Баспагер болғың келе ме?

d0b1d0b0d181d0bfd0b0d0b3d0b5d180Кітапқұмар адамға мен тілге тиек етер сезім таңсық емес болар, яғни дүкен сөрелеріндегі немесе кітапханалардағы әдемі, жаңа мұқабаларды көргенде кешетін көңіл күйіңізді айтамын. Содан соң жедел оқырман билетін көрсетіп не ақысын төлеп, көзіңіз түскен кітапқа қол жеткізесіз. Егер таңдауыңыз әдеби шығармаларға құлаған болса, туынды кейіпкерімен оның бастан кешіргендерінің бәрін өткересіз, екінші бір өмірді сүріп шығасыз, ал танымдық, ғылыми еңбектерге мән берсеңіз, біліміңізді одан әрі молайтасыз.
Қалай дегенмен де, қолыңыздағы бағалы зат сіздің жүрегіңізде өзіндік орын алмай қоймайды. Кейде тіпті өміріңізді белгілі бір сарынға өзгертуі де мүмкін. Әлбетте, бар мақтауыңызды, ризашылығыңызды жазушыға яки авторға білдіресіз. Бұл – заңды әрі дұрыс. Дегенмен де сізді аталмыш туынды ең алғашында сыртқы түрімен тартады, оның сапалы, ыңғайлы парақтары шығармадан ойыңыздың бөлінбеуіне өз септігін тигізеді. Осының бәрінің арғы жағында қандай ерен еңбектің жатқандығын көпшілік біле де бермейді. Бұның барлығы – полиграфияның, яғни баспа саласы мамандарының жемісі.
Баспа саласымен және баспагер маманды­ғымен жақынырақ танысу үшін Алматыдағы «Өнер» баспасына бас сұққан едік. Іздеген адамымыз – баспагер. Қызу жұмыс үстінен бір-ақ түстік. Бірнеше маман жиылып, кітап басып жатыр. Жұмыс барысын таразылау үшін баспагер мамандарды әңгімеге тарттық. Әзілбек Сейдәлиев – осы баспаның қызметкері. Ағамыздан баспагер жұмысының қиыны мен қызығын сұрадық. Ол кісі бұл жөнінде былай деді: «Алғашында жобаны компьютерде жасап аламыз да, аталмыш техниканы қайта пайдалана отырып, басуға жібереміз. Қызметімізге «370-РЗ» неміс машинасын және төр бояулы техниканы қолданамыз. Содан соң, жұмыс қарқыны кітаптың таралымына байланысты өрбиді. Бұл қызметте жалқаулық жарас­пайды, бастаған нәрсеңді соңына дейін жеткізуің керек. Осыдан екінші бір қасиет – төзімділіктің қажеттігі туындайды. «А3» форматтағы қағазға кітаптың сегіз беті сыяды. Баспамызда ең көп дегенде 3000 данадай кітап басылады». «Жалпы, қызметімде өзіме ең ұнайтын нәрсе – нәтиже. Қажырлы еңбектің салдарынан пайда болған нәрсеге ұзақ уақыт мәпелеп, енді жемісін көрген бағбандай қарайды екенсің» дейді ол.
Әдетте өмірге ең қажет мамандықтар – мұғалім мен дәрігерлердің жалақыларының тым аз екендігі жөнінде жиі сөз болады. Адамды біліммен азықтандыратын кітап басушылардың да жалақыға қатысты өкпе-наздары бар: «Аздау, бірақ жұмыс жоқ деп жүргенге қарағанда, шүкіршілік. Әлбетте, қанағат тұтқан жөн. Бірақ кейде еңбегіңнің бағасын біліп тұрғандықтан, біраз көңілге қаяу түседі. Алайда бәрі біздің қалауымызша бола берсе, тым қызықсыз болып кетпейді ме?» дейді Әзілбек ағамыз.
Кезінде кітап басудың пайда болуы қоғамға өзіндік өзгерістер әкелгені шындық. В.Гюгоның «Собор Парижской Богоматери» туындысында Клод Фролло есімді кейіпкер бұған дейін адамдар заман толғаныстарын сәулет өнері арқылы жеткізген болса, енді оны кітап басу алмастыратындығы жөнінде баяндайды. Ал біздің ғасыр жетістіктерінің бірі – электронды кітаптар баспагерлерге еш үрей әкелмейді екен. Бұл жөнінде баспа саласының маманы, түптеуші Салтанат Тұтқабекова былай дейді: «Электронды кітаптар қолға алынса, іске асырылатын нәрсе. Техника ең мықты дамыды деген АҚШ-та қазір бұл үрдісті аса қолдаңқырамайды. Өйткені таза техниканың көмегімен өмір сүретін адамға тек «иә» немесе «жоқ» деген ұғымдар ғана таныс болады. Бұл сананың «роботтануына» алып келеді, сол себепті Американың өзінде де ата-аналар балаларын кітапқа үйретуді жөн санаған». Иә, оқу, жазу, сызу бар жерде баспа саласы да бола бермек. Ал баспагер мамандығы ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді.
Қазіргі кезде мұнай өндіру саласы әлемде бірінші орында болса, ал баспа саласы үшінші орында. Сол себепті баспагер мамандығы – әрдайым алдыңғы қатарда тұратын мамандық. Өйткені бұл қажеттілік адам өмір сүрген бар уақытта оны қанағаттандыруды талап етеді. Cаналы ағза бар жерде міндетті түрде кітаптар оқылады да, жазылады да. Ал оқу мен жазуға сұраныс бар жерде баспа саласының да тоқтамайтыны ақиқат.

Нәркес Елепова,
студент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.