«Жібекпен қызыл гәріс белін буған…»

Сәукеле, бөрік, камзол, қамажай көйлек, шапан, кимешек, тағы да басқаларын ұлттық киімдеріміз деп танысақ, қазақты дүйім елге ертеден ерекше етіп көрсеткен тағы бір дүние, бұл – белдік. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың айтуынша: “қазақтардың бәрі белбеу таққан”. Қала берді, мына өлең жолдарына көз жүгіртіңізші. «Күміс белбеу,
Тақты екен ару қандай,
Көрген адам есінен жаңылғандай» немесе «Гауһартаста»:
«Жылы су, қолда құман, қарда орамал
Жібекпен қызыл гәріс белін буған» десе, «Әдемі қызда»:
«Ақ көйлек, қара камзол белін буған,
Жан едің қатарыңнан, әдемі-ау, дара туған» деп әндетуші еді ғой. Аңғарғаныңыздай-ақ, қазақ әу бастан әдемілікке әуес болған. Соның ішінде ерекше бұйым – белдікке ерекше мән берген.
Белдік – киім сыртынан бел бууға арналған былғары, қайыс немесе шүберек. Белдік тағу кәсіби билікке дайын болу дегенді де білдіреді. Сыртқы киімінің үстінен белбеу буыну қызмет етуге және іс-әрекетке көшуге бекінгендікті аңғартады. Қазақта «белін бекем буынып» немесе «іске бел буып кірісті» деген тіркестер бар.
Белбеудің бірнеше түрлері болған. Атап айтар болсақ, «Жауынгерлік белдік», «Кісе белдік», «Күміс белдік», «Кемер белбеу» және тағы басқа. Жауынгерлерге айналған әрбір көшпендінің арнайы жауынгерлік белдігі болған көрінеді. Ал қалташадан, қыннан және оқ-дәрі торсықшасынан тұратын белбеу – «кісе белбеу» деп аталады. Бұл белдікке таналар мен жартылай асыл тастармен түрлі-түсті шынылар орнатылған пластинкалар бекітілген. Белдіктің келесі бір түрі – «күміс белдік». Белдіктің бұл түрі жартылай асыл тастар және күміс таналармен әшекейленген. Кемер белдік қысқа, белді бірнеше айналдыра бууға жарамайды. Екі жақ шеті қапсырмамен әшекейленген.
Белбеу тек белді бууға ғана арналып қана қоймай, адамдардың дәрежесін де аңғартқан. Ел құрметтейтін абыройлы адамдардың белдігі таналармен көбірек әдіптелген. Тіпті белбеуіне қарап адамдардың әл-ауқатын ғана емес, қай жақтың қазағы екенін аңғаруға болған. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінде» белдік туралы көп жазылады. Аталған белбеулердің ерекше болуы сол кезеңдегі шеберлердің өнерлі екендігінің айғағы болса керек. Олардың қолынан шыққан бұйымдар ұлтымыздың мәдениетімен тығыз байланысты болған.
Ал бүгінгі белдіктер ше? Бүгінде белдік сәннен шыққан емес. Әлемдік сән кеңістігіне көз жүгіртсеңіз де, түрлі белдіктер киім-кешектің ішіндегі ерекше асай-мүсей (аксессуар) болып саналады. Жігіттер жағы белдік пен аяқ қиімін жарастырып кигенді ұнатса, қыз-келіншектер жағы да ондай сәннен қалысар емес. Әсіресе, әйелдер белдігі кең таралған. Көйлектің сыртынан тағылатын жалпақ немесе жіңішке түрлі материалдардан жасалған белдіктер де аз емес.
Ал енді осынау белдіктердің асай-мүсейге жататынын ескерсек, адамның көзі бірден белдікке түсетіні рас. Ендеше, кезінде ата-бабамыздың қай жақтың қазағы екенін де белдігіне қарап ажыратқанын еске алсақ, неге белдікке де қазақтың белдігі екенін айрықшалайтын белгі салмасқа. Бұл орайда қиялыңыз жеткенше қиюластыру – өз құзырыңызда. Мәселен, «Versace», «Gucci», «Armani» сынды әлемдік брендтерді өз ою-бедерінен танып жатамыз. Ендеше, неге отандық дизайнерлердің қолынан шық­қан әсем белдіктерді қазақтың түрлі ою-өрнектерімен, бағалы тастармен безендірмеске. Сонымен қатар оған ла­йық­тап аяқ киімдер, сөмке тігіп, алуан түрлі мойынға, қолға тағатын әшекей бұйым­дарды қолданысқа неге енгізбеске дейміз. Сонда ұлттық нақыш пайда болып қана қоймайды, қазақ бренді пайда болар еді.

Аида ҚОЖАҚОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.