңдері күнге қақталған, жоқшылықтан әбден әбіржіген шешелерінің мойнына асылған жартылай жалаңаш балалар. Жол бойында сыраның бөтелкелерін құшақтап, әрі-бері өткен адамға оқтала қарап отырған бір топ жас бала…
Содан екі-үш метрдей жерде орнатыл­ған шағын күркеде әбден ыссылағаннан бар киімін шешіп тастап, дамбалшаң ғана тәртіп сақшысы отыр. Менің білетінім, өз елімізде көбіне банк немесе сол секілді аса маңызды мекемелердің қарауылдары ғана тапанша ұстайды. Қалғандары ре­зеңке таяқпен шектеледі. Ал мұнда әрбір дүңгіршектің қарауылына шейін мылтық асынған. Қысқасы, әуежай маңындағы көрініс Американың атыс-шабысқа толы фильмдеріндегі мексикалықтардың немесе испандардың кедей аудандарын есіме түсірді. Ал біз болсақ өзімізді осындай фильмдерде жазықсыз қиындыққа түсіп қалатын туристер секілді сезіндік.

Апайымнан
аумайтын әйел

Жүктерімізбен қоса өзімізге жан-жақтан қадалған суық көздердің әсерін қоса арқалап, әйтеуір бір қонақүйдің маңына жеттік-ау. Қонақүй ішінде орналасқан саяхат бөліміне барып, ертеңгі күнгі билеттердің жайын сұрастыра бастадық. Бөлім ішінде толықтау келген, қараторы, түрі қазаққа келетін бір кассир әйел отырды. Шынымды айтсам, Манилаға түскен екі сағат ішінде кездестіріп тұрған жылы жүзді адамым осы кассир еді. Әйелдің жүзі маған бұрын бірнеше рет көргендей әсер етті.
Таптым! Кассир әйел мектепте оқып жүргенімде тарих пәнінен сабақ берген Майра Бапанқызы деген ақкөңіл апа­йымнан аумайды екен. Кәдімгідей түрі, сөйлеу мәнері, асықпай жасаған қимылы – бәрі-бәрі келеді. Енді кассир апай менің мұғалімім сияқты ақкөңіл болса екен-ау деп ойладым. Дегендей-ақ болды. Кассир әйел бар ынтасын салып іздеп, бізге азанғы уақытқа ең арзан билет пен түнеп шығатын ыңғайлы орын тауып берді. Мұғаліміме ұқсағандықтан ба, кассир әйелдің бойынан әйтеуір бір қазақылық байқалғандай болды. Бар шаруаны бітірген сол әйел енді бізден жөн сұрады:
— Уэ а ю фром?
— Кэзэхстан! (Ағылшын мәнерімен тіл қаттық).
— Уоу, Қазақстан!?
Кассир апайымыздың аузымен айтылған еліміздің аты өте қызық естілді. Өйткені қаншама жыл сырт елде жүрсем де, бұрын-соңды еліміздің атын акцентсіз, таза қазақша, тіпті «қ» әрпі арқылы дыбыстаған ешбір шетелдікті көрмеппін. Неше түрлі дыбыстайды: Кезехстан, Хасакысытан, Ғозоғестон, Кесакистан… Ал мына кісі болса, «Қазақстан» деп қойып қалып тұр! Мұны ести сала біз бір-бірімізге күле қарастық. Кассир түсінбеген қалпы біздің бетімізге кезек-кезек жалтақтады. Біз оған мән-жайды түсіндірдік. Сөйтсек, бұл жергілікті халықтың сөйлеу диалектісі екен. Жазылуында «к» кездесетін сөздер оқылғанда «к» әрпі «қ» боп дыбысталады.
Сөйтіп, кассир апаймен жөн сұраса келе оның есімін де біліп алдық. Аты Мэри екен. «Қазақтан аумайды екенсіз, енде­ше, біз сізге қазақша ат қояйық», — деп оған Майра деген есім бердік. Менің мектеп­тегі мұғалім апайымның құрметіне…

