«Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін…»

Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы 25-27 мамыр аралығында Астанада өтеді

d0bad0bed0bbd0bbd0b0d0b61

«Тойдың болғанынан боладысы қызық». Жер жүзіне тарыдай шашылған исі қазақ көктеме басынан бері үлкен бір жиынды күту үстінде. Өйткені бұл шара жыл сайын қайталанып тұратын қатардағы көп басқосудың бірі емес. Әрине, Дүниежүзі қазақтарының кезекті Құрылтайын өткізу еріккеннің ермегі дей алмаймыз. Бұл – үлкен бастаманы, сарқылмас қажыр-қайратты талап ететін шаруа. Сондай-ақ бұл – мазмұны жағынан өткенді саралап, болашақты жалпы қазақ болып бағдарлаудың айшықты көрінісі. Қалай десе де, оның еліміз үшін аса маңызды уақиға екені даусыз. Мұндай алғашқы басқосу 1992 жылы Елбасының тікелей қолға алуымен өткені баршаға мәлім.1515

Міне, содан бергі кезеңдегі үш Құрылтай жер жүзіндегі бүкіл қазақ қауымының атажұртқа деген ынта-ықыласын, мақтанышы мен сүйіспеншілігін арттырып, олардың тарихи Отанына оралуын барынша ынталандыруға әсер еткен еді. Тиісінше ағымдағы жылдың 25-27 мамыры аралығында бүкіл Алаштың ордасы – Астанада өтетін Жаңа Төртінші Құрылтай да – осы игі дәстүрді одан әрі жалғастыру үрдісі.
«Жиылсын қауым, құйылсын көшің» демекші, ендігі жиын мамырлаған мамырдың айында, Арқаның төсінде, елге оралсақ деген бүкіл қазақ толқынының көкірегіне үміт отын жақпақ. Осы орайда біз айтулы шараның дайындығы мен өту барысына қанығу мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевті сұхбатқа тартқан едік. Ал ол кісінің айтуынша, Төртінші Құрылтай бұрынғы осындай жиындардан әлдеқайда биік, жаңа деңгейге көтеріліп, шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасаудың ең өзекті мәселелерін шешуге ықпал ететін іскерлік бағытта өтеді.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»

– Әңгімені тоқетерінен бастасақ. Төртінші Құрылтай бұрынғы басқосу­лардан несімен ерекшеленбек?
– Ең алдымен, мына мәселені атап өткен жөн. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы екі жиыны шетелдегі ағайындарды атажұртпен жақын қауыштырды, Одан қалса, оларды Қазақстандағы жемісті жобалармен таныстыру бағытында өткен еді. Ал Үшінші Құрылтай шетелдегі қандастың елмен байланысын барынша нығайта түсті десек, артық емес. Яки оларға мәдени-рухани, оқу-білім саласында қолдау көрсету жұмыстарын жетілдіріп, атажұртқа келуіне жағдай жасау мәселелерін талқылауға арналған іскерлік бағытта өтті. Өз кезегінде Төртінші Құрылтай өзінің алдындағы Құрылтайлардың осы жақсы бастамаларын одан әрі жалғастырып, дамытуымен ерекшеленбек. Алдыңғы басқосулардың қисынды жалғасы, заңды даму стратегиясы.
Әлбетте, бұған қарап жаңа Құ­рылтай өткен Құрылтайларды түгел­дей қайталайды деген ұғым тумайды. Керісінше, бұл Құрылтай өткен басқосуларда ескерілмей қалған мә­селелерді қолға алуға, әртүрлі себептермен жүзеге аспаған жұмыстарды қайта жандандыруға арналады.
