Азамат асқан асу

Нұраға – Нұртаза Ыбыраев жайлы ойлаған кезде адалдық, тазалық ұғымдары басыңа келе қалады. Бұл да жайдан-жай емес. Бұл күнде сексен деген жастың биігіне көтеріліп отырған ардагер аға соңына ел-жұрты сүйсінерлік менмұндалаған із қалдырды. Қызмет істеген уақыттары адалдықты, кісілікті, зиялылықты серік етті. Содан да болар, ол төңірегіндегілердің сый-құрметіне бөленді. Әлі де Жамбыл, бұрынғы Жезқазған, Қызылорда облыстары жұртшылығының ардақты азаматқа деген ілтипат-лебіздері ерекше. Осы үш өңірде қандай мерейлі той-қуаныштар бар, Нұртаза Ыбырайұлын, отбасын шақырусыз қалдырған емес. Мұның өзі көп жайтты аңғартса керек. Халықтың да көңілі кім болса соған түсе бермейді. Кімді сыйлап, кімді ардақтау керек? Мұны ешкім сыбырламаса да, қара ормандай қалың ел өзі біледі.
Әлгінде еліміздің үш өңірі жайлы айттық. Үшеуі де бүгінгі әңгімеміздің кейіпкеріне ерекше ыстық. Енді осы туралы сөз қозғалық.
Алматы малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен бітірген жас жігіт өндірістік жолдама бойынша еңбек жолын Жамбыл облысына қарасты Бурный МТС-інде бас зоотехниктіктен бастады. МТС-те негізгі өндірілетін өнім – сүт. Тоғыз шаруашылық қарайды. МТС сүт өндіруде бір жылдың өзінде жоғары көрсеткішке жетті. Сөйтіп, республика бойынша сүт өндіруде үшінші орынға ие болды. Жетістік сараланған кезде жас маман Н.Ыбыраевтың да қажырлы еңбегі ескерілді. 1955 жылы бірінші рет Мәскеудегі ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты. Одақтың Ауыл шаруашылығы министрінің қолы­нан көрме медалімен бірге «Родина» атты радиоқабылдағышты сыйға алып қайтты.
Сол уақытта ресейлік тоқымашылар бригадасының бригадирі В.Гаганова «Артта қалған бригаданы алдыңғы қатарға қосамын. Осылай істеуге баршаңызды шақырамын» деп бастама көтеріп жатқан. Осыған Нұртаза да қосылды. Ақырында, «Мерке» асыл тұқымды қой совхозының директорлығына кірісіп кетті.
Қырсық дегенді қойсаңшы. Жас директор алғаш қарсы алған қыс қатты болды. Алайда ұйымдастыру жұмыс­тары­ның ұтымды жүргізілуі игі нәтиже берді. Ауданның басқа шаруашылықтарына қарағанда шығын аз болды. Шаруашылықта тұрғын үй салуға баса көңіл бөлінді. Бір жылдың өзінде 24 үй тұрғызылған да кез болды. Ауылды сәулеттендіру, көгалдандыру назардан тыс қалмады. Тал, жеміс ағаштары көп егілді. Іскер басшы кейін басқа қызметке ауысқанда тұрғындар ауыл орталығындағы бақты «Ыбыраев бағы» атап кетті.
Облыстық совхоздар басқармасының бастығы қызметінде жүрген кезі. Екі ай өтті ме, өтпеді ме – облыстық партия комитеті шақыртты. «Арызға байланыс­ты» дейді. «Не бүлдіріп қойдым екен» деп жүрегі зу ете қалған. Сөйтсе, қорқатындай емес, қуанатындай арыз екен. «Мерке» совхозының бір топ тұрғындары Н.Хрущевтің атына хат жолдапты. Хаттың мазмұны мынандай: «Директор Ыбыраев шаруашылықты өркендетуде көп істер атқарды. Оны біздің келісімсіз алып кетті. Ауылымызға қажет басшы еді. Кейін қайтаруға көмектесуіңізді сұраймыз». Хаттың ішінде бұрынғы директордың тұрмыс жағдайы нашар отбасыларындағы бес-алты баланы жетектеп, Алматыға апарып, ауыл шаруашылығы институтына түсіргеніне дейін жазылған.
«Арыз», анау-мынау емес, СОКП Орталық Комитеті басшысының атына жазылғаннан кейін обком жауап дайындады. Совхоздың колхоз еместігі, қызметке аларда колхоздағыдай ұжым пікірі ескерілмейтіні, партияның кадрды қайда орналастырғысы келсе де еркі барлығы түсіндірілді. Н.Ыбыраев ауылдастарының бұл хатын «арыз» емес, алғыс ретінде қабылдады.
