Ата-баба тарихын алаламайық

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180Аллаға шүкір, 1991 жылы, Азаттық немесе қазіргі кейбір тіл мамандары мен тарихшылардың тілімен айтқанда, Тәуелсіздік алдық. Неге екенін қайдам, әйтеуір Азаттық деген өте киелі де, өте қасиетті сөзді айтуға әлдекімдерден қымсынатын сияқтымыз. Жалпы, біз тарихшыларымызды, тіл мамандарын (қазақ тілді саясаттанушыларды) жинап, үлкен бір кеңес өткізіп, осы Азаттық және Тәуелсіздік деген ұғымдардың аражігін ажыратып, соның қайсысы бүгінгі қоғамдық құрылысымызға сәйкес келетінін, қайсысын қолданғанымыз қолайлы екенін анықтап алсақ, артық болмас еді.
Сонымен, сол Азаттық, Тәуелсіздік деген қос киеге қол жеткізгеннен кейін басқаларға ұқсап қазекемнің тарихшылары да ұлтымыздың сан ғасырлар бойы басына небір тағдыр таяқ ойнатқан жә­не Құлдырау мен Өрлеу дәуірлерін зерделеп, таразылап, бүгінгі ұрпаққа ұсына бастады. Міне, осы жерде тарихшыларымыз ауыл-ауылдан шыққан кейбір шежірешісымақтардың ешқандай дәлел-дәйексіз сөздеріне еріп, небір тарихи бұрмалаушылықтарға жол беріп алғанын қазір көзіміз көріп отыр. Бұл шежірешілер бұрын қайда болғаны да белгісіз және олардың әлдеқашан жойылып кеткен жоңғар деген елмен соғыста ерлік көрсеткен ата-бабаларын айтуға ешкім тыйым салған жоқ-тын.
Иә, жоңғар мемлекетін 18-ғасырдың қақ ортасында Қытай үрім-бұтағымен тып-типыл ғып жойып жіберді. Ал біздің шежіреші, тарихшылардың мектеп оқулықтарына, жоғары оқу орындарына арнап жазған еңбектерін оқып, ресми мерекелердегі айтылып жатқан сөздерді тыңдап отырсаң, қазақтың ықылым замани тарихында тек жоңғар деген бір ғана жауы болыпты. Ол өз алдына бір әңгіме. Ал біз­дің өз тарихымызға шорқақтығымыз дап-дардай азаматтарымыздың лебізінен де көрініп қалып отырады. Және сол оқулықтарды оқып, әлгі ресми мерекелерде айтылып жатқан небір өртке тиген дауылдай өлеңдер мен сапырмай сөздерді тыңдап отырсаң, қалың қазақты Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай деген үш батыр аман алып қалған екен деу әбден мүмкін. Қазір кіп-кішкентай сәбилерімізден бастап, ата сақалы аузына шыққандардың айтары – сол. Бұл бір жағынан біздің әлі де болса ата-баба тарихын не дұрыс білмейтіндігіміздің, не кейбіреулердің әлдебір тайпаның, әлдебір рудың немесе жүздің мерейін үстем етпек болған ұсақтығы екені ап-анық.
Ал қазіргі Қызылорда маңынан бастап, әрі қарай сонау Еділ мен Жайықтың арғы бетіндегі ұлан-байтақ Батыс өңірінің қазақтары орыс отар­шыларына қарсы 300 жылдан астам талай-талай қанды шайқастар жүргізгені туралы бір ауыз сөз жоқ. Отаршылардың қазақ жеріне жасаған қансоқты шабуылдары, мыңдаған ауыл­дарды күлтөбелерге айналдырып, өртеп жібергені, қарақұрым малды тартып алып айдап кеткені, сол үшін сонау 1590 жылдары осы күнгі казачестволар жасақталып, олар жоспарлы түрде қазақ ауылдарына қырғын салып отырғаны туралы еш айтылмайды. Ұрпағын биік арманға жетелейтін ел ешқашан өйтпейді. Сосын кімнің дос, кімнің қас болғанын ұрпақ санасына құйып отырады. Жақында «Алаш айнасы» газетінен Ерзат Әлзақов деген азаматтың қысқаша бір пікірін оқыдық. «Шынымен де, еліміздегі бірқатар әскери оқу орындарын ұлттық батырларымыз Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай бастаған батырларымыздың есімімен атасақ, жарасып кетер еді. Бұл бастаманы ұлттық деңгейде көтеру керек. Ресей, Украина сияқты мемлекеттерде әскери жоғары оқу орындары сол мемлекетке еңбегі сіңірген батыр генералдардың атымен аталады», – дейді ол. Сөйтеді де, «қазақтың қайсар батырлары қандай да бір атақ, даңқ үшін соғысқан жоқ» дейді. («Алаш айнасы». №77 (529) 