Кинотеатрдың қазақшасы қалай?

Кино – адамзатты тәрбиелеуші құрал. Оның пәрмені жас ұрпақтың парасатын арттырып, рухани өсіруге немесе санасын улап, рухани өшіруге де жетеді. Тәрбиенің қазығы тек ата-ананың, ұстаздың өнегесімен ғана емес, қоғамдық ортасынан көрген, білгенімен нық қағылса керек. Демек, жастардың жиналатын орталары қаншалықты ұлтқа қызмет етсе де, жастар соның деңгейінде болар еді. Бүгінде жастардың жиналатын орны, негізгі тәрбиешісіне айналып бара жатқан кинотеатрлардың мемлекеттік тілге деген құрметі қандай?

Кинотеатр – жастардың танысуы, дидарласуы, аралас-құраласуы үшін өте қолайлы орын. Кешегі күні біздің ата-анамыздың да сырласқан һәм сыйласқан ортасы осы. Кинотеатр әрқашан да тәрбие құралы болып келген, ондағы мәдениеттің өзі жастардың психологиясына әсерін тигізеді. Кинодан шыққан қыз бен жігіт сол кинодағы кейіпкерлер сияқты сөйлей бастайды, еліктеушілік қасиет көрініс береді.
Жас болған соң өзіміз де кинотеатрға жиі барамыз. Бірде құрбым екеуміз киноға бару үшін әуелі қандай кино көретінімізді, бағасы қандай, қай уақытта екенін білу үшін «kino.kz» сайтына бас сұқтық. «Kino.kz» – еліміздің қалаларындағы кинотеатрлардың күнделікті кино кестесін жариялайтын, жалпы кинотеатрлар туралы ақпарат беретін бірден-бір сайт. Өкінішке қарай, сайт орыс тілінде ғана. «Қазақша» деген тетігін де көрмедік. Желіні аша салысымен «Сегодня в кино», «Сегодня детям», «Скоро», «Киноклуб Олега Борецкого» деп анықтамалық ақпараттар орыс тілінде сайрай жөнеледі. Әрі қарай «Кинособытия», «Премьеры сегодня», «Премьеры недели» деген анықтамалық тақырыптармен әрбір кино туралы мәлімет беріледі. Сондай-ақ сайтта қазақ киноларының өзін орысшаға орайластырып жазған. Мысалы, «Жерұйық» фильмін «Жеруйык» деп, «Жүрек сырын» – «Журек сыры» деген сияқты. Тағы да бір айта кетерлігі, кинотеатрлардағы көрсетіліп жүрген кинолардың көбі орыс тілінде, қазақ киносы немесе қазақтілді кино саусақпен санарлықтай ғана екендігіне көзіміз жетті. Сөзіміз дәлелді болу үшін айта кетейік, сайттың киномұрағатына үңілсеңіз, бір ғана 2011 жылғы кино репертуарында 151 кино болса, оның тек екеуі ғана – қазақ киносы.
Сайттың сол жағында әр қалалар бойынша кинотеатрлардың тізімі тұр, «Актау», «Актобе», «Аксай», «Кокшетау», «Костанай», «Кызыл­орда», «Талдыкорган», «Темиртау», «Усть-Каменогорск», «Экибастуз» деп қыл-аяғы қазақия қалаларының атауларын орысшалап жібергені шамымызға тиді. Іштей өкпелесек те, Алматыдағы кинотеатрлардың ішінде рейтингі жоғары «Kinopark 6 (Спутник) 3D» кинотеатрының телефонына хабарластық. Ә дегеннен автожауапшысы-қоңырау сайрай жөнелді:
«Здравствуйте! Вас приветствует «Kinopark 6 » с уникальным дизайном, высоким уровнем комфорта, находящейся в торгово-развлекательном центре «Спутник», по адресу: микрорайон Мамыр-1, 8А, и представляет свой репертуар на сегодня…» деп әрі қарай ұсынылатын кинолардың тізімін айта кетті. Бәрі орысша. Тым құрыса, қазақшасын аударып қоса хабарламайды. Әбден салымыз суға кеткен құрбым екеуміз Достық даңғылында орналасқан «Арман» кинотеатрына баруға бел будық. Сонымен, діттеген жерімізге жетіп, кинотеатрдың есігін айқара ашып, кассаға қарай жылжып, билет алдық. Қолымызға тілдей ғана билет ұстатты.
«Билет серия от № 361355». Билеттің қақ ортасында фильмнің аты, төменгі жағында «Билет сохраняется до конца сеанса» деп жазылған. Ал билеттің теріс бетінде:
По ВТОРНИКАМ грандиозные скидки для вас!
По СРЕДАМ – премьеры новых фильмов! – деп көрсетіледі.
Билеттің төменгі жағында: «Изготовлено: АСП принт г.Москва, ОГРН 10977461117376 Зак.№002004, тир, 1000000, декабрь 2009 г.» деген мәлімет көрсетілген. Сонда Қазақстанның тілдей билетті жасауға қай қаржысы жетпей жүр деген намыс оты оянды. Не керек, киномызды көруге бізге тиесілі залды іздедік. Баспалдақпен екінші қабатқа көтерілсек, оң мен сол қапталымызда алды-артымызда аты аталып, түсі түстеліп, «Красный зал», «Синий зал», «Оранжевый зал», «Зеленый залдары» тұр. Соны «қызыл», «көк», «жасыл» деп жазса, кім кімннің тонын шешіп алар еді дейміз іштей томсарып баяғы. Осындай көңіл күймен киноға кірдік, фильм көңілімізден шықты. Тағы да айта кетерлігі, кинотеатрлардың атауы. Бүгінде қаладағы қаптаған кинотеатр­лар көбіне батыстық атауларды жамылып алған. Мысалы, «Silk Way city», «Star Cinema», «Целинный», «Цезарь», «Kinopark 6 (Спутник) 3D», тағысын тағылар. «Арман», «Байқоңыр», «Сарыарқа» сынды кинотеатрлар көне­нің көзіне айналды. Алайда солардың бәрі қазақы атауының кешегі Кеңес үкіметі тұсында да жұмыс істеп тұр еді ғой.

Шынаргүл Оңашыбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Adayo populus

    Қайдағы осы римдік сөздер кіріп кеткен алматыға мен баяғыдан газеттерден оқып таңданатын едім, біреуін кинотеатр променад, немесе прометей ма, байқоңыр кинотеатр, тсс қаптап кеткен,
    сосын қараппайым жазу
    мысалға магазин Баубек — Баубек дүкені
    негізінде дүкені болу үшін ол Баубектің дүкені болу керек қой, ал мына жердегі дүкен ол баубекке қатысы жоқ ол тек анықтама сияқты ғой, және оның меншік па басқа ма оны көрсетпейді, ол қате меніңше орысша магазин дегенді жазудан бастау алатын сияқты, яғни дүкен әрқашан магазин алдында тұрғанда дүкені болып қала береді немес дүкен деген сөзді әрқашан алдына жазу керек,
    Сол сияқты бірдеңеевтар көшесі, яғни орысшадан улица имени кого-чего то — ны қазақшалап түсінеді да, қателесіп қалады тағы да,
    негізінде Бірдеңеев атындағы көше немесе нағыз сыймаса Бірдеңеев көше.
    Өйткені, Бірдеңеевтар көшесі десе ол көше тек солардың және солардың меншігіндегі ит неммесе жер учаскесі сияқты меншіктеліп шектеліп қалады. Ол да надандық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.