«Асың түгіл, табағың қайда?»

1. «Соқыр бір істі бастады, Құдай оны қос көрсе…»
Бұл тәмсілдің шығуына мынандай оқиға себеп болыпты. Бір салт атты жолаушы қалаға келе жатып, жолда таяғымен әр жерді бір түртіп, қалаға жаяу келе жатқан соқыр кісіні кездестіреді. Оны аяп, «сауабын алармын» деп, атына мінгестіріп алады. Қалаға келген соң атынан түсірейін десе, соқыр кісі түспей, «бұл – менің атым, түссең өзің түс» деп атына жабысып, бәле салады. Атқа таласқан айқайға адамдар жиналып, қайсысының шын айтып тұрғанын білмей дал болады. Жиналғандардың бірі екеуіне патшаға баруға кеңес береді. «Біздің патшамыз әрі ақылды, әрі әділ адам, аттың кімдікі екенін сол айта алады», – дейді. Екеуі патшаға келген соң соқыр кісі: «Мынау – менің атым, мені соқыр деп басынып, тартып алғысы келіп отыр», – дейді. Атты кісі: «Бұл – өз атым, мына кісіні аяп атыма мінгестіріп едім, бұл кісінікі – жала», – деп шыр-шыр етеді. Патша оларға: «Бүгін екеуіңіз де менің қонағым болыңыздар, дем алыңыздар. Ертең ертеңгісін аттың кімдікі екенін айтамын», – деп тамақ беріп, сыйлап, екеуін екі бөлмеге жатқызып, екі бөлмеге де тыңшы қояды. Соқыр кісі бөлмеге кіріп: «Соқыр бір істі бастады, Құдай оны қос көрсе», – деп қояды дейді. Ал атты кісі бөлмеге кіріп, басына түскен жағдайға қапаланып:
«Мүсәпіршілік басымда,
Құдайым тұр қасымда.
Енді соқыр көрінсе,
жоламаспын қасына», – депті. Тыңшылардың айтқанын естіп, патша ертесіне атты өз иесіне қайтарып, соқыр кісіге өзі бір ат мінгізіп жіберіпті деседі. Тәмсіл біреуге нақақтан жала жапқанда айтылады. Тәмсілдің «Тазша бір істі бастады, Құдай оны қос көрсе; Істеп салдым бір істі, Алла оңғарсын бұл істі» деген нұсқалары да кездеседі.

2. «Келін, келін, келін бақ»
Жаңа түскен жас келін шымылдықтың ішінде құрбыларымен ойнап отырып, бір қалжың сөзге қатты күледі. Сырттағы атасы қатты күлкіні естіп, жақтырмай: «Бұл қай көргенсіз сонша күлген?» дейді. Бұл сөзге намыстанған жас келін сол күннен бастап сөйлемей қояды. Ата-енесін, күйеуін сыйлап күтеді, барлық жұмысты істейді, бірақ сөйлемейді. Басқалар оны ауруға шалдығып, мақау болып қалған екен деп ойлайды. Жеті жыл өткен соң ата-анасы «мақау әйелмен қашанғы жүреді» деп баласына екінші әйел әпереді. Екінші келін келе сала сүйрелеңдеп, ауыл жігіттеріне «бұрынғы әйелдің отауын кейін тігіңдер, менің отауымды ілгері тігіңдер» деп бұйыра сөйлейді. Сонда бұрынғы келін шыдамай:
Келін, келін, келін бақ,
Келмей жатып сөзің бақ,
Келгеніме жеті жыл,
Сөйлегенім бүгін-ақ, – депті. Ата-енесі келінінің сөйлемей қойған себебін сұрап, түсініп, аңдамай айтқан сөзінің келін көңіліне қаяу түсіргендеріне, оны уақтылы түсінбегендеріне өкінген екен.

3. «Сенген қойым сен болсаң,
күйсеген аузыңды ұрайын»
Кедей байдан еңбекақысына алған жалғыз қойын сыйлы қонағына сойып беру үшін бар жем-шөбін аузына тосып бағыпты. Сараң бай кедейге қайбір сау қойын беруші еді. Ауру қой қанша жесе де семірмей, сойғанда арық шығып, қонақтарының алдында иесін ұялтыпты. Мақалға айналып кеткен бұл тәмсіл бүгінде үміт еткен адамы ойынан шықпай, көңілі қалғанда айтылады.

4. «Құдайдың берген шағында таяғым – түлкі, түйем қасқыр алады»
Қазақтар шалқып, толқып, береке-бірлікте өмір сүрген шағын осы тәмсілмен айтады. Бұл тәмсіл мынандай оқиғаға байланысты шыққан. Мерей қажы төбе басында шекпенін жайып намаз оқып отырса, бір түлкі шекпенін басып, ерсілі-қарсылы өте беріпті. Сабырлы ата намазын үзбеген күйде таяғын жіберіп қалғанда түлкіге дәл тиіп, түлкі жантәсілім етсе керек. Енді бірде қой бағып жүргенде қойға шапқан қасқырға түйе мініп ұмтылғанда, түйенің алқымынан тістемекші болған арланның тістері қалың жүнге кіріп кетіп, жағы қарысып қалады. Сол күйінде түйесінің мойнына ілінген тірі қасқырды ауылға жеткізеді.

5. «Асың түгіл, табағың қайда?»
Бұл тәмсіл «болар іс болды. Ақыл айтсаң, баяғыда қайда қалдың?» деген мағынада қолданылады. Бірде бәйбіше келінін қазандағы сүттен құйып әкелуге сыртқа жұмсайды. Дала тас­тай қараңғы, ай тумаған екен. Келін шыға бере сүрініп құлап, табағы сатыр-сұтыр ете қалады. Үйден енесі дауыстап: Ой-бу-уй, жолда бұзау жатыр еді, асыңа абай бол! – деген екен. Тік мінез келіні: – Асың түгіл, табағың қайда? – деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұзауға сүрініп жығылғанда, табағы ұшып кетіп, соны таба алмай сипалаңдап жүр екен. Әдетте қазақ келіндері енесіне сыпайы сөйлеп, инабатты болуы тиіс. Үлкенге тік сөйлеу ерсі көрінеді. Ерке өскен тік мінез келінмен болған оқиғадан туған тәмсілдің ел аузында сақталып қалғаны сондықтан болар.

Р.АТАХАНОВА
ТАРАЗ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Болат

    Жарайсыз! Өнеге сөз өрге сүйрейді, Өнегесіз не деп сөйлейді. Шетелдің тәмсіліне тамсанған бар, Ұлтының ұлы мұрасын көрмейді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.