Меңірейген yнсiздiк

Әр дәуір, әр заманда (қамшының сабындай) қысқа ғұмыр кешетін әр ұрпақ өкілдері қоғам, халық мүддесі үшін қолдан келгенін жасап, тіршілік додасында әркім әр қырынан, әр қиядан көрінуге тырысатыны табиғи жай. Сонымен бірге таусылмастай көрінетін фәни жалғанда кісілік, тектілік, ірілік, әділдік, тазалық, сондай-ақ кірпияздық, майдалық, пенделікке тели салатын басқа да толып жатқан дәйістік, ұсақтық, екіжүзділік, қараулық қисапсыз-ақ. Өмір солай дейсің бе? Солай болса, солай. Таласпаймыз. Бірақ әлгі мұрындарынан тізген (тізілмей қалғандарына салауат) сиықсыздықтар ішінде айтуға ауыз бармайтын (олардан да өткен) тағы бір сорлылық бар. Ол – үнсіздік.Иә, иә, кәдімгі көлгірлікпен туыстас, басы жұмыр пендемен қосыла қуанып, қосыла қайғырудан алты қыр алыс, жымысқы, ішмерез үнсіздік. Қас-қағымда сағыңды сындырып, жаныңды жаралайтын, пұшайман етіп, күмән-күдік, өкінішке бөктіретін үнсіздік. Сондықтан да болар, азуын айға білеген ақылман, ғұлама, даналардың «бұл жалғанда дос деген болмайды екен» деп опынатыны не жарық дүниеден өзегін өрт шалып өтетіні. Күні кеше бақиға аттанған Қадыр ақынның да «менде дос жоқ, сыйлас інілерім бар» деп жазып, сан рет айтқаны есте. «Дос болады, бірақ шартты, екінің бірі Маркс пен Энгельс емес» дегені де.
Үнсіздік. Мейлі, абстракті деп-ақ қарайық. Онда неге ауызға алып отырмыз? Дүние соған қарап қалып па? Міне, енді одан әрі ұйыққа бата бермей, иықтағы жүкті сәл жеңілдетсе де болғандай. Қалай дейсіз бе?
Осы сен таяуда лауреат атанып па едің? Газеттен оқып қуанғанбыз. Жұмыс орнына не үйіңе бара қоймадық. Ол үшін өкпелемейтініңді білеміз. Жақын таныс-біліс, дос-жарандарың жамырай құттықтап, жырғаған шығарсыңдар? Атама, біреуі хабарласқан жоқ, хабарласпақ түгіл, көрген жерде ол жайлы айтпады да деймісің, ей?! Қой! Мүмкін емес. Құттықтағандар бар шығар. Бар, бірақ мен күткендер емес. Өзім дегеннің бәрі үнсіз. Ауыздарына құм құйғандай. Рас па? Рас, өтірік сөйлеп қайтейін.
Оу, бауырым, «Парасат» орденін алыпсың, құтты болсын. Тойлап жатқан шығарсыңдар. Енді бала-шаға, құда-жекжаттармен сөйтеміз ғой. Басқалар ше? Жолдас-жора, достар дегендей. Олар есітпесе керек, өзім ешкімге айтқан жоқпын.
Міне, бұлар – дәл біз айтқандай болмаса да, солардың о жақ, бұ жағындағы жайлар. Кітабың шықты ма? Шықты. Достарың құттықтады ма? Біреуі тырс етпеді. Ау, сенің шығармашылық кешің өтті дейді ғой. Халық көп болды ма? Болды. Әздектеп әкелген оқушылар мен студенттер сыймай кетті. Достарың ше? Біреу-жарым келді… Пәлі! Атағынан ат үркетін сен сондай болсаң, біздей шікәмәктар кімнің шікәрәсі?!