2011). Бәрекелді! Батырларды қайсар батыр, қайсар емес батыр деп екіге бөліп-ақ қаралық. Бірақ әрнәрсенің орны бар емес пе? Ерекең айтып отырған Ресей мен Украина өздерінің әскери оқу орындарына мұрағаттарда олар туралы жазба да, құрал-сайманы сияқты көрнекі де деректері, тіпті суреттері бар Кутузов, Суворов, Нахимов, Ушаков сияқты аты әлемге әйгілі қолбасшыларының атын беріп отыр. Олар ауызша аңыз-әңгімелерде ғана айтылатын Илья Муромец, Никита Добрыня, Алеша Попович, Никита Кожемяка деген сияқты батырларының есімін бүгінгі жоғары техниканы, ядролық қаруды меңгерген оқу орындарына берейік дегенін кім естіпті?! Біз бұл жерде Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай деген үш батырдың құнын түсіргелі отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз: қазақ тарихы туралы әңгіме бола қалғанда бар айтарымыз – Абылай қазақтың белгілі бір өңірін бірнеше жыл басқарып тұрған кезде соның қасында жүрген бір-екі батырдың атын ана жерге де, мына жерге де тыққыштай беретініміз ерсі екендігін еске салу ғана. Әсіресе, Қаракерей Қабанбай туралы анау да, мынау да поэма, дастан, прозалық шығармалар жазуды бәсекеге айналдырған сияқты. Және сол шығармалардың бірде-бірінде жазба дерек, нақты мағлұмат жоқ. Жалпылама сапырмай сөз. Ал әскери оқу орындарына Ерзат мырзаның ақылымен бұл кісілердің атын беру үшін ең болмаса бір ауыз нақты дерек болуы міндетті. Екіншіден, қазақ халқы өз тарихында ешқашан жоңғардың езгісінде болған жоқ, болса жүздеген жыл бойы орыс отаршыларының езгісінде болды. Сол жүздеген жыл бойы сол орыс патшалығының езгісіне қарсы күрескен жүздеген батырларымыздың аттары аталмай, ұрпақ санасынан ұмыттырылып барады. Ал ноғайлық Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Едіге, Ер Қосай, Ресейдің зорлық-зомбылығына қарсы 17 жыл күрескен әрі батыр, әрі дипломат Сырым Датұлын, Жанқожа Нұрмұхаммедұлын, Көтібар мен оның ұлы Есетті, Тама Есетті қызылға да, аққа да қарсы шығып, қазақты өз алдына ел қыламын деп еңірегені үшін бандит, қарақшы атанған ер әкелеріміз бен аталарымызды жаңағы үш батырмен неге қоса айтпаймыз. Біз бір шеті Қытаймен, Батыста Византиямен, түстікте Иранмен, Үндістанмен шектес­кен «Ұлы түрік қағанатының» ұрпағы емеспіз бе? Ендеше, Алтын Орда империясының мұрагерлері екенімізді оның қоластында болған кезден бастап қана орыс халқы үлкен мәдениетке, үлкен өркениетке бет бұрғанын айтуға неге аузымыз бармай, бет-моншағымыз үзіледі де тұрады. Біз Тоқтамыстың Мәскеуді екі рет басып алып, ту тіккенін, Рязань деген қаланың аты «резан», яғни «сүндеттелген» деген сөзден шыққанын, оның бұлай аталуына сеп болған уақиғаны, жалпы, орыстың атақты композиторлары мен Тургенев, Карамзин, Достоевский сияқты жампоз жазушылардың ататегі өзімізден басталатынын бүгінгі мектеп шәкірттеріне арналған оқулықтарда да айтып отыруымыз керек. Жалпы, біз ұлтымыздың, Отанымыздың тарихында Алтын Орда мемлекетіне кеңірек тоқталып отыруымыз керек. Әттең, өйтудің орнына бұл ұлы мемлекетіміздің атын Алматыдағы бейберекет шуылға толы бір базарға бере салдық та қоя салдық. Сол Алтын Орда мемлекетінің ең заңды мұрагерлері бүгінгі қазақтар екенін көршілес татар, өзбек, башқұрт ғалымдары да мойындап, жазып та жүр. Рас, саясатта айтылмайтын бір сәттер болады. Ал солай екен деп өз ата-бабаңның дос алдында да, дұшпан алдында да мерейі үстем, еңсесі биік тұрған замандарда өз ұрпағының санасынан мәңгі өшіріп тастау азаматтығымыз, ұлттығымызға, мемлекеттігімізге ұят нәрсе.
Әңгіме тарихымызды ұрпаққа тағылымдау туралы болғаннан кейін айтпауға болмайтын бір мәселе бар. Ол – «Мың бала» тарихы.
