«…Өлеңмен жер қойнына кірер денең»

Қазақ – аса бауырмал халық. Жақыны десе жаны бөлек халық жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған. Оның сан ғасырлық тарихындағы әдет-ғұрпының ішінде адамның кешігуіне һәм бармай қалуына болмайтын бір топ іс-әрекет бар. Соның бірі – өлікті жөнелту. «Өмір бар жерде өлім бар». Демек, басы бар нәрсенің аяғы да болмақ. Адам баласының ең қымбаты өмір болса, өмірден кету – ең ауыр сәт. Ақырғы сапар жолында адам қиын да жауапты, абыройлы кезеңді басынан кешпек. Бұл ақ өлімге, ер өліміне, топырақты өлімге соқтыруы тиіс. Өлімнің де абыройлы, абыройсызы болған, бар да. Сұраусыз өлім де болады. Ал қазақ халқы өлімнің де жөнелуін нысанада ұстаған. «Өлместі Құдай жаратпайды, сынбасты, тозбасты ұста соқпайды», «Тумақ – хақ, өлмек – хақ» дейтін қазақ халқы өлімнен қорықпаған. Жасы келген қарт, сырқат адам, бой жазудағы азамат кейінгілермен арыздасып, бақұлдасады.Бұрыннан айтып жүрген өсиетін жаңғырта түседі. Адам дүниеден өтер жолында естірту, жылау, жұбату, тоқтау айту, қоштасу, көңіл айту, жоқтау, кейіннен еске алу, бата оқу рәсімдері болады. Кісі қайтқаннан кейін азалау күні (кей өңірлер­де үші, жүзі өткізіледі), «жетісі», «қырқы», «жылы», «асы» өткізіледі. Марқұм отбасынан шалғайда немесе ұзақ жолда қайтыс болған болса қайғылы хабарды жанашыр адамдары туыстарына естіртеді. Мәселен, Шоқанның қайтыс болғанын әкесі Шыңғысқа Орынбай ақынның естіртуіне назар аударыңызшы:
Уа, Шыңғыс, Зейнеп ханым, көтер басты,
Қай қазақ ой ойлаған сенен асты.
Баласы жеті Момын келіп тұрмыз
Күңірентіп босағаңа төгіп жасты…

Қыршын жас, қайран Шоқан өткен бүгін,
Күңірентіп елі-жұртын шеттен бүгін.
Аяулы жарқын жүзін еске тастап,
Дүниеден ем таба алмай кеткен бүгін.
«Қазақстан мұғалімі», 23.08.1985.
Жоқтаудан бөлек жылау деген дәстүр бар. Туысың өмірден озғанда қалай ғана көз жасыңа ерік бермейсің. Оған қоса жұбату, тоқтау айту салттары да бар. Мысалы, дос-құрбы «Балапандай байпаған, жұмыртқадай шайқаған… Жылама, жаным, жылама… Жыламасқа бола ма» деп келетін жұбату сөздерін айтса, енді бірі көңіл айтып, бата оқиды.
Қазақтың тағы бір ерекше кеңшілігі сол – дүниеден өткен адамның қазалануына қарай бүкіл кәделеріне аз-көп демей, жақын-алыс демей, барлық таныстарының шақырылатындығы. Естірту, көңіл айту, тоқтау айту, еске алу, бата оқуды көбінесе сөз және жөн білетін адамдар атқарса, жылау, жоқтауды әйелдер мен қыздар айтады, олардың кейбірі өз жанынан шығарып айтса, кейбірі халық өнеріне сүйенеді. Ел аузында «Жылауы жоқ қатын ойбайға жеңдіреді» деген де тәмсіл бар. Біз бүгін мұң-шер өлеңдерінің тек жоқтау түріне (жанрына) ғана тоқталмақпыз.
«Жоқтау – ауыз әдебиетінің ең ескі түрі» (Ә.Марғұлан). Жоқтау ежелден бар. Сонау Орхон жазуларына үңілсек, бұл салттың түркілер өмірінде (Күлтегінді аза тұту, т.с.) де болғанын байқаймыз. Ноғайлы кезеңіндегі Қараүлектің Мамайды жоқтауы, Бұқардың Абылайды, сондай-ақ Бөгенбай батырды жоқтауы бүгінге дейін жеткен.
