Атажұрттан үміттерін үзген емес

Әр халықтың басты байлығының бірі – тасқа таңбаланған тарихы мен бабаның қаны, ананың сүтімен дарыған – ана тілі. Осынау тілдің тамырына терең бойлап, қадір-қасиетін түсініп, мән-мағынасын меңгере алмау – ұятты жағдай. Өкінішке қарай, көрші жатқан Ресейдегі қандас бауырларымыз, әсіресе, болашағымыз – жастар жағы ана тілінің әлеуетін түсінбей, атажұртының тарихын тани алмай отыр.  Самара мен Алматы арасын жалғап, алғаш рейс ашқан «Эйр Астана» әуекомпаниясы журналистерге арнап Самараға сапар ұйымдастырды. Бір жұмаға созылған сапар барысында БАҚ өкілдері Еділдің сол жағалауында жатқан көне қаланың кешегі тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат алу мүмкіндігіне ие болды. Даңқ, Революция, Куйбышев, Чапаев алаңдары, «Ракета» мұражайын аралап, жер астына қарай жол тартып, 37 метр тереңдікте жатқан Сталин бункерімен де, бірінші, екінші дүниежүзілік соғыста және сол тұста пайдаланылған отандық және шетелдік ауыр-жеңіл техниканың түр-түрі тізілген Тольятти қаласындағы «АВТОВАЗ» техникалық мұражайымен де танысқан журналистер бұл сапардан үлкен әсер алды.
Самараға Қазақстаннан қазақтардың келгенін естіген ондағы қандас бауырлар халқымыздың қонақжайлығын танытып, «өз» қазақтарын іздеп келіпті. Сағыныш, арман-тілектері мен міндет-мақсаттарын ортаға салған екі жақтың қазақтары ашық-жарқын әңгімелесіп, шер тарқатты. Жалпы, Ресейде тұратын бір миллиондай қазақтың 15 мыңнан астамы осы Самара жерінде шоғырланған екен.
Бір топ қазақ жастарын бастап келген Самара аймағы қазақ ұлттық-мәдени «Ақжол» орталығының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев: «Қазақ жиналады» деген жерден қалмаймыз. Шет-шеттегі қандас бауырлармен тығыз байланыстамыз, қарым-қатынасымыз үзілмейді», – дей келе, ондағы қазақ жастарына қазақтың елі, жері, тілі мен тарихы туралы барынша мол мағлұмат беруді борышы санайтындарын айта кетті. Өйткені жат жұрттағы жастарымыздың ана тілі мен атажұрты тарихынан еш хабары жоқ, ал кейбіреуінің оны білуге деген құлшынысы да жоқ көрінеді. Мұны өз сөзінде Самара облыстық «Қайрат» қазақ жастар ұйымының жетекшісі Әсел Таумова да айтып өтті. «Астанаға Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына барғанда біріміз ана тілімізді білмейтінімізге қысылып, қызарып тұрсақ, арамызда «И что, мы же с России» деп бар мәселені сол бірауыз сөзбен-ақ түсіндіріп, еш қымсынбай тұрғандар да болды. Өкінішке қарай, тілі мен тарихын тануға құлшыныс танытпайтын және оған бейжай қарайтын жас­тар жетерлік», – деген ұйым жетекшісінің өзімен де орыс тілінде тілдестік. Тілдің жайы түсінікті болған соң, ел мен жердің тарихын қаншалықты білетіндіктерін сұрағанымызда Әсел: «Қазақстанның тарихы мұндағы жастар үшін кітаптың ақ парағымен тең», – деп қысқа қайырды. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама былай тұрсын, тәуелсіздік алғаннан бергі тарихымызды да жеткілікті білмейді екен. Тоқтарбай Қадырғалиұлының айтуынша, Ресейдегі қазақ жастарының 90 пайызы Қазақстан тарихын, қазақ тілін білмейтін көрінеді. Мұның себебін ондағы жұрт Қазақстанмен арадағы ақпараттық байланыстың жоқтығымен түсіндірген болды. «Ресейде бірде-бір қазақстандық газет-журнал, радио не телеарна таралмайтындықтан, атажұрттан келетін ақпарат аз, тіпті мүлде жоқ деу­ге болады. Кабельдік жүйе арқылы көрсетілетін қазақстандық телеарналарға кез келгеннің қолы жете бермейді. Осы орайда кешегі өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына жастар жағының басым баруы өте дұрыс болды деп ойлаймын. Астанаға барып, атажұртын көріп келген жастарымыз Қазақстанның қандай ел екенін мақтанышпен жеткізіп жатыр», – деген Орынбор аймағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының вице-президенті Әміржан Абылайұлы: «Алдағы уақытта Қазақстаннан келетін ақпарат арта түсетініне сенеміз», – деп аяқтады сөзін.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Алматы – Самара – Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.