Жарықты жаны қалайды

Қоғамның дамуына ілесіп, біздің де күнделікті тұтынатын электр жабдықтарымыз көбейді. Тіпті онсыз еш жұмыс тындыра алмайтын халге жеттік. Десе де, біз осы мамандыққа әлі күнге қырын қарап келеміз. Мұнымен шындап айналысып жүргендер – өзге ұлт өкілдері. Тұрмыста кездесетін кейбір түйткілдер үшін де электрик маманына жүгінеміз. Бізге ол қарапайым мамандықтардың біріндей елестейді. Шын мәнінде, жауапкершілігі күшті, қызығы мен шыжығы мол, нағыз еңбекқорлықты талап ететін мамандық. Біз осы істің басы-қасында жүрген азаматпен әңгімелескен едік.  
Алматы қаласындағы «Еламан» құрылыс компаниясының бас энергетигі Ахмет Қайыңбаев алғашында кинотехника саласына оқуға түседі. Оны үздік нәтижемен тәмамдағаннан кейін төрт жыл кино қоюмен айналысып, содан кейін осы мамандыққа келген. Іскер де қабілетті азамат Алматы облысы, Кеген ауданы, Көкпияз деген жерде дүниеге келіпті. Бала кезінен бойына дарыған еңбекқорлық қасиет оны биіктерге қарай жетелей түскен. «Біз оқу бітірген жылы Кеңес өкіметі тарап жатқан кез еді. Ауылда жұмыс болмағасын 1994 жылы Алматыға келдім. Алғашында қатты қиналдым. Мұнда да жайлы жұмыс табыла қоймады. Сөйтіп жүргенде, Бауыржан деген сыныптасым кезігіп, сол арқылы жұмысқа тұрдым. Бір жағынан қолымдағы дипломым да септігін тигізіп, бірден электрик болып шыға келдім»,– дейді өткен күндерін еске түсіріп. Алғашқы еңбек жолын сол кездегі «Стройкомпания» деп аталатын жұмыс орнынан бастаған оның бүгінгі жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Әрбір сөзінен осы бір мамандыққа деген шексіз сүйіспеншілігі мен адалдығы айқын байқалады. «Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өзім қалаған мамандық болғандықтан, біреудің шаңырағын жарқыратып, отбасының сәнін келтіргеніме қуанамын. Сол сәттегі адамдардың жүзіндегі қуанышты көрудің өзі – мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан көмек сұраған әрбір адамға қолымнан келгенді аямаймын»,– дейді Ахмет.
Істеген әрбір жұмысы үшін жұрттан артық ақы талап етпейтін, разылығымен бергенін ғана алатын, жүрегінде жылылық ұялаған осындай азамат біздің қоғамға керек-ау, сірә. «Ашкөздік кісіні ақылдан айы­рып, рухани дүниені көріп білуге кедергі жасайды. Барлық есіл-дертің ақшаға, дүниеге аударылса онда өмірдегі жақсылықтардан сырт қаласың. Осылайша адамшылықтан айырыласың»,–дейді ол. Мейлі, дәрігер, мұғалім, тіпті қарапайым жұмысшы болсын өз ісінің игілігін көрмесе, еткен еңбегінен не пайда?! Шынында, осы бір мамандық жайында қазақ жігіттері не біледі? Тек жарқыраған бөлмедегі жайлы жұмыс болса дейтін кейбір жігіттеріміз электрик кәсібі турасында ойлана ма екен? Өзге ұлт өкілдерінің осындай мамандықты тез игеріп алып таудай табыс тауып жатқанын көріп те, естіп те жүрміз. «Біздің құрамда екі-үш қазақ азаматы бар. Қалғаны – түгел өзге ұлт өкілдері. Өз інілеріме осы кәсіпті меңгеру керектігін айтсам, «Не керегі бар оның» деп қарсы шығады. Керек болмаса, бұл жұмысты өзгелер неге істеп жүр? Мектеп қабырғасында жүргенде электрик болуды армандайтындар аз. Бір үйдің электр желісін жүргізу едәуір ақшаны талап етеді. Қыр-сырын білмегеннен кейін қанша қаражат кетсе де келісе саламыз»,– дейді қынжылып.
Әрбір үйдің қан тамыры іспеттес болған электр жүйесінің тетігін білмесең, келеңсіз жағдайларға әкеліп соғары тағы бар. Сондықтан электрик мамандығын жеңіл кәсіп деп қарауға болмайды.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.