«ЭЙР АСТАНА» МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ НЕГЕ МЕНСІНБЕЙДІ?

«Эйр Астананың» қашан есі кіреді? Қазақ еліне қызмет көрсетеді дегені болмаса, бұл әуе компаниясы мемлекеттік тілді менсінер түрі көрінбейді. Кәсіпкермін. Жұмыс бабымен түрлі бағыттарға жол жүремін, жиі сапарлаймын. Қазақстанның әуежайынан қай бағытта ұшсам да мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің қағажу болғанын көремін. Қанша рет қазақ елінің азаматы ретінде құқымның бұзылғанын айтпай-ақ қояйын» дейді «Ана тілі» газетінің редакциясына арнайы келген Азат Қонысбек. Азаттың айтуынша, бұл бір емес. Бірнеше құзырлы орындарға бұл туралы баяндаған, хат та жазған. Бірақ әлі күнге еш нәтиже жоқ дейді. Бүгін сөзіміз дәлелді болуы үшін сол хаттың біріне кезек берелік. Бұл хат «сөз барымтасы – айтысқа» демеушілік жасап, ұлттық өнерге, сондай-ақ мемлекеттік тілге жанашырлық танытып жүретін елге сыйлы азамат, Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Сабильянов мырзаға бағытталыпты.

Хатта: «Биылғы жылдың (2010 жыл – Д.І.) 15 қыркүйегінде таңертеңгі сағат 10.20.-да «Эйр Астана» әуе жолы компаниясының №КС346 бағытындағы «А-320» ұшағымен Өскемен қаласынан Астанаға қарай ұшып шықтым (орным – 13С). Жалпы, бұрыннан осы «Эйр Астана» компаниясының жұмысына қанағаттанбайтындықтан, мүмкіндік болса басқа әуе компанияларының қызметіне жүгінуге тырысамын. Бұл жолы да амалсыздан «Эйр Астананың» ұшағымен ұшуға тура келді. Ұшу уақыты бір жарым сағат болғандықтан, «газет оқиыншы» деп әуесерік қыздан (стюардесса) қазақша газет сұрадым. Кеудешесіндегі жапсырмада «OLGA» деп жазылған қыз «Алаш айнасы» газетін ұсынды. «Эйр Астана» ұшағының бортында «Жас қазақ», «Айқын» газеттерінің де болатынын білуші едім. Сондықтан «Жас қазақ» пен «Айқынды» да сұрадым. Менің жанымда отырған қарындас та сол газетті сұрады. Ал әуесерік болса, «Басқа қазақ газеті жоқ, оқығыларыңыз келсе, орысша газет оқыңыздар» деді.
Қызметіме байланысты мен іссапарларда көп боламын. Сонда байқағаным: «Эйр Астана» ұшақтарының борт­тарында бес-алты дана ғана қазақ газеті болады. Неше мәрте шағым кітаптарына осы туралы жаздым, ком­пания басшылары мұны құлағына да қыстырмайды. Әуе­серіктердің айтатыны – «Эйр Астана» компаниясында барлық құжаттардың орыс және ағылшын тілінде тол­тырылатыны. Менің қазақша жазған шағымдарымды құлаққа ілмейтіні де сол себепті шығар. Олай болса, мен бей­шара тілімнің мұң-мұқтажын несіне жоқтап отырмын?
Біраз уақыт өткеннен соң әуесерік қыздар жолау­шыларға сусын, тағам тарата бастады. Мен олардан алма шырынын сұрадым. Әрине, қазақ тілінде. Әдейі сөйттім.
Сол кезде әлгі «OLGA»-ның: «Орысша сөйле, мен қазақ тілін білуге міндетті емеспін! Компания әуесеріктерден қазақ тілін білуді талап етпейді» дегені… Шамасы, мені орысша білмейді деп кемсітіп отырған түрі. Мен «Үстіңнен шағым айтамын» десем, «Өз еркің, компания орыс және ағылшын тілдерін білуді ғана талап етеді!» деді.
Қазақ тілін қорлау осымен аяқталған жоқ.