Жоқтауды қайтыс болған кісінің анасы, жеңгесі, апа-сіңлісі, қарындасы, әйелі, келіні, тағы сол сияқты жанашыр туысқан әйел адамдар айтады. Кейбір адамдар қайғысын халық даналығы шығарған жаттанды сөздермен білдірсе, кейбірі өз жанынан дүниеден өткен адамның қылық-қасиетін мадақтап, көпке жария етіп жоқтайды. Соның ішінде Қамқаның – әкесі Қаз дауысты Қазыбекті, Батырбек төренің өз қызы Балғынды, Байжігіт Мұратты – әйелінің, Төлебайды – жамағатының, оқ тиіп өлген Әбсатты – әйелінің, Балқын қызды – шешесінің, әкесін – қызы Әкімшәріптің жоқтауы ауыз әдебиеті тарихындағы жоқтаудың көне үлгілерінің қатарында бар.
Мұндай жоқтаулар бүгін де ауылдық аймақтарда жиі кездеседі.
Мәселен, Жылыой жерінде қайнысы – үйбасы Баймұқан Есенғазиев қайтыс болғанда, қырдан жеңгесі Ханзия атқан таңмен қосылып айқай салып, жылап келе жатты.
– Қарақтарым, отырмысыңдар тұяғы сынған тұлпар болып…
…Қарағым, отырмысың қанаты сынған сұңқар болып.
Есіктің алды жас қайың
Жапырағын баспайын,
Жалғыз да қалған жеделдес
Жоқтаусыз қалай тастайын.
Үлкен бір еді-ау шаңырақ,
Шаңырақ қалды-ау қаңырап.
Артында қалған кіл жетім –
Бәрі де қалды-ау аңырап.
Жоқтау кейін де жалғасты… – деп жеңгесі қайнысын суреттей берді.
…Қамқадай болған жүзіңе
Һүрдің қызы таласқан.
Һүрдің қызы құрысын,
Қақпақтай болған жауырыныңа
Періштелер қарасқан.
Асыл да сенің бойыңа
Орма мылтық жарасқан.
Осындай болған жеделдес,
Бауырың бүгін адасқан…
(1981 жыл)
Кейде марқұмның бедел-абыройы­на орай жиналған жандардың арасында жоқтау айта алатындары көп болса әрі қарай жоқтауды бірнеше адам жалғастыру үрдісі де болған.
Жоқтау қайтыс болған кісіні жерлеп келген соң да, кейінгі кәделері (еске түсіру) кезінде де, көрмеген жақын адамдары келгенде де жалғаса береді. Қалай жерленді? Қандай жерге жерленді? Кімнің қасына жатты? Жоқтаушылар соның бәрін білгісі келеді.
Рас, қай өлімнің де жеңілі жоқ. Дегенмен ерекше ауыр өлімдер де болады. Соның бірінде айтылған жоқтаудан үзінді келтірсек:
Шапан да кидім шалғайсыз.
Тап болдық іске ыңғайсыз…
Ыңғайсыз демей не дейін,
Туғаннан соң маңдайсыз,
Қалғаннан соң жағдайсыз…
Бұл тұқымнан жалғыз жігітке күні кеше (аз күн бұрын) күйеуге шыққан келіншектің жоқтауы болса керек. Жігіт қызық көрместен қайтыс болды. Соңынан еш туыс қалмады. Ең ауыр өлім емей немене?..
Мұндайда тоқтау айтуды үлкен абыройға ие, ғибратты, беделді адам атқарады. Жандосұлы Келдібектің – Шоқанның әкесі Шыңғысқа, Байдалы шешеннің – Сандыбайдың бәйбішесіне, Төлебайұлы Едігенің – Қуандық (Тоқас) еліндегі Жәңгірханға қайғы басу айтуы бүгінде ауыз әдебиетінің озық үлгілерінің сапында. Шоқан өлімінде Бұдабай ақынның, Қарпық ақынның, жағалбайлы Төребай ақынның басу айтқан сөздері де осыған дәлел.
Бұдан бөлек дәстүрдің кезектесіп жоқтау секілді түрі де бар.
Дүниеден кетіп жатқан кісіге қандай жылы сөз де артықшылық етпес.
