Шежiрелi шаhар

d182d0b0d180d0b0d0b7Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Қазақтың дарқан даласының төсінен – Қырғыз Алатауының Солтүстік тау етегіндегі жазықтықта жатқан Талас-Аса оазисі мен Талас өзенінің сол жағалауынан ұлан-байтақ жер бұйырып, қойнауына талай адамзат баласын жиып, тарихтың ақтаңдақ беттерінен сонау I ғасырдан бастап өзінің атын алтын әріппен таңбалаған. Өткенді парақтап қарасақ, көне қала қатпар-қатпар тарихтың астарында жатыр. Б.з.б. I ғасырда Чжи-Чжи шаньюдың ықпалымен салынған қаланың 2000 жылдан астам тарихында талай атты ауыстырып, талайын иеленген. Талас, Тараз, Яны-Тараз, Наманган-Көше, Әулие-ата, Мирзоян, Жамбыл деген атаулары өткен күндер күнделігінде жазылып қалған. Ал 1997 жылы қаңтардың жетісінде Президенттің Жарлығымен ежелгі аты қайтарылып, Тараз деп аталған.

Тамыры терең, тарихы кенен

VII ғасырда Тараз Ұлы Жiбек жолы бойындағы iрi қаланың біріне айналды. Осы кезден бастап ол кеңiнен мәлiм болады. Ал IX-X ғасырларда Тараз одан әрi көркейе түстi. Оның дәл Ұлы сауда жолы бойында, егiншiлiкке қолайлы алқапта, Талас Алатауындағы күмiс кендерiне жақын жерде орналасуы оның экономикалық және мәдени өрге басуға бірден-бір жәрдемші болды. «Тараз – бекiнiстi үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Мәдина қақпасы алдынан өзен ағып жатады, ар жағында қаланың бiр бөлiгi орналасқан, оған өтетiн жол бар. Ал базардың нақ ортасындағы үлкен мешiтi көрiнiп тұрады», – деп Х ғасырда Әл-Максиди жазған екен. Міне, Тараз осылайша дипломатиялық және сауда-саттық қарым-қатынастың күретамыры іспеттес болды.

Кесенелер шерткен сыр

Батыс пен Шығысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда-саттық қалалардың біріне айналған, халқының мінезі ашық, қонағы келсе төрден орын ұсынатын тұрғындарға бай шаһарда, талай Шығыс көпестері тұрақтап қалған. Тіпті Шығыстың ұлы жұлдызы Фирдоуси: «Сергiтер жүрек жарасын,
Мөп-мөлдiр көздер қарасын
Тараздан ғана табарсың», – деп оның табиғатына, тұрмыс-тiршiлiгiне, тарихы мен салт-дәстүрiне, топырағына сүйсiнген. Талай ақын Тараздағы сұлулардың ақылы көркіне сай екенін жырға қосқан. Сондай арулардың бірі – махаббат символына айналған Айша Бибі. Осы арада Қарахан бабамызбен арасындағы ғашықтық сезімді айтып өтпей болмас. Әкенің қарсылығына қарамастан махаббат жолында бірге болуды көздеген қос ғашық ғұмыры аянышты. Десе де, «әкенің сөзі – оқ» деп атам қазақ айтқандай, қос ғашық қосыла алмай, арманда кеткен екен. Айша ғашығына барар жолда жылан шағып, мерт болады.
«Айбарлы Қарахан,
Киелі бар атам.
Махаббат піріндей,
Айша ару – жан апам», – деп А.Бекбосын жырлаған трагедиялық оқиғаның кейіп­керлерінің кесенесі – Тараз топырағында. Екі кесене екі жақта тұрса да, бір-бірімен сырласып, мұңдасардай.
Екі кесененің ортасында өскен қос қайыңды көргенде Қарахан бабамыз бен Айша анамыз арасындағы махаббат еріксіз ойға оралады. Бұл – сертке берік, адалдыққа, халықтың бойындағы қадір тұтатын қасиет-сезімнің тұрақтылығына қойылған ескерткіш болғандықтан, отау құрған жас жұбайлар мұнда келіп, бетін сипамай кетпейді. Бұл ескерткіштер тек елімізде ғана емес, шетелге де танымал. Оған дәлел – елге келген туристердің осы кесенеге соқпай кетпейтіндігі. Тектұрмас, Дәуітбек ата кесенелері де – әрбір мұсылманның Құран бағыштап, бет сипап өтетін орны. Тараз – сонымен қатар Айша Бибi, Қарахан, Бабажа қатын, Тектұрмас сынды тарихи жәдiгерлерiмен әлемдi сүйсiнткен көне қала.
Қаланың мәдени ошақтары бір төбе. Алғашқы кітапхана 1871 жылы ашылса, соның жалғасы ретінде Абай атындағы орталық кітапхана, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми кітапхана, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық кітапхана жұмыс істеп келеді. «Сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі – театр» да дамыған бұл қалада. Таразға табаныңыз тисе, Жамбыл облыстық драма театры мен Абай атындағы драма театрына бас сұғып кетіңіз. Өнердің өз өкілі әртістеріміздің табиғаты мен сезімтал образдарына куә боласыз. Рухани азық алып қайтасыз.

