«Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы…»

Мақал-мәтелдердің баламалары – асыл сөз, билер сөзі, жақсы сөз, нақыл сөз, ділмар сөз, шешен сөз, аталар сөзі, қанатты сөз, өсиет сөз, көсемсөз, мәйекті сөз, тәмсіл – халық даналығына қатысты ұғым-түсініктерді білдіретін атаулар. Соның ішіндегі тәмсілде белгілі бір кезде, қоғамдық өмірде не тұрмыста, біреудің жеке басында болған нақтылы оқиғаның немесе мәнді әңгіменің, аңыз желісінің не себепті солай болғаны баяндалып, оның түйіні, қорытындысы бірте-бірте мақал-мәтелге айналған, яғни халықтың өмірде көрген-білгенін мысал түрінде түйіп айтатын тарихи деректердің ой оралымдары жинақталған.
Тәмсіл – өсиет, нақыл түрінде айтылатын астарлы мазмұны бар әңгіме. Тоқылдақ кемпір туралы тәмсіл (О.Бөкеев). (Қазақ тілінің сөздігі. «Дайк-Пресс» баспасы, 1999; 625 бет.)
«Тәмсіл» тілімізге араб тілінен еніп, «ұқсату» деген мағынаны білдіреді. Яғни белгілі бір оқиғаға байланыс­ты туғанымен, осыған ұқсас іс-әрекеттерді суреттеуде қолдануға болатын, тәрбиелік мәні бар лексико-грамматикалық тұрақты тіркес. Олар көбіне сатира, юморлы реңктегі астарлы мағынасы бар дербес тілдік бірліктер болып келеді. Тәмсілдер көбіне қоғам мүшелері үшін белгілі бір жағдаятта өнеге-үлгі боларлықтай бейнелі де мәнді-мағыналы сөзге айналады. Олардың астарында болған оқиға негізінде өмірден қорытындылаған ащы шындық арқылы адамдарға ақыл-кеңес беретін даналық, тарихи ұлылық жатыр. Осы орайда газетіміздің алдағы нөмірлерінде халқымыздың сөз-қазынасындағы тәрбиелі тәмсілдерді оқырман назарына ұсынбақпыз.