Және бір басты ерекшелік немесе алдыңғы құрылтайларда болмаған басымдық дейміз бе, бұл жиынға жастардың көбірек шақырылуы. Бұл ретте елімізге жастарды тартудың тиімді екендігі барған сайын анықталуда. Өйткені жастар Қазақстанға келсе, жаңа ортаға тез бейімделеді. Оқуға түссе де, жұмысқа орналасса да, жақсы нәтижелерге жетеді. Бір жағынан, жастарды мұндай үлкен жиындарға көбірек тарту шетелдегі қазақ диаспорасының болашақтағы ұлттық-рухани жағдайы үшін де өте қажет. Соңғы уақытта шетелдегі қазақтардың арасында өз ана тілінен, ұлттық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпы мен мәдениетінен алыстай бастауы етек алып барады. Жасыратыны жоқ, осыны болдырмау үшін шетелдегі қазақ жастарын өзімізге бейімдеп, бауырымызға тартуды жүйелі түрде жүргізу кезек күттірмейді. Яғни, жаңа айтып өткеніміздей, ортақ іске жастарды тарту үдерісі бар, бәрі де бағдарлама бойынша өтеді. Айталық, Құрылтайдың бір күні әр елден келетін қазақ жастарының футбол турниріне арналады. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да өткізіледі. Жас ақындар мүшәйрасы мен жас суретшілер көрмесі де ұйымдастырылады. Ендеше, Шәкәрім қажы жырлағандай, бұл ән осындай бағыттары бойынша бұрынғы әннен өзгерек болғалы тұр.
– Бағдарлама бойынша қонақтар үшін қандай шаралар қарастырылуда?
– Оларды саусақпен санап, тізіп беруге болады, әрине. Бірақ негізгілеріне тоқталған абзал. Алғашқы күннің кеші Астанадағы «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығының кино паркі кешенінде режиссер Рүстем Әбдірашевтың «Балалық шағымның аспаны» фильмін тамашалаумен басталмақ. Одан кейінгі күн, яғни 25 мамырда Құрылтайға қатысушылардың «Отан қорғаушылар монументіне» гүл шоқтарын қоюы, Астана қаласы әкімдігінің бағдарламасы бойынша «Этноауыл» кешенінің ашылуы, шетелден келген қонақтар үшін «Тұран» мейрамханасында Астана қаласы әкімінің қабылдауы, бірқатар министрліктердегі кездесулер бар. Онан кейінгі күндердің еншісінде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің жоспары бойынша Қонақтардың Тәуелсіздік сарайын аралап көруі, Тәуелсіздік сарайында Құрылтайдың салтанатты ашылуы мен жабылуы және Салтанат сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің салтанатты қабылдауы болмақшы. Осының ішінде ән де, күй де – бәрі де ретінше толымды болады.
– Салтанаттылық жағы түсінікті болды. Ал енді Құрылтайда көтерілетін нақты мәселелер тізбегі қандай? Жаңа «өткен басқосуларда ескерілмей қалған кейбір түйткілдерді қолға аламыз» деп қалдыңыз. Осы ойыңызды да кеңінен тарқата түссеңіз оң болар еді…
– Рас, жаңа Құрылтайды өткізудің бағдар­ламасы жасалған кезде біз мынадай бірнеше басымдықты ерекше ескердік: біріншіден, Дүниежүзі қазақтарының Төртінші Құрылтайы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиыр­мажылдық мерейтойының қарсаңында өтпекші. Соған байланысты бұл Құрылтайдың іс-шаралары мен салтанатты мәжілісінде Тәуелсіздік мерейтойына айрықша көңіл бөлінеді. Оны шара бағдарламасының өне бойынан-ақ жазбай тануға болады.
Екініші басымдық – жақында ғана елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып қайта сайланды. Жиында Елбасының бұл жеңісі де назардан тыс қалмайды. Өйткені Елбасы 1992 жылдан бері Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа Төрағасы болып келеді. Жалпы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың абырой-беделі, даңқы шетел қазақтары арасында өте кең тараған. Олар қай елде, қай жерде тұрса да Қазақстанның тұңғыш Президентін өздерінің көшбасшысы деп санайды. Соған орай Құрылтайға келген делегаттардың Елбасын жаңа жеңісімен құттықтап, ең болмағанда, бірауыз лебіз білдіруге тырысатындары анық.