Жұртқа жайлы
жағажай

Билет сататын орын ішінде шамалы уақыт отырған біз қонақүй­де­гі бөлмелерімізге асықтық. Жатар алдында әуежайдан түскен бойдағы көрініс көз алдымнан кетпеді. Оған қоса сапар алдында жолдастарым Филиппин елінің адам ұрлаудан әлем бойынша алдыңғы орында тұратыны туралы айтып, маған былайша әзілдегені есіме түсті: «Абайлап жүр! Қасыңдағыларға дұрыстап қара! Масқара болғанда, өзіңді ұрлап кетпесе болғаны… Ұрланған жағдайда бізге телефон шал. Оған дейін стипендия түсіп жатса, дереу салып жіберерміз». Осындай қиқы-жиқы ойлармен жатып, қалай көзім ілініп кеткенін байқамаппын. Таң атысымен азанғы асымызды асыға ішіп алып, әуежайға тарттық. Боракай аралына ұшпақшымыз. Арада бір жарым сағат уақыт өткенде біз арал портында тұрдық. Ұшақ ішінде отырып, аралдың шет жағасы көрінгеннен-ақ қонғанша асыққан болатынбыз. Көгілдір ашық аспан, мөп-мөлдір су, аппақ құм, ақ желкенді шағын кемелер, су үстіне төнген пальма ағаштары… Жеткенге дейінгі ауыр жол, мазасыздық, үрейлі ойлардың ізі де қалмаған. Бар күдігіміз осы керемет көріністің арасында жоғалды.
Боракай аралы әлемдегі ең үздік бес демалыс орнының бірі болып саналады екен. Ұзындығы – 7, ені 1 шақырым болатын, теңіз түбінен алынған маржантас­тармен қоршалған арал – су астында жүзу, су шаңғысы, су мотоциклі және де т.б. су спортына құмар жандар үшін нағыз жер жаннаты. Боракайдың бетке ұстар жағажайы Уайт Бич (ақ жағажай) деп аталады. Ұзындығы 4 шақырымға созылып жатқан жасыл-қоңыр пальма ағаштарынан басталып, ұн тәрізді ұнтақ және аппақ құммен жалғасын тауып, аспанкөк, мөлдір теңізге айналатын бояу үйлестігіне қан­ша қарасаң да көзің талмайтындай. Боракайды әлем курорттарының алдыңғы қатарына енгізіп тұрған – осы жағажай. Кейбір ақпарат көздерінде бұл жер ең үздік демалыс орны деп те танылған. Сипаттамасына қарап, мұндай табиғатқа ие аралдар жетерлік деп ойларсыз. Рас, солай-ақ шығар. Бірақ басқа демалыс орындарының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болады емес пе? Біреуінде қызмет көрсету бағасы қымбат, екіншісінде арзан, үшіншісінің қызмет көрсетуі мүлде нашар немесе едәуір жақсы… т.б. Ал мұнда қажетті талаптардың барлығы да қарастырылған.
Аралда демалып жатқан басқа елдердің туристерінің ішінде «Боракай не себепті ең үздік курорт саналуы мүмкін?» — деген сұраққа: «Өйткені Боракай бір жағажайда бірнеше демалыс орнын қамтыған. Мұнда Мальдив аралдарының пейзажы мен тай­ландтық ойын-сауық бағдарламаларын тамашалап, азиялық арзан бағаларға еуропалық сапалы демалыста болып қай­туға мүмкіндік аласыз», — деп жауап қай­тарғандар болды. Шынымен де бағалары қа­лаған қалта көтерерліктей. Жағажай бо­йында неше түрлі деңгейдегі қонақүй мен мейрамханалар, отызға жуық су астында жүзу орталықтары орналасқан. Кез келген мейрамханада ашық аспан астында, батып бара жатқан күннің шашыратқан сәулелерін бойына сіңірген көгілдір те­ңіздің қызғылт тартқанын тамашалай отырып, көптеген асханаларының тағамынан дәм тата аласыз. Барлық тағам мейманның қалауы бойынша, оның көзінше дайындалады. Еуропа үлгісі бойынша әзірленген стеиктен бастап, америка фастфуды, түрік донерлері, жапон сушилары (жапыраққа орап пісірілетін күріш), қытай, тай үлгісі бойынша қуырылған теңіз тағамдары, барлығы дерлік көз алдыңда жайнап тұр. Оның үстіне Шанхайдың бағаларымен салыстырғанда су тегін. Қысқасы, біз ішіп-жем жағынан онша қиналған жоқпыз.

