Тілдің жайын тіліп айтқан…

Асылы Османды жұртшылыққа таныс­тырып жату артық болар. Асылыны білмейтін, «Ол кім еді?» дейтін қазақ жоқ шығар. Әйтсе де, өмірдерегін қысқаша айта кеткенді жөн көрдім: Асылы 1941 жылы Оңтүстік Грузияның Азалкалак ауданының Хавет ауылында дүниеге келіпті. Әйгілі репрессия толқыны ол туған үйелменді кіндік кескен жерінен қаймағы бұзылмаған қазақтың қалың ортасынан бір-ақ шығарған екен. Содан… қазақы ауыл, қазақы мектеп, қазақы педучилище, қазақы Қыздар институты (ЖенПИ), қазақ тілін зерттейтін Тіл институты… Бұлардың бәрі – тілзерек тұлғаның азаматтық позициясының қалыптасуына әсерін тигізген түрткіжайттар.

Институттың ол кездегі ресми атауы – ­Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты болатын. Ол 1969-1973 жж. осы аталған ғылыми мекеменің аспирантурасында оқыды. Көрнекті қаламгер ағамыз Мұхтар Мағауиннің сөзімен айтқанда, «ол кезеңдегі аспирант тап қазіргі академиктен құрметті көрінеді». Тағы бір көрнекті жазушымыз Сәкен Жүнісов: «Қорғамасам да өмірде «М.Әуезовтің аспиранты» деген атақ бәрінен жоғары» дейтін.
Сол күндері…
1973 жылы Асылы Осман ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Ысқақовтың жетекшілігімен «М.Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-сти­лис­тикалық қызметі» деген тақырыпта канди­даттық диссер­тация қорғады, лексикология, лек­сикографияға байланысты ондаған ғылыми мақала жазды. Ол кездегі шәкірт кандидат, доктор болса да, ұстазының алдында лаборантындай жүгіріп жүретін, қала берді, ұл-қызындай болып кетеді. Асылы да сондай болды. Қорғай салысымен, Ахмеди ағайдың қол астында болып, он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» жұмысына қызу кірісіп кетті. Сөйтіп, Ахмеди Ысқақовтың ғылыми басшылығымен жасалған он томдық түсіндірме сөздіктің белгілі, белсенді авторларының бірі болды.
Бұл өмірдеректі айтып отырған себебім – Асылы Османова 20 жылдай институтта жұмыс істеді, жоғары білікті маман деген ғылыми атақ алды. Біліміне білім қосып, Ахаңның ғылыми мектебінен өтті. Адамды қалыптастыратын ұжым ортасы десек, Асылының (одан әрі қарай – Асекең, Асыл, Асыл апай) тәлім алып, тәрбие көріп, білгенін көңіліне түйіп, қалыптасуы біз айтып отырған ортамен байланысты. 1993 жылға дейін осылай болды.
Әдетте қалыптасқан «дәстүр» бойынша аспирант, ақырын жүріп, анық басып кандидат, одан кейін доктор, одан әрі профессор т.б. болуға тиіс еді. Бірақ Асекеңнің әрі қарайғы қызметі «сценарий» бойынша болмады.
Құбылмалы заман, толқымалы кезең басқа бағытқа салып жіберді. Әсіресе, өзінің бала кезден бауыр басқан анасындай қазақ тілінің жай-күйінің жоқшысы болып, «Қазағым барда мен бармын» деп, саяси алаңнан бір-ақ шықты. Асылының Қазағым барда мен бармын; манғыстаулық Сабыр Адайдың әр қазақ – менің жалғызым деген қанатты сөздері – қоғамдық сананың рефлексиясы.
Бұдан былайғы жайтты жалпақ жұртшылықтың бәрі дерлік біледі. Асылы Османова ана тіліміздің шын мәніндегі апологеті, жанайғайшысы атанды. Ал менің айтайын дегенім бұл емес, кездесіп, ұшырасып, жолығысып қалғандағы бірер сәттер.
Бір кездері… ресми, бейресми жиындар жиілеп кеткен кез еді. Олардың кейбірі «құстұмсық» («птичка») үшін өтіп жататын, қайсыбірі пайдалы жиындар болатын. Ондайда кездесіп қалған таныс-білістермен, сыйлас-құрметтестермен хал сұрасудың сәті түсетін. Қазақ тілінің тағдыры сөз болатын жиынның басында ең алдымен Асекең жүретін. Әдеттегідей амандасу, әрі қарай Институттағы аға-апаларының халін білу т.б. Ең зор сұрауы «Осы сендер не бітіріп жатырсыңдар?» болатын. «Сендер»ы дегені – «Институт», Институттың басы-қасында жүрген соң маған солай дейді.