Үшіншіден, Төртінші Құрылтайда көші-қонға да айрықша көңіл бөлінбекші. Баршаға мәлім, тәуелсіздік алғаннан бері елімізде бұл салада үлкен жұмыстар жүргізілді. Бұл мәселеге Елбасының өзі айрықша назар аударып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жиырма жылда атажұртқа оралған ағайындардың жалпы саны бір миллионға жуықтады. Әйтсе де бүгінгі таңда бұл салада көптеген күрделі мәселелер де қалыптасып отыр. Әсіресе, соңғы уақытта шетелден келетін оралмандардың саны күрт азайып кеткені алаңдатады. Жақында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетімен бірлесіп өткізген дөңгелек үстелде бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Соған орай Құрылтайда Қазақстанның құзырлы орындары мен шетел қазақтарының өкілдері этникалық көші-қон жөнінде ой-пікірлерін ортаға салып, арнайы талқылау өткізеді.
Төртіншіден, Құрылтайда, алдында тілге тиек еткенімдей, сырт жерлердегі қазақтарға қазақ тіліндегі оқулықтар, түрлі кітаптар, мерзімді басылымдарды жеткізіп, таратып отыру мәселесі талқыланады. Бүгінгі таңда бұл мәселе шетелдегі қандастарымыз үшін аса маңызды. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында көршілес республикаларда тұратын қазақтарға қазақша кітаптар, газет-журналдар көптеп тарайтын. Қазір бұл мүлдем дерлік тоқталған. Тек Қауымдастықтың жанынан жарық көретін «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағы алыстағы ағайындарға аздап болса да барып тұрады. Ал Қазақстанның өзге басылымдары мен оқулықтарының алыстағы ағайындарға жету жолы нақты шешілмеген. Сондай-ақ шетел қазақтарына арналған оқулықтар мен кітаптарды таратуға бөлінетін қаржы тиімді пайдаланылып жүр деп айта алмаймыз. Мысалы, шетелге оқулықтар тасымалдап жеткізуге бөлінген қаржыны көп жылдан бері кездейсоқ біреулер пайдаланып жүр. Шетелдегі қазақ диаспорасын зерттеп, ғылыми басылымдар дайындау мен кітап, газет-журнал шығаруда да қазақ диаспорасына ешқандай қатысы жоқ ұйымдардың аяқастынан әртүрлі тендер-конкурстарда жеңімпаз болып, мемлекеттен қаржы алатын жағдайлар да бар.
Жалпы, Құрылтайда осы мәселелер айрықша ескеріліп, бұл жөніндегі нақты іс-шаралар қолға алынады.
– Талаптарыңыз таудай, мақсат­та­рыңыз асқаралы. Қанша дегенмен, ай­тыл­ған мәселенің бәрі ұйымдастыруға келіп тіреледі ғой. Құрылтайдың дайын­дық жұмыстарының сапасы туралы не айтасыз?
– Құрылтайды барынша нәтижелі өткізу үшін шетел қазақтарына қатысы бар Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен оның Тіл комитеті, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және оның Көші-қон полициясы комитеті, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен оның Консулдық қызмет департаменті, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен алдын ала біраз мәселелер­ді анықтап, келісіп алып жатырмыз. Қазір біз бұл жөніндегі әр министрліктерге қатысты мәселелерді бір жүйеге түсіріп, сауалнама ретінде дайындап қойдық. Енді осы сұрақтарды тиісті министрліктерге алдын ала жеткізіп, Құрылтай кезінде ол мәселелердің шешілу жолдары мен мүмкіндіктерін нақтылаған жөн. Яғни Құрылтай кезінде жоғарыда айтылған министрліктердің әрқайсысында алдын ала дайындалған сұрақтар негізінде сұхбат алаңын ұйымдастыру қажет. Бұл басқосуға шетелден келген ағайындар қатысып, өздеріне қажетті сұрақ-сауалдарға нақты жауап алуы тиіс.

«Оралмандар көші азаюының себептерін нақты талдап, анықтап алсақ»

– Көші-қон үдерісі – бүгінгі таңда еліміз үшін ең басты мәселенің бірі. Оған көңіл де бөлінбей жатқан жоқ. Бірақ әр қазақтың көкейінде «оралмандардың келуі неге азайды?!» деген сауал жүр. Соңғы статистикаға жүгінсек, оралып жатқан ағайынның екпіні әлсірей бастаған. Оны сөз басында өзіңіз де айтып өттіңіз. Сіз қалай ойлайсыз? Мұны реттеудің жолдары бар ма? Құрылтайда осы мәселеге қатысты нақты ұсыныс айта аласыздар ма?