Мінгенім астымдағы –
траицикл…

Жеңіл шешілген тек тамақ мәселесі ғана емес. Көлікті пайдалану жағынан да аса қиналмадық. Мұнда ең көп қолданылатын көлік — жергілікті жұрт арасында «траицикл» деп аталатын үш аяқты мотоцикл. Төрт дөңгелектіден тек қонақүй меншігіндегі мейман күтуге арналған шағын автобустар ғана бар. Жеке меншіктегілерден тек атаулы траициклді ғана пайдаланасың. Дегенмен бұл аралда көліктің қажеті де шамалы. Жаяу жүріп адасу тіпті мүмкін емес. Бар-жоғы 7-8 шақырымға созылып жатқан Боракайды ортасынан екіге бөлетін, қатарынан екі траицикл сыятын жалғыз асфальтті жол ғана бар. Бағдаршам, МАИ, «пробка» дегендер мұнда атымен жоқ. Көше толған траицикл. Қалағаныңды ал да, 10-20, ары кетсе 50 песоға көңілің ауған жаққа тарта бер. 1 песо шамамен 3,5 теңге болып қалады. Арзан.
Жалпы, тек көлік қана емес, қайда бар­саң да арзаншылық. Бұны ең әуелі тағам бағаларына қарап байқауға болады. Мысалы, орташа мейрамханадан тамақтану (сусын, шай, сорпа, бас тамақ, салат) адам басына шамамен 120 песодан шығады. Дүкен бағаларына келсек: бөтелке су (1,5 л) 25 песо, жаңа сығылған жеміс сусыны (1 л) 80-90 песо, манго, банан, қызанақ (1 кг) 40-45 песо, авокадо жемісі (1 кг) 30 песо, т.б. Құдай сәтін салып, әйтеуір бір күндері осы аралға табан тіреп жатсаңыз, жоғарыда көрсетілген бағаларға сүйене отырып, саудаңызды жүргізе аласыз.
Иә, мұнда да басқа туристік елдер­дегідей саудаласа білген жөн. Өйткені боракайлықтардың басым бөлігі — келімді-кетімді туристердің арқасында нанын тауып жүргендер. Олар үшін мейманның қалтасынан артық түсірген әрбір песо құнды. Бір байқағаным, астанасындағыдай емес, арал адамдарының барлығы дерлік жылы жүзді. Қонақүйден шыға салысымен соңыңнан қалмай «сэр-сэрлап» (ағылш. «мырза»), әйтеуір біреуі жолсерік болып, ілесе жүреді. Сонымен қатар көрсеткен қызметі үшін белгілі бір ақы сұрамайды. «Қанша берейін?» – деген сұраққа әрқашан бір жауап: «Қанша берсеңіз де мейліңіз, тек шын жүректен ризашылық ретінде ұсынсаңыз болды». Сондай жолсеріктердің біреуін күнде ертіп жүретін болдым. Аты — Джулиос. Азанда қонақүй маңында кездесеміз. Кеш бата теңіз жағасында қош айтысып, жан-жаққа тараймыз.