Қарап жүрген жоқпыз, – деймін. «Іргелі зерттеу» бойынша ондайлар, «Тіл бағдарламасы» бойынша бұндайлар, «Мәдени мұра» бойынша сондайлар жасалды деймін. Істеп жатқан пәленше-түгеншелер, – деп қосып қоямын.
Әй, осы Сендерге разы емеспін. «Қазақ тілінің жағдайы тұсалған аттай болып, қызметі өрістемей жатыр. Осындайда Институт саяси алаңнан неге көрінбейді?! Тіл саясаты күйіп тұрғанда дауыстарыңның шыққанын естімедік.
Айтып жатырмыз біз де, айтылып та жатыр.
Айтып жатқандарың жұртқа жетпей жатыр. Тілдің жайын – тіліп айт! Таспадай тіліп айтатын сөз керек.
Тағы бірде:
Сендер онбестомдық сөздік жасап жатыр деп естідім?!
Иә, солай. Әр томы алпыс бес баспа табақтай, – дедім. «Бәрекелді, бұларың жақсы екен» дегенді айтар деп күттім. Бірақ сөз ауаны басқаша болып кетті.
Біле білсеңдер, осы Институтта сонау жылдары Ахмеди ағаның жөн сілтеуімен, «Абай жолындағы» сөздерді зерттеуді үйрендім. Онтомдық түсіндірме сөздіктің жұмысына қатыстым. Сол Сөздікті жасау кезінде білмегенімді біліп, үйренбегенімді үйрендім. Соның өзі бір ғылыми мектеп болды. Ахмеди аға Байынқол Қалиевтің жұмысын жақсы бағалап, еңбегіне дән разы болып жүруші еді. Телғожа ағай Жанұзақов та көп еңбек сіңірді. Үйренгенде адам өзінен-өзі үйрене бермейді. Марқұм Әсет Болғанбаев, Ауғанбай Иманбаев, Есет Жұбанов ағайлар, Бәкизат Қайымова апайлар қандай еді! Сейдін Бизақов, Гүлсім Нұрғазиева, сен – үшеуің институтқа қатар келдіңдер, олар сөздікші болды, ал сен басқа бөлімге кеттің. Алғашқы кезде шалалығымыз да бар еді. Сен де шала піскен қауындай едің. Солай, қиындық та болды, қиын болса да, қызық еді. Оны сен ұмытпаған шығарсың. Бұрынғыдан кімдер бар Сөздіктеріңде?
Қазір бізге де қиын, Телғожа Жанұзақов, Сейдін Бизақов ағай­ларымыз бар. Байынқол ағамыз қатыса алмайды, өсімдік атауларының үлкен сөздігін жасап жатыр. Аяқтап қалды.
Мен білем, кейбіреулердің мені айғайшы көретіндері де бар. Қазақ тілі тек қазақтардың ғана емес, мемлекеттің ырысы. Ырысы шайқалмаса деймін. Ырысы артып жатса, айғайшы болып неғылам. «Ырыс баққан дау қумайды» дейді ғой атам қазақ.
Тағы бір сәт…
2010-ның тамыз айы болатын. Күнделікті күйбеңмен жұмыста отыр едім. Институт дәлізінен «Нұргелді қайда?» деген таныс дауыс естілді, аңдасам, Асекең екен.
Нұргелді айналайын, өзіңді іздеп келдім. Өмір деген бір қуаныш, бір қайғы ғой. Бақыт жақсы көретін келін еді. Көрген жерде апалап жаны қалмай жүретін. Өзің білесің, менің Әсияммен бірге істеп еді баспада… Мынаған менің атымнан Құран оқыт! Кеш естідім.
Рахмет, Асеке. Әсия сіңліңізді Өзіңізден бұрын білетінбіз. Талғардың Сейфуллин мектебінде Қыздар институтының биологтары, КазГУ-дің филологтары практикада болған едік. Ақжарқын Әсия еді. Сізге қарағанда мінезі тал жібектей болатын.
Сен осындайды еске алып жүресің, Алла разы болсын. Еске алғанды Құдай есіркейді деуші еді. Келген шаруам осы, басқа не дейін.