– Мен бұл туралы «Қазақстан Респуб­ли­касындағы көші-қон процестері және көші-қон саласындағы заңнаманы же­тілдіру перспективалары» атты ғылыми-практикалық конференцияда да ащы айтқан едім. Сондағы ойымды әрі қарай сабақтайын: Өздеріңіз білесіздер, қазір көші-қонның онға жуық түрі бар. Олардың ішінде көңілге күмән келтіретіндері де кездеседі. Мысалы, азаматтық алу мақсатындағы көші-қон деген бізге түсініксіз. Сонда қалай, біз әртүрлі мақсатпен Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндердің бәрін құшағымызды ашып, қабылдай беруіміз керек пе?! Ол аз дегендей, миссионерлік көші-қон деген де шыға бастады. Шетелден келген түрлі миссионерлік ұйымдардың дінімізді бұзып, ұлттық бірлігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға зиянын тигізе бастағаны барлық жерде жаппай айтылып та, жазылып та жүр.
Міне, осындай қыры-сыры күрделі көші-қон үрдісінің ішіндегі бізге ең керегі – тарихи Отанына оралу мақсатындағы көш, яғни оралмандар көші. Республикамыздың экономикасы дамып, бүкіл әлем мойындаған іргелі мемлекет болуында оралмандар үлесі зор. Мысалы, өткен тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиын­дықтар кезінде бірнеше миллион адам Қазақстанды тастап, сырт жерлерге көшіп кеткен еді. Міне, осындай күрделі жағдайда оралман ағайындардың көптеп келуі елімізге үлкен көмек, демеу болды.
Оралмандар көші еліміз үшін болашақта да өте қажет. Сондықтан да оралмандарға әрқашан да айрықша назар аударып, ерекше қолдау жасауға тиіспіз. Бірақ бұл жөнінде ойландыратын біраз мәселелер бар. Біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан алыстағы ағайындармен үнемі тығыз байланыс жасаймыз, соған орай кейінгі кезде шетелдегі қазақтардың атажұртқа оралуға деген ынта-ықыласының төмендеп, көшіп келушілердің саны­ның күрт азайғанын анық байқап отырмыз. Мысалы, қазір көші-қон кво­тасының жыл сайынғы жоспарын орындау қиындай бастады. Шетелден оқуға келетін қазақ жастарының саны да кеміді. Осы қалпымен кете берсе, енді бірнеше жылдан кейін шетелдегі қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы барынша азайып, мүлдем тоқтауы әбден мүмкін. Соған орай бұл жағдайдың алдын алуға қазірден бастап кіріскеніміз жөн.
Бұл үшін, ең алдымен, оралмандар көші азаюының себептерін нақты талдап, анықтап алу керек. Біздің байқауымызша, мұндай себеп бірнешеу. Олардың ең бастысы – шетелдерден Қазақстанға келудің барынша қиындауы. Мысалы, Қытайдағы қазақтар атажұртқа келу үшін Шыңжанның орталығы Үрімжі қаласындағы Қазақстанның Консулдық бөлімінен рұқсат (виза) алуға тиіс. Бұрын мұндай рұқсат алу бір жүйеге түскен, едәуір жеңіл еді. Өкінішке қарай, қазір бұл барынша қиындаған. Әсіресе, Үрімжі қаласынан алыста, сырт жерлерде тұратын қазақтардың Қазақстанға келуі шешілмейтін мәселеге айналды. Өйткені Қазақстан Консулдығынан рұқсат алу айлап кезек күтуді, бір емес, бірнеше рет барып, әуре-сарсаңға түсуді қажет етеді. Әрі рұқсат алу үшін Консулдыққа әрбір адамның өзі бару керек. Оған ауылдық жерлерде тұратын ағайындардың мүмкіндігі келмейді. Үрімжідегі консулдық өткен жылдары күніне 60-70 адамға рұқсат берсе, қазір бұл көрсеткіш 20 адамға дейін құлдыраған. Оның ішінде бұл құжат қазақтарға көбіне ең соңынан тиеді. Оның өзінде көбіне туристік мақсатқа ғана беріледі. Ал ондай құжатпен Қазақстанда қалуға болмайды. Бұған нақты мысал ретінде Қытайдың Санжы облысынан келген Қали Құдыш деген қандасымыздың бізге жазған арызынан үзінді келтірейік: «Мен Үрімжі қаласындағы Қазақстанның Консулдық бөліміне барып, тек тізімге тұру үшін 45 күн күттім. Кейін құжаттарымды виза алуға өткізген соң 21 күн күттім. Сол қиыншылықтардан кейін бүкіл мал-мүлкімді, үйімді сатып, отбасыммен Қазақстанға келіп, тұрақты тіркеліп, азаматтық алуға құжаттарымды өткізбек болсам, Алматы облыстық Көші-қон полициясы «Сіздің визаңыз туристік виза екен, сондықтан бір айдан қалмай Қытайға қайтадан шығып кетіңіз» деп талап етіп отыр. Енді не істеймін?!.»
