Адам болу – ұлы мақсат

«Педагогика» латын тілінен аударғанда «баланы жетектеу» деген мағына береді екен. Оңды-солын, алды-артын танып білмеген жеткіншек қана жетектеуге мұқтаж. Анадан пәк боп түсетін сәбидің есейе келе жаманшылыққа бас қоятыны неліктен? Қазіргі таңда ата-ана мен бала, ұстаз бен шәкірт арасында міндетті түрде болуы тиіс талшыбықтай нәзік тәрбие деп аталатын мораль заңы көмескіленді десе де болады. Бұған не себеп болып отыр?
Бала тәрбиесін үш кезеңге бөлуге болады: құрсақтағы тоғыз ай, тоғыз күн, дүние есігін ашқаннан басталатын бесікке бөлену кезеңі және тәй-тәй басқаннан ат жалын тартып мінгенге дейінгі уақыт. Абай айтпақшы, ең қиын мамандыққа – адам болуға баулитын ошақтың үш бұтындай болған осы шешуші мерзімдердің маңыздылығына жеке-жеке тоқталып өтейік.

Ана құрсағында нәресте өте тез жетіліп, тоқтаусыз дамитыны белгілі. Сол себепті қазақтың «Қызға қырық үйден тыйым», «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда» дейтіні – тұтас ұрпақтың болашағымен астасып жатқан көрнекті құбылыс.
Осыған бір хикаядан мысал келтіре кетсек. Бірде Атымтай жомарт өлген соң інісі де Атымтайдай боламын деп, малын шаша бастапты. Шешесі: «Шырағым, малды орынсыз шаша берме», – деп неше қабат айтады екен. Бір күні бұл сөздер баланың көңіліне келіп, шешесінен сұрайды: «Сіз маған мал шашпа дейсіз, марқұм Атымтай ағама бір сөз де айтпайтын едіңіз. Атымтай туған ата-анадан мен де туғаным жоқ па? Атымтайға біткен мал маған да біткен жоқ па? Сіз қалайша менің жомарт болғанымды жаратпайсыз?», – дейді.
Шешесі жауап береді: «Атымтай туған соң үш күнге дейін жылап емшек ембеді. Емшегім сыздап, сүт аққан соң, көршіміздегі бір жетім баланы емізіп едім, құшағымда отырған Атымтай жылағанын қойып, екінші емшекті еме бастады. Осылайша әрқашан бір емшекті әлгі жетім балаға емізбесем, Атымтай да ембеуші еді. Ал сен, балам, туғаннан былай қарай, бір емшегімді еміп жатқаныңда, екіншісін екі қолыңмен мықтап ұстап жатушы едің, міне, соның үшін сен Атымтайдай жомарт бола алмайсың. Малыңды орынсыз шашпа дейтінім сол», – депті.
Біздің халықта әйел босанарда бүкіл жан-жануар, ит-құсты үйдің маңынан аулаққа қуатын болған. Ондағы себеп, сәби шыр етіп жерге түскенде, ненің дауысын естісе, сол тіршілік иесінің мінез-құлқы баланың бойына судай сіңеді екен. Сондықтан үй иесі кіндік шешені көнені көрген көреген, текті ортадан таңдайды.
Анасының уызынан қуат алған қызыл шақа кіндігі қиылған соң, жаялығына оралған күйі ағаш бесікке жайғасып, әлди-әлдидің әуенімен тәтті ұйқының құшағына енеді.
