Бір өзі – бір театр

d0bcd18bd0bdd0b1d0b0d0b9Жұртшылық қаламгер Мыңбай Рәшті белгілі сатирик, ақын ретінде жақсы таниды. Өзіміз де бұл кісіні әдебиеттің осы қос жанрының жүйрігі ретінде бағалайтынбыз. Былай қарағанда мұның өзі де аз табыс емес. Сатираның саңлағы атанса, одан қалды ақындықтың да ақтаңгері болса – бұл бір адамға көңіл қанағаттанбайтындай болмашы дәреже емес қой. Бір саланың биігін бағындырудың өзі неге тұрады?!
Сөйтсек, ағамызда өнердің неше атасы бой тасалап жүр екен. Бұған жақында көз жеткіздік. Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында М.Рәштің 80 жылдық мерейтойына байланысты өткен салтанатты кеш жиналғандарға үлкен әсер қалдырды.
Мыңкең өз кешін өзі жүргізді. Бұл жай емес екен. Ғажап! Мыңбай Рәш ақын не сатирик қана емес – сөзге шешен, жыршы, өнерпаз… болып шықты. Әттең, жаңа санамалап өткен қырларының кеңірек ашылуына, жұртқа танылуына қызмет жағдайы кедергі жасаса керек. Кешегі «Лениншіл жас» газетінде, «Ара» журналында бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» баспасында бас редактор болып қызмет атқару қайбір жеңіл тиетін еді. Сахнаға шығуға мұрша бермейді ғой бұл қызметтер. Оның үстіне заманың қатаң тәртіп пен асқан жауапкершілікті талап еткен партиялық, Кеңес кезеңі болса.
Мыңбай Рәштің бір бақыты – қазақтың біртуар айтулы азаматтарымен дидарлас, сапарлас, тіпті қызметтес болғандығы. Олар кімдер? М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Б.Момышұлы, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, А.Тоқпанов, Ш.Айманов… Ұлттың кілең ығай-сығайлары. Мақтануға бола ма? Болғанда қандай!
Мыңкең осы айтулы тұлғалармен болған кездесулер жайында майын тамыза әңгіме етті. Енді бір тамсанарлық, таңданарлық өнер – ағамыздың әлгінде атап өткен дара да дана азаматтардың дауыстарын мүлтіксіз, айна-қатесіз салатындығы. Бұл өзі бізде кенжелеп қалып қойған өнер түрі ғой. Білмеппіз, осы өнердің нағыз шебері, дүлдүлі арамызда елеусіз жүріпті. Мүсіреповтің, Мәуленовтің, Тоқпановтың дауыстарын қалай айнытпай, дәлме-дәл келтіреді десеңізші! Осы жанрдың өзін-ақ мықтап қолға алғанда, Мыңкеңнің танымалдығы тіпті арта түсер еді-ау.
«Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Манас» жырларынан айтылған үзінділер, олардағы әр кейіпкерді өз мәнінде сомдай білуі де – шеберліктің керемет үлгісі. Шырқап салынған әндер де таланттың, дарындылықтың белгісін еш бүкпесіз аңғартып жатты. «Бір өзі – бір театр», «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін асқан сүйіспеншілікке, ризашылыққа толы тіркестер Мыңбай ағамызға арнап әдейі айтылғандай.
Сөйтіп, сексен жастағы қаламгер, қайраткер ағамыз әлі де болса сергектікті серік етіп жүргенін танытып, осы кеште жиналған қауымды дүр серпілтіп тастады.
Мыңбай Рәш жайлы «Бойына мың өнер қонған марқасқа екен» десек, артық айтқандық болмас.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.