Тараздың «Терісі»

Елімізде тұңғыш бой көтерген Жамбыл суперфосфат зауыты бүгінгі күнге дейін өз өнімін ел игілігіне ұсынуда. Сонымен бірге қант зауыты да халықты қантпен қамтамасыз етеді. Тараз қаласының құпиясы мол киелі жер екендігінің бір дәлелі – өңірдегі «Теріс» өзені. Дүниедегі барлық өзендер оң аққанда Тараздағы «Теріс» өзені неге теріс ағады» деген сауал еріксіз санаңа оралады. Бұл хақында көбіне аңыздар сыр шертеді. Бірі – бір әулие өзенге теріс батасын беріпті-мыс дейді. Енді бірінде – бір абыздың өзенді теріс ағызғанын аңыз қылады. Абыздың өзі: «Жазғытұрым ел жайлауға көшкен кезде бір өзеннің жағасында өткел таба алмай, қиналып тұрған халықты көрдім. Елдің күйзелгені еңсемді басып, оларға қалай көмектессем екен деп ойладым. Содан Алла Тағалаға сиынып, «тасып жатқан өзенді теріс ағыза көр», – деп Жаратқан Иеме жалбарындым. Сол сәт бойыма тылсым бір күш қонып, өзенді қалаған бағытыма, теріс қарай ағыздым да жібердім. Өзеннің халық иіріліп тұрған тұсы өткел болды да қалды», – деген екен дейді халық. Бұдан сол күннен бастап әлгі өзен Терісаққан өзені деп аталып кетті дегенге саяды. Таразға келсеңіз, әйгілі «Теріс» өзенінен теріс айналып кетпеңіз…

Дүлдүлдер дүниеге келген…

Тараз топырағы талай тарландардың кіндігін кесіп, бесікте тербеткен ұлдарымен мақтана алады. Жыр алыбы Жамбыл мен ауыз әдебиеті сүлейлерінің бірі, ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбайұлынан бастап, қазақ халқының әскери қайраткері, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, публицист, жазушы Шерхан Мұртаза, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, халықтың сүйікті әншісі Мейрамбек Бесбаев, Сиднейде Алаштың мерейін асқақтатқан батырымыз Ермахан Ибраимов пен Афиныда 2004 жылы қазақ қоржынына алтын салып берген азаматымыз Бақтияр Артаев сынды майталмандарды дүниеге әкелген құтты мекен. Құт дарыған тарихи қала Таразда туған әрбір жан киелі топырағынан қуат алары сөзсіз. Сондықтан да Тараз талай тарланды түлетті.

Маржан ҚАЛҚАБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.