1962 жылы одақтағы ауыл шаруа­шылығын басқару құрылымдарында өзге­рістер жасалды. Совхоздар басқармасы таратылып, колхоз-совхоздар өндірістік басқармасы дүниеге келді. Олардың жетекшілеріне мықты-мықты деген ауылшаруашылық мамандары іріктеліп алынды. Жамбыл облысында әлгіндей төрт басқарма құрылды. Солардың бірін – Шу колхоздар-совхоздар өндірістік басқармасын басқару Н.Ыбыраевқа жүк­телді. Басқармаға Қордай, Шу, Мойын­құм аудандары қарады. Барлығы – 47 шаруа­шылық. Оларда 1 миллион 300 мың қой, 10 мың гектар қызылша алқабы болды.
Уақыт өте өндірістік басқарманың жауапкершілігі, мүмкіндігі азая бастады. Компартия күшіне еніп келе жатты. Бұдан арғы жұмыстары – аупарткомның бірінші хатшысы, республикалық кәсіподақтар кеңесінің хатшысы қызметтеріне жалғасып жатты.
1973 жылы Жезқазған облысы отау көтерді. Облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы қызметін атқару Н.Ыбыраевқа жүктелді. Кейін екінші хатшылыққа сайланды. Мұның ерекшелігі, кадр мәселесімен айналысуына тура келді. Ауылшаруашылық өндірісін одан әрі жетілдіру ісі кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу тәрізді міндеттерді шешумен ұштастырыла жүргізілді.
Жезқазған – аты жар салып тұрған­дай, өндірісті аймақ. Сол себепті ауыл шаруашылығын дамыту қажырлы істі, белсенді қимыл-әрекетті қажет етті. Н.Ыбыраевқа осы саланы өркендету, қадағалау, бақылау тапсырылғаннан кейін жауапты міндетті орындауда аянып қалған жоқ. Бұл өз жемісін берді де. Облыс көлемінде егістік жердің көлемі ұлғайтылды. Шаруашылықтар мал азығымен жеткілікті қамтамасыз етілді. Жерді суландыру мәселесі қолға алынды. Сүт мәселесіне көңіл бөлінді. Тұрғындарды бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету жақсарды. Малдың басы өсті, сапасы жақсарды. Осы секілді толып жатқан оң істер жүзеге асырылды.
Жезқазғандағы жарқын іс Қызылорда облыстық аграрлық-өнеркәсіптік коми­те­ті­нің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде жүргенде де жалғасын тапты. Мұнда да тәжірибесін, білімін, күш-жігерін барынша жұмсап бақты. Облыста сол жылдары басты өнім – күрішті айтпағанда, ет, сүт өндіру артты. Картоп пен көкөніс өндіру екі есеге дейін ұлғайды. Ауылшаруашылық өнімдерін ұқсату, сүт өнімдерін өңдеу, көкөністі жыл бойы өндіру үшін жылыжай, картоп пен көкөністі сақтау қоймаларын дамытуға баса көңіл бөлініп, бұл бағытта едәуір қаржы игерілді.
Нұртаза Ыбырайұлы шаруашылық, ел басқару ісінде, партия, Кеңес жұмысын ұйымдастыруда мол тәжірибе жинақтаған айтулы азамат қана емес, ол – ғалым. Институтта оқып жүргенде-ақ ғылыммен шұғылдануды басты міндеттерінің бірі санады. Мүмкін ол есейе келе басшы болам, кәнігі партия қызметкеріне айналам деп тон пішпеген шығар. Алайда оның көкейінде ғылым айдынына құлаш сермеу, ауыл шаруашылығы ғылымында өзіндік із қалдыру мақсатының болғандығы шүбә­сіз. Шаруашылық, партия қызметтерін­де жүріп елу шақты ғылыми мақалаларды жарыққа шығарды. Бір монографияның авторы. «Қазақстанның оңтүстік-шығы­сы жағдайында қой өсірудің әртүрлі жүйесінің тиімділігі» деген тақырыпта дис­­сертациялық еңбегін қорғап, ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарының кандида­­ты атанды. Қойдың «оңтүстікқазақстан­дық мери­нос» тұқымын өмірге әкелуге белсене қатысқандардың бірі. Сол үшін «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген зоотехнигі» атағын иемденді.
Нұраға қызмет істеген жылдары талай жақсы-жайсаңдармен кездесіп, үлкен әсер алды. Солардың бірі әрі бірегейі – Дінмұхамед Қонаев.