18 қыркүйекте таңертеңгі сағат 10.10.-да «Эйр Астана» әуе жолы компаниясының №КС312 бағытындағы «Ғ-50» ұшағымен Қарағанды қаласынан Алматыға қарай ұшып шықтым (орным – 6С).
«Ғ-50» ұшағы шағын болғандықтан, қай әуесерік­тің хабарландыру оқығанын байқауға болады. Бұл жолы кеудесінде «ASSEM» деп жазылған әуесерік «жылау­шыларға» қазақша сәлем жолдады. Мен шақырып алып, «жолаушылар қай уақыттан бері «жылаушылар» болған?» десем, мардымды жауап бермеді. Бір сағат өте жаңағы «ASSEM» мен Ақмарал атты қыз тағам, сусын тарата бастады. Менен орыс тілінде «не ішесің, не жейсің» деген Ақмаралға: «қазақша сұрасаң ауыздарыңа жара шыға ма?» дегенімде ұялып, кешірім сұрап, таза қазақ тілінде сөйлесті. «ASSEM»-ге осындай ескертпе жасағанда, ол сөзімді құлағына да қыстырған жоқ. Өз елімде, өз аспанымда, өз ұшағымда отырып, өз тілімде сусын сұрағанымда әлгі «OLGA»-ның айтқаны маған қатты батты. Мен әуесеріктерден ертегі айтып беруді, Шәмші әнін шырқауды талап етпеймін. Бар болғаны жолаушылық құқығымның аясындағы қызметті ғана пайдаланғым келді. Сусын сұраған бірауыз қазақшамды түсінбейтін қыз менің қазағымның аспанында неғып жүр?! «Осынша мерзім ішінде аюды да қазақша үйрететін уақыт болды ғой» деп Мемлекет басшысының өзі айтқан жоқ па?! Менің ойымша, «Эйр Астана» компаниясы мемлекеттік маңызы бар шаруаны атқаратын компания болғандықтан, оның барлық қызметкерлері, ең болмаса, қызметтік талапқа сай деңгейде қазақ тілін білуге тиіс! Ал әзірге бұлардың қазақшаларынан адам шошиды. «Біздің әуе кемеміз» дегенді «Біздің әукеміз» дейді. «Құрметті жолаушылар!» дегенді «Құрметті жылаушылар!» дейді. Назар салып тыңдап көріңіз… «Кырметы жылаушылар! Быздын аукемыз Алматы аужайына келконды. Экипаж командиры сыздерге саттылык тылейды. Ауының температурасы жырмабес градус» деген секілді балдыр-батпақ бірдеңені естисіз. Бұған, керісінше, Мәскеудің «Домодедово» халықаралық әуежайынан Қазақстанға ұшар алдында және «LuftHansa» ұшағының бортында айтылатын хабарландырудың қазақшасы әлдеқайда артық…»
P.S. Нұртай мырза! Сіз арқылы «Эйр Астана» басшыларынан төмендегі сұрақтарға жауап алсам деп едім:
а) Жолаушыларға қызмет көрсететін әуесеріктер, әуежайда жолаушыларды тіркеуден өткізетіндер қазақ тілін кәсіби деңгейде білуі тиіс пе?
б) Аталмыш қызметкерлер жұмысқа тұрар алдында сынақтан өте ме? Барлық қызметкерлердің біліктілігі қойылатын талаптарға сай ма?
Ұшақ бортындағы хабарландыруларға түсініктеме алсам деп едім:
Хабарландыруда – «Біздің «А-320» жаңа «бауындық» ұшақ» делінеді. «Бауын» деген – не сөз?
«Құтқарушы көкірекше Сіздің күрсіңіздің астында» деп жазылған. «Күрсі» деген не?
Хабарландыруда – «Өтекті, утекті, отекті маска» дейді. Өтекті, утекті, отекті – дегенді қалай түсінуге болады?
Ұшақ аспанға көтерілер алдында жолаушыларды (жы­лау­шыларды емес) апаттық құралдарды қолдану тә­сі­лімен таныстыру – өте маңызды мәселе. «Эйр Астана» әуесеріктерінің қазақшасын кейде мүлде түсінбейсің. Әуе­серіктердің көпшілігі қазақтілді жолаушыларды апат­тық құралдармен таныстыру қажет емес деп ойлай ма екен?
