Ертеңгі күннің бағдарламаcы

Халқымыздың әл-ауқатының артуы – ел экономикасының, дамуымыздың айнасы екені жасырын емес. Еліміз күннен-күнге қарыштап дамып, биік арман-мақсаттар мен мұраттарға қол жеткізіп келеді. Десек те, күн сайын жұмыссыз адамдардың санының көбеюі басты проблема күйінде қалып отыр. Еліміздегі жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларға, табысы аз адамдарға көмек қолын созу жөнінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет пен тиісті министрліктер мен құзырлы органдарға тапсырма берген болатын. 

Осылайша, Елбасының тапсырмасымен елімізде бұрын-соңды болмаған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы әзірленіп отыр. Ол осы жылдың наурызында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясында кеңінен талқыланып, бекітілген болатын. Еліміздің еңбек нарығындағы қалыптасқан жағдайды оң шешуге, индустриялық саясатты жүзеге асыру үшін еңбек әлеуетін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама Үкімет отырысында да сараланған еді. «Жалпы, бағдарламаны нақты жүзеге асыру, онда белгіленген бағыттарды іске қосу басталар тұста бұл жайында әлі талай әңгімеленетін болады. Көп мәселе бағдарламаға қатысатын халықтың ерік-жігерінің нәтижесінде шешімін табатындығы айқын. Сондықтан бағдарлама мәнісін түсіндіру бағытындағы насихат науқаны белең алуға тиіс», – деген ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов тиісті орындарға тапсырмалар да берді.
Жалпы алғанда, Үкімет 2016 жылға қарай бағдарламамен бір жарым миллионға жуық адамды қамтуды жоспарлауда. Соның нәтижесінде еліміздегі кедейлік деңгейін 6 пайызға дейін төмендетіп, жұмыссыздық деңгейін 5,5 пайыздан асырмай ұстап отыру міндеті көзделуде. «Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етіп, алдымыздағы стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз», – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова.
Халықты жұмыспен қамтудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі мақсаты – жұмыссыздар санын азайту, олардың тұрақты және нәтижелі жұмыс орындарына ие болуына жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болып табылады. Осыған қол жеткізу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың алдына өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды анықтап, оларды жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту, еліміздің индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін кадрлар әлеуетін дамыту, еліміздің атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін алдыға қойылып отырған жаңа міндеттер аясында жетілдіру сияқты шараларды жүзеге асыру міндеттері қойылды.
Сөз болып отырған осы мәселелер ескеріле келе, жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру үшін бірінші кезекте халықты оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастырып, осы іске жәрдемдесуге мән беріледі, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшулеріне қолайлы жағдай туғызылады.
Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, елімізде 2,7 млн халық өз бетінше күн көреді. Бұл – 16 млн халқы бар мемлекет үшін айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Жаңа бағдарлама сол өзі-өзі асырап жүрген азаматтарды қамтиды. Оның ішінде, ізденушілер, аз қамтылған азаматтар мен жұмыссыздардың да мүддесі ескерілген. Қазір елімізде кедейлік деңгейі 8,2 пайыз көрсеткішін көрсетіп отыр. Мұны алдағы уақытта 6 пайызға дейін қысқарту көзделген. Ал жұмыссыздардың саны 5,5 пайыздан аспауы қарастырылуда.
Бағдарлама ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Себебі, өңірлерде тұрақты жұмыс орындары жоқтың қасы. Оның үстіне, жұмыссыз, өз бетінше жұмыс істейтіндер мен аз қамтылған халық ауылда тұрады. Бұл бағыт ауылда өз ісін бастап немесе кеңейтем деушілерге арнаулы әрі қолайлы. Бұл бағыттың басты механизмі шағын несие бөлу болып табылады. 5 жылға дейін 3 млн. теңге көлемінде шағын несилер бөлінбек. Айта кету керек, бұл қаражат тұтынушылық мақсатқа арналмаған. Алдыңғы қарыздарды өтеп, тұрғын үй жылжымайтын мүлік сатып алуға ғана бағытталған. Ал қатысам деушілерге тегін кеңес, бизнес жоспарды құруға көмек беріледі және тегін кәсіпкерлік негіздерін оқи алады. Оның үстіне, бас­таушы кәсіпкерге өз ісін ашу үшін инфрақұрылым қажет болса, онда жол құрылысы, су және жылу, кәріз, телефон мен электр жүйелерін тарту көзделген. Бұл шығындарды да Үкімет өзіне алады.
Бір айта кетерлігі, мемлекеттік бағдарламаға кез келген азамат қатыса алады. Билік пен бұқараның тілегі бір арнаға бастайтын дара жол – осы. Керегің – алдыңда, мүмкіндігің – қолыңда. Бір сөзбен айтқанда, жаңа стратегиялық бағдарлама – бүгіннің емес, ертеңнің қамын ойлаған ұзақ мерзімді бағдарлама.

Армангүл Баймағанбетова,
Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.