Теміржол туған тілге төбесінен қарай ма?

d0bad0b0d0b7Сапарға шықпақшы болып, теміржол кассасына бардыңыз дейік. Төлқұжатыңызды көрсетіп, барар бағытыңызға билет те аласыз. Аты-жөніңіз бен басқа да мәліметтерді дұрыс жазғандығына көз жеткізу үшін қолыңыздағы «Жол жүру құжатына» көз жүгіртесіз. Ә де­геннен-ақ қазақшасынан сүрінесіз. «Адамдар саны» деген жердегі «1 толык» деген жазу сізге бірден біртүрлі әсер етері сөзсіз. Шамалауымызша, бұл «ересек бір адамның орны» дегенді білдірсе керек. Алматы қаласынан Орал қаласына жол жүргелі отырсаңыз, сіздің билетіңізде «Алма Ата 2 – Уральск» деген жазу көзіңізге түседі.Бұл бір ғана билетте емес. Қазақстан қалаларының атауы теміржол билет­терінде үнемі қате жазылады. Басқаны айтпағанда, Алматы қа­ласының Алматы атанғанына талай жылдың жүзі болса да, пойыз билеттерінде әлі күнге кеңестік кейпін сақтап келеді. Ол аздай, құжаттағы қысқартылып жазылған «кызм.көр. кл.зп» деген сөздерден не ұғар едіңіз? Қала берді, «Төсек жаба, уакыты, Астана уакытымен» деген сөздер де мемлекеттік тілге келгенде ақсап тұрғанын аңғару қиын емес. Енді жол жүру құжатының артқы жағына көз салыңыз.
«Жол жүру құжатында «сағат» және «минут» бағандарында жө­нелту мемлекеітінің темір­жолында қолданылып жүрген поездың жө­нелтілу уақыты көрсетілген». Бұл сөйлемдегі әріптік қателерді қаперге алмағанның өзінде, мағыналық жағынан да мәні кеткенін байқау қиын емес. «Поезға отыру кезінде бақылау купонымен жол жүру құжаты мен тұлғаны куәландыратын құ­жаты болу керек». Бұл жердегі бақылау купонымен жол жүру құжаты деген тіркес те аудармасынан ақсаған. «Проездной с контрольным купоном» деген тір­кес бақылау купоны бар (немесе бақылау мөрі соғылған деген секілді) болып анық жазылуы тиіс еді. Тура аударылып жалғанған «-мен» септік жалғауы сөйлемдегі басқа жерде қолданған «мен» демеулік шылауымен қосарланып, сөйлем мағынасын бұлыңғыр күйге түсірген. «Поездың» «пойыз» бол­ғанына да біраз уақыт болғандай еді. Бірақ жол жүру құжатының қазақша мәтініндегі 7 жерде де «поезд» болып көрсетіліпті. Ал «Жол жүру құжаты жолаушының поезға оның жөнелтілгеннен кейін 3 сағаттан артық кешіксе қайтаруға қабылданбайды» деген сөйлемнен не ұғуға болады. Байқап отырғаныңыздай, ресми тілде мінсіз жазылған ақпарат мемлекеттік тілге келгенде тағы мүдірді. Теміржол тек ел азаматтарының қатынас көлігі емес, көршілес мемлекеттер де осы көлікпен әрлі-берлі қатынайтынын ескерсек, жол жүру құжатына көз жүгірткен өзге елдің азаматы не ойлайды.
Онсыз да қолыңыздағы бір жапырақ қағаз көңіліңізді құ­ла­зытып отырғанда, дауыс зорайтқыштан сіздің пойы­зыңыз­дың келгенін хабарлай бастайды. «Қырметы жылаушылар! Номрі 379-шы «Алматы-Орал» бағытындағы жылаушылар пойзы екыншы жолға кеп тахтады. Сах болыныздар!..» Мұрнымен сөйлегендей әсер қалдыратын хабарламаға құлақ түріп жатқан адам аз. Есесіне орыс тілінде анық айтылған хабарламадан кейін жұрт өре түрегеліп, пойызға қарай ағыла бастайды. Бұл – бір ғана жол жүру құжатының төңірегіндегі түйткіл ғана. Ал оның таяу күндері өзгерер түрі жоқ. Осыдан соң теміржол туған тілге төбесінен қарай ма деген ой келеді.

Динара ІЗТІЛЕУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.