Қыз дауының шешімі

d0bad18bd0b7d0b4d0b0d1801870 жыл шамасы болу керек. Найманның Мұрын, Қызай тайпаларының барымташылары Ұлы жүз Суан руынан шыққан Салпық бидің (Апахан) ауылына тұтқиылдан барымта жасап, бірнеше үйірлі жылқымен бірге қаңлының жігітіне атас­тырып, қалың малы төленіп қойған сұлу бойжеткен қызын тартып алып кетеді.

Бұл дақпыртты естіген Бай – суан руы уыттанып, қол жиып, өңшең ығай мен сығайларын Найманға аттандырмақ болады. Бұны естіген Салпық би елінің батырлары мен мергендерін, жолкескіш зеректерін, болыс, билерін жиып, ақыл-кеңес құрып, найманға кімдерді жіберу керектігін шешеді.
Суан елінің жақсы-жай­саңдары елшілікке бірауыздан жас би Салпық биді жіберуді мақұл көреді. Сол жылғы жаз айының соңғы күндері би елдің ақылшы ақсақалдарын, белгілі батыр, билерін, атұстар қосшыларын ертіп, найман руының Мұрын, Қызай тайпаларына аттанады. Жол-жөнекей қонған, түстенген ауылдардан Мұрын мен Қызайдың жөн-жосықты білетін зерделі, беделді ақсақалдары мен батыр, билерін сұрастыра отырып, Мұрын ауылындағы шынжырбалақ, шұбартөс, жеті атасынан билік үзілмеген Шонжар (Сасан) датқа ауылына келіп, ат басын тежеп, тізгін тартады.
Ауыл жігіттері шақырусыз, беймезгіл келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, аттарын кермеге байлап, өздерін Шонжардың ақ ордасына орналастырады.
Есендік-саулық сұрасып, жайғасып отырғаннан кейін дастарқанға ас, табақпен бас, қазы-қарта, жал-жая, сапырылған сары қымыз – бәрі-бәрі рет-ретімен өз орнын тауып, әңгіме-дүкен басталып, ас соңында бата мен бұйымтай да ұмыт қалмайды. Салпық би аз-кем ойланып барып, қасындағы ақылдастарына көзінің қиығымен қарап, маңдайын алақанымен бір сипап жіберіп, Шонжарға тура қарап:
Келіп тұрмын Найманға
Мекендеген өр Алтай,
Жесір қайда? Мал қайда?
Тұтқын қыз бен мал іздеп,
Азаматтар қартайды.
Ұлы жүздің ұлымын.
Жоқ іздеген жоқшымын.
Жолы болар жігіттің
Ел сыйлаған бірімін.
Бар әлемге аламан
Жарқышақ боп атанған
Құдайберді бабамның
Байтақ жатқан елі едім.
Барымталап елімді
Атастырған ұрыннан
Қызай, Мұрын білсеңдер
Ұлы жүзден таралған.
Күйеу болдың жүз жылдық,
Мың жылдық құда болуға
Ұлы жүз бен Орта жүз
Бүгінге дейін жараған.
Татып едім бұрын да,
Талай дәм мен тұзыңды.
Қайтарыңдар аман-сау,
Ұрлап кеткен қызымды
Мен естіген бұрыннан
Мұрын, Қызай сендерсің.
Менен талай қыз алып,
Сіз де бізге бергенсің.
Кетті ұрлап қызымды.

Шып-шырғасын шығармай,
Алдыма сал малымды.
Шаршап келдім алыстан
Қыздырмаңдар қанымды.
Мұрын деген әпкемнің
Аруағын сыйлап, мен келдім.
Ат-шапан айып түгендеп
Алдыма қазір ап келсін.
Аялдауға мұршам жоқ
Келгенім жоқ ұрсам деп.
Жүгінсеңдер алдыма
Тастап кетем малымды
Тастамаймын жанымды
Таптамаймын арымды,
– деп тоқтап барып, басын тік көтеріп, денесін ширатып ап:
Мен Суанның биімін
Ел түсетін үйімін.
Мұрын, Қызай аралап,
Көргем талай жиынын.
Тез арада шешіңдер
Тоқ етер сөздің түйінін, – деп барып:
Күнес жағын Жоңғардың
Жетісуды жайлағам.
Қоңтайшының талқандап
Аяқ-қолын байлағам.
Ақтылы қой, сал жорға
Ойсыл қара бастатып
Шұбыртып мал айдағам.
Шоқынған жоқпын қалмаққа,
Қорғап қалған бай далам.
Майлықара үстінде,
Долаңқара, Жоршының.
Басын алып соғыста,
Қалғандарын шұбатып
Қара табан құс өкше,
Құлдыққа сап айдағам, – дегенде, төрде қатар отырған Шонжар қозғалақтап барып, қасындағы ақылшыларына иек көтеріп, сұстана қарап:
Шығыңдар, датқалар, далаға
Жік салмайық араға.
Жосығын тапқан сөз ортақ
Қара менен данаға.
Тұтқын қызды алдырып,
Алдына мал салдырып.
Алтын алқа тақтырып,
Гауһар жүзік салғызып.
Жақұт тағып шашбауға
Ақ айғырға мінгізіп,
Доқаба, торғын кигізіп,
Мына Суан биінің
Алдына әкеп көрсетіп
Құрметтеп еліне
Шығарып ертең салыңдар, – деп Найман шонжары елдің береке-бірлігін, туыстығын ойлап, тұтқын қызды босатып, Салпық биге ақ атан түйе жетектетіп, Бораталаға дейін сардарларына шығартып салғызыпты. Жолда қайтып келе жатып, Салпық би (Апахан ) серіктеріне қарап, жайдары жүзбен: «Егер Мұрын әпкеміз мұндай бір рулы ел болып тұрмаса, ұрпақтары болмаса, бізге мұндай құрмет көрсетпес еді. «Қыз өссе – құдағи болады» деген осы екен. Әпкеміздің аруағы қолдады деген осы», – деп еліне олжалы қайтыпты.

Ел аузынан жазып алған
Салпық би шөбересі
Әдепхан Төреханұлы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.