Бүгінгі таңда рұқсат құжатының (визаның) берілмеуі салдарынан екі ел ортасында әуре-сарсаңға түскен мұндай ағайындар жетіп-артылады. Мысалы, Қытайда Қазақстаннан шақырту алып, тұрақты көшуге ниеттеніп төлқұжат алып, Қытай азаматтығынан шыққан, бірақ Қазақстан Консулдығы рұқсат құжатын бермей, ақыр соңында не жұмысқа тұра алмай, не балаларын оқыта алмай далада қалғандай күйге ұшыраған қазақтар да бар. Міне, осылай Үрімжідегі Консулдықтан рұқсат алудан үміт үзген ағайындар мыңдаған шақырым жол жүріп, Бейжіңге баруға мәжбүр. Бірақ ол жақтағы елшілік те рұқсат алу үшін әр қазақ Бейжіңге өзі келсін дейтін талап қояды. Шыңжан мен Бейжіңнің арасының қаншама ұзақ жол екендігі бәріңізге жақсы мәлім. Ал сонда Шыңжандағы бүкіл қазақ рұқсат алу үшін Бейжіңге қалай, қайтіп барады?!
Қытайдағы Қазақстанның елшілігі мен Консулдық бөліміндегі азаматтар бұл жөнінде не ойлайды екен?! Әлде Қазақстан үкіметі Қытай қазақтарының Қазақстанға көшіп келуіне мүлдем қарсы ма?!. Осы мәселенің басын ашып алу керек.
– Біздің білуімізше, бұл тек Қытай қазақтарына ғана қатысты түйткіл емес. Әлемнің өзге де өңірлерінен атамекеніне оралғысы келетіндерге кедергілер бар емес пе?
– Иә, оны жасыра алмаймыз. Мысалы, Қарақалпақстандағы қазақтардың да Қазақ­станға келуіне осындай жағдайлар кедергі болып отыр. Күн өткен сайын Өзбекстан шекарасынан шығып, Қазақстанға келуі күрделене түсуде. Әсіресе, шекарада әртүрлі қолдан жасалған түрлі қиындықтар жиі кездеседі. Дүние-мүлкімен көшіп өту тіпті қиындаған. Өзбекстан жағындағы кеден бекеттерінде қит етсе ақша талап ету жиі кездеседі. Бір өкініштісі, Қазақстан мен Өзбекстан арасында көші-қон мәселесін реттеу туралы мәселе әлі күнге нақты қолға алынбай келеді.
Моңғолиядан келетін ағайындар да осындай ауыр жағдайды бастан өткереді. Бүгінгі таңда Моңғолиядан Қазақстанға тікелей келетін жол жоқ. Шығыс Қазақстан облысынан Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына тікелей баратын жол салынады деген әңгіме көптен айтылып жүр, бірақ ол мәселе шешілетін емес. Осының салдарынан моңғолиялық ағайындар Қазақстанға Ресейдің Барнаул қаласы арқылы бір мың шақырымнан астам жол жүріп, әрең жетеді. Әрі жол бойы шекарашылар мен кеденшілер тарапынан толып жатқан кедергілерге душар болады.
– Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон полициясы басқармасының жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Меніңше, оралмандар көшінің азаюы Ішкі істер министрлігіне қарасты Көші-қон полиция­сы басқармасының жұмысына да тікелей байланысты. Мұны көп себептің бірі десек те, осындай түйткілдерден ортақ нәтиженің шығатыны бар емес пе? Бұрынғы кезде бұл мекеме шетелден келген қазақтарға рұқсат құжатын (виза) созу, тұрақты тіркеу, азаматтыққа құжат өткізу жөнінен біраз жеңілдіктер жасайтын. Қазір мұндай жеңілдіктердің бәрі тоқтатылған. Керісінше, Көші-қон полициясының шетелден келген ағайындарды ұстап алып, дереу Қазақстаннан шығарып жіберуі барынша етек алған. Біздің қауымдастыққа бұл жөнінен де көптеген арыз-шағымдар түсуде.
Бұған қоса, көші-қон саласындағы жалған мәліметтер мен жемқорлықтан туындап отыр. Яғни бізде көші-қон квотасының жоспарын жалған, жасанды түрде орындау, сөйтіп, мемлекеттің бұл салаға бөлінген қаржысын босқа ысырап ету үрдісі асқынып барады. Мысалы, біз шетелдерден 2007 жылы 15 мың отбасы, 2008 жылы 20 мың отбасы көшіп келді, сөйтіп, көші-қон квотасының жоспары толық орындалды дейміз. Ал бірақ осы жәрдемақы алған оралмандарды іздеп, нақты санақ жүргізсек, біраз келеңсіздіктер анықталар еді. Бұл ретте жоқ адамдарды жасанды құжаттармен квотаға қосу, оралмандардың балаларының санын өтірік көбейту сияқты жағдайлар етек алған. Мысалы, Қазақстанға келмеген адамның төлқұжатына «шекарадан өтті» деген жалған штамп басылады. Бұрын квота алған адамның шетелдік паспортының бір-екі әрпін өзгертіп, квотаға қайтадан қосатын жағдайлар да кездеседі. Өткен жылы «Время» газетінде бұл жөнінде көлемді мақала жарияланды. Биыл да дәл осындай көзбояушылық жасамақ болғандар қолға түсті.
– Атажұртқа келушілер азаюының және бір себебі – көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарының нашарлауы деп ойламайсыз ба? Мысалы, сырт жерлердегі ағайындардың атажұртқа келуін барынша оңайлату үшін, ең алдымен, олармен алдын ала байланыс жасап, құжаттарын дайын­дап, шекарадан өтуінен бастап тұрақты тұратын жеріне дейінгі бүкіл жолын реттеп, үйлестіріп отыру керек емес пе? Яғни шетелдік ағайындар өздерінің қай жерге орналасатынын, баспана мәселесінің қалай шешілетінін, жұмысқа қайтіп орналасатынын, егін егіп, мал өсіретін жерді қалай алатынын алдын ала біліп, анықтап, Қазақстанға содан кейін ғана келуге тиіс қой. Өркениетті мемлекеттердің бәрі өз отандастарын осылай көшіріп әкеледі. Өкінішке орай, бізде көші-қонның мұндай дайындық жұмыстары әлі күнге жүйелі жүргізілмей келе жатқан тәрізді.
– Рас, біз көбіне өз аяғымен келген оралмандарды тізімге алып, квотаның кезегіне қоюмен ғана шектелеміз. Және ол үшін оралмандардың ең әуелі тұрақты тұратын жерін өздері тауып, тіркеліп келуін талап етеміз. Ал сонда шекарадан жаңа ғана өткен, Қазақстанда ешқандай танысы жоқ шетелдік қазақ тұрақты тіркелетін жерді қайдан, қалай табады?!. Осы ретте сонау алпысыншы жылдары Қытайдан өткен жүздеген мың адамды Кеңес өкіметі ешкімді әуре-сарсаңға салмай, тиісті құжаттармен бірден қамтамасыз еткені ерекше еске түседі. Ал қазір арада жарты ғасыр өтіп, өзіміз егемендік алсақ та, алыстан келген ағайындарға тиісті құжатты әуре-сарсаңға салмай, бірден беруді шеше алмай отырмыз.