– Димекең ақылды адам еді ғой. «Он ойланып, мың толғанып» дегендей, елдік, қоғамдық мәні бар шешімдерді ақыл тезінен өткізіп барып қабылдайтын. Республикамыздың басында ол біраз жыл отырды. Осы жылдары Димекеңнің атына қатысты халық арасынан жағымсыз пікір естіген емеспін. Менмендік, өзімбілемдік, асырасілтеушілік табиғатына жат, – деген кейіпкеріміз осы сөздеріне дәлел ретінде бір-екі оқиғаны айтып өтті.
Д.Қонаевтың бір қасиеті, астық жинау науқаны алдында не егін орағында жер-жерді аралап, шаруаны көзбен көретін. Бір сапарында Н.Ыбыраев басқаратын Жам­был ауданына келді. Өнімнің шығы­мы жақсы, комбайндар бастап орып жатыр. Егістік алқапқа көз салған Қонаев былай деді:
– Нұртаза, өздеріңіз білесіздер. Егер мен болсам әлі де кештеу шабар едім. Сізге тапсырма, орақ аяқталғаннан кейін нәтижесін көмекшім арқылы маған хабарлаңыздар. Қаншадан алған­дарыңызды білейін.
Осы сөзінен-ақ қарапайымдылық иісі аңқып тұрған жоқ па? Әлдебіреу болса, «Неге орақты ерте саласыңдар? Тоқта­тыңдар!» деп дүрсе қоя берер ме еді. Димекең болса, «Егер мен болсам» дейді. Қалай сүйсінбессің!
1983 жылы Д.Қонаев Жезқазғанға келді. Жиналыстан соң қонақүйден дәм ішті. «Ыбыраев жолдасты Жамбыл облысында атқарған қызметінен білемін. Аупарт­комды басқарғанда ең жас, іскер, табан­ды хатшы болды» деп арқасынан қағып еді.
Нұртаза Ыбырайұлы кезінде қызметтес болған ел ағалары Еркін Әуелбеков, Кәкімбек Салықов, Асанбай Асқаров, Бименде Сәдуақасов және басқа да азаматтар жөнінде жылы лебіз білдіреді. Халқының аяулы перзенті Ілияс Омаровпен болған кездесулерін де үлкен сағынышпен еске алып отырады.
Адал еңбек абырой әкеледі. Сый-құрметке бөлейді. Нұраға «Еңбек Қызыл Ту» орденінің үшеуін, «Құрмет белгісі» орденінің екеуін омырауына тақты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екі шақырылымына депутат болды.
Нұраға жайлы айтқанда ол кісінің зайыбы Ғарифа Құрманқызын ауызға алмай кете алмайсыз. Апамыз – маман­дығы бойын­ша педагог. Педагогика ғылымдарының кандидаты. Жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісі, декан, проректор қызметтерін атқарды. Ардақты ана өмірге әкелген төрт бала әке-шешенің тәрбиесіне сай көңілдегідей өсті. Бұл күнде олар жауапты қызметтер атқарып, жүрген орталарында абыройға кенелуде. Әрқайсысының отбасында атасы мен әжесінің ақыл-кеңестерін бойға сіңірген өнегелі жеткіншектер бар.
…Нұртаза Ыбырайұлы студент кезін­де, диплом қорғайтын жылы Қазалы ауда­нындағы «Қазалы» қой совхозында үш ай өндірістік тәжірибеден өткені бар. Сонда жас жігіттің алғырлығына, тиянақтылығына сүйсінген совхоз директоры, кейін Социалистік Еңбек Ері атанған Дүйсенбай Маханов «Жүрегің таза жігітсің. Аман жүрсең, сенен мықты азамат шығады» дегені бар-ды. Дүйсекең әулие адам екен. Айтқаны келді. Расында да, Нұртаза Ыбырайұлы ел сенімін ақтаған атпал азамат болып шықты.
Әрбір адамның тағдыры өзінше сыр-шежіре десек, Нұрекеңнің өмірі де бедер-өрнекке толы. Әсіресе, бұл өмірдің өзгелерге өнеге, үлгі боларлық тұстары мол. Шыр етіп жарық дүниеге келгеннен кейін Адам атты ардақты атты абыройлы арқалап жүргенге не жетеді. Адамдықты азаматтыққа айналдырсаң, тіпті нұр үстіне нұр. Нұртаза Ыбыраев – асқаралы осы қос асуды да бағындырып, туған жұртын азаматтық, қайраткерлік асыл қасиеттерімен тәнті еткен тұлға.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.