Дүниеге сыймайтын қайран адам баласы бесікке сыйсын ба? Талпаңдаған қалпы домалаңдап, талбесік пен тыныш ұйқыны лайық көрмей, кең даланы бетке алады ғой. Қадамы қарышты, жолы түзу болсын деп тұсауын кеседі. Бұл – адамның адам болашағына себепші үшінші кезеңнің басы. Баланың тұсауын үш нәрсемен кеседі: біреудің ала жібін аттамасын деп ала жіппен, тоқшылық болсын деп тоқ ішекпен, көк шөптей көкке ұмтылсын деп шөппен кеседі. Бесікке салу, шілдехана, тұсау кесу, сүндеттеу сияқты дәстүрлер тіршілік деп аталатын ортаға тап болған «қонақты» күтіп алу рәсімдері еді. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бес жастан кейін құрдасыңдай көр» дейтіні осыдан шықса керек.
Жоғарыда педагогиканы қазақшалап «баланы жетектеу» деген мағына беретінін айттық. ХХ ғасырдың ортасына дейін педагогика баланы оқыту және тәрбиелеу туралы ғылым ретінде танылды. Педагогиканы тек бала тәрбиесіне ғана жауап беруші ғылым деп есептеу қате. Себебі ол – тек бала тәрбиелемейді, ол адам тәрбиелейді. Лев Толстой: «Өмірімді жүз қадам деп есептейтін болсам, туғаннан бес жасыма дейін тоқсан тоғыз қадам, бес жастан қазіргі маған дейін бір қадам», – дейді. Ал әл-Фараби бұл аса жауапты кезеңді он бес жасқа дейін ұзартады. Демек, адам ғұмырының тоқсан тоғыз пайызы балалық шақ пен жасөспірім кезеңге тікелей қатысты болса, онда педагогиканы неге адамды толықтай қалыптастыратын ғылым демейміз. Өйткені қоғам талабына сай тұлға ретінде қалыптасып жетілу үшін тек балалар ғана емес, сонымен қатар үлкендер де білікті педагогикалық басшылықты қажет ететіндігі мойындалуда. Сондықтан қазіргі кезеңдегі педагогика – тек балалар тәрбиесі туралы ғылым ғана емес, ол сонымен қатар жалпы адамзат баласының тәрбиесі туралы ғылым.
Қоғамның басты байлығы адам және оның өмірі болғандықтан, адам баласының бірлікте, тыныштықта, ымырада өмір сүруі – заманның мамыражай болмағына кепіл. Дана қазақ әу бастан баланы осы қағидаларға бейімдеп тәрбиелеп келді.
Бұрынғы көшпелі дала мәдениетінде адам екіге бөліп қарастырылатын: оның жақсы жағы және жаман жағы. Сол дәуірдегі тәрбие беруші – әулие ұстаздар баланың теріс мінез-құлқымен, қылығымен, қасаң әдеттерімен күресе отырып, рухын кемелдендіруші еді. Осындай ілімнің нәтижесінде қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы қалыптасқан. Кешегі 1937-1938-жылдардың зұлматында репрессияға ұшыраған интеллигенциялардың 4-5 жылдық семинариялар мен 2 кластық орыс-қазақ мектептерін оқығаны болмаса, барлығы дерлік ауыл ақсақалдарының алдын көргендер еді. Зиялы қауымның өз қолдарымен жазған өмірбаяндарына көз жүгіртсек, мынадай естеліктерге куә боламыз: «Баяғыда, бала күнімізде ауылымыздың жанында дөң болушы еді. Күн жылынғанда, әсіресе, жазғытұрым мезгілінде ауылдың үлкендері төңіректегі қарадомалақ балалардың бәрін жинап, әлгі жасыл желекке оранған төмпешіктің үстінде отырып, жыр-дастан, ертегі және қызықты әңгімелер айтып беруші еді. Біз оны қоршалай отырып, аузынан шыққан әрбір сөзді ұйып тыңдайтынбыз», – дейді. XX ғасырдың басына дейін қазақ баласы рухани қорегін осылай тапты.
Біздің халқымыз қара бастың қамынан аса алмайтын тоғышар, мешеу наданды тәрбиелеп шығаруды мақсат етіп қойған емес. Дала қарадомалағының ұстанымы біреу ғана болған: «Ауылыңда болса аузыңа тиеді, еліңде болса ерніңе тиеді». Бабаларымыздан қалған ертегі, дастан, жыр һәм қиссалардағы батырлар мен жомарттар баланың «Ержеткенде мен де осылардай болам» дейтін арманына айналды.
Дала педагогикасының мақсаты – осы таза дәптерді ізгі ниетпен, адамгершілікпен, ар-ұятпен толтыру. Сондықтан қазақ салиқалы азаматты көкірегі ояу, терең ойлы жан деп есептеген.
Қазіргі таңда адам бұрынғысынша дараланып, бөлшектеніп емес, тұтас ағза ретінде ұғындырылады. Оның кертартпа қуаты ескерілмей, ол қоғамның басты қозғаушы күші саналды. Сөйтіп, бітеу жараға айналдырылды. Бұл адам денесінен бөртіп шыққан жараға ешқандай ем-дом жасамай, дәкемен орап, сыртынан сипалағанмен бірдей еді. Бүгінгі біздің қызметіміз сол жараны сырттай сипалау болып қалды. Білімді жұрт – Еуропа осы кеселге бірінші болып шалдыққан. Неміс философы Фихте өзінің зарын бізге былай деп жеткізеді: «Жас адамның бойында даналық немесе залым болуының мүмкіндіктері болады. Бірақ, – дейді ұлы философ, – менің ізгі данагөй немесе залым болып шығуым менсіз шартты түрде алдын ала анықталып қойылған секілді. Ондай анықтауға өз тарапымнан өзгеріс енгізуге дәрменсіздігім, сондықтан да алғашқыда (дана болуға ұмтылуда) менің ешқандай табысымның жоқтығы, ал екіншісінде (залым болып шығардай) ешбір кінәмнің жоқтығы мені жиреніш пен үрейге булықтырады…».
Адам баласы жаратылысқа қарап өзін-өзі тануы тиіс. Өнер-білім – ақылдың азығы. Ал ақыл – рухты кемелдендіруші қуат. Өзен ағысынан, өскен ағаштан, толған ойдан, домалаған тастан ғибрат алмаса даму кенжелейді.
Педагогика адам дайындаушы емес, маман дайын­даушы болып өзгерді және соңғыларының саны көбейді. Оны методологиялық көзқараспен пән деп атады. Көз алдыңызға хош иісті табиғи гүл мен пластмассадан жасалған гүлді қатар қойып елестетіңізші. Табиғи гүлге су керек, күннің жарығы керек, жылу керек, қорек тыңайтқыш керек, түбін қопсыту керек және осы нәзік те ауыр жұмысты атқаратын гүл өсіруші міндетті түрде керек. Сол сияқты адам болу үшін саған таза ақыл керек, кемел тақуалық керек, рухани дертіңе ем керек және шипаны бойыңа егетін Ұстаз керек. Ал пластмасса гүлге бояу мен пластмасса жеткілікті болса, сол сияқты маманға студент деген атақ пен аттестат, диплом ғана қанағат береді. Керек пен керексізді ажырата алмай педагогикадағы категориялар мағынасынан адастырылып догмаланды.
Қорыта келгенде, елімізде ұлттық құндылықтар негізінде білім, тәрбие бере отырып, тұлға қалыптастыру сынды келелі мәселелер күнтәртібіне шыққаны анық. Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпақ тәрбиелеу – қазақ халқында ежелден-ақ келе жатқан үрдіс. Ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бүгінгі тәрбие үрдісінде тиімді екені даусыз мәселе. Ендеше, осынау ұлан-ғайыр жерімізде ғұмыр кешіп, артына мол рухани мұра қалдырған тұлғаларымыздың қалыптастырған тәрбиелік ілімін заман талабына сай пайдалану басты мақсат болып табылады.
Қаламқас Қамзаева,
Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің мұғалімі
Алматы облысы,
Бесмойнақ ауылы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.