Жер жаннатындағы жігіт

Бір күні сол жолсерігіміз екеуміз жағалауда отырып, біраз әң­гімелестік:
— Жалпы, жергілікті халықтың күнкөрісі қалай?
— Ақшаны үйіп тауып жатқан ешкім жоқ. Тек мына қызыл-жасыл жарық жанып тұрған неше түрлі мейрамханалар мен қонақүй иелері ғана бай тұрады. Оның да басым бөлігі – шетелдіктер. Осыларға жалданып жұмыс істейсің. Бірақ ондай жерде тұрақты жұмыс болмайды. Мұнда ең тұрақты жұмысшылар — траицикл жүргізушілері. Бір көлік алып, соны тоздырғанша, аузыңда наның бар деп есепте. Тағы біреулер айналада бар заттан қолынан келген бұйымын жасап, шағын саудагерлікпен айналысады. Кейбіреулері қаладан халыққа керекті нәрсені алып, үстіне шамалы тиын-тебен қосып сатады. Әйтеуір, қу тіршілік. Өзім секілді жолсеріктерден қызмет үшін бағасын сұрағанда «Өз жүрегіңізден беріңіз», — деген жауап ішінде де аздаған қулық бар. Жергілікті ахуалды жақсы білетін кәнігі туристер өзіміздің әдепкі бағамыз — 15-20 песомызды қолымызға қыстыра салады. Ал алғаш келген мейман осы сөзіміз үшін риза болғандықтан ғана 100-150 песоны аямай, алақанға жабыстырып жатады. Соншама жерден келіп, төгіліп-шашылып жүретін қалтасы қалың туристерден артық песо сыпырғанымызға біз де мәзбіз. Әйтеуір жағдайымыз жүдеу болса да, қарнымыз тоқ. Тал басында – жеміс-жидек, теңізде – балық, бақа-шаян…
— Жастар немен шұғылданады мұнда?
— Жасың не, кәрің не, бір тіршілік бәрінде… Кеш батқанша әркім өз жұ­мысымен әлек. Күн батып, жағажай бойындағы мейрамханалар мен дискотекалар жарығын жаққанда жастар болып жиналып, шетелдіктермен бірге көңіл көтереміз. Басқасын білмеймін, өз басым ондай жерлерге ертеңіне ертіп жүретін клиент іздеуге барамын.
— Түсінікті. Шыныңды айтшы, өз өміріңе ризасың ба?
— Риза болмағанда қайда барам? Құ­дай берген өмір емес пе?! Әрине, қай мезгіл­де де ағылып жататын туристер секілді мен де жер көргім келеді. Аралдан ары барып көрген жоқпын, шынымды айтсам. Жаздан басқа мезгіл көрмедім десек те болады. Теле­дидар көзінен басқа да елдердің тіршілігін қарап отырып, кейде қатты қызығасың. Бірақ та талай тау мен тасты басқан, әлемнің жартысын шарлаған тәжірибелі туристер келіп, біздің аралды жер жаннаты дегенде тәубеңе бірден түсесің… Жер жаннатында өмір сүре тұра тағдырға шағым айтуды күнә деп есептеймін. Қарашы, қандай керемет көрініс! Мен үшін бұл — шынымен де жер жаннаты! Сірә, біздің аралдың табиғатын қайталайтын жер жоқ шығар бұл жаһанда. Құдайға шүкір…
«Тәпішке» төңірегіндегі тіршілік

— Иә… — Джулиос біраз үнсіз отырған­нан соң мен әңгімені тағы да жалғастырдым. — Айтпақшы, өзің айтқан қолбұйымдары­нан бірнешеуін алдым базарлыққа. Әсіресе, мына кілтке тағатын қолбауларың ұнады. Кө­бі­сінде жағажайда киетін шәркей бейнеле­ніпті. Ол нені білдіреді?
— Шәркей — біздің аралдың символы. Аралдың үстінен немесе атлас картасынан қарасаң, оның шәркей пішінді екенін аңғарасың. Ал ортасынан өтетін жалғыз жол арал аяғына таман екіге бөлініп, айыр баулы жағажай шәркейінен аумай кетеді. Айтпақшы, сендерше шәркей деген қалай болады?
— Тәпішке, — деппін бірден қапелімде «шәркей» сөзі есіме түсе қоймай.
— Міне, сэр Дәурен, сол «тәпішке» төңірегіндегі тіршіліктің қысқа сипаты осылай…
Шәркей пішіндес арал тұрғындарының еңбекқорлығынан, қазақылығынан (жылы қабақтарын, қонақжайлылығын, «қ» әрпін мүдірмей айтатынын мен қазақылық ретінде таныдым) басқа да бір қасиеті ұнады. Ол — бұлардың құдайшылдығы. Оны жоғарыда келтірілген диалог ішіндегі Джулиостың сөздерінен анық байқауға болады. Екі сөзінің бірі — «Құдайға шүкір», «тәубе»… Халқының саны он мыңнан астам ғана шағын арал болса да, мұнда бірнеше дін ағымы бар: мұсылман, христиан, буддизм, растафа­риан. Басым бөлігі христиан діні екені бірден байқалады. Атаулы траицикл кабинасының бүйірінде, кез келген дерлік мекеменің маң­дайшасында христиандықтардың Библия кітабынан алынған үзінділер жазылған. Сонымен қатар әр мекеменің ішінде, әр қонақ үйдің бөлмесінде әлгі кітаптың өзі тұрады. Уайт Бичтің арғы жағында қасиетті Мария ескерткіші орнатылған. Мұнда мұсылман бауырларымыз да аз емес екен. Жағажай бо­йында жеңіл сауда-саттық қылып жүріп, намаз уақыты болғанда тұра қап құлшылық ететін ақ тақиялы, ақ жаулықты жамағатты көргенде көңіліңе нұр жауғандай болады. Оларға «жаннат» пейзажы қосылып, ерекше сән беріп тұрады… Мұсылман мен христиан­дардан басқа растафариан дінінде жүрген пенделер де молшылық. Оншақты жылдап шаштарын өсіріп, азаннан кешке дейін «регги» өлеңін тыңдаудан жалықпайтын бұл дін өкілдерінің жиналатын екі-үш мейрамханасы бар.

Өлі орман, жарқанат
және крокодил

Джулиос бастаған біздің топ Боракай аралының кереметтерін түгелге дерлік аралап шықтық. Уайт Бичке көршілес орналасқан Балабаг жағажайы­ның маңындағы «Өлі орманды» тамашаладық. Кәдімгі тропиктік өсімдіктерге толы шағын орманды кезінде топан тұзды су басып, атын осыдан алған екен. Жергілікті халық: «Ай толған күні мұнда ғажап елестер көрінеді, ойға сыйғысыз құбылыстарды тамашалауға болады», — дейді. Өлі орманнан шығып, жарқанаттар үңгіріне бет алдық. Мұнда айтарлықтай пейзажды аңғара алмайсың. Бірақ үңгір ішінде тұрып, фонарьларды жа­ғып қалғанда, үстіңнен төнген, жыбыр-жыбыр еткен қалың жарқанатты көргенде біртүрлі әсерге түсесің. Жарқанаттарды тамашалап, жүрек соғысын қалпына келтіріп алып, крокодил аралына тарттық. Бұл арал басқа аралдан қарағанда крокодил бейнесін береді екен. Сол себепті осы атауға ие болған. Келесі бекетіміз шағындау келген Кагбан жағажайы болды. Кейбір аңыздар бойынша бұл жағажай суына кезінде талай кеме батып, солардан қалған топан қазына су астында қалып қойған деседі… Су астында жүзу спортының шеберлеріне арналған таптырмас орын. Келген туристерді қызықтыру үшін кезінде әдейі бір қайықты батырып жіберіпті. Өзім ол кемені, өкінішке қарай, көре алмадым. Сонымен қоса тағы да көп­теген қызық бар екен. Аралдағы ең биік төбе – Лахо тауы, 800 метрге созылған, ерекше бақалшақтарымен танымал Пука Шелл Бич жағажайы, Илиг-Илиген жағажа­йындағы бақалшақтар музейі, т.с.с. Бірақ ол кереметтің барлығын тамашалауға уақытымыз жетпеді…
Боракайдан біраз әсер алдық. Енді қайтатын уақыт келді. Жол жүгімізді жинап, Манилаға тарттық. Ел астанасында бізді баяғы «Шанхай Экспо — 2010» көрмесінде бірге жұмыс істеген Карен деген жолдасым күтіп алды. Не керек, ол бізді машинасына мінгізіп алып, Маниланы армансыз аралатты. Филиппин елі астанасының орталығына жеткенімде аузымды аштым да қалдым. Әлем елдерінің алдыңғы қатарында тұрған Шанхайымнан еш кем түспес. Биік ғимараттар, сәнді дүкендер, метро, су жаңа көліктер. Жарқ-жұрқ еткен Манила мың құбылып тұр… Бұл көрініс алғашқы алған әсерімді түгелдей сейілтті. Сонда да Каренға сол күнгі үрейім туралы айттым. Ол сәл жымиды да: «Халқымыздың жағдайы төмендеу екенін байқадың. Сендер алғаш қонған әуежай қаланың шеткі аудандарында орналасқан. Сондықтан да ол маңайдан аса жаңа, көрнекті құрылыстарды көрмейсің. Ал олардың сендерге көздері алара қадалғаны кейбір әдепсіз туристердің жүгенсіз қылықтарына байланысты. Өздерінен төмен санағандықтан ба, кейбір жабайы туристер жергілікті халықты адам құрлы көрмейді», — деді. Бүгіндікке біздің шопырымыз болуға уәде берген Карен досым жол бойы Маниламен, жалпы Филиппинмен ауыз жаппай таныстырып келеді.

Боракай мен Бурабай

Біраз жыл бойы Испан және Америка елдерінің отары болған Филиппин аралдары 1946 жылы тәуелсіздігін алған екен. 17 аймаққа біріктірілген 80 провинцияда 100 миллионға жуық халық мекен етеді. Негізгі тілі «тагалог» немесе «филиппино» деп аталады. Тарихи дамуына бірнеше елдің ықпалы тигендіктен филиппиндіктер бірден бірнеше тілде сөйлей алады және әлем бойынша ағылшын тілінде тәуір сөйлейтін елдердің бірі болып табылады…
Шопырымыз Карен Филиппин елі жа­йында едәуір мәлімет беріп болған соң бізге: «Менің әкем сендерге арнап Манила бо­йын­ша тур ұйымдастырды, қазір барлығы­мыз сонда тартамыз, автобус күтіп тұр», — деді. Бізде қарсылық жоқ. Автобусқа отырып, тур жоспары бойынша жылжыдық… Кеңпейіл Карен тағы да Манила жайында біраз әңгімелеп, басты назар аударарлық орындарымен таныстыра өтті… Манила — Филиппин елінің ең үлкен қаласы. Қала ішіндегі халықтың саны шамамен 1,7 миллион, ал қаланың шеткі аудандарымен қоса алғанда 12 миллионнан астам. Талай соғыстар мен жанжалдарға шыдас берген, тарихы өте бай қала екен. Көптеген тарихи орындарды тамашаладық. Бұрын Фердинанд резиденциясы болып саналған, 200 жылдан астам тарихы бар Малакаланг сарайы, 1981 жылы Маниланың мәдени орталығы саналатын Малата жерінде Рим папасының арнайы келу құрметіне салынған Кокос сарайы, Филиппин жерінде тұратын көптеген нәсілдердің көсемі болып саналатын атақты филиппин идеологы Хосе Ризальдің құрметіне са­лынған Ризаль паркі, Пасиг өзенінің бо­йына орналасқан маңызды тарихи жерлердің бірі болып саналатын Форт Сантьяго порты… Атаулының барлығы да естен кетпестей әсер қалдырды… Манила тарихқа өте бай қала екен… Мұнда тек бір-ақ күн болғаным өкінішті-ақ…
Күні бойы Маниланы тамашалап, кешкі ас уақыты жеткен соң Карен досымыз бізді нағыз Филиппин асханасынан дәм татуға шақырды. Мейрамханаға кіргенім сол-ақ екен, ішінде мені күтіп отырған бір топ филиппиндікті көріп, аң-таң болып қалдым. Олар да менімен бірге «Шанхай Экспо — 2010» көрмесінде өз елінің өкілдері ретінде жұмыс істеп, кейіннен менің жақын жолдастарыма айналған адамдарым еді. Карен өстіп тосын кездесу ұйымдастырыпты. Әр­қайсысы келіп, мені құшақтап, бауырына басып жатыр. Менің қуанышымда шек болмады… Өткен-кеткенді еске алып, ойнап-күліп, біраз отырып, естелікке суретке түсіп тарқастық…
Таң атар-атпастан жолға шықтым. Ұшаққа қимас көңілмен міндім. Жол үс­тін­де Боракай аралынан, Маниладан, жалпы филиппиндіктерден алған әсерім әлі тарқамағандай болды. Әлгі жолсерігім есіме түсті қайтадан… «Біздің арал — жер жаннаты», — дейді. Аралдары, сөз жоқ, керемет. Дегенмен жер жаннаты деп айтуға тұратын талай жер біздің елімізде де бар емес пе?! Мысалы, біз Жетісуды жер жаннаты дейміз. Теңіз жағалауында отырып өз табиғатына тамсан­ған Джулиос біздің еліміздегі Бурабайға барып, Жұмбақтастың үстінде отырып, адам қиялын асыра шарықтататын табиғатымызға зер салса, қалай-қалай сайрар еді… Дегенмен шағын ғана «тәпішке» төңірегіндегі тір­шіліктен тыс шығып көрмеген пендемен сөз жарыстырудың қажеті шамалы деп ойладым…
Сөйтіп, Филиппиннің Боракайы мен өзіміздің Бурабайды салыстырып отырып, ой үстінде қалай көзімнің ілінгенін байқамаппын… Көзімді ашсам, ұшағымыз Гонгконг әуежайына қонғалы жатыр екен….

Дәурен ОМАРОВ,
Шығыс Қытай Ғылым және
технологиялар университетінің
магистранты

Шанхай — Манила —
Боракай — Манила — Шанхай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.