1. «Өз үйім – өлең төсегім». Аңыз желісі бойынша, Жиренше шешен хан сарайында тұрған күндері ханнан «үйіме барып келейін» деп сұрана беріпті. Үйіне барып қайтуға рұқсат бергеннен соң, хан «менің сарайымнан артық көретін бұның үйі қандай екен?» деп ойлап, соңынан келіп қараса, «өлең» деп аталатын майда шөпті төсеп, үш таяқтың басын қосып байлап жасаған күркеде аяғы сыртқа шығып, рахаттанып ұйықтап жатыр екен. «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөз содан қалған екен. Ауыспалы мағынасы әркімнің өзі туып-өскен үйі елге қораш көрінсе де, өзіне жайлы, көзіне ыстық көрінеді дегенді білдіреді. Сондай-ақ Жәнібек хан мен Жиренше шешен туралы аңыздардың желісі бойынша ел аузында көптеген мақал-мәтелге айналған тәмсілдер айтылады. Мысалы: «Ұшарын жел біледі, қонарын сай біледі»; «Сұраған сен ақымақ па, сұратқан хан ақымақ па?», т.б.
2. «Болмады, Шәушен, Мереке, ширек шайды бері әке». «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан», «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді», «Қызды жеңге бұзады, жеңгені теңге бұзады» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдерде айтылатын қыз бен жігіттің арасын байланыстырушы, екі арадағы алтын көпір саналатын жеңгетайлық дәстүрге байланысты оқиғадан сыр шертеді. Бір жігіт Мереке атты қызға өлердей ғашық болыпты. Ал ол қыз жігітті жақтырмаса керек. Жігіт қыздың Шәушен атты жеңгесіне «Қалмады белде белбеу, қолда орамал, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» дегендей, сұраған барлық жеңгетайлық жорасын беріп, қызды көндіруін өтінеді. Жеңгесі «ананы әкел, мынаны әкел» деп жігіттің діңкесін құртса керек. Ең соңында, «ширек шай әкеліп бер, сонан соң қызды көндіремін» (ширек – жарты килограмның жартысы – 250 грамм) дегеннен соң, оны да тауып, апарып береді. Жеңгесі «қыз көнді, барып сөйлесе бер» деп шайды алып кетіп қалады. Жігіттің қуанышы қойнына сыймай, алып-ұшып қызға келсе, ол сөйлеспек тұрмақ, маңайына да жолатпайды. Күйіп кеткен жігіт қыздың жеңгесіне келіп, «Болмады, Шәушен, Мереке, ширек шайды бері әке» деген екен. Ел ішіне тарап кеткен бұл мәтел біреуден күткен үміті ақталмағанда, өзі әрекет жасау керек болғанда айтылады.
3. «Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы». Бір жігіт жолаушылап келе жатып, «құдайы қонақпыз» деп шетте тұрған бір үйге түседі. Үйде бойжеткен қыз көже пісіріп жатыр екен. Көжесін пісіріп болып, «жолдан шаршап, ашығып келген шығарсыз», – деп жігіттің алдына бір табақ көжені қоя салыпты. Шынымен қарны ашып отырған жігіт көжені араластырып-араластырып бір қасығын ұрттап жіберсе, ыстық көжеге аузы күйіп, қайта төгейін десе қарсы алдында отырған қыздан ұялып, басын жоғары көтеріп, үрлеп жатып көжені әрең жұтады. «Ұялған – тек тұрмас» дегендей, аузы күйіп жоғары қарағанын жасырмақшы болып, «мынау үйдің ағашы қай жерден еді?» дейді. Сонда сөзге шешен қыз бірден «Саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы» деп жауап берген екен. Ел аузында көп айтылатын бұл әңгіменің түйіні мақал-мәтелдер жинақтарына да кірген. Бір істе сабырсыздық көрсеткен адамға айтылады.
4. «Бал татыған балық сорпасын ішпеген басым, қоңырсыған қой етіне қор болдым-ау» деген тәмсіл бір затты менсінбей жүргенде, оған татымайтын екінші бір затқа қанағат етуге мәжбүр болған жағдайда айтылады. Теңіз жағасында еті өте дәмді бекіре балық етін жеп өскен қазақтың бір ерке қызының малшы ауылға келін болып түсіп, келген жерінің жейтін қой етінен дайындаған тамағын ұнатпай: «Бал татыған балық сорпасын ішпеген басым, қоңырсыған қой етіне қор болдым-ау» деп жылап айтқан сөзі халық арасында айта жүретін тәмсілге айналған екен.
5.«Еламан сүйек кетіпті, еліне хабар беріңдер». Бұл тәмсіл күдер үзу мағынасында қолданылады. Бұл тәмсілдің шығу тарихы былайша әңгімеленеді. Теңіз жағасында тұратын ел алыс­тан келген құдаларға оларға таңсық балық етінен тағам дайындайды. Тәтті балық етіне құдалар бас қойғанда, күйеу жігіттің тамағына балық сүйегі кетіп, ол қақалып-шашалып, ел әбігерге түсіп, істеген амалдарынан нәтиже шықпай, бәрі қиналады. Теңіз жағасында өскен, балық сүйегінің қыр-сырын жақсы білетін қалыңдық келіп, болашақ күйеуінің алдындағы балық сүйектерін санай бастайды. Сөйтсе, еламан сүйек жоқ екенін көреді. Балықтың басында болатын еламан сүйегінің ұшы айыр, қадалған жерінен шықпайды екен. Оған қақалған адам тірі қалмайтын көрінеді. Істің ақырының немен аяқталатынын бірден түсінген қыз: «Еламан сүйек кетіпті, еліне хабар беріңдер» депті.

Р.К.АТАХАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
ТарМПИ-дің доценті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.