«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды»

«Жалбызым, жалбызым, қасиетіңді білгенде өлмес еді жалғызым»
Лұқпан Хакімнің ұлы ойын баласы болып өсіп қалған кезінде дертке шалдығып, ішкен асы ішінде тұрмайды. Талай өлім аузындағы науқас жандарды емдеп жазған Лұқпан неше түрлі шөптен дәрі жасап емдесе де, өз ұлын жаза алмайды. Баласы қайтыс болған соң дертін білу үшін ішін жарып қараса, ұлтабарынан тобықтай тас шығады. Сырты жылтыр тасты «Жалғызымның көзіндей көрейін» деп қалтасына салып алады. Лұқпан Хакім жаздың шілде күнінде ыстықтап, арықтағы суға түседі. Судан шығып киінейін десе, өсіп тұрған жалбыздың үстіне қойған камзолының қалтасынан еріген майды көреді. Қараса, қалтасындағы тас еріп жатыр. Лұқпан зер салып қараса, баласы жасында ешкі майын жеп, тамақтан соң мұздай су ішкен екен. Май ұлтабарына қатып, ішкен тамағымен әрі-бері қозғалып, тасқа айналған екен. Лұқпан Хакім «жалғызымның емі сен екенсің ғой» деп жалбызды құшып, «Жалбызым, жалбызым, қасиетіңді білгенде өлмес еді жалғызым» деп жылай береді. Сол заманнан бері ел аузында дәрі шөп жалбыз жайлы осындай мақал калған.

«Жаны бардың желі бар»
Бұл тәмсілдің шығу төркіні былай болған деседі. Төрде отырған қонақтар­дың көзінше ошақ басында тірлік істеп жүрген әйел жел шығарып қояды. Жақтырмай қараған қонақтардан ыңғай­сызданып қалған әйелдің аузына: «Жаны бардың желі бар, желсіз адам тауып ал» деген сөз түсіпті.

«Сен қызым күйеуге кетті деп жылап отырсың ба,
мен қайтып келеді деп жылап отырмын»
Бір ата-ананың бетінен қақпай өте ерке өсірген қызы мінезі шайпау болып өсіп, тұрмысқа шыққан жерінен сыйыспай ажырасып, төркініне қайтып келе беріпті. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» дегендей, барған жеріне сыйыса алмай қайтып келген қыз ата-анасына қайғы екені белгілі. Қызы тағы басқа біреуге күйеуге кетіп бара жатқанда ата-анасы шығарып салып, жылап отырады. Сонда әкесі шешесіне: «Сен қызым күйеуге кетті деп жылап отырсың ба, мен қайтып келеді деп жылап отырмын» деген екен. Істің түбі шикі екенін біліп, нәтижесіне күмәнданғанда қазақтар осы тәмсілді айтады.

«Әйелдер не деп жатыр, әйелдер?!»
«Анығын, яғни шын әрі маңызды мәліметті айтшы» деген мағынада қолданы­латын тәмсіл төмендегідей әңгімеге байланысты туған. Ел қатарлы ауылда қарапайым жұмыс істеп жүрген бір кісі кешке жұмыстан үйіне келсе, әйелі оған: «Ауылдың әйелдері сені бригадир болады деп шулап жүр ғой» депті. Ол әйеліне: «Ой, қайдағы бригадир, ондай әңгіме болған да жоқ қой» деп қояды. Ертесіне жұмысқа барса оны басқармаға шақырып, бригадир етіп тағайындапты. Біраз уақыт бригадир болып жұмыс істеп жүреді. Бір күні үйіне келсе, әйелі тағы да: «Ауылдың әйелдері сені осы ауылдың бастығы болады деп шулап жүр ғой» дейді. «Ой, қайдағы бастық, әйелдер де айта береді екен-ау» деп таңданады да қояды. Ертеңіне оны бастық сайлапты. Біраз уақыттан соң ауылға ревизор келіп тексеріп, бастық істі болып, күні бойы біресе тергеушіге жауап беріп, біресе адвокатпен сөйлесіп, кепілдікке босанып шығып, шаршап үйіне келсе, әйелі: «Тергеуші былай деді, адвокат былай деді» деп баяндай бастапты. Сонда ол әйеліне: «Оларды қоя тұршы, ауылдағы әйелдер не деп жатыр, әйелдер?» деген екен.