Тағы бір күндері…
Институт жастары Құралай Күдеринова, Орынай Жұбаева, Анар Фазылжанова, Айман Жаңабекова, Алмас Үдербаевтар қатысқан бір қызу жиналыс өтіпті. Институттың ақсақалы Әлімхан Жүнісбек мырза да бар екен. Күнтәртібі латын әліпбиіне көшу болса керек. Шаршы алаңда пікірталас. Ойжарыс. Ашық сөз. Сол жиында бір мәселеге келгенде, жастар бір жақ, Асыл апайлары екінші жақ болып кетсе керек. «Асыл апай шешен сөйлейді, шешіліп сөйлейді, жақсы-жақсы ой айтып, латынды қолдады, бірақ кей тұста асыра айтты» деп келді. Кей-кейде асыра айтатын жерлері бар-ау деген ой менде де болатын.
Сол ойымды бір кездесе кеткен тұста тамызықтатып айтқанымда:
Әй, Нұргелді-ау, осы қазағым түйенің тоғанағы ауғанда не істейтінін білесің бе?
Қайдан білейін, түйеге жүк артып көрген жоқпын.
Ендеше, мен айтайын, қия жолда түйенің жүгі ауғанда, бергі жақтан арғы жаққа жүкті асыра көтеріп жібереді. Қазіргі тілдің жағдайы қия жолда жүріп бара жатқан түйедей ғой. Сондықтан тілдің жайын батыра да, асыра көтеріп те айтам, ­­­– деді.
Жақын арада кездескенде…
– Әй, осы ана бір жолы айтқан Сөздіктерің не болды? Ұзап кетті ғой, он бес том ба еді? Басы-қасында өзіңсің ғой.
Құдай қаласа, он төрт пен он бесті бір-екі айда баспаға тапсырамыз.
Е, солай де, көбейіп жатыр екенсіңдер («Көбейіп» дегені –«аяқтап» деген эвфемизм). Әңгіме сөздік төңірегінде болды.
13-томды Рақыш Әміров ағамыздың ұсынысымен Ахмеди Ысқақовтың рухына бағыштадық. Солай деп жаздық. Көптомдық сөздіктің жөн-жобасын бастаған Ахаң болған соң, жауапты редактордың санатына қостық. Осыны естіп Асекең:
Иә, ара-тұра осындай оң іс, дұрыс нәрсе жасап қойсаңдаршы өстіп… Бастапқы томдарды Ғарифолла бастап, соңғы томдарын Бауыржан қолға алған екен. Дағдарыс жағдайында бір-біріне қолұшын бергендері шығар. Бірақ аты дардай сөздіктің үш мың таралымы кімге жетеді? – деді.
Бұл жерде Асекеңның «Ғарифолла» деп отырғаны – «Арыс» баспасы, «Бауыржан» дегені – «Ұлттық энциклопедия» баспасы. Асекең мен екеуарадағы әңгіме мәтінінің мазмұны осы іспеттес болды.
Әй, осы білетіндер бар, білмейтіндер бар. Қазіргі түркі әлемінде қазақтың онтомдық сөздігі – бірінші сөздік. Сендер жасап жатқан онбестомдықтың деңгейі, сапасы одан төмен болмауы керек. Ойдағыдай болмаса, сыныққа сылтау іздесеңдер, айтпады деме, бәріңді де аямаймын, Ғарифолла Әнес, Бауыржан Жақып інілеріңе сәлем айт. Басқа-басқа, әсіресе, Нұргелді, сені аямаймын!
Онысы рас, аямайтыны аямайды. Тіл жайына немқұрайлық көрсететін үлкен-үлкен орынтақтылар­ға да бет-жүзіне қарамай турасын айтады.
Ал деңгейі жоғары болса, не дейсіз? – дедім мен.
Әй, «арық сөйлеп, семіз шық» деген. Ондай болса он бес томды мұрнынан тізіп тұрып алдыма әкеліңдер. Сүйіншісін берем! – деді.
Тіл – Құдай жаратқан рухани дүние. Тілдің мекені адамның миында болады депті оқымысты ғалымдар. Дұрыс айтады, бірақ миды нұрландырып тұратын жылы жүрек керек-ақ. Тілдің мекені мида болғанда, жалыны жүректе. Адам миына ана сүтімен енген тіл жүректен нәр алады. Бала кезден анасындай бауыр басқан тілдің бір кездері кеткен есесін есейген шақтарында түгендеп, ырысын толтыру – жүректің ісі. Осындай күрес жолында ана тіліміздің апологеті атанған Асекеңнің, – тілдің жайын тіліп айтатын оппонент Асекеңнің, – азаматтық тұлғасын мен осылай түсіндім.

Нұргелді УӘЛИ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.