Оның қысқаша тарихы былай: 1726 жылы Әлімнің Шекті руының Жақайым атты үлкен тайпасының биі Байжанның 16 жасар баласы Сартай өзі құралпы 15-16 жасар мың баладан жасақ құрып, әкесі Байжан бидің батасын алып, Отанын қорғау үшін Бас қолбасшы Әбілхайырдың қолына келіп қосылады. Олардың әрқайсысының бұл соғыста көрсеткен ерлігінің өзі бір-бір дастан. Бұл уақиға туралы Нұрмағамбет Бөлебайұлы деген ғажап ақын «Сартай батыр» деген дастан жазып, сол үшін 1937 жылы атылып кетті. Оны өз басым редактор болып, 1996 жылы «Санат» баспасынан шығардық. Осы «Мың бала» жасағындағы 15-16-дағы бала-батырлар жасаған ерлік біз білетін ұлттардың ешбірінде жоқ. Және осы мың бала жасағындағы Жылқыбай, Жылқыаман, он екі баулы Бүкірек, Тойғожа батырлар туралы Ресей мұрағаттарында деректер сыңсып тұр. Сондағы жараланғанымды көрсе, жау марқайып кетеді деп, оқ тиген аяғын ер-тоқымға таңдырып тастап шайқаса берген Арғынбай батыр ақсақал жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің аталары болып келеді.
Енді мына қызықты қараңыз. Қазір «Сатайфильм» деген студия «Мың бала» деген фильм түсіруде. Қарап отырсақ, мың баланың уақиғасы бұл фильмде тек аңыз ретінде көрсетілген. Және қайдан пайда бола қалғанын қайдам, мұнда да әлгі батырлар жүр. Бұл жағдаяттың бәрін біз осы фильмді түсіріп жатқан бір-екі азаматқа ескертіп, тарихты бұлайша аңызға айналдыруға болмайтынын жеріне жеткізе айттық та. Амал не, мемлекеттен кино саласына бөлінген ақшаны өйтіп-бүйтіп игерілген дүнияға жатқызу басты мақсат сияқты. Есіңізде болса, «Көшпенділер» фильмі түсіріліп жатқанда да оның осындай өкініші мол болатыны талай ескертілген-ді. Енді тарихта болған, нақты дереккөздері бар, мұрағаттарда мағлұматтары толып тұрған «мың баланың» тағдыры да дәл «Көшпенділердікіндей» болғалы тұрған сияқты. Бұл – ұлттық тарихымыздың алдында ұят, ұрпағымызды алдау әрі ұлттық деңгейде емес, өте тар, өте та­йыз ойлайтындығымыздың бір белгісі. Осындайда белгілі бір азаматымыздың баспасөзге берген сұхбатында «Қазақ әлі ұлт болып қалыптасқан жоқ» деп қатты ренжіп айтқаны еске түседі. Тағы да айтамыз, біз бұл жерде не Қаракерей Қабанбайдың, не Қанжығалы Бөген­байдың қай жерде, қай жылдары кіммен соғысқаны туралы күмәнданып, оны анықтайық деп отырған жоқпыз. Біздің айтпағымыз, қазақ деп аталатын үлкен бір ұлттың бүкіл тағдырын бүкіл тарихты жоңғар деген жойылып кеткен бір елдің ғана ара-тұра жасаған шапқыншылығымен байланыстырып, оны негізінен осы екі-үш батыр аман алып қалғандай ғып әсірелеу – басқа ата-бабаларымызға қиянат.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Ғаббас Қабышұлы

    Пікірлес інім Мырзан! Мақалаңды оқыдым, жалпы дұрыс. Бір ғана ескертерім: «аттары ана жерге де, мына жерге де тыққыштай берілетін» батырларымыз жайында «жазба дерек, нақты мағлұмат жоқ» дегенің — қисынсыз наразылық. Қазақ әдебиетінің ата-анасы — ауыз әдебиетіміз екенін ұмытпауың керек еді. Ол замандардағы баспасөзіміз,телерадиомыз, тіпті мұрағатжайымыз ақын-жырауларымыз болды емес пе? Абылай хан дәуіріндегі «ҚазТАГ» Бұхар ғой? Яғни бізге бұхарлардың айтуымен жеткен дастандардың бәрін «жазбаша дерексіз, мағлұматсыз» дер болсақ, онда ауыз әдебиетімізді жылы жауып қою керек. Солай ғой? Өзің атаған орыс батырларының өмірі орыстың қай-қай мұрағатжайларынан табылды? Меніңше, мәселе қай батырымыз қалай аталып, қалай жазылып, кімдер, қалай жазып жүр деуде. Рас, алалау бар, әсіресе тәуелсіздік бұйырғаннан беріде әдебиет тарихымыз да 2002 түннің елесін кезіп кетті. Сенің мақалаң соған қарсылық екенін, Қаракерей Қабанбайды кемсітуді мақсат ету еместігін түсіндім.