Парламент депутаттары осы сақау сөздерді естімей ме екен? Осы уақытқа дейін осы айтылған мәселелер бойынша дабыл көтеретін бір халық қалаулысының табылмағаны өкінішті-ақ…» делінген.
Хатқа қосымша: «Эйр Астана» компаниясы неге мемлекеттік тілді менсінбейтінін тағы да растады.
Биылғы жылдың 25 қазанында (2010 жыл – Д.І.) сағат 20.20.-да «Эйр Астана» әуе жолы компаниясының №КС305 бағытындағы «А-320» ұшағымен Алматы қаласынан Павлодарға қарай ұштым (орным – 14А). Тіркеуден өткеннен кейін жолаушылар жиналатын залға өтіп, ұшаққа отыруды күттім. Астана, Атырау, Ақтау және Павлодарға ұшатын жолаушылардың барлығы қатар тіркеуден өтіп, ұшаққа отыруын күту үшін залға жиналды. Залдағы хабарлаушы рет-ретімен әр бағытта ұшатын жолаушыларды ұшаққа отыруға шақыра бастады. Хабарландыруды орыс және ағылшын тілдерінде жасады. «Эйр Астана» компаниясының хабарлаушысына барып, қазақ тілінде хабарлаудың қажеті жоқ па деп сұрадым. Өзін Яковлев деп таныстырған хабарлаушы «шала бүлінетін ешнәрсе болған жоқ, мен орыс және ағылшын тілінде міндетті түрде хабарлауым керек» деді. «Бізде төрт адам жетпейді, сондықтан қазақ тілінде хабарлайтын қызметкер жоқ, ал мен оның алдында бір рет қазақ тілінде хабарладым» деді. Қазақшасын естіген жоқпын. Мен бұл жөнінде шағым беретінім туралы айтқанымда, міз бақпай «өз еркің» деп жауап берді.
Ұшақ бортында мынадай жай орын алды. Ұшып шыққаннан кейінгі 30-40 минуттан соң сусын таратыла бас­тады. Борт серік ең алдымен менің қасымда (14С-орнында) отырған голландиялық азаматқа ағылшын тілінде қызмет көрсетіп, содан кейін маған орыс тілінде тіл қатты. Мен «кешіріңіз, қазақ тілінде сөйлеңіз» дедім. Сол сәтте өзін Ирина Кудинова деп таныстырған бортсерік «мен қазақша сөйлемеймін» деп ары қарай кетті де қалды. Артынан (шамамен 10 минуттан кейін) маған басқа бортсерік қызмет көрсетті. 15-20 минуттан соң маған қызмет көрсетуден бас тартқан Ирина келіп, кешірім сұраған болды. Оның айтуынша да, «Эйр Астана» бортсеріктері үшін қызметке орналасу алдында мемлекеттік тілді білуі шарт емес екен. «Кейін бірдеңе қылып үйренсек болды» деді.
Ұшақтан шыққаннан кейін көрші отырған голландия­лық қонаққа маған неге бірден қызмет көрсетілмегені туралы айттым. «Өз елімде өз тілімде сөйлегенім үшін маған қызмет көрсетілген жоқ» дегенімде, ол жағасын ұстап таңғалды.
Ары қарай айтпаса да түсінікті…» – делініпті.
Бұл хаттың мәтіндерінен-ақ мән-жайды бірден ұғуға болатындай. Азат Қонысбектің қолында өз хатына келген жауап-хат та бар. Бұл хат қолына тиген соң Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Сабильянов мырзаға мән-жайды анықтай түсу үшін тағы бір қайтара хат жолдағанын айтады.
Ал Азаттың айтуынша, оның бұл хатына да прокуратура мен құзырлы органдардан жауап келгенімен, «Эйр Астана» ұшақтарындағы жағдай әлі өзгермеген.