Көші-қонды ұйымдастырудағы осын­­дай кемшіліктердің салдарынан жаңа­дан келген ағайындар не жұмысқа тұра алмайды, не үй салатын, егін егіп, мал өсіретін жер ала алмайды. Сосын ақы­рында күн көрулері қиындап, келген жақтарына қайта көшуге мәжбүр болады. Мұдай жағдайдан кейін өзгелердің де Қазақстанға келуге деген ыстық ықыласы су сепкендей басылады. Бұл жағдай біздің бәрімізді де ойландыруға тиіс.
Көші-қон саласындағы осындай кемші­ліктерді түбегейлі жолға қойып, шешетін уақыт әлдеқашан жетті. Бұл үшін ең алдымен көші-қон жөніндегі заңнаманы түбегейлі қайта қарап, барынша жетілдіру керек. Осы тұрғыдан келгенде, ертеңгі басқосудан үлкен үміт күтеміз.
– Ал қауымдастықтың өзі бұл іске қандай үлес қосуда?
– Біздің Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бұл мәселеге өз үлесін қосуға әрқашан да дайын. Қазір бұл жөнінде болашақта жүзеге асыратын жұмыстарымыздың жоспар-бағдарламасын жасап, біраз іс-шараларды қолға алудамыз. Бұл ретте, ең алдымен, Қауымдастықтың жанынан көші-қон мәселелерімен айналысатын арнайы орталық құруды ойластырып отырмыз. Әрине, біздің бұл жұмысымызға тиісті мемлекеттік мекемелердің тарапынан нақты қолдау қажет. Әсіресе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктері тарапынан айрықша көмек қажет. Яғни осындай жан-жақты қолдау мен көмек болғанда ғана шетелдегі қазақтардың атажұртқа келуі үзілмей, толассыз жалғаса бермек.
– Әбден таптаурын болған сұрақ. Бірақ әлі күнге өз маңызын жоймай келеді. «Оралман» деген атауға қалай қарайсыз?
– Елбасы үнемі шеттегі қандастар мәселесін күн тәртібіне қойып келеді. Әсіресе, Елбасының бір сұхбатында «Оралман деген сөзді қойсақ қайтеді» дегені көңілге қонымды. Шынында, «оралман» деген атау шетелден келген ағайындардың өздеріне де ұнамайды. Бұл туралы әр жерде айтылып та жүр. Бірақ соған қарамастан кейде атажұртқа қоныс аударып, азаматтық алғандарына 10-15 жыл өтсе де «біз оралманбыз» деп бөлініп шыға келетіндер де кездеседі. Соған байланысты мына мәселелерді қадап айтқым келеді: «Оралман» деп қолында осындай мәртебе беретін куәлігі бар адамды ғана айтуға болады. Ал ондай куәліктің мерзімі өткен немесе Қазақстан азаматтығын алып, тиісті жеңілдіктерге қол жеткізген кісі ешқандай да оралман емес. «Көші-қон туралы» заңда бұл жөнінде атап тұрып көрсетілген. Соған орай, атажұртқа тұрақты қоныс аударған ағайындардың орын­ды-орынсыз жерде «мен оралман едім» деп кеуде соғуларын тоқтатқандары жөн дегім келеді.
Сондай-ақ Елбасының «шетелдегі ағайын­дарды «отандастар» деп атасақ» деуі де өте дұрыс. Мысалы, бүгінге дейін бізде «Шетел­дегі отандастарды қолдау жөнінде» екі рет мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Қазір үшіншісі дайындалуда. Соған орай шетелдегі қазақтарға қатысты мәселелердің бәрі осы «отандас» деген әңгіменің төңірегінде болғаны дұрыс. Шама келсе, осы ұғымды бірде-бірте айналысқа кіргізе беруіміз – сауап­ты іс.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Абылайхан ҚАЛНАЗАР

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.