«Қуыршақтарым – қазақ балаларына тартуым»

d0bad183d0bad0bbd0b0Бүгінгі балалар Ер төстікті, Алдар көсе мен Қожанасырды, Таусоғар мен Көлтауысар, Желаяқ, Толағай сынды ертегі кейіпкерлерін білмегенімен Шрек пен Бэтменді, Спанч Боб пен Спайдерменді, Нарутоны туғанындай таниды. Оған көгілдір экран мен компьютердің, қала берді ғаламтордың әсері десек жаңылыспаймыз. Ал ұлттық болмысты бойына сіңірмеген бала ертең қалай ұлтжанды азамат болмақ? Көретіні һәм қызықтайтыны ғана емес, ойнайтыны да шетелдің құбыжық ойыншығы болса ше? Отандық ойыншықтары туралы мәселе ортаға тасталғалы біраз болды. Алайда ойыншық жасауды қолға алғандар некен-саяқ. Бірақ ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлттық мәдениетіміздің, қолөнеріміздің дамуына атсалысуда қолөнер шебері, қуыршақшы Роза Сәрсенбаеваның бұл жолда еңбегі ерек. Ұрпақ болашағына алаңдаған, ұлттық намыс кеудесін кернеген Роза апайымыздың ықыласы қазақ қуыршағын жасауға ауыпты. Оюмен өрнектелген мақпал камзол, атластан тігілген бүрмелі көйлек, келбетті кестеленген кәмшәт бөрікті қазақ қуыршағын көргенде тамсанып, таңдай қағатыныңыз даусыз. Оның үстіне, бет-әлпеті де сондай сүйкімді суреттелген, қыштан күйдіріліп жасалған. Домбыра ұстаған қазақ қызы мен садақ пен жебесін арқалаған қазақ жігіті сондай жарасымды, әрі өте сәтті шыққан образдар. Роза апайдың бұл туындылары қазақтың игілігіне жарайтыны, бала тәрбиесіне айтарлықтай ұлттық серпін әкелетіні де айна-қатесіз ақиқат. Қолөнершінің айтуынша, өзге емес, дәл қазақ қуыршағын жасауға әуестенуі тәуелсіздікке дейінгі кезеңде қазақта жазу-сызуы да, мәдениет те, өнер де жоқ, олар топас, надан халық деген жаңсақ пікірге өршелене қарсы тұруымен байланысты болыпты. Дәлірек айтсақ, Роза апайды ұлттық болмыстағы қуыршақ жасауға ұлттық намыс жетелепті. Өткен ғасырдағы 90-жылдардан бастап, қуыршақ жасаумен айналысып келетін оның қуыршақтарының алғашқы сериялары – қазақтың қара домбырасын күмбірлеткен бойжеткен мен қыл қобызды күңіренткен қазақ абызын және әлдиімен бесіктегі баласын жұбатқан ана мен іңгәлаған сәбиді кейіптеген образдармен шығыпты. Сонымен бірге, кер маралдай керілген көрікті жеңгенің тоқыма тоқып, кесте тігіп отырғаны мен екі білекті сыбанып, ақ сәлдесін желпіп тастап, сырмақ сырып, киіз басып, жүн сабап жатқан самдағай әжелердің образдары да бар. «Мен бір принципті ұстанамын, ол – сапалы, әрі баланың назарын аударатындай етіп жасау. Сапалы жасау үшін қымбат маталар мен таза қышты пайдаланамын. Оқу құралдарынан, XIX ғасырдың соңындағы ұлттық киімдердің фотосуреттерін, зер­гер­лік бұйымдардың қыр-сырын ақ­таратын оқулықтарды, этнографиялық кітаптарды қолдандым. Сондай-ақ, әжем­нің айтатын ақыл-кеңестері де көп көмек болады. Камзолдың түймесі, айылбасты белбеу, бөріктің түрлері, етік тағысын тағылардың қандай болғандығын әжем айтып отыратын» дейді шебер.
«Ұлттық қолөнеріміздің шашбауын көтеріп, салт-дәстүрімізді жаңғырту жолында жұмыс жасап жүрсіз. Енді, осы уақытқа дейін өнеріңізді көрген қазақтың ауқатты азаматтары демеушілік жасайын, үлкен шеберхана ашыңыз деп ықылас білдірді ме?» деген сауалымызға «қөріп отырсыз, қаладағы пәтерімнің аядай бір бөлмесін шеберхана етіп, жұмысымды сонда жасаймын. Әрине, бұл маған таршылық етеді. Бірақ көрпемізге қарай көсіліп жүрген жайымыз бар. Өкінішке қарай, демеушілік жасап, қолдау көрсеткен азаматтар болмады. Бұл жұмыспен айналысып жүрген жиырма жыл ішінде шетелдік азаматтар да, қазақстандық яки қазақ ағайындарымыз да туындыларымды тамашалады. Бүгінгі күнге дейін шетелдіктерден тапсырыс келіп жатады, қазақ қуыршағына да, өздерінің ұлттық қуыршақтарын да жасап беруді өтінеді. Ондайларға қуана-қуана жасап беремін, өйткені, мен тек қазақ мәдениетін ғана емес, өзге ұлттың мәдениеттерін де жақсы білемін. Оған қоса, қазақты шетелде де танығанын қалаймын» дейді Роза апай.
Бұл қуыршақтардың жүзінде мейірім бар. Баланы бірден баурап алардай қа­сиеті де жоқ емес. Әсіресе, сырты кел­беттері, киімдері ата-бабамыздың бай-бекзаттығынан хабар берердей. Ендеше, балаларға базарлық жасап жүрген Роза Сәрсенбаева сынды ұлт жанашырлары көбейіп, қазақ қуыршақтары ұлттық брендке айналар күн тусын деп тілейік!

Шынаргүл ОҢАШЫБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.