Р.S. Бұл хаттардан кейін де Азат Қонысбек бірнеше мәрте түрлі бағыттарға сапарлап барып қайтты. Ал «Эйр Астана» міз бағар емес. «Баяғы жартас – сол жартас». «Ал менікі, Абайша айтсам, «жартасқа бардым, күнде айқай салдым»-ның кері болды» дейді кейіпкеріміз. Баз біреулер ойлағандай, Азат Қонысбек тырнақ астынан кір іздейтін жан емес. Тіпті, қала берді, тіл саласының маманы да емес. Бар болғаны Қазақстан Республикасының азаматы. Тіпті осы әуе рейсінде кездескен орыс жігіті Сергейдің қазақша сайрап тұрғанын көріп, сүйсініп, жолаушылар кітапшасына оның атына алғыс қалдырғанын жеткізді. «Бәрі сол секілді болса ғой!» дейді Азат аға. Осы мақала жазылып жатқанда алыс сапардан келген бір танысымыз бізге бір сурет ұсынды. Ол суретте «Боинг-757-200» ұшағының рейсіндегі қауіпсіздік туралы нұсқаулық қағазы түсіріліпті. Үш тілде. «Сіздің ңауіпсізгіңіз ңшін» деген тақырыпшасынан бастап әрі қарай көз жүгіртсеңіз, түк түсініп болмайсыз. Ағылшыншасын қайдам, орысшасы мінсіз. Ал қазақшасы… Айтуға ауыз бармайды. Қатеге тұнып тұр деп те айта алмаймыз, түсініксіз тілде шимайлай салған. Мәселен, «Ңшу жҢне Ңону» (ұшу және қону деген сөз шығар деп жорамалдадық), ттт тттт ттттңтттт (бұл әріптердің қатарында орысша нұсқасы – не курить деп тұр!), «Ңшу кезінде» (дұрысы – ұшу кезінде болу керек), апаттыҢ Ңрну (орысшасы – аварийная посадка), апаттыҢ шың (орысшасы – аварийный выход), Ңрт, тҢтін (орысшасы – пожар, задымление), аяҢ киіміҢізді шешіҢіз Ңол жҢксіз (орысшасы – без обуви и багажа), Ңтініш, нҢсҢауды ҢшаҢтан шыҢармаҢыздар!.. деп кете береді. Сұмдық! Бұл нұсқаулықтың қазақша сөздерін түсіну мүмкін емес. Сөздердің орнын «Ң» әрпімен толтыра салған.
Азат мырзаны қынжылтатыны мынау. Халық қалаулыларының, зиялы қауымның көбі осы ұшақ көлігіне отырады. Олар осы олқылықты қалай байқамай жүр? Біздің көкейімізде де – осы сауал. Сөз соңында бұрын да аталған әуе компаниясының қызметі жайында «Ана тілі» газетіне материал жазғанын айтқан Азат Қонысбек тағы да үміт арта ұлт басылымына келгенін жеткізді. Біз де бұл мақаладан соң құзырлы органдар қозғалар деген үміттеміз.

Жазып алған Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Cағат

    Айтқанының бір қатесі жоқ бәрі дұрыс, осылар ЭйрАстана деп әлдеқандай қылғанмен бастарына әңгіртаяқ ойнап жатыр ау деймін, жақында осылардың KS 859 рейсімен, 28 маусым күні Алматыдан, Ақтауға ұшар болып кешкі 18.50 ден күткеннен сарғайып отырып түнгі 23.30 әрең отырдық.Манағы сақауларда өйтіп айтпайтын тілбұзарлардыда оқыдық.Мені таңқалдырғаны ұшақтың көкке шаншыла көтерілгені болды, онан соң қазақша диалогқа көшу үшін тамақ тасушыға жеки сөйлеуге тура келді, ол олма Ақтауға табаны тиер тиместен ұшақтың шопыры, ұшақтың тұмсығын тұқырта, жерге қадай тежеді. Бұнысы әнтек екені, әскери ұшу қону болмаса,жай ұшақтарға мұндай қысым беру апаттық жағдайға апаруы мумкін екенін шопанның баласы менде біліп отырмын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.