«Тірі адамды болады
Аз сөзбенен ырзалау,
Ал кеткенді айтарда
Болу керек мырзалау» деген ғой.
Заманында өнерлі, өнегелі, сөзі үлгілі жоқтаугер әйелдер болған. Бұларды арнайы жоқтауға алдырады екен. Мұндай адамдардан бүгінде көзі тірі Ағилашты, Бәтен қызды, Қалампырды білемін. Ертеректе Күния апамыз күйеуі Майлыбайды суырып салып жоқтағанда көпшілік: – Артынан мұндай жоқтау айтылған адамның арманы жоқ шығар, – дескен екен…
Қала берді, қазақтың жоқтау­ларының да тілі шұрайлы, тым әсерлі болып келеді. Мысалы, мына сөздер мен тіркестерге назар аударыңызшы:
«Қиқулап ұшқан қырғауыл»,
«Бозінгендей боздайын»,
«Шырлай ұшқан бозторғай
Сол айтар деп қояйын»,
«Ақсұңқар құс зарлайды
«Бауырынан өлсе баласы…»,
«Тебіренбес сабырлым,
Падишадай әмірлім,
Бәйтеректей тамырлым»,
«Қоңыраулы дауыстым»…
Өмірден озған адамның артынан тәуір сөздер айтылады, оларға биік парасат, сүйкімді қылық таңылады, асқақ баға беріледі. «Жайықтың бойын жайлай бер, шалғынға бие байлай бер», тіпті «Артыңда қалған бауырыңа Қасыңнан орын сайлай бер» дегендей жоқтаудың жолдарынан осыны аңғаруға болады. Сөйтіп жоқтаушы дүниеден өткен адамның болашағынан өзін бөлек санамайды. Бір күні бәрінің бұл жалғаннан ұзайтынын біледі. Оған қоса кейбір адамдар қайтқан адамды жоқтау сөзін жазып, соңына қалдырады. Мәселен, Жамбылдың ұлы Алғадайға, Уәли Иманов сыйлайтын адамы Тыныштық Мыңтұрғановқа жазған жоқтауларын алсақ болады.
Жоқтау адам қайтқан күні бірнеше рет айтылса, кейінгі күндерде де айтылып отырған. Үйде ғана емес, далада да, жолда да… Ұлы Отан соғысы кезінде бұл дәстүр жалғаса берді. Мұхтарды жоқтауда Сәбиттің асқан кісілігі, Қанышты жоқтауда, Санжар Жандосовты жоқтауда да жамағатқа жақсы үлгілер болғаны жасырын емес. Батыр Бауыржанның өзі келіні Зейнептен өлген кезінде өзіне жоқтау айтуын талап еткенінен де біраз дүниені аңғаруға болар.
1926 жылы Ахмет Байтұрсынов Мәскеуде «23 жоқтау» атты жинағын жария­лады. Бұл дәстүр тоқталған емес. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында да бұл жайында біраз материалдар жиналып, қордаланып үлгерді.
Бақиға жоқтау айтылмай аттанған адам – жоқталмаған адам. Сондықтан жоқтаудың тәрбиелік мәні де зор. Сол себепті де бүгінгі жас ұрпақ жоқтаудың сөзіне, әніне, сазына мән беруі керек. Әдетте егде адамдардың өмірден бұрынырақ өтетінін ескерсек, күні ертең оларды жоқтайтын жанның табылмай қалмағаны дұрыс. Жаратқаннан жоқтаусыз кетпесек екен деп тілейік.

Жанаш НҰРМАХАН,
республикалық дәрежедегі
дербес зейнеткер
Атырау облысы,
Жылыой ауданы,
Шоқпартоғай ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жанат Жанашқызы

    Мақала авторы — Жанаш Нұрмахан — менің әкем. 2013 жылдың наурызында 91 жасына екі апта қалғанда өмірден өтті. Ал мақаласы — өлмес сөзі артында, өнегесөз болып халқына қалды. Қазір мақаласын осынша сауатты жазатын адамдар қатары да сиреп барады емес пе? «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған»…
    «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген ұлт ұстазы Ахметтің сөзін ұран ғылып ұстаған «Ана тілі», абыройың арта берсін! Рахмет саған, сүйікті газетім. Халқыңмен бірге жаса!!!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.