Осы ыңғайда беріден мынаны айтайын: дерегі, мағлұматы мол Исатай-Махамбет көтерілісі туралы туынды жоқ емес, сол өңірдің ақын-жазушылары да, Жетісудан Ілияс Жансүгіров, Әнуар Әлімжанов та қалам тартты және олардың шығармалары негізінде барша қазақ сүйінер спектакль қоюға, кинофильм шығаруға болатын еді,алайда болмады.Неге? Жасыратын несі бар, жетісулықтардың: «өзімізден бұрын өзгені қайте қоямыз?!» дескенін, батыстықтардың, мысалы: «Әлімжановтың Махамбетте несі бар?!» дескенін естідім.Бұл не? Бұл — алалау деген албасты бір ғана өңірде емес, «алтауы ала» қазақ атаулыда бар екеніне дәлел. Әнуардің толыққанды «Махамбет» романы тұрғанда Махамбет туралы фильм сценарийін Олжас Сүлейменовке тапсырыспен жаздырғанымыз қалай? Фильм шықты, ал онда халықтың жүрегіндегі қаһарман ақын Махамбет жоқ,құр сүлдері.Тіпті ақынның ажалы жауыздың балтасынан емес, алтыатардан болып, тарихи шындық бұрмаланды. Ондай «шындық» кімге керек? Соны баспасөзде айтып, дабыл қақтым, — кім үн қосты? Ләм-мим жоқ. Немесе, алалаудың соңғы бір көрінісі былайша: Әнуар Әлімжановтың туғанына былтырғы мамырда 80 жыл толды, М. Әуезов атындағы драма театрында «атап өтілді» деу үшін ғана қараша айында көдедей көп жиналыстың бірі өткізілді. Оған, Мәдениет министрін айтпай-ақ қойғанда, ең болмаса қала әкімі қатыспады.Ақиқатқа жүгіне білсек, Қазақстанды, қазақты әлемге айшықтап насихаттауда Әнуардің азаматтық, қаламгерлік еңбегі ерекше мол ғой?! Ал туғанына биыл 80 жыл толатын Мұқағали Мақатаевтың тойы бір жыл бұрын басталып, жан-жақты қызу жүргізіліп жатыр.Бұлай дегенде мен Әнуар мен Мұқағалиды салыстырудан, жоғары-төмен деуден аулақпын. Екеуімен де жақын, силас болдым.Екеуінің де тарихтағы орны өздеріне лайық. Менің екеуін де хал-қадари насихаттап жүргеніме қаламдастарым, оқырман қауым куә дей аламын.Бірақ, амал не, арғы-бергі билік екеуін алалап отыр.Міне, Мырзан, сөз кешегі ата-бабамызды «сорттау» туралы ғана емес, бүгінгі тұлғаларымызды тануда, танытуда әділдікті ту ете білуіміз туралы болғаны керек.
    Құрметті «Ана тілі», менің бұл пікіріме «Мырзан не деді, біз не дейік?» деп тақырып қойып жариялауыңды қалаймын. Мұнымен тынбай, одан ары пікірлесуді әр өңірден ұйымдастырып,соңында, меніңше, Есенғали Раушановқа қорытындылатсаң, әлбетте, жөн болар еді. Қорытынды сөзді кімге беру, әрине, өз еркіңде, ал менің Есенғалиды атап отырған себебім: ол ақынмен шүйіркелесіп көрмесем де, аз әңгімеміздің өзінен-ақ «жүзге, руға бөлінбейтін Тура би екен» деп ой түйгенім бар. Ғаббас Қабышұлы.

  2. Төлепберген

    Мырзан Кенжебай халқымыздың дарабоз батырлары Қабанбай, Бөгенбай түралы пікірі орашолақ ,рушыл, сана сезімі үлттық дәрежеге жетпеген бейшара жанның келбетін көз алдыма елестетіп отыр.Әр уақыттың өз хандары мен батырлары болады. Ал ноғайлық Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Едіге, Ер Қосай,ноғай заманының батырлары.Сырым Датұлын, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы, Көтібар батырлар орысқа бодан болған замандағы батырлар. Сырым батыр,Жанқожа батырлар туралы повестер, романдар жазылған ,олардың қазақ халқына сінірген еңбегін ешкім жоққа шығармайды. Өсетін үрпақ бірін батыр дейді, өспейтін үрпақ бірін бірі қатын дейді бейшара бейбақ Кенжебай Мырзан.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.