«Бұйырса, күйеуіңіз боламыз»
Бұл тәмсілдің де шығу төркіні қызық. Бұл – Кеңес үкіметінің атақты 1935-37 жылдары қазақтың бас көтерер азаматтарын түрмеге қамаған заманда айтылған тәмсіл. Қазақтың бір отбасында кешке әйелі қазаннан піскен етті түсіріп жатқанда күйеуі: «Ой, бүгін етке бір тоятын болдық қой!» деген екен. Әйелі «Құдай бұйырса» деп айт» деген ескертпесіне күйеуі «Қазаннан түскен етті бұйырса да, бұйырмаса да біз жемегенде кім жейді?» деп айтып бола бергенде есікті тарсылдатып, милициялар кіріп келіп, «Халық жауысың» деп алып кетіп, он жылға соттап жіберіпті. Он жыл өткеннен соң түнде біреу есікті қағады. «Бұл кім?» деген әйелінің сұрауына ақырын ғана дауыспен: «Бұйырса, күйеуіңіз болармыз» депті.

«Маленков берген байталды Хрущев келіп қайта алды, Айналайын Косыгин байталымды қайтарды»
Маленков Кеңес үкіметін басқарған аздаған жылдарда халыққа көп кеңшілік жасады. Жеке егін егіп, қанша ұстағысы келсе, сонша мал ұстауға рұқсат берді. Шаруамен айналысқан қарапайым халықтың жағдайы жақсарып, біраз байып қалды. Н.Хрушев үкімет басына келгенде «Кеңес үкіметі жақын арада коммунизм орнатады» деп жариялап, «коммунизм кезінде жеке мал ұстаудың қажеті жоқ, бәрі ортақ болады, адамдар керек заттарын ортақ байлықтан керегінше шетінен алып тұрады, жаппай бақытқа жетеміз» деп түсіндіріп, Маленков кезіндегі кеңшіліктерді жойды. Малдың артық басын үкіметке өткіздіреді. Әр отбасына бір сиыр, бес қой, бір жылқыдан артық ұстауға рұқсат бермей, әр отбасының пайда көздері саналып, халыққа біраз қысымшылық жасалды. Хрущевтің кезінде экономикада және сыртқы саясатта көптеген әпербақандыққа жол берілді. Л.Брежнев Кеңес үкіметінің бірінші хатшысы қызметіне келген кезде, Министрлер Кеңесін басқарған Косыгин «коммунизм орнатуға жекеменшік мал ұстау қайшы келмейді» деп есептеп, бұрынғы кеңшіліктерді қайтарды. Қолында бар артық малынан амалсыздан айырылған халық өрісі тар, бейберекетсіз реформалармен елді есеңгіреткен басшыны өткір сөзбен түйресе, халықтың қамын ойлаған басшыға ризашылығын осындай сөз шеберлігімен білдірді.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды»
Халқымыздың күміс көмей әнші қызы Жамал Омарова 1943 жылы Алтай өңіріне гастрольдік сапармен барғанда, Алтайдың жергілікті халқы көкке көтере қарсы алып, шын ықыласымен күтіп, сый-сияпат көрсетеді, Алтайдың жан те­бірентер тамаша табиғатын аралатып көрсетеді. Гастрольден өте риза болып, көтеріңкі көңіл күймен оралған Жамал апай композитор Евгений Брусиловскийге және ақын Нығмет Баймұхамедовке Алтай өңірі туралы ән жазуға өтініш білдіреді. Сондай өтініштен туған «Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай!» деп басталатын таңғажайып «Алтай» әнін өз репертуарынан түсірмей, саңқылдаған үнімен қартайғанша, ұзақ жылдар бойы құйқылжыта шырқаған. Ол ән бар қазақтың жүрегіне жылулық ұялатқан әйгілі ән болды. Осыған байланысты туған мәтел бір істі қайталап істей бергенде айтылады.

Райхан АТАХАНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.