Түсінікті болды-ау деймін. Әрі қарай соза бермейік. Айттық қой, осы тектес жұқсыздықтар шаш-етектен деп. Солардың бірі де бірегейі – үнсіздік (деп те). Және анау-мынау емес, меңіреу, меңірейген үнсіздік. Төзесің. Сен тұрмақ, осылай ой өрбітуге жетелеген белгілі әдебиетші-ғалым, қарымды қаламгер, адам десе адам, азамат десе азамат Рымғали Нұрғалиев те оған дейінгісі «түфәй күйсін» ғұмырының соңғы мезгілдерінде осы тектестеу үнсіздікке милықтай тойып, іштен тынып бақиға аттанса керек. Қайдан білесің дейсің бе? Таяуда («Қазақ» газетінде) жарияланған өкініш пен налаға толы мұңлы мақаладан. Рымғалиды жоқтаушы замандас егер сол жайларды өзгелер де біле жүрсе екен демесе, неге жазады? Оқыдық, білдік. Енді кей парасын (біз де) өзгелермен бөлісейік. Аруақ-Құдай, тағзым үшін болса да.
Осынау мақаланы тектен-тек «үнсіздік» деп атамағанымызды айттық. Енді қазақтың нарқасқа перзенті, марқұм Рымғали Нұрғалиевті неліктен ауызға алып отырмыз, соған келейік. Әдетте, бір қала, бір ортада жүретін жандар бір-бірін қанша жерден білеміз десе де, шын мәнінде, ештеңе білмейді. Міне, мен де қазір сол бір мейлінше қарапайым, сыпайы, ақ жарқын азамат жайлы түк білмейтініме енді ғана көзім жеткендей халдемін. Әйтпесе, бірге оқып, бірге қызметтес болмасам да, өзімше оны бір адамдай білермін деп ойлаушы едім. Өйткені о жер, бұ жерде кездескенде жылы сәлемдесіп, Рымғали туып-өскен аймақтың (Абыралы) түлегі, қауіпсіздік полковнигі Мұрат Исиннің отбасы, басқа да мерекелік шара, жиын-тойларда көрісіп қап жүретінбіз. Жазған дүниелерінің көзге түскенін оқитынбыз. Алайда олар Рымғалиды білемін деуге жеткіліксіз екен. Мен тұрмақ, оны бұдан 47 жыл бұрын университетті бірге бітірген 70 курстасы да сирек көріп, жетпісі жетпіс жақта жүріпті. Енді студенттік жылдар болмаса, әркім өз соқпағына түскен соң, бір-бірін жақсы біледі деп қалай айтарсың. Бұған сол жетпістің бірі, жоғарыда оқыдық деген мақала авторы Мәкен Өсербаеваның «Ортамыздан ойып тұрып өз орнын алып, озып шыққан жалғыз жұлдызымыз Рымғали Нұрғалиевтің хабар-ошарын баспасөз арқылы біліп тұратын едік», – деуі де дәлел іспетті.
Солай. Басқалар да солай (мен де, сен де). Мәкеннің айтуынша, курстас құрбылар бір-бірімен телефон арқылы тілдескенде: «Ана жалғыз академик не ойлап жүр. Басымызды бір қоспады ғой. Айтсаңдаршы, бірімізбен біріміз ең болмаса бір жүздеспей-ақ аттанамыз ба өмірден», – дейді екен.
Бұлар – тіршілік түйткілдері. Сөз басындағы үнсіздікке қатысы жоқ (деп кесіп айтуға болатын). Әйтсе де.. Әйтсе де, бәрібір жақсы мағынадағы (жаңғырық) үнсіздіктен аттап кете алмай отырған жай бар. Тым құрыса, өзгелерге сабақ бола ма деген ниетпен (десек те).
Тағы да сол Мәкен Өсербаева курстас қыз-жігіттердің Рымғалиға «…өкпелері қара қазандай болған еді, – деп жазады. – «Ұмытты ғой» (деп ой түйіп)… Мен де… жетпіс жасқа толған мерейтойын­да біраз курстас достарының шақырылатынына сенімді едім… Ұзақ жыл жүздеспеген адамның бейнесі соңғы көрген қалпында сақталады ғой… Көбімізбен жарты ғасырға жуық бірде-бір рет жүздескен де жоқ. Аты-жөнімізді де ұмытқан шығар…»
Осылайша аласапыран тіршілік қауырт өтіп жатқан күндердің бірінде «Егемен Қазақстан» газетіне айықпас дертке шалдыққан Рымғалидың «Бір тамшы сағыныш» атты мақаласы шығады. Мәкен Өсербаева ол туралы: «Рымғали досқа курстастарының қартайған бейнесін көруді тағдыр жазбады… Соны түсінгендей… қияндағы жастық шағымен де, студенттік достарымен де рухани әлем арқылы үш ай бұрын қоштасып… адами болмысының бір қыры – кісілігін танытып кетті… Қарабайыр пенде болып ғұмыр сүріп жүрген біз ше?.. Эссенің бесеуін 2009 жылдың қазан айында оқыдық. Онда отызға жуық қыз-жігіттердің есімі аталған еді… Риза болдық. …Эсселердің қандай жағдайда жазылғанын болжау мүмкін емес еді… Семейге барып қатты ауырып… ажал тырнағынан әзер аман қалғанын кейін білдік… Полигонның зардабын тартып, өмірінің соңында күллі әулетінен айырылып, жападан-жалғыз қалған сәттерде ең бақытты жылдарын тегіннен-тегін еске алмаған-ау деп ойладым… Екі дүниенің ортасында жатқанда… жүрегін кернеген сол сағынышы болар-ау деп қолына қалам алдырған да, «Сағыныштың бір тамшысы» деп айқайлатып тақырып қойғызған да. Тақырыптың астарында қандай ниет жатқанын ешкім кезінде түсінбеді…»
Ал енді мен (осы жолдар авторы) өз басым бұған дейін аты-жөнін де, өзін де жөнді біле бермейтін Мәкен әріптесіміздің ештеңені жасырмай, ақиқатты күлбілтелемей ашық айтқан (басқа да терең толғаныстар мен философиялық ой-түйін, ғибратты мәліметтер өзінше) бір бетке жуық мақаласынан Рымғали курстасы жөнінде бұған дейін білмейтін мәлімет-деректер білгеніме әрі риза боп, әрі, жасырары жоқ, баз бір құбылыстардан көңіл толқығанын да жасырмаймын. Студенттік бал дәурен шақты баяндай келіп: «Сағыныштың бір тамшысы» академик-ғалымның баспасөзде жарияланған ең соңғы мақаласы болды, – депті Мәкен… – Досы Есенбай ақынға телефон соғып, «достарға хабарласшы, «Егемен Қазақстанды» оқыды ма екен» депті. Газетте өзі атын атаған отыздың біразы… хабарласар деп күтті ме екен?.. Алла бізге үш ай жарым мүмкіндік беріпті. Үй айда үш ауыз жылы лебіз жолдамадық… Ол ол ма, қаралы хабарды естіген соң… газетке қазанама жолдадық, қаржысын төлеп. Ол да шықпады… Курстастарынан екі жол көңіл айту да бұйырмады… Рымғали Нұрғалиев тірі жүргендерімізге «Бір тамшы сағынышымен» жұмбақ-парыз жүктеп кетті… Оны өтеп жүрген… досы Қоғабай Сәрсекеев қана…»
Ал не дейміз? Әрине, бұл анау үнсіздік емес. Әйтсе де, сонымен әйтеуір бір ілінісі бар есепті – Мәкен меңзейтін – себеп-салдарлар орынды да шығар, бәлкім. Сонда да… Сонда да… Мәкен айтқан басылымның қаржысы төленген қазанаманы баспауы, «Бір тамшы сағынышта» аттары аталған сардарлардан екі жол көңіл айту бұйырмауы қалай? Бұлар үнсіздіктің қай түріне жатады (егер солай деуге болса). Жеткен жеріміз осы ма деу артық па, әлде…

Зәкір АСАБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.