Елдік мүдде – қастерлі ұғым

Жыраулар поэзиясындағы тарихилық тақырыбын көтере отырып, біздің ата тарихымызды танып-білуге де, оның күні бүгін ғана пайда болмағанын, яғни қазақтардың көне дәуірлерден ғұмыр кешкен халық екендігін әрі әдебиетіміздің де түп қайнары Сыпыра жырау, Асан қайғы, Шалкиіз бен Доспанбеттерден арна тартатынын нақты дәлелдермен дәйектей отырып, өзінің филология ғылымдарының докторы атағын әлдеқашан қорғаған Жұмат Тілеповтің еңбегі – ерлікке пара-пар іс.

Жуырда Жұмекең ағамыз өзінің Алматы баспасынан биыл жарық көрген қос томдығын – «Таным мен тағылым» және «Ел мүддесі – ерлер еншісі» кітаптарын ықыласпен сыйлаған еді. Мұндай ғылыми-танымдық кітаптарды оқып шығуға құлшынысың артады, таным көкжиегің кеңейіп сала береді, қазақ тілінің құнарлы мәйегімен төгіле жырлаған поэтикалық туындыларды оқығанда аруағың аспандап, етің қызады. Ұзақ-сонар тарих сорабындағы бағзы жұртымыздың тағдырлы-талайлы тарихи сүрлеулері, елдікті қолдан шығармау жолындағы жанкешті күрестер, қара жерді тітіреткен хандар мен батырлар, қызыл тілден бал тамызған неше бір сөз сүлейлерінің тұлғалары көз алдымыздан жалт етіп елес беріп өтетіндей.
Міне, бірінші кітапты қолыма алып, әуелі алғысөзіне үңілдім. «Қазақ әдебиетінің көрнекті маманы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілеповтің бұл оқу құралына ақындық поэзияның бастауында тұрған Шал ақын Құлекеұлынан бастап, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ өлеңінің Қобылан, Түбек, Өске, Шернияз, Жамбыл, Иманжүсіп, Байбатыр секілді біртуар тұлғалары, қазіргі қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, С.Қирабаев, Ш.Сәтбаева, З.Ахметов, Ә.Дербісәлин, Т.Кәкішев, Х.Сүйіншәлиев, А.Қыраубаева сынды майталмандары һәм өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы қазақ фольклористикасының хал-жайы (Қ.И.Сәтбаев, М.О.Әуезов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, Ә.Диваев, А.В.Затаевич, А.Жұбанов, т.б. халықтық мұраны елге танытудағы рөлі) туралы жазылған елеулі еңбектері жинақталып беріліп отыр», – деп жазылыпты.
Бұл алғысөзді алға тартуымыздың да себебі бар. Өйткені бұл кітаптағы барлық жаңалықты тегіс айтып шыға алмаймыз. Ал еңбектегі әрбір туындыны оқыған сайын көңіл көкжиегіңіз кеңейіп, ұлылардың айтқан ғибратты сөздерін еш жерден іздемей-ақ нобайлап осы кітаптардан тауып ала бересіз. Мәселенки, «М.Әуезов және ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» еңбегінде Әуезов ғұламаның «Барлық ақынды тарих көлемінде қарастыру керек. Бұларды ұғу үшін соларды туғызған ел мен шартты тарих бетінен ұғыну керек» деген жолдарын алға ұстаным етіп алады да, ары қарай өз пайымымен «Құндылығына баға жетпес бұл тұжырымның кемелділігі сонда, біріншіден, бүге-шігесіне дейін азаматтық тарихты білген жағдайда сол тарихтың елеулі тұлғасы ақын, жырауларды да көзіқарақты қауым қапысыз таниды. Екіншіден, керісінше, ғасырлар қойнауынан көктей өтіп, бүгінге жеткен ақын, жыраулар мұрасында кездесетін тарихи деректер тек әдебиет тарихының жасын межелеуге ғана емес, сондай-ақ елдік келбетімізді танытқан азаматтық тарихымыздың да көптеген бұлыңғыр жайларының бет-пердесін ашуға қызмет ететіндігіне күмәнсіз иландырады» деп алады да, тарих қойнауына сүңгиді: «Қазақтың аңыз-әпсаналарында халқымыздың ақылгөй абызы ретінде суреттелетін Асан қайғы, негізінен, қазақ ұлысының атақты билеушілерінің бірі Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген, жасы келген қария болып сипатталады. Шығармаларында да солай. Ал Сыпыра жырау болса, Тоқтамыс ханның Едіге бимен араздасып, төңірегіндегілермен кеңескен тұста негізгі тоқтамды пікір айтатын ақылман қарты ретінде жыр толғайтыны белгілі:
– Мен қартыңмын, қартыңмын,
Не көрмеген қартыңмын?
Бастыққа бастық бастық хан,
Оны көрген кәріңмін.
Онан соңғы Керейхан…
Онан соңғы ер Шыңғыс
Оны да көрген кәріңмін…
Өзден сұлтан Жәнібек
Оны да көрген кәріңмін
Ұлы бабаң Домбауыл
Соны көрген кәріңмін…
Жүз сексенге келгенде,
Шықпаған жан жүргенде,
Менен дәурен кеткенде…
Сонша хандар өткенде
Кешегі кеткен еңселі
Ерні салпы құбаша ұл
Сонша жасқа келгелі
Осындай ер жігітті
Көре алмаған кәріңмін…
Жыраудың өз сөзіне күдіктенбей сенер болсақ, ол – біраз жасқа келген кісі. Өзі және ел ішіндегі осы бір аласапыран оқиғаны көтере алмағандай, Тоқтамыс ханға берер соңғы кеңесін айтады да көз жұмады. Оның 1227 жылы өмірден өткен Шыңғыс ханға дейінгі, одан кейінгі біраз хандарды алдынан өткергендігіне толық сену, сенбеу – ол оқырманның өз ісі. Бірақ осы жырау Тоқтамыс пен Едіге заманында қанша жасқа келсе де, сол уәлаят өкілдерінің арасындағы бірден-бір аузы уәлі абыз ақсақалы. Жасы жағынан да көпті көрген көнесі», – дей келе, сол замандағы тарихи оқиғаларды сипаттауға көшеді. Абыз жырау Сыпыра толғаған «Ер Едіге» жырына тоқталады. Осы жырда сипатталатын «Қобыланды мен Қарақожа шыққан Қыпшақ пен Арғын руларының бүгінгі қазақ ұлтының негізін құрған қабырғалы қауым екендігін» атап өте келіп, «…Сондықтан тек осы жырда ғана емес, жалпы сол дәуірдің әдеби мұраларында ұлыстың аты атала ма, тегінде, соған да назар аудару керек сияқты. Өйткені 1022 жылы орыс князі Мстислав Владимировичпен соғысқан, 1223 жылы моңғол шапқыншылығы кезінде де «косог» атанып жүрген жұрттың келесі ғасырда мүлдем жер бетінен тегіс сызылып кетуі мүмкін емес қой. Ондай жағдайда оның арада жарты ғасыр өткенде Жәнібек пен Керейді өзіне хан көтеріп, табан астынан іргелі елдікке ие бола қалуының өзі күмәнді болған болар еді», – деп түйін түйеді.
Жалпы, Ж.Тілепов ой қорытуға, тың ой айтуға, фәлсапалық түйін түюге аса шебер де ыждаһатты. Яғни мұндай көрегенділік сипаты оның бір кездегі ақпа-төкпе ақындық талантынан басталып, көркем прозадағы көркемдік-ойшылдық үрдістерінен бастау алады деп ойлаймыз. Оның ойлары жалаң, жадағай емес, әрқашан да дәлелді, дәйекті, қисынды, бірқатар реттерде ғылыми еңбектерге жүгінеді, міндетті түрде өз байламын жасап отырады. Кейбір ой түйіндеріне назар аударып көрелікші.
«Ата жырау Сыпыраны қазақ жұртының әзірге есімі белгілі бірінші өкілі деп білуімізден тіптен де қисынсыздықтың ізі аңғарылмайды. Қайта ол көркем шығарманың тарихилығы арқылы шынайы шындықты танудың негізгі шарттарына жауап беріп тұр».
«…нақтыландырып Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай деп атағандығында көп мән жатыр. Бұлайша кісі есіміне руын қосып атау, ол кездердегі адамның паспорттық мағлұмат- дерегіндей болған».
«Бірақ батырлықты, мәрттікті қатты қастерлейтін елдің батырлық жырының қаһарманының қылықтары қалай болғанда да сол елдік салттың дәстүрлік шеңберіне сыюы қажет, сөйтіп, өзін жұртқа жексұрын көрсететін қылықтан аулақ болуы керек».
«Сөз жоқ, мұның барлығы – әрі эпостық дәстүрдің күші, әрі ерлікті, намыстылықты бағалайтын, оған үлкен өлшемдермен қарайтын халықтық сананың рухының асқақтығының белгісі!»
«Тарих пен оның көрнекті өкілдеріне шамасы келгенінше сол тұстың ықпалды адамдары, қоғамы ғана ықпал етпек не өздері соның ырқы мен ықпалында болмақ».
Ендігі кезекте екінші кітаптың алғысөзіне де көз сүзелік:
«Қоғамдасып күн көретін адамзат қа­уымында елдік мүддеден артық қастерлі ұғым болған емес. Ал адамзат баласына аламан-тасыр алмағайып заманаларда сол қастерлісін сақтаудан артық қиындық болмаған. Көрнекті ғалымның бұл еңбегіне ел мүддесі жолында бүкіл өмірін сарп етіп, қазақ жұртының арпалыс­ты тірлігінде қол бастаған батыры, сөз ұстаған ақыны бола білген Шотан, Бекет, Наурызбай, Сүйінғара, Исатай, Махамбет, Досан, Иса сияқты ерлері мен Абай, Ыбырай, Ығылман, Спан­дияр, Нарманбет, Мұрын жырау сынды «халқыма қорған болсам» деп туған жұртының рух туын көтерген біртуар перзенттері туралы жазылған зерттеулері енгізіліп отыр» .
Кітаптың өне бойы-өзегінде тағы да сол тапқыр сөздер, ойлы иірімдер, жаңаша ғылыми түйіндер… Әрбір мақала немесе еңбекте сол тақырыпты игеру үшін қаншама күн, түн көздің майын тауысып, құнды, деректі, ғылыми дүниелер ақтарылып, сарапталып, қорытылып, жүйеленіп, ақыр соңында қандай бай материалдар ұсынылады десеңізші. Оқып отырып рухани байисың әрі көп нәрсені танисың. Бұрын-соңды қолыңа көп түсе қоймаған кейбір тың деректерді оқып, көңіл зердесіне түйесің. Тілінің шұрайына ынтығасың…
«Сөйтіп, бір кездерде жекеге түскен Ұлы шапақ нұрдың сәулесі мен қуаты көптің санасын биледі…»
«Дүниедегі тосын құбылыстардың құпиясын зерттеушілердің, солардың ішінде ХХ ғасырдың басында өмірден өткен атақты Хазірет Инаят ханның пікірінше, Шексіз құдірет пен ақыл иесі Жаратушының ерекше мейірі түскендердің арасында ұшатындар да, аңдар мен құстардың, гүлдер мен ағаштардың лебізін ұғынатындар да, космостық саут-е сармат сынды әуез, әуендерді, көз жетпес қашықтықтағы сөздер мен тілек-жалбарыныстарды ап-анық еститіндер де, жүріп өткен, отырған жерлеріне жанға дауа энергия сыйлайтындар да болады…»
«…Сондықтан оның небір алғаусыз асқақ сезімдері адал көкіректе бүр жарғанына қарамастан, жүзеге аспас арман боп, талай-талай тұстарда иелерін жерге қаратқан.
…елдің елдігін сынар ұлы істердің тағдыры таразыға тартылып, талай жүйріктер додаға кіруге кібіртіктеп тұрған тұста да ат басын тартып көрмеген көреген жан болған…» (Қаныш Сәтбаев туралы).
«…ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі адамзат баласының тарихын баба жыраудың жырын айтқандай төгілдіретін, осы дәуірдің ұлығ жыршысы Әбеке, Әбіш Кекілбаев…»
Қысқасы, көзіқарақты, зерделі оқырман, жоғары оқу орындарының, орта білім беру ошақтарының оқушылары мен студенттері де бұл кітаптан өзіне керегін тауып, көкейге түйіп аларына шек жоқ. Қос томдықтың материал­дары бай, құнарлы да нәрлі, сөлді, мәнді, мәйекті. Бір қарағанда, ел тарихының өзіндік бір көмбесі, кішігірім энциклопедиясы тәрізді әсер қалдырады. Бір атап айтарлығы, оқуға, талғамға да тартымды, жүйрік халықтық тіл қайнарымен сусындай отырып, шабыттана жазылған. Мұндай еңбектер жазу табиғатында талантты да зейінді, өте сауатты да білімді, ғалым кісінің ғана қолынан келмек. Ол адам – біз білетін Жұмат Тілепов.

Ғалым Әріп,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.