Мұқағалидың Жиренбұлақтағы жиендері

d0bcd0b0d0bad0b0d182d0b0d0b5d0b2-d182d183d18bd181d182d0b0d180d18b

Мұқағалиды іздемейтін қазақ кемде-кем. Ақынның жыры да, сыры да, мұңы да – Алаштың рухани азығы. Сондықтан болса керек, бүгінгі ұрпақ Мұқаңның төрт құбыласын түгендеуден жалыққан емес. Қытайдағы бір жарым миллион қандасымыз да мұқағалитануға хал-қадерінше үлес қосып келеді. Соның бірі – Құлжа қаласында тұратын ақын, «Іле кеші» газетінің бөлім редакторы Нұрболат Әбдіқадыр. Ақынның 80 жылдық мерейтойына арнайы шақырумен келген Нұрболат ағамен Мұқаңның Қытайда тұратын туыстары туралы әңгіме өрбіттік. – Мұқаң Қытай елінде де әлдеқашан жыр жауһарына айналып үлгерген. 23 жасында «Әке туралы сөз», «Біздің жақтың іңірі» атты өлеңдері ең алғаш «Шұғыла» (ол кезде «Әдебиет және искусство») журналының 1954 жылғы №6 санында жарияланған. Ал 1988 жылдан 2006 жылға дейінгі аралықта Қытай елінде ақынның 11 кітабы жарық көрді. Мұқаңның Қытайдағы туыстары туралы айқындап айтсақ, Мақатайдан – Сүлеймен. Сүлейменнен – Мұқағали, Тоқтарбай, Көрпеш. Сүлейменнің Ақжан деген әпкесі, Кенжетай деген қарындасы бар. Сол Ақжан мен Кенжетайдың ұрпақтары Қытайда тұрады, – деп әңгімесін бастаған Нұрболат ағамыз сөзін әрмен қарай жалғады. – Менің де Мұқағалимен туыстығым бар. Онда да Алжан әулетінің Сырымбет деп аталатын ұрпағынан тарайтын бір атаның балаларымыз. Яғни Мұқағали – Райымбек батырдың бесінші ұрпағы да, мен жетінші ұрпағымын…
Мұқағалидың әкесі Сүлеймен­нің әпке-қарындастары Ақжан мен Кенжетай Қытай жеріне 1931-1932 жылдары өткен. Сол аласапыранда Кенжетайдың тұңғыш ұлы Апыз ауыр шөлге шыдамай жантәсілім болған. Бұдан кейін Кенжетайдың Дақан, Нұршақан, Жұмақан, Диқан (ұл), Кеуерхан атты ұл-қыздары дүниеге келген. Бірақ бұлардың бәрі 1940 жылдардағы атышулы «қалың аурудан» көз жұмған. Кенжетайдың Тоқтан мен Мейірқан деген екі баласы ғана аман қалған. Ал Тоқтаубай мен Бейқұтқан дейтін екі перзенті «қалың аурудан» кейін дүниеге келген ұрпақтары екен.
Кенжетайдың тірі қалған балаларының үлкені Тоқтан Құлбекұлы 1936 жылы туылған. Іленің Шапшал ауданындағы Жиренбұлақ ауылында тұрады. Тоқтанның бірінші әйелі Күлайым 1982 жылы өкпе ауруынан қайтыс болған. Күлайымнан – Тілепберген деген бір ұл, Төлеқан, Әуесқан, Несіпқан, Үмітқан деген 4 қыз қалған. Екінші әйелі Төлеуқан 1987 жылы дүние салған екен. Бұл әйелінен Құрманқан деген бір қыз қалыпты. Үшіншісі Қарлықан да 2001 жылы қан қысымынан қаза тауып, қазір артында Салтанат дейтін қызы бар.
Кенжетай Мақатайқызының екінші ұлы Тоқтаубай 1993 жылы көз жұмған. Әйелінің аты – Ханым. Тоқтаубайдан 2 ұл, 5 қыз қалыпты. 1987 жылы туылған кенже қызына Тоқтаубай Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне «Нұрғиса» есімін қойған екен. 1969 жылы туылған Тілеуқан Тоқтаубайұлын әжесі Кенжетай бауырына салып баққан. Тілеуқанның айтуынша, радиодан Мұқағали Мақатаевтың есімі айтылса, «Саржайлау» әні шырқалса, әжесі ет-жүрегі езіліп, егіліп жылап отырады екен. «Саржайлау» әнін тыңдағанда өзі жүрген Қарқара, Шалкөде жайлаулары есіне оралып, көңілі босайтын болса керек. Ол кезде Кенжетайлар Дулаты өткелінің шекараға жақын «Жалаңаш иін» деген жерін тұрақтаған. Кенжетай әпкеміз үнемі «Жалғыз бауырым бар еді…» дегенді аузынан тастамайтын көрінеді. Бұл жалғыз бауыры – Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған ағасы, Мұқағалидың әкесі – Сүлеймен еді! Кенжетай – шекарадан ауғанда Мұқағали Нағиман анасының омырауында қалған бүлдіршін екен. Кенжетайдың сәби Мұқағалиды көрмеуі мүмкін емес.
Қырғыз еліне ұзатылған Кенжетай мен жолдасы Көшербай үлкен қызы Мейірқанның бір қызының есімін «Нағиман» деп Мұқағалидың шешесінің құрметіне қойған екен.
Кенжетай 1983 жылы Мазарда қайтыс болған. Тоқтан қарияның айтуынша, шешесі Кенжетайдың жылы – доңыз. Кенжетай: «бір әпкем бар, аты – Ақжан» деп оты­рады екен. Ақжан – Өртекес пен Қызылкүрені (Текес) тұрақтаған. Кейін­нен нағашыларынан Кенже­тай­дың үлкен қызы Мейірқан­ға екі рет сәлем хат кел­­ген. Бірде Мұқағалидың 60 жыл­дығын бірге тойлауға қатысуға шақырған. Сол кездегі екі хатты да Мұқағалидың інісі Көрпеш жазғанға ұқсайды.
Ақжан Мақатайқызының балалары Дайырбек, Сатыбалдылар қазір Шапшалдың Кішібура деген ауылында тұрады. Ақжаннан Пісте, Нұрбопа деген екі қыз қалған екен, мұны маған 67 жастағы Сатыбалды Әденбекұлы айтып берді.
Кенжетай Мақатайқызының бейітін әйгілі Қонақай мазарынан іздеп таптым. Кенжетайдың басына қойылған көк тастың жазуы біршама өшіп кетіпті. «Биссмилла рахман рахим. Кенжетай Мақатайқызы, 1983 жылы 7 ай 22 күні 73 жасында қайтыс болды» деген жазуды саусағыммен сызып отырып, әріп бойынша оқып шықтым, – деп сөзін аяқтады Нұрболат ағамыз.
Мұқағалидың Қытайдағы туыс­тары туралы Нұрболат Әбдіқадыр ағамыздан білген бар дерегіміз осы болды. «Біз Мұқағалиды сағынғанда Кенжетай әпкеміздің басына барып тұрамыз» деді ол. Иә, ұлы Мұқаңның атасы Мақатайдың ұрпақтары қайда жүрсе де аман жүрсін! Атажұртына ат басын бұрып, туған-туыстарымен қауышатын айтулы күн туып жатса, тіптен құба-құп болар еді…

Біләл